ЖАҢА КӘСІП ӨРІСІМІЗДІ КЕҢЕЙТЕДІ

50

0

ЖАҢА КӘСІП ӨРІСІМІЗДІ КЕҢЕЙТЕДІКеше облыс әкімінің орынбасары
Ғалым Әмреевтің төраға­лығымен Үдемелі индустриялық даму бойынша Өңірлік Үйлес­тіру
Кеңесінің отырысы өтті. Басқосуда «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау
мен дамытудың бірыңғай бағдар­ламасының шеңберінде жобаларға жеңілдіктерді қарас­тыру
мәселесі қаралды.

Хабарлама жасаған кәсіпкерлік және туризм басқармасының бөлім
басшысы Азамат Досжанов кеңес отырысына құны 172 миллион 288 мың теңгені құрайтын
4 жобаны қарау ұсынылғанын жеткізді.

Бірінші жоба «АгроХимСервис-С» серіктестігіне тиесілі. Кәсіпорын
Қызылорда қаласында құны 140 миллион теңге болатын емхана құрылысын салуды жоспарлап
отыр. «Клиника құрылысы» жобасы «Қазақстан Халық банкі» АҚ Қызылорда филиалы арқылы
қаржыландырылмақ. Кәсіпкер алынатын несие қаражатын жылжымайтын мүліктер сатып алуға
және оларды жөндеуге, айналым құралдарымен толықтыруға бағыттауды көздеуде. Несие
14 пайызбен беріледі және оны 84 ай мерзімде қайтармақ.

Жалпы, аталмыш серіктестік 2009 жылдан бері минералды тыңайт­қыштарды
шығарумен айналысып келеді. Бүгінгі күні мұнда 19 адам тұрақты жұмыс істеп жатыр.
Болашақта емхана құрылысы аяқталған соң жаңадан 24 жұмыс орны ашылды.

Ал екінші жобаны жеке кәсіпкер «Югай В.Т.» ұсынып отыр. Ол жалпы
құны 12 миллион теңге несие алып, Қызылорда қаласындағы «Балалар орталығы» құрылысын
аяқтауды жос­парлауда. Несие «Қазақстан Халық банкі» АҚ Қызылорда филиалы арқылы
алынады.

Бүгінде жеке кәсіпкер 7 адамды жұмыспен қамтыған. Жоба іске асқан
кезде 24 жаңа жұмыс орнын ашатынына сенімді.

Сонымен қатар, отырысқа ұсынылған үшінші жоба – жеке кәсіпкер
Аманжол Қауымбаевтыкі. Ол жеке техникалық жөндеу орталығында автокөліктерге қызмет
көрсетуді қолға алмақ. Ол үшін жалпы құны 5 миллион 288 мың теңге қаражат қажет
екен. Жобаны «БанкЦентрКредит» АҚ Қызылорда филиалы қаржыландыруға келісіп отыр.
Кәсіпкер несие қаражатына техникалық жөндеу орталығына және вулканизацияға қажетті
құрал-жабдықтар сатып алмақ.

Кәсіпкер Аманжол Қауымбаев 2014 жылдан бері көлік жөндеу қызметімен
айналысып келеді. Бүгінгі күні кәсіпкер 3 адамды тұрақты жұмыспен қамтып, алдағы
уақытта 3 жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр.

Отырыста қаралған төртінші жоба – «Ультрамед Кызылорда» серіктестігіне
тиесілі. Серіктестік 15 миллион теңгеге жылжымайтын мүлік сатып алуды жос­парлап
отыр. Жалағаш ауданында жүзеге асырылатын жоба «Қазақстан Халық банкі» АҚ Қызылорда
филиалы арқылы қаржыландырылмақ.

Бұдан бөлек, Кеңес отырысында «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті
қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде «Бис-Строй» серіктестігінің
мәселесі қаралды. Серіктестік 2013 жылы «Халық банкінен» 100 миллион теңге қаражат
алған. Осы уақытқа дейін несиені үздіксіз төлеген. Қазір серіктестік басшылығы белгілі
бір себептермен жұмысының бәсеңдеуіне байланысты несиені төлеу мерзімін ұзартуды
және борышты өтеуді кейінге қалдыруды сұрап отыр. Яғни, осы жылдың қыркүйек айынан
келесі жылдың наурызына дейін жеңілдік бергенін қалайды. Бұған қоса, кәсіпорын биылғы
жылдың сәуір айында да «Халық банкінен» 100 миллион көлемінде несие алыпты.

Отырыстың соңында облыс әкімінің орынбасары Ғалым Әмреев ұсынылған
жобалар мен қаралған мәселелер бойынша басқармаларға тиісті тапсырмалар берді.

 

Д.ОМАРОВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз