ЖАҢА ИППОДРОМДАҒЫ АЛҒАШҚЫ АЛАМАН

89

0

ЖАҢА ИППОДРОМДАҒЫ АЛҒАШҚЫ АЛАМАНХалқымыздың тектілігі мен ептілігінен хабар беретін ұлттық спорт
түрлеріне деген қызығушылық Сыр өңірінде әу бастан жоғары. Әсіресе, ат спорты
серпін алған. Алайда, ипподромның жоқтығы қызылордалық спортшылардың биік
белестерден көрінуіне қолбайлау болатын. Бірнеше жыл бұрынғы ипподром белгілі
бір себептермен жабылып, жер телімі жекеменшікке беріліп кеткен. Әйтсе де
біздің жігіттер республикалық сайыстарда есесін жібермей, бестіктен табылып
жүрді. Ал өткен жылдың қыркүйек айында жаңа ипподромның құрылысы басталған
болатын. 57 гектар
аумақты алып жатқан жаңа нысан «Алтын күз-2015» мерекесіне орай ресми ашылып,
ашылу құрметіне бәйге ұйымдастырылды.

Жаңа ипподром ашылу салтанатына қатысқан аймақ басшысы
Қ.Көшербаев облыс жұртшылығын мерекелерімен құттықтады.

– Қазақта атқа байланысты теңеулер, әндер, жырлар көп. Бұл
жылқы жануарын киелі санағанның белгісі. Республикалық жарыстарға облысымыздан
қатысқан ауыздығынан жел ескен Император, Қара қыз секілді тұлпарлар ел аузында
аңыз болып айтылып жүр. Бүгін пайдалануға беріліп отырған жаңа ипподромда сол
сәйгүліктердің ізін жалғайтын тұлпарлар шығатынына сенімдіміз. Мереке
баршаңызға құтты болсын, – деді облыс әкімі.

Облыс орталығында жаңадан пайдалануға берілген ипподром
мемлекеттік жеке-әріптестік аясында «ҚазГерМұнай» жауапкершілігі шектеулі
серіктестігінің қаржысына салынды. Халықаралық талаптарға сай салынған нысанда
ат спорты түрлерін үйрететін үйірмелер жұмыс жасайтын болады. Енді аймақта
жоғары деңгейдегі жарыстарды өткізіп, ұлттық спортты дамытуға мүмкіндік бар.

Күні кеше облыста егін жинау науқаны аяқталды. Диқандар
биылғы жылды табысты аяқтады. Солардың арасында ауылшаруашылық үздіктері мереке
барысында марапатталып, автокөлік кілттері табысталды.

Ат бәйгесі аламан, құнан, тоқ бәйге түрі бойынша өтті.
Дүбірлі жарысқа Алматы, Шымкент, Тараз және Қызылордадан 42 тұлпар қатысты.
Құнан бәйгеде шиелілік Маханбет Майлыбайдың Риана атты сәйгүлігі топ жарды. Ал
қызылордалық Сабырхан Ерасыл шапқан Дарабоз атты тұлпар тоқ бәйгеде шашасына
шаң жұқтырмады. Ал 25 шақырымға созылған аламан бәйге жарыс көрігін қыздырды.
Көрермендердің қиқуы сәйгүліктерге шабыт берді. Бұл сында қызылордалық Айторы
есімді жылқы жеңімпаз атанды. Шабандозы – Ерболат Досжанов, ат иесі – Талғат
Киікбаев. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері ақшалай сыйлықтармен және арнайы
дипломдармен марапатталды.

Нұрбек
САҒАДАТ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз