«ЖАҢА ҚЫЗЫЛОРДА» ДЕПАРТАМЕНТІ СОЛ ЖАҒАЛАУДЫ ИГЕРМЕК

169

0

«ЖАҢА ҚЫЗЫЛОРДА» ДЕПАРТАМЕНТІ СОЛ ЖАҒАЛАУДЫ ИГЕРМЕК2016 жылы 1 қаңтарда Қызылорда қаласы халқының саны 270 мың адамға жетті. Қаланың бас жоспарында көрсетілген есепті мерзімде, яғни 2025  жылға қарай тұрғындар саны 310-350 мың адамға жетеді деп болжануда. Ал болашақта 2050 жылға таман 400 мың адам болады деп күтілуде. Соған байланысты қала аумағы ұлғаюы қажет болатыны белгілі. Осы орайда келешекте дарияның сол жақ жағалауын игеру мақсатында нақты жұмыстар қолға алынуда. Атап айтқанда, 2013-2014 жылдары Сырдария өзенінің сол жақ жағалауында 1532 гектар аумақ жердің инженерлі-геологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен бірге, сол жақ жағалауда қала орналастыру мақсатында жобалар жасалды.
Сол жақ жағалаудағы жалпы ауданы 1532 гектар болатын жаңа қаланың 367 гектары рекреационды аймақтарға (көпшілік демалыс орындары) беріледі. Тұрғын үйлер 537 гектар аймақты алып жатса, 190 гектарында сауда және кең¬селік ғимараттар орналасады. Ал әлеу¬меттік инфрақұрылымға бөлінетін ай¬мақ¬тың көлемі 270 гектар. Бұл  – 3 млн-нан аса шаршы метр жаңа қоныс пайдалануға беріледі деген сөз. Алғашқы кезекте 190 мың шаршы метр кеңселік және сауда ғимараттарын, 16 мектеп пен 12 балабақша және 4 емдеу мекемесін салу көзделуде.
Қызылорда қаласы дарияның сол жақ жағалауында алғашқы кезеңде, яғни 2017-2025 жылдары 51 мың адамды қоныстандыру үшін 1275 мың шаршы метр тұрғын үй қоры салынбақшы. Ал жалпы бұл бетте 3875 мың шаршы метр аймақта 4-5-9 қабатты тұрғын үйлер мен оларға қызмет көрсетуші нысандарды қолайлы орналастырумен 155 мың тұрғынды қоныстандыруға қол жеткізілмек. Бұл жағдайда бір адамның  орташа қамтамасыз етілуі 25 шаршы метр¬ден болмақ. 
Сырдария өзенінің сол жақ жағалауы құрылысын реттеу мақсатында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев төрағалық ететін штаб құрылды. Сондай-ақ «Байқоңыр ҰК» ӘКК» АҚ-да сол жақ жағалауда жобалау және құрылыс жұмыстарын жүргізумен айналысатын «Жаңа Қызылорда» департаменті құрылды.  
«Азия Даму Банкі» Қызылорда қаласының дарияның сол жақ  жағалауындағы инфрақұрылым құрылысын Үкіметтік несие немесе мемлекеттік кепілдік арқылы қаржыландыруға қызыушылық танытты.  Жобаны аталған банк арқылы  қаржы-ландыру мақсатында 2016 жылы Астана қаласында қызығушылық білдірген министрліктер мен құрылымдар үшін жобаның тұсаукесері өткізілді. Осы шарада Ұлттық басқару холдингі «Бәйтерек»  АҚ-да қызығушылық білдіріп, «Азия Даму Банкі» үшін корпоративтік кепілдік беруге дайын екенін мәлімдеді. Сол секілді, Ұлттық экономика министрлігі мен Қаржы министрлігі сол жақ жағалау құрылысы жобасын қаржыландыруды АДБ арқылы жүзеге асыруды қолдады. Осымен қатар, Мәскеудегі инвестфорумда жобаның тұсаукесері өткізіліп, Ресейдің «Газпромбанк» АҚ-мен алдын ала келісімдер өткізілді.  
Бүгінгі уақытта дарияның жағалауын бекіту, электр энергиясымен, газбен, жылумен, ауыз сумен және кәріз жүйесімен қамтамасыз ететін желілерінің, сол секілді қаланың оңтүстік-шығыс бөлігін сол жақ жағалаумен жалғастырып, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізіне қосатын ұзындығы 4,7 шақырымдық автожолдың технико-экономикалық негіздерін жасау жұмыстары аяқталды. 
Ал енді «Жаңа Қызылорда» департаментінің басшысы Қайрат Сәр¬сенбаевтың келтіріп өткен сол жақ жағалауда алғашқы кезекте жобаланып отырған нысандар тізіміне көз жүгіртелік. Олар 36, 40 және 52 пәтерлік үш тұрғын үй, 320 орындық балабақша, онкологиялық диспансер, «Болашақ» университетінің қалашығы, магистральдық желілер мен Мұратбаев көшесіндегі көпірден халықаралық автодәлізге дейін жалғасып, Шіркейлі көпіріне шығатын және дарияның сол жағалауы бойында түсетін автожолдар. 
Иә, қала құрылысының жаңа кезеңі басталатын уақыт та жақындап келеді.

Ы.ТӘЖІҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз