ЖАҢА ТЕХНИКАНЫҢ ЖАҚСЫЛЫҒЫ КӨП

70

0

ЖАҢА ТЕХНИКАНЫҢ ЖАҚСЫЛЫҒЫ КӨПОдақ кезінде Қызылорда қаласында күріш жаткаларын шығаратын кәсіпорын жұмыс істегені бәріміздің есімізде. Алайда, нарықтық қатынастар енген алғашқы жылдардың ауырпалығының әсерінен ол тоқтап қалды. Республикадағы күріш егістігінің 90 пайызын иеленіп жатқан Сыр өңірі диқандары үшін бұл айтарлықтай өкініш болғаны рас. Енді бұл сала қайтып бас көтермейтіндей болып көрінген еді. Бірақ, уақыт өте келе аймақтағы іскер азаматтардың белсенділігінің арқасында бұл сала қайта жанданып келеді. Атап өтер болсақ, осыдан үш жылдан астам уақыт бұрын «АзовАралАгромаш” БК” ЖШС өмірге келді. Оның аты айтып тұрғандай, бұл бірлескен кәсіпорын екені көрініп тұр. Әуелде Украина Запорожск облысындағы «Бердиянсксельмаш” зауытымен бірлескен кәсіпорын «Сыр орағы”-ЖРВ-5 күріш жаткалары мен ЖВП-4,9 шөп оратын жаткаларын құрастырып шығара бастады. Міне содан бері кәсіпорында 100 дана ЖВР-5 жаткасы мен 24 дана ЖВП-4,9 жаткасы құрастырылды. 
Аймақтағы ауыл шаруашылығы құрылымдарының бұл техникаларға қолжетімділігін арттыру мақсатында «ҚазАгроқаржы” АҚ, «Оңтүстік” ӘКК”–ҰҚ” АҚ және «Байқоңыр” ӘКК” ҰҚ” АҚ  арқылы лизингке беру ұйымдастырылды. Осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру үшін 2013 жылы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-мен келісім жасалып, соған сәйкес фермерлік және шаруа қожалықтары техниканы Қор жүйесі арқылы лизингке алу мүмкіндігіне ие болды. 
 ЖАҢА ТЕХНИКАНЫҢ ЖАҚСЫЛЫҒЫ КӨПНарық заманында қол жеткен жетістіктерге қанағат тұтып тоқтап қалу кері кетумен тең. Нарықтың сұраныстарын зерттеген кәсіпорын басшылығы өнім түрлерін көбейту мақсатында Сербия Республикасының ІMO «POLJOSTROJ” AD компаниясымен бірлесе отырып,  PVP-351 «Dana Press” шөп тайлағышын құрастыру қолға алынды. Міне, осыдан кейін барлығы 42 шөп тайлағыш құрастырылып, шаруашылық құрылымдарына сатылды.  Аталмыш жобаның сәтті жүзеге асуы серіктестік басшыларын қанаттандырып жіберді деуге де болады. Олай дейтін себебіміз, сербиялық әріптестермен ынтымақтастық аясы кеңи түсті. Ендігі кезекте Белградтағы «ІndustrіjaMashіnalTrakora” трактор зауытымен бірлескен жоба жүзеге асырыла бастады.  Нәтижесінде 2013 жылдың қазан айында  серіктестік базасында ІMT-549 Baіkonur маркалы 15 трактор жинақталды. Қызылорда-Белград тракторларының тұсаукесер рәсіміне Белград трактор зауытының бүкіл басшылығы қатысты. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бірлескен кәсіпорын тракторларын «Байқоңыр” ӘКК «ҰҚ” АҚ лизингтік бағдарламасына қосу туралы тапсырма берді. Осылайша аймақтың ауыл шаруашылығы құрылымдарына оларды сатып алу оңайға түсуде. 
«АзовАралАгромаш” БК” ЖШС директоры Нұртай Ителгиевпен сөйлесу барысында ол тракторлардың ауыл шаруашылығы саласы жұмыстарымен қатар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында қолдануға ыңғайлы екенін айтты. Серіктестік басшысы сонымен қатар кәсіпорын базасында Сервистік қызмет көрсету орталығы құрылғанын жеткізді. Шаруашылықтарда техникаға байланысты қиындықтар туындаған жағдайда кәсіпорынның білікті мамандарына келіп кеңес алуына болады, сондай-ақ мамандардың шаруашылықтарға барып техника ақауларына жөндеу жұмыстарын жүргізу қызметі ұйымдастырылған. Жалпы кәсіпорынның техникаларын алған шаруашылықтағылар өз алғыстарын білдіруде.
Міне, өңірлік Индустрияландыру картасы аясында іске қосылған серіктестікте осындай жұмысар атқарылуда, яғни ауылшаруашылық құрылымдарының сұранысын қанағаттандыруда. Мұнда 30 шақты адам жұмыспен қамтылған. Егер де 2013 жылы серіктестікте жоспарлы «қуаттылық ретінде”  70 техника жинақтау жоспарланған болса, ол меже 107,1 пайызға орындалып,  барлығы 75 техника жинақталғанын айта кету керек. Кәсіпорын 2014 жылы 70 дана техника жинақтауды жоспарлап отыр.  Бұл жоспар да артығымен орындалса, нұр үстіне нұр болар еді. Ол үшін аймақтағы құрылымдардан сұраныс саны артуы керек. Бұл бір жағынан жергілікті кәсіпкерлерді қолдау да болар еді.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз