ЖАҢА МЕКТЕП – ЖАҢА ЗАМАН ЖАРШЫСЫ

462

0

ЖАҢА МЕКТЕП – ЖАҢА ЗАМАН ЖАРШЫСЫБейсенбі күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарында жұмыс сапарымен болды. Сапар барысында бірнеше білім нысандарының ашылу салтанатына қатысып, халық қуанышымен бөлісті.
Аймақ басшысы мен министр ең алдымен Әйтеке би кентіндегі №249 Е.Бозғұлов атындағы мектеп-лицейдің соңғы қоңырау салтанатты шарасына қатысты. Түлектерге сәттілік тілеп, лебіздерін білдірді.
– Бүгін оқушылар мектеп бітіріп, жаңа өмірге қадам басқалы тұр. Осы қуанышты сәт барлығыңызға құтты, жолдарыңыз ашық болсын деймін. Үлкен табыс тілеймін, – деді министр Е.Сағадиев.
– Біз 30 өркениетті елдің қатарына кіруге талпынған елміз. Ол үшін әрбір қазақстандық білімді, бәсекеге қабілетті болуы қажет. Сондықтан мемлекет жасаған мүмкіндікті пайдаланып, мықты маман атаныңдар, – деді облыс әкімі.
Елбасы өз тапсырмасында 3 мәселені уақыт оздырмай шешу қажеттігін айтып келеді. Ол – үш ауысымды білім ұяларын болдырмау, апаттық жағдайдағы мектептердің алдын алу және балабақша жетіспеушілігінен арылу. Бүгінде өңірдегі ерекше ыждағаттылықтың арқасында екеуінің міндеті орындалды. Бүлдіршіндердің балабақшамен қамтылуы 100 пайызға жетсе, ауысыммен оқитын білім беру ұйымдарының мәселесі өз шешімін тапты. Енді апаттық жағдайдағы мектептердің жайы күн тәртібінде тұр. Мұны да мезгілінен бұрын шешу биылғы жылдың еншісіне тимек. Осыған орай облыста бір күн ішінде 6 мектеп пен 2 балабақша пайдалануға берілді. Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев министр Ерлан Сағадиевпен бірге жаңа білім ұяларының салтанатты рәсіміне қатысты.
Ең алғашқы мектептің ашылу салтанаты теңіз төскейінен басталды. Арал ауданының Үкілісай елді мекенінде 50 орындық №265 білім ұясы пайдалануға беріліп, тұрғындар қуанышы еселенді. Жаңа ғимарат жобасына бюджеттен 314 млн теңге бөлінген. Осылайша жанында 20 орындық балабақшасы бар нысан шағын ауылдың шарапатты игілігіне айналды.
Дәл осындай қуанышты сәт осы ауданның Жетес би ауылдық округіне қарасты Ескіұра елді мекенінде де болды. Шағын орталығы қоса салынған мектептің құрылысын «СК и Монтаж-Строй» ЖШС жүргізді. Білім ошақтарының ашылу рәсімінде аймақ басшысы мен министр ауылдағы ағайынға ақжарма тілегін білдірді. Тұрғындар да жасалып жатқан еңбек үшін ел ағаларына алғысын жеткізді.
Одан кейінгі салатанатты рәсім Қазалы ауданының Бірлік ауылында жалғасты. Елді мекендегі №102 орта мектеп 2001 жылы апатты деп танылып, сонан бергі 16 жылда ескіріп, тіпті іргесі сөгіле бастаған еді. Осыдан кейін тізімге алынып, биыл 140 орынға шақталған жаңа ғимаратқа ауыстырылды. Жаңа нысанның ашылу салтанатында сөз алған ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев көпшілікті қуанышымен құттықтады.
– Ең алдымен сіздерді оқу жылының Соңғы қоңырау мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Сонымен бірге, мектептің жаңа ғимаратының ашылуы үлкен жақсылықтардың басы болсын деп тілеймін. Бір күн ішінде бірнеше нысанды пайдалануға беру шынымен де үлкен жетістік. Елбасы білім саласына ерекше назар аударып келеді. Облыс әкімі Қырымбек Елеуұлына да осы салаға қамқорлық жасап, үнемі қолдау білдіріп жүргені үшін Үкімет атынан ерекше алғысымды білдіремін, – деп, мектеп директорына өз атынан естелікке теледидар табыс етті.
Жаңа білім ұясы барлық қажетті технологиялармен жарақтандырылған. Арнайы бөлмелер, спорт және мәдениет залдары, асханамен қамтамасыз етілген.
Майдакөл ауылының тұрғындары да осындай қуанышты сәттің куәгері болды. Елді мекендегі апаттық деп танылған №98 орта мектеп жаңа 200 орындық ғимаратқа көшірілді. Нысанның құрылыс-монтаж жұмыстарының бас мердігері – «Өмірзақ» ЖШС. Қос қабатты еңселі ғимаратта білім алушыға бар жағдай жасалған.
Қазалы ауданында ел игілігіне берілген тағы бір нысан – Лақалы ауылындағы 100 орындық мектеп. Аумағы 204 шаршы метрді алып жатқан жаңа оқу орны қыркүйектен бастап оқушыларды қабылдайды. Келесі оқу жылында мұнда 100-ге тарта жеткіншек білім алады деп жоспарлануда. Осы орайда жаңа нысан сапалы білімнің себепшісі болмақ. Мектептің ашылу салтанатында сөз алған аймақ басшысы тұрғындарды қуанышымен құттықтады.
– Осыдан бірнеше жыл бұрын аймақта 37 апаттық жағдайдағы білім беру ұйымы бар болатын. Екі жыл ішінде оның 25-і қайта салынды. Ал қалған 12 мектептің құрылысын ойдағыдай аяқтау биылға жос¬парланып отыр. Оның кейбірін осы соңғы қоңырау қарсаңында халық игілігіне беріп отырмыз. Осылайша Елбасының тапсырмасын жедел орындауға кірістік. Енді жеткіншектеріміз сапалы әрі ыңғайлы ғимараттарда білім алады. Оқушыларымыз осыны пайдаланып, заманның озық ілімін игеруі қажет. Кезінде үш жүздің басын қосқан Абылай хан «Білектің заманы өтіп, білімнің заманы келді. Дайынбысың, әлеумет!» деген екен. Одан кейін Абай «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» десе, Елбасы «Келешекке – кемел біліммен» деген ұран тастады. Білімді ұрпақ ғана елдің ертеңіне айнала алады. Сондықтан балалардың сапалы білім алуына барлық мүмкіндік жасалады, – деді аймақ басшысы.
Одан кейінгі сапар Қармақшы ау¬данында жалғасты. Аудан орталығында екі балабақша ел игілігіне беріліп, мәртебелі меймандар жаңа нысанның ашылу рәсімін тамашалады. Жаңадан бой көтерген ғимарат 90 орынға шақталған. Онда бүлдіршіндерге «Ойын», «Тәй-тәй» технологиялары арқылы тәрбие беріледі. №5 «Айгөлек» балабақшасының меңгерушісі Марина Маханова бұл көптен күткен арман еді деп қуанышын жасырмады. Осыған дейін балабақша мектеп жанынан ашылып, спорт зал, арнайы бөлмелердің жоқтығы әуреге салып келді. Ал жаңа нысанда бұл мәселелер толықтай шешілген.
Қазіргі таңда Қармақшы ауданында 57 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс жасайды. Оның 24-і мемлекеттік болса, 7-і жеке меншік, ал 26-сы шағын орталық. Бүгінде 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндердің балабақшамен қамтылуы 100 пайызды құрап отыр.
Қуаңдария ауылында 140 орынға шақталған жаңа мектеп ашылды. Екі қабатты ғимарат соңғы үлгіде салынған. Қазіргі таңда бұл №186 орта мектепте 130-ға жуық оқушы білім алады. Қыркүйек айында жеткіншектер білімін зәулім мектепте жалғастыратын болады.
Соңғы жылдары облыста білім саласына ерекше назар аударылып, біршама жаңа бастама жасалды. Мектеп бітіруші түлектердің қалаған оқу орнында оқуға мүмкіндік мол. Бүгінде Сыр жастары «Серпін» бағдарламасының грантын иелену бойынша алдыңғы қатарға шықты. Сондай-ақ, жүздеген қызылордалық Ресейдің жетекші техникалық жоғары оқу орындарында тегін білім алуда. Одан бөлек, ауылда тұратын және әлеуметтік жағдайы төмен отбасының балаларына облыс әкімінің 500 гранты бөлінген. Қызылорда облысы республикада білім саласына ең көп қаржы салатын аймақ ретінде танылып отыр. Осының бір дәлелі  ретінде бір күн ішінде 8 білім беру нысанының ел игілігіне берілуін айтсақ болады. Бұл бұрын-соңды облыс тарихында болмаған жетістік еді.

Мәди ҚҰРМАНӘЛІ,
Бағдат ЕСЖАНОВ (сурет).

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз