ЖАҢА ЖЫЛДЫҢ ЖАҢА ӨНДІРІСІ

36

0

ЖАҢА ЖЫЛДЫҢ ЖАҢА ӨНДІРІСІБиылғы жыл аймағымыз үшін жақсы жаңалығымен басталды. Апта басында өңірімізде «Smart Rubber» ЖШС-ның автокөлік дөңгелектерін қайта өңдеу арқылы резеңке ұнтақтары мен жер асты суару түтіктерін шығаратын өндіріс орны ашылды.

Толық циклда жұмыс жасайтын «Дорстройсервис» ЖШС-мен бірлесіп ашылған бұл зауыт жарамсыз дөңгелектерді өңдеу арқылы ауыл шаруашылығына қажетті резеңке ұнтақтарын, жерасты суару түтіктерін шығарады. Шараның  ашылуына облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, жаңа инвестициялық жобаның маңыздылығын сөз етті. 
Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы қабылданған болатын. Осы мақсатта облысымызда индустриалды-иновациялық жобаны іске асыру біз үшін өте маңызды. Өйткені, өндірістің 93,4 пайызы мұнай мен газды және уранды құрайды. Сол себепті де экономикамызды әртараптандырып, Елбасы тапсырмасына сәйкес аталмыш бағдарламаны орындай отырып, «Жасыл экономика» принциптері негізінде өңірімізде белсенді экономика қалыптастыруымыз қажет. Сондықтан бүгінгі ашылған өндірістің аймағымыз үшін алар орны ерекше болмақ. Бұл біріншіден, инновациялық технология болса, екіншіден, «Жасыл экономиканың» жүзеге асуына өз үлесін тигізеді. Яғни, бұдан алынатын өнім әр түрлі мақсатта пайдаланылатын болады. Осындай үлкен жобаны қолға алып, іске қосуға атсалысқан  мекемелер мен оның басшыларына алғысымды білдіремін», – деді аймақ басшысы.
ЖАҢА ЖЫЛДЫҢ ЖАҢА ӨНДІРІСІМұнан соң облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен «Smart Rubber» ЖШС-ның құрылтайшысы Герхард Фридел зауыттың тетігін басып, өндірісті іске қосты. Айта кету керек, жерасты суару түтіктері инновациялық өнім болса әрі мұның республика көлемінде баламасы жоқ. Құны 500 млн. теңгені құрайтын теңдесі жоқ бұл жобаның қуаттылығы жылына 270 тонна резеңке ұнтағын, 440 тонна белсендірілген резеңке ұнтағын және 3,9 млн. метр жерасты суару түтігін шығарады. 
«Негізінен өндіріске 2,5 мың тонна шикізат салу арқылы 1,5 мың тонна өнім алынады. Шикізат толық жеткілікті, өндірістік технологиялар Германиядан әкелінген. Жарамсыз шиналарды пайдалану арқылы тамшылатып суару технологияларына, ойын алаңдарына қажетті өнім алынады. Қазіргі уақытта 40-қа жуық қызметкерлер жұмыс жасауда. Бір жыл ішінде алға қойған межені игереміз деп ойлаймыз. Бұл жоба аясында «Жасыл экономика» принциптеріне толық жауап бере аламыз», – деді зауыт директоры Бижан Жанамқұлов.
Жалпы жыл басынан бастау алған жаңа өндіріс, жаңа бастама өңір экономикасының ілгерілеуіне өзіндік серпін қосып, ел игілігіне қызмет ететін болады.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз