ЖАҢА ЗАҢНЫҢ ЖАЙ-ЖАПСАРЫ

54

0

2016 жылдың 22 желтоқсанында ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойып, 2017 жылдың басынан аталған заң күшіне енді. 
Бұдан бұрын қабылданған ҚР «Халықтың көші-қоны туралы» Заңында азаматтардың тұрақты мекенжайы бойынша тіркелуі міндеттелген. Бірақ үй егелерінің өздерінде тұрып жатқан тұлғалардың тіркелуін қамтамасыз ету мәселесі заңмен бекітілмеген болатын. Жаңа заң осы олқылықты жоюға бағытталған. 
Қызылорда ОІІД-нің көші-қон полиция басқармасынан хабарлағандай, жаңа орынға келуші әрбір қазақстандық 10 тәулік ішінде тіркеуден өтуге міндетті. Тұрақты мекенжайы немесе уақытша мекендеу орны бойынша 10 күннен 1 ай аралығында тіркеуден өтпеген жағдайда азаматтарға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 492-бабының 1-бөлігімен ескерту жасалады. Егер 1 айдан астам уақыттан кейін де мекендеу орны бойынша тіркелмесе, 7 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде, яғни 15 883 теңге айыппұл салынады.
Заң талаптары 1 ай уақытқа дейінгі мерзімге қонақтап келген туысқандарға қолданылмайды. Ал 1 айдан асып кетсе, уақытша тіркеуден өту керек. Ел азаматтары халыққа қызмет көрсету орталықтарында 20 минут ішінде тіркеле алады. Ол үшін тіркелушінің мен үй егесінің бірдей болуы немесе нотариалды түрде куәландырылған қолхат болуы шарт. 
Тұрақты мекенжайы бойынша немесе уақытша тұрақтау орны бойынша азаматтарды ішкі істер органдарының қызметкерлері осы орталықтарда автоматтандырылған режимде тіркейді (қызмет көрсету уақыты: дүйсенбі-жұма күндері, түскі үзіліссіз сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін, ал сенбі күні 09.00-ден 13.00-ге дейін). 
Тіркелу үшін тұрғын үй иесінің келісімі, жеке куәлігі, тіркелушінің жеке куәлігі және мемлекеттік салымның төленгені жайлы түбіртек болуы тиіс. Мемлекеттік салым көлемі – АЕК-нің 10 пайызын, яғни 226,9 теңге. Сонымен қатар электронды ақпаратты жеткізушісі бар (чип) жаңа үлгідегі жеке куәліктердегі азаматтардың заңды мекенжайына өзгерістер енгізіледі. Куәлік қайтадан ауыстырылмайды.
Электронды цифрлық қолтаңбасы бар азаматтар электронды үкімет порталы арқылы да тіркеле алады. Ол үшін электронды түрде сұраныс рәсімдеп, оны электронды қолтаңба арқылы куәландырып, мемлекеттік салықты электронды үкімет шлюзі арқылы төлеу қажет.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз