ЖАҢА ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ

45

0

ЖАҢА ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСАДЫАйбынды Арал теңізінің асау толқынында талай тарихтың тамшысы бар. Өткен ғасырдың еншісіндегі күндерге көз жіберсек, қасиетті өңір өркендеу мен тоқырауды бастан өткерді. Жағалауы көк теңізден қашықтап, кепкен табаны сорға айналды. Иә, айта берсек, қасіреттің қасиетке істегені аз емес. Бүгін ше? Теңізімен қауышқан елдегі тыныс-тіршілік қалай? Елбасының ерекше қамқорлығындағы халықтың әлеуметтік-экономикалық ахуалы қандай деңгейде? Біз бұл сұрақтарға өткен жылғы деректер негізінде жауап іздесек.
Сейсенбіде облыстық коммуникациялар қызметінде Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев БАҚ өкілдерімен жүздескен-ді. Мешін жылында қол жеткен жетістіктер мен алдағы міндеттерді саралаған басшы жан жадыратар жаңалықтар қатары қалың екендігін аңғартты. Әлем назарындағы өңір егемендіктің ширек ғасырында еңсе тіктеп, несібесі артты. Сондықтан да, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мерекесін тойлауда аралдықтар айрықша атсалысқан. Сондай-ақ, бұл жыл көк теңіз төсіндегі ағайынның есінде тың бастамалармен қалды.
– Өткен жылы ауданға 5,4 млрд теңге көлемінде инвестиция тартыл¬ды. Аудандағы кәсіпорындар өнім өндіру көлемін азайтпай, 7,2 млрд теңгенің өнімін өндіруге қол жеткізді. Оның ішінде кен өндіру 120,7 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 111 пайызға өсіп отыр, – дейді Мұхтар Әуезұлы.
Индустрияландырудың игілігі дегенде Арал ауданында 3 жоба іске қосылған. Олар – «Аралтұз» кәсіпорны жанынан ашылған заманауи технологиялармен жабдықталған өндіріс орны, «Тоғыс-Аралотын» ЖШС-ның «Күйдірілген кірпіш өндірісі» және «Берекет» шаруа қожалығының «Ет және ет өнімдерін өндіру цехын салу» жобасы. Бұл жобалар аясында 241 аудан тұрғыны жұмыспен қамтылған. 
– Республикалық индустрияландыру картасына енген «Арал Сода» ЖШС-ның «Кальцийлендірілген со¬да өндіру» жобасы бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қуаттылығы жылына 200 мың тонна болатын жоба құны 81 млрд теңгені құрап отыр. Бүгінде 5 га алаң дайындалды, техникалық шарттары берілген. Қажетті қаржының 80 пайызы «Қазақстан даму банкі» арқылы, 20 пайызы инвестор есебінен қарастырылмақ, – дейді аудан әкімі.
Экономиканың күре тамыры саналатын шағын және орта бизнестің аудандағы даму көрсеткішінде де ілгерілеу бар. «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдар¬лама¬сының бірінші бағыты бойынша 30 жоба жүзеге асқан. Ал, екінші бағыт аясында «Ауыл шаруа¬шылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 76 адамға 227 млн теңге несие берілген. Нәтижесінде, 36 тұрғын жеке кәсіп бастаса, 40-ы кәсібінің ауқымын кеңейткен.  Ал, агрокешендегі жалпы өнім көлемі 2015 жылмен салыстырғанда 3 пайызға артқан. Төрт түлікті түлеткен шаруалар қазіргі таңда асыл тұқымды мал басын көбейтуге баса мән беріп отыр. Балық шаруашылығына келсек, бүгінде Аралдың балығын шетелдіктер тамсана тұтынып отыр, сұраныс жоғары. Нақтыласақ, өткен жылы 7100 тонна балық ауланып, 4057 тонна өнім Еуропа елдеріне экспортталған.
Халықтың денсаулығы қашан да – маңызды. Аудан әкімі бұл орайда денсаулық саласына ерекше басымдық беріліп отырғанын жеткізді. Айталық, өткен жылы салаға 600 млн теңгедей қаржы бөлініп, Аманөткел, Қаратерең елді мекендерінде дәрігерлік амбулаториялар құрылысы жүргізілсе, 2 нысан құрылысының жоба-сметалық құжаттары әзірленген. Демографиялық көрсеткіште өсім бар. Мешін жылы ауданда 1784 сәби дүниеге келіпті, шетінеген сәбилер саны азайған. Сонымен қатар, ауданда салауатты өмір салтын ұстанушылар қатары артып келеді. Бүгінде спортпен тұрақты шұғылданушылар саны 30 пайызға жуықтапты.
Мұхтар Оразбаев брифингте, сонымен қатар, алдағы үш жылда атқарылар жұмыстармен бөлісті. Яғни, «Арал ауданының экономика салаларын дамытудың 2017-2019 жылдарға арналған жол картасы» аясында 93,7 млрд теңгенің 60 жобасы іске асырылмақ. Оның 34 жобасы осы жылы қолға алынады. Нақтыласақ, құрылыс саласы бойынша – 11, жол жөндеу мақсатында – 3, энергетика саласын дамыту шеңберінде 3 жоба жүзеге асырылады.  
Ел-жұрттың несібесін еселер ауқымды жобалардың бірі – «САРАТС-2» жобасы. Аудан әкімі бү¬гінгі күні оны іске асыру тетіктері мем¬лекетаралық деңгейде қаралып жатқандығын жеткізді. Сондай-ақ, туризмге таптырмас орын – Қамбаш көліндегі қызмет көрсету сапасы арта түспек. Мәдени-рухани іс-шаралар дегенде, биыл құрыш қазақ Зейнолла Шүкіровтің 90 жылдығы кең көлемде аталып өтіледі. Қорыта айтқанда, жөргегін жырмен жуған өңірдің келешегі кемелдене, болашағы бекемделе беретіндігі сөзсіз. 
Нағымжан САУЯЕВ.
Нұрболат НҰРЖАЙБАЙ (сурет).
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз