ЖАҢА ЖҮЙЕНІ ЕНГІЗУ – ЖАУАПТЫ МІНДЕТ

95

0

ЖАҢА ЖҮЙЕНІ ЕНГІЗУ – ЖАУАПТЫ МІНДЕТ

Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов облыстық медицина орталығында болып, сала қызметкерлерімен және жекеменшік медицина ұйымдарының өкілдерімен кездесіп, елімізде енгізілгелі жатқан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі, денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында атқарылатын жұмыстар жөнінде кеңінен әңгімеледі. 
Кездесуді ашқан облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов жалпыға ортақ жаңа жүйенің биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап енгізілетінін айтып, кездесудің маңыздылығына тоқталды.
– Медициналық сақтандыру жүйесі – әлемдік үрдіс. Әлемдік тәжірибеде ол өзінің өміршеңдігін көрсетіп отыр. Бұл жүйе Еуропаның бірқатар дамыған елдерінде, соның ішінде Нидерланды, Франция, Германия, Чехия, Румынияда тиімді жұмыс жасауда. Біздің елімізде де жүйені енгізу бағытында біршама жұмыстар атқарылуда. Оны іске асырудың заңнамалық тетіктері қарастырылған. Бүгінгі кездесуде  ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап қолға алынатын жаңа жүйе жайында, оның маңыздылығы туралы жан-жақты түсіндірілетін болады,– деді облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов. 
Жалпы, облыс көлемінде тұрғындарға 26 стационарлық көмек көрсететін емдеу мекемесі, 18 емханамен қатар, 23 жеке клиника  медициналық көмек ұсынады. 
Кездесу барасында ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің негізгі мақсаты мен міндеті және елімізде денсаулық сақтау саласында технологиялық жаңартуды жеделдету, әсіресе сандық технологияны жаңарту қажеттілігі жөнінде әңгімеледі. 
– Елбасының ағымдағы жылдың 31 қаңтарында Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында 5 басты мақсат айқындалғанын жақсы білесіздер. Мұндағы түпкі мақсат – Дүние жүзіндегі алдыңғы қатарлы елдердің отыздығына ену. Жолдауда осы мақсатқа жетудің бір тетігі ретінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу арқылы адами капиталдың сапасын арттыру көзделген. Яғни, медициналық қызметтің сапасын арттыру, қолжетімділігін қамтамасыз ету.
«100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 80-қадамында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу көзделсе, 2015 жылы қарашада «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы»  Заңы қабылданды. Онан бері де ел арасында жаңа жүйе жайында толассыз түсіндірулер, насихаттық жұмыстар жүргізілді. Осының нәтижесінде заңға өзгерістер енгізілді, жүйені енгізу алты айға шегерілді, –  деді Е.Біртанов.
Сондай-ақ, министр үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап әрбір азамат сақтандыру қорына жарна төлеуге міндетті екенін, төлемеген жағдайда мемлекет тегін медициналық көмектің кепілдік берген түрін ғана пайдалана алатынын айтып, осы орайда емхана тарапынан тұрғындарға қарқынды түрде, жан-жақты түсіндірме жұмыстары жүргізілуі тиіс екенін жеткізді. Яғни, қазірден бастап барлық отбасы әрбір мүшесінің қай санатқа жататынын және ол үшін жарна қалай төленетінін анықтауы маңызды. 
2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі. 
Денсаулық сақтау министрі сонымен бірге медици¬налық қызметтің сапасын жақсарту бағытында біршама жұмыстардың қолға алынып жатқанын айтып өтті. 
– Жаңа жүйе енгізілгеннен кейін қорға жарна төлеп отырған әрбір азамат сапалы қызметті талап етері сөзсіз. Сондықтан министрлік тарапынан ауқымды жұмыстар жүргізу жоспарлануда. Ең алдымен, саланы электрондық жүйеге көшіру көзделуде. Өздеріңізге белгілі, бүгінде емханаларда болсын, ауруханаларда болсын, дәрігерлер қағазбастылықтан арыла алмай келеді. Осының салдарынан ұзан-сонар кезектен құтыла алмай жүрміз. Осыған байланысты 2019 жылы дәрігерлер, медицина қызметкерлері қағаз толтырудан құтылатын болады. Бұл орайда сандық жүйеге, электронды жүйеге көшу көзделіп отыр. Сондай-ақ, дәрі-дәрмекке қатысты, яғни, дәрі-дәрмек бағасын реттейтін боламыз. Бұл орайда арнайы жұмысшы тобы құрылып, ауқымды жұмыстар атқарылатын болады. Осыған байланысты қазір министрлік тарапынан үш комитет құрылды. Атап айтқанда, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры, фармациялық бақылау комитеті, ол ерекше комитет болады. Ал үшіншісі, қоғамдық денсаулық сақтау комитеті. Ол профилактикалық жұмыстармен айналысады. «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деген емес пе?! Ендеше аурудың алдын алу бағытында профилактикалық шаралардың маңызы зор болмақ, – деді Е.Біртанов.
Кездесу соңында сұрақтар қойылып, оларға тұшымды жауап берілді.
Айнұр БАТТАЛОВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз