ЖАҢА ЭЛЕКТРОНДЫҚ НҰСҚАМЫЗ ҚОСЫЛДЫ

55

0

ЖАҢА ЭЛЕКТРОНДЫҚ НҰСҚАМЫЗ ҚОСЫЛДЫБүгінгі күннің бедерінде баспасөз саласына жүктелетін міндет ауқымы кең. Оқырман қауымға сапалы сараптама дүниелерді ұсынумен қатар кез келген ақпаратты жедел жеткізуге мән беріліп отыр. Болған оқиғаны боямасыз түрде өте жылдам жұртшылық назарына ұсыну қазіргі күнгі негізгі талаптың бірі саналады. 
Осы орайда әрбір басылым оқырманға өздерінің электрондық нұсқасын ұсынып келеді. Соның нәтижесінде шалғайда жатқан елді мекен тұрғындары да өзіне қажетті ақпаратты уақытылы алуға мүмкіндік туып отыр. Бір сөзбен айтқанда, айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызу қазір ешкімге жаңалық болмай қалды. 
Сексен жылдан астам шежіресі тарих беттеріне қатталған облыстық «Сыр бойы» газеті әрдайым жаңалықтың алды болуға күш салады. Осыдан төрт жылдай бұрын басылым біздің өңірде алғашқының бірі болып өзінің электрондық нұсқасын жаһандық желі беттеріне шығарғанын оқырман жақсы біледі. Осы уақыт аралығында интернет әлемі де қарыштап дамып, қаншама тың жобаларды дүниеге алып келді. Жаңалыққа жаны құштар жұрт компьютер тетігін қозғай отырып, жер-жаһандағы оқиғалардан жан-жақты хабар алатын жағдайға жетті. Мәселен, әрбір оқиға барысынан суреттер мен бейнематериалдар беріледі. Мұндай талаптар біздің өмірімізге де ене бастады. 
Міне, облыстық «Сыр бойы» газетінің электрондық нұсқасы жаңаша келбетке ие болып, бүгіннен бастап көпшілікке қызмет көрсетуді қолға алып отыр. Оның бұрынғы нұсқасынан айырмашылығы қандай? Ілгеріде оқырман қауым басылымның қағаздық нұсқасына шыққан материалдармен ғана таныса алатын еді. Енді оған қоса РDF нұсқасы да қоса беріледі. Онда оқырман газеттің қағаздық нұсқасымен электрондық түрде танысуға мүмкіндік алады. Сондай-ақ, бейнематериалдар бөлімінде облыста болған оқиғаларды көріп тамашалауға болады. Ал «Суреттер сөйлейді» тақырыбымен облыстағы әрбір соны ақпараттар суреттер күйінде беріледі. Тағы бір атап өтерлігі, бүгінгі болған оқиғалар көп ұзамай «Жедел жаңалықтар» айдары бойынша газеттің электрондық нұсқасында оқырманға жол тартады. Алдағы уақытта өзге де тың идеяларды жүзеге асыруды ойластырып отырмыз. Оған төрелікті өздеріңіз айтасыздар, құрметті оқырман.  

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз