ЖАҢА ЖҮЙЕНІҢ МҮМКІНДІКТЕРІ

230

0

Әрбір адам өзіне ерте ме, кеш пе: «зейнет жасында қалай өмір сүрем?», – деген сұрақты қояры сөзсіз. Біз жаңа жүйенің ерекшеліктері мен мүмкіндіктері туралы «БЖЗҚ» АҚ Қызылорда филиалының директоры Құрманғали Арнұр Дәденұлынан сұраған едік. Маңызды сұраққа филиал басшысы төмендегіше  жауап береді.

– Арнұр Дәденұлы, зейнет жасына дейін лайықты қаржы жинауға бола ма? Соңғы кездері бұл сұрақ қоғамда жиі көтеріле бастады. Сіздің ойыңызша, бұл сұрақ бірінші кезекте кімге бағытталған? Мемлекетке ме, жұмыс берушіге ме әлде жұмыскерге ме? 

– Бұл сұрақ барлығымызға қатысты. Қазақстан­дықтардың ынтымақтастығына негізделген ортақ зейнетақы жүйесінен зейнетақы қорындағы зей­нетақы шоттарына қаржы жинауға негізделген жи­нақтаушы зейнетақы жүйесіне ауысқанына 20 жыл­ға жуық уақыт өтті. Жинақтаушы зейнетақы жүйесінің басты қағидаларының бірі – салымшының меншігі болып табылатын зейнетақы жинақтары және зейнетақы жарналарының инфляция деңгейін ескере отырып сақталуына мемлекеттің кепілдік беруі.  Ортақ жүйеге қатысушылар – 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін кемінде алты айлық еңбек өтілі бар азаматтар. Ал алдымыздағы 2040­жылдары зейнеткерлікке шығатындарда мұндай еңбек өтілі болмайды, сәйкесінше олар негізінен өздерінің жеке зейнетақы шоттарында жинақталған зейнетақы жинақтарына ғана үміт арта алады.  Зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыстармен айналысатын жұмыскерлер үшін 2014 жылдан бері олардың жеке зейнетақы шотына жұмыс берушілердің өз қаражаты есебінен жұмыскердің айлық табысының 5 пайызы мөлшерінде міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары аударылып келеді. Жекелеген өндірістер, жұмыстар, денсаулыққа зиянды еңбек жағдайлары кәсіптер Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 31 желтоқсандағы №1562 қаулысымен бекітілген ерекше Тізбеде көрсетілген. 2020 жылдан бастап жинақтаушы зейнетақы жүйесінің тағы бір жаңалығы – шартты ­жинақтаушы құрамдауышты енгізу жоспарланып отыр. Бұл ретте барлық жұмыс берушілер (еңбек жағдайларына қарамастан) өз қаражаты есебінен жұмыскерлерінің пайдасына олардың айлық табысының 5 пайызы мөлшерінде жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын зейнетақы Қорына аударатын болады. Бұл жарналар жұмыскердің табысына кері әсер етпейді. Бұл жинақтар жұмыскердің меншігі болып табылмайды және мұраға қалдырылмайды. Егер міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтары зей­неткерге таусылғанша төленетін болса, ал шартты зейнетақы шотындағы жинақтар оған өмір бойына ай сайын төленіп отырады. Заң бойынша шартты зейнетақы шоттарындағы жинақтар зейнеткерлікке шыққан жандарға, сондай­ақ, мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген бірінші және екінші топтардағы мүгедектерге төленеді. Бірақ, бұл үшін жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары шартты зейнетақы шотына кемінде 60 ай (5 жыл) тұрақты түрде аударылған болуы керек. Сонымен, барабар зейнетақы мемлекет және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін төлемдерден құралады.   Мемлекет зейнетақының базалық деңгейін қамтамасыз етеді (2018 жылдың шілдесінен бастап базалық зейнетақы еңбек өтілі мен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты есептелетін болады) және зейнетақы жинақтарының инфляция деңгейін ескере отырып сақталуына кепілдік береді.  Бірақ, негізгі жауапкершілік жұмыскерге және жұмыс берушіге жүктеледі. Бұл ретте жұмыс беруші зейнетақы жарналарының зейнетақы қорына уақытылы аударылып отыруына жауап береді. Егер салымшы зейнетақы жарналарын 35 жыл бойы жылына кемінде 10 реттен аударып отыратын болса, зейнет жасына жеткенде ай сайын өз жалақысының кемінде 40 пайызын құрайтын зейнетақыға үміт арта алады. Бұл әлемдік стандартқа сәйкес келеді. Зейнетақы сомасын ерікті зейнетақы жарналары және басқа да жақсы ойластырылған инвестиция есебінен ұлғайтуға болады. 

– Зейнетақы жинақтарының сақталуына қандай да бір кепілдік бар ма? Жиған-тергеніміздің сақталатындығына сенімді болғымыз келеді…

– Елімізде зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекет тарапынан кепілдік берілетін бірегей жүйе қалыптастырылған. «Қазақстанда зейнетақымен қамсыз­дан­дыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5­-бабына сәйкес мемлекет зейнеткерлік жасқа толған алушыларға бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы мiндеттi зейнетақы жарналарының, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналарының инфляция деңгейiн ескере отырып, нақты енгізілген мөлшерінде сақталуына кепiлдiк бередi. Мемлекеттік кепілдік бойынша БЖЗҚ-­дағы зейнетақы жинақтарының сомасы мен инфляция деңгейін ескере отырып, нақты енгізілген міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары сомасы арасындағы айырма сомасын есептеу және төлеуді «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммер­циялық емес акционерлік қоғамының филиалы (бұрынғы Зейнетақы төлемдері жөніндегі мемлекеттік орталық) жүзеге асырады. Зейнетақы жинақтары бойынша біржолғы төлемді алу үшін осы ұйымға жүгініп, тиісті өтінішті толтыру қажет. Басқаша айтқанда, Мемлекеттік корпорация инфляция деңгейін ескере отырып, нақты енгізілген бар­лық зейнетақы жарналарының сомасын салымшының зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақ­тарымен салыс­тырады. Белгіленген күнге зейнетақы жинақтарының сомасы туралы ақпаратты БЖЗҚ ұсынады. Егер зейнетақы жинақтарының қалдығы инфляцияны ескере оты­рып, есептелген жарналардың сомасынан төмен болса, мемлекет айырма сомасын өтейді. Демек, салымшылардың зейнетақы жинақтары сенімді қорғалған және қаржы нарығындағы ахуалдар мен инвестициялық табысқа қатысты жағдайларға тәуелді емес деген сөз. Сол сияқты зейнетақы жинақтарының БЖЗҚ-­да шоғырланғандығы, жалғыз акционері Қазақ­стан Республикасының Үкіметі екендігі, зейнетақы активтерін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі сенімгерлікпен басқаратындығы да зейнетақы жинақтарының сақталуына септігін тигізеді. 

– Қазіргі таңда зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы қандай? Қанша қазақстандық азамат жеке зейнетақы шотын ашқан? 

– 2017 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай  бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 7,4 трлн теңгеден асты. Шарттардың барлық түрлері бойынша салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарының (ЖЗШ) саны 10,1 млн бірлік, оның ішінде міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен 9,63 млн бірлік болды. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша салымшылардың ЖЗШ саны 432 мың бірлікті құрады.  Айта кетелік, зиянды еңбек жағдайлары бар барлық ірі мемлекеттік өнеркәсіптік кәсіпорындар мен ұйымдар осы міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлейді. Бұл жерден біз жұмыс берушілердің өз жұмыскерлерімен бірге зейнетақымен қамсыздандыру бойынша жауапкершілікті теңдей бөлісетінін көріп отырмыз. Ерікті зейнетақы жарналары бойынша жағдай көп жылдан бері өзгеріссіз қалуда. Қазіргі таңда осы жарналар бойынша зейнетақы шоттарының жалпы саны 40 мыңдай бірлікті құрады. Дегенмен, ерікті зейнетақы жарналары зейнетақы жинақтарын толықтырудың бір жолы. Сонымен қатар, салымшылар үшін маңызды көрсеткіштердің бірі, ол ­ инвестициялық табыс. 2017 жылдың басынан бері салымшылардың жеке зейнетақы шоттарына есептелген таза инвестициялық табыс сомасы 398,57 млрд теңге болды. Биылғы жылдың 1 қыркүйегіндегі  жағдай бойынша БЖЗҚ зейнетақы активтерінің табыстылығы жыл басынан бері 5,78 пайызды құрады. Бұл инфляция деңгейінен 1,9 пайызға жоғары (инфляция 3,9% болды).   

Осы кезеңде Қызылорда облысы бойынша жеке зейнетақы шоттарының жалпы саны 319,4 мың бірлікті құрап, олардағы жинақталған зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 209,2 миллиард теңгеге жетті.

– Әрине, бұл статистикалық көрсеткіштер жақсы әсер қалдырады. Бірақ, салымшының шотында қанша ақша жиналғанын қалай білуге болады?

– Иә, бұл салымшы үшін басты ақпарат. Бүгінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры зейнетақы жинақтарының көлемі, жай­-күйі туралы ақпарат берудің бірнеше тәсілін ұсынады. 

Олар:

– БЖЗҚ кеңсесіне келіп өтініш жасау, (республика бойынша Қордың 231 дербес қызмет көрсету орта­лығы жұмыс істейді, ал біздің өңірде 8 бөлімше бар);

– электрондық тәсіл – бұл ретте, зейнетақы жинақтарының жай-­күйі туралы ақпарат салымшының ЖЗШ ашу туралы өтінішінде немесе хабарлау тәсілін өзгерту туралы келісімге қол қою кезінде көрсеткен электрондық поштасына жолданады;

– пайдаланушының логині ретінде тіркелген жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) мен құпия сөзі (пароль) немесе электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып интернет арқылы алу;

– ҚР электрондық үкіметі порталында (www.egov. kz) тіркеліп, электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) алған жағдайда осы сайттың «Әлеуметтік қамтамасыз ету» – «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшысының (алушысының) зейнетақы жинақтарының (инвестициялық кірістерін ескере отырып) жай­күйі туралы ақпарат беру» бөлімдеріне кіріп алу, бұл үшін электрондық үкімет порталына тіркеліп, электрондық цифрлық қолтаңба алу керек;

– сондай-­ақ, пошта байланысы арқылы алу.

Қазіргі таңда жеке зейнетақы шоты туралы ақпарат алудың ең қарапайым, ыңғайлы және үнемді тәсілі ол – ақпаратты интернет арқылы алу. 2017 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша шамамен 3,57 миллион адам Қордың ресми сайтын немесе әртүрлі операциялық жүйелерде жұмыс істейтін смартфондар мен планшеттерге арналған «ENPF» ұялы қосымшасын пайдалану мүмкіндігіне ие. Олар зейнетақы жинақтарының жай­-күйін кез келген уақытта кез келген жерде бақылай алады. 

– БЖЗҚ-ның онлайн тәртібінде көрсететін тағы қандай қызметтері бар?

– 2017 жылдың маусымында Қор бірқатар жаңа сервистерді іске қосты. Оларды атап айтар болсақ: қор кеңсесіне келмей­-ақ, сайттағы жеке кабинет арқылы электрондық цифрлық қолтаңбаның көмегімен міндетті зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша зейнетақы шотын ашу және зейнетақы төлемдерін тағайындау жөнінде өтініш беру, сондай­ақ сол өтініштердің орындалу барысын қадағалау мүмкіндігі.  Зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш беру үшін электрондық цифрлық қолтаңбадан басқа 20 саннан тұратын банктік шот туралы мәлімет және банктің деректемелері керек. Теңгелік шотты екінші деңгейдегі банкте немесе «Қазпошта» бөлімшесінде ашуға болады.  Бұл ретте өтінішке ұялы телефон нөмірі көрсетілген жағдайда, Қор салымшыға өтінішінің орындалу барысы жөнінде СМС­хабарлама жіберіп отырады. Қазіргі таңда аталған қызметтерді электрондық үкімет порталы арқылы іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр.  

2017 жылдың тамыз айында жаңа электрондық сервис – салымшының (алушының) деректемелеріне, дәлірек айтқанда, оның жеке басын куәландыратын құжаттың деректеріне, пошта және (немесе) электрондық мекенжайға, (үй, жұмыс, ұялы) телефон  нөмірлеріне өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу қызметі қолжетімді болды. Осылайша, БЖЗҚ салымшыға (алушыға) жинақтаушы зейнетақы жүйесінде болған бүкіл кезеңі ішінде ­ жеке зейнетақы шотын ашқаннан бастап зейнетақы төлемдерін алғанға дейін оған қолдау көрсетіп, ілеспе қызмет көрсетуге дайын.  

– Арнұр Дәденұлы, жақында ғана біздің облы­сымызға «БЖЗҚ» АҚ Басқармасының төрайымы Наурызбаева Нұрбүбі Серікқажықызы жұмыс сапарымен келіп кеткен еді, сол сапардың мақсаты туралы қысқаша айтып берсеңіз.

– Иә, дұрыс айтасыз, 2017 жылғы  5 шілдеде Қызылорда қаласында «БЖЗҚ» АҚ Басқарма төрайымы Нұрбүбі Наурызбаева мен Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың кездесуі болып өтті. Кездесу барысында «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамы мен Қызылорда әкімдігінің арасында «Ақпараттық Қазақстан-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.

Меморандумға сәйкес БЖЗҚ облыс тұрғындары, кәсіп­орындар мен ұйымдардың қызметкерлері арасында ақпараттық және түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында материалдар жариялап жатыр. Меморандум ая­сындағы ынтымақтастық облыс тұрғындарын жи­нақтаушы зейнетақы жүйесіне тарту, олардың қаржылық сауаттылығын арттыру, міндетті зейнетақы жарналарының тұрақтылығы мен көлемін арттыруға және зейнетақы жүйесін жаңғырту бойынша ақпарат беруге, сондай-ақ Қордың көрсететін қызметтерін алудың балама мүмкіндіктерін арттыруға бағытталатын болады. Бұл жұмыс  облыс әкімдігінің белсенді түрде қатысуы мен қолдауының арқасында жүзеге асырылып жатыр.

– Зейнетақы Қорының Қызылорда облыстық филиалы жыл басынан бері халықтың зейнетақы жүйесіне қатысты қаржылық сауаттылығын арттыру жұмыстарын белсенді жүргізіп келеді. Бұдан басқа  филиал республикалық «Ашық есік күні» акциясына үшінші рет қатысып отыр, осы шара туралы да айтып берсеңіз…

– 2017 жылғы 29 қыркүйекте Қордың барлық фи­лиалдарында биылғы жылы үшінші рет «Ашық есік күні» шарасы өтеді. Қор бұл жолы салымшылардың көпшілігін толғандырып жүрген тақырыпты таңдап алды. Ол: «Зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру тәртібі» деп аталады.

БЖЗҚ филиалдарының «Ашық есік күні» шара­сына қатыса отырып, қазақстандықтар кімдердің зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар екендігі, зейнетақы төлемдерінің жыл сайынғы сомасы қалай есептелетіндігі, ерікті зейнетақы жарналарының ерекшеліктері, басқа елге тұрақты тұруға кетуге байланысты зейнетақы жинақтарын алу тәртібі және болашақта қандай өзгерістер болатындығы туралы мағлұматтар ала алады.

29 қыркүйекте біздің облыстық филиалымыздың ғимаратынан басқа осы тақырып бойынша таныс­тырылымдар Қызылорда облысы, Арал қаласы, Бақтыбай батыр көшесі, 56 мекенжайында орналасқан З. Шүкіров атындағы Мәдениет үйінде өткізіледі.

Бұл шара аясында БЖЗҚ салымшылары мен зейнетақы алушылар таныстырылымнан кейін өздерін толғандырып жүрген сұрақтарға нақты да, толыққанды жауаптар ала алатын болады.

– Мәнді де маңызды  сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан Р.Арыстанбай.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз