ЖАҢА МЕКТЕПТЕГІ АЛҒАШҚЫ ҚОҢЫРАУ

59

0

ЖАҢА МЕКТЕПТЕГІ АЛҒАШҚЫ  ҚОҢЫРАУ Кеше Білім күнінде Қызылорда қаласының Ипподром мөлтек ауданындағы 900 орындық №278 орта мектеп шәкірттеріне есігін айқара ашты.

 

Аумағы 3,78 гектар жерге орналасқан, 3 қабатты, жан-жағын
спорт, демалыс алаңдары қоршаған білім ордасының бой көтергеніне тұрғындар дән риза.
Жаңа мектептің ашылу салтанатына келген облыс әкімі Қырымбек Көшербаев барша ұстаздар
мен шәкірттерді, ата-аналарды құттықтады.

Заманауи үлгіде салынған бұл мектепте оқушылардың сапалы
білім алуларына толық жағдай жасалған. Сонымен қатар, биыл өңірдегі мектептер оқулықпен
жылдағыдай қыркүйекте емес, жаңа оқу жылы басталмастан 100 пайыз қамтылды.

Облыс әкімі Елбасының «Менің Отаным – Қазақстан» атты кітабын
1-сынып оқушыларына тапсырды. «Сырда туған баламыз» деп ән шырқаған, би билеп, аспанға
түрлі-түсті шарлар ұшырған бал­дыр­ғандардың шат-шадыман сәтін тамашалады. Жаңа
мектепке инте­рак­­тивті тақты сыйлады.

– Биылдың өзінде Қызылорда облысында 22 білім нысанын салуға
6,5 млрд теңге бөлінді. Жыл соңына дейін 19 мектеп пен 4 балабақша пайдалануға беріледі.
Осылайша Елбасының бізге жүктеген үш тапсырмасы толық орындалуда. Біріншіден, үш
ауысымдық мектептер мәселесі шешілді. Енді Қызылорда облысында үш ауысыммен оқитын
мектеп мүлдем жоқ. Екіншіден, апаттық жағдайдағы мектептерді 2016 жылға дейін толық
жаңалаймыз. 2013 жылы Қызылордада 25 апаттық мектеп болса, оның 14-і қайта салынып,
қалған 11 білім ошағын келесі жылдың соңында бітіруді жоспарлап отырмыз. Үшіншіден,
Елбасы 2020 жылға дейін «Балапан» бағдарламасын толық жүзеге асыруды тапсырған болатын.
Ал біз жыл соңына дейін балаларды 100 пайыз балабақшамен қамтып, бағдарламаны бекітілген
уақытынан бұрын аяқтаймыз, – деді аймақ басшысы.

Салтанатты жиында білім ордасының құрылысын салған «Әбу-Сер»
ЖШС басшысы И.Әбубәкіров жаңа мектептің директоры З.Ерназароваға символикалық кілт
тапсырды. Алғашқы қоңырау соғылып, ата-аналар атынан сөз алған Г.Ибрагимова ұстаздар
мен шәкірттерге ізгі лебізін жеткізді.

Соңғы екі жылда Сыр өңірі рес­публика бойынша әлеуметтік
салаға көп қаржы бөлетін аймақтардың көшін бастап келеді. Бұл жұмыстардың нәтижесі
де жоқ емес. Биыл ҰБТ қорытындысы бойынша
Сыр өңірі 13-орыннан алдыңғы бестікке көтерілді. Мыңдаған қызылордалық жас түлек
облыс әкімі гранттарын иеленді. Сондай-ақ, Ресей Федерациясы үкіметі арасындағы
келісімге сәйкес 321 түлек Мәскеу және Санкт-Петербургтың маңдайалды жоғары оқу
орындарында тегін білім алуда.

Оған қоса «Серпін» бағдар­ла­масымен жоғары және арнаулы
оқу орындарына қызылордалық жастарға жолдама берілді.

Гүлжазира
ЖАЛҒАСОВА,

Нұрболат
НҰРЖАУБАЙ
(сурет).

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз