ЖАҺАНДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ЖОЛЫНДАҒЫ ОРТАҚ ҰСТАНЫМ

45

0

ЖАҺАНДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ЖОЛЫНДАҒЫ ОРТАҚ ҰСТАНЫММемлекет басшысының Вашингтон
қаласында өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитке қатысуы барысында Қазақстан
мен АҚШ-тың ядролық қару таратпау және ядролық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық
туралы бірлескен мәлімдемесі қабылданды.

Құжатта тараптар екі мемлекеттің
ядролық материалдарды сақтау қауіпсіздігін арттыру үшін қабылдап жатқан нақты кешенді
шараларын атап көрсетіп, осы салада іс жүзіндегі өзара ықпалдастықты жалғастыруға
деген ортақ ұстанымды растады.

Сапар аясында Елбасы Карнеги
қорының президенті Уильям Бернспен кездесті. Кездесуге АҚШ-тың бұрынғы қорғаныс
министрі У.Перри, АҚШ-тың бұрынғы сенаторы С.Нанн, Калифорния штатының
губернаторы Дж.Браун, CNN арнасының негізін қалаушы Т.Тернер, «Gap» компаниясының
бұрынғы басшысы Э.Гаст қатысты.

Кездесу барысында халықаралық
күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, сондай-ақ, Қазақстан мен АҚШ-тың жаһандық
антиядролық қозғалыс аясындағы ынтымақтастығы талқыланды.

Ал АҚШ-тың қоғам және саяси
қайраткерлерімен жүздесуде Қазақстан Президенті қазіргі заманғы әлем
құрылымының проблемалары менҚазақстанның халықаралық аренадағы роліне қатысты ой-пікірін ортаға
салды.

Нұрсұлтан Назарбаев
жиырмасыншы және жиырма бірінші ғасырлар тоғысындағы ширек ғасырдың ауқымды
тарихи өзгерістер дәуірі болғанына, бұдан 25 жыл бұрын Қазақстанның тәуелсіз
мемлекет ретінде өмір сүре алатыны күмән тудырғанына назар аударды.

– Бізге жаңа мемлекетті
«нөлден» бастап құруға, жоспарлы әкімшілік жүйеден нарыққа, тоталитаризмнен
демократияға көшуге тура келді. Қысқа уақыт ішінде мемлекеттілікті нығайту,
заманауи нарықтық экономика құру және қоғамды жаңғырту жөнінде зор жұмыстар
атқарылды, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев еліміз
жүзеге асырып жатқан «100 нақты қадам» Ұлт жоспары туралы да айтты.

– Жоспарды жүзеге асыру ХХІ
ғасырда барынша теңгерімді саяси жүйесі, дамыған азаматтық қоғам институттары
мен білімге негізделген экономикасы бар Қазақстанды құруға бағытталады, – деді
Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Қазақстан
Президенті еліміздің жаһандық антиядролық қозғалысқа қатысуы мәселесіне де
егжей-тегжейлі тоқталды.

– Орталық Азияда ядросыз
аймақ құру арқылы біз орнықты әлем географиясын қалыптастыруға шақырамыз. Бұл –
Еуразияда, Латын Америкасында және Африкада алты ядросыз аймақ кеңістігін
кеңейту деген сөз. Төмен байытылған уран банкін Қазақстанда орналастыру туралы
МАГАТЭ-мен келісімге 2015 жылы қол қойылуы маңызды қадам болды. Бұл – жаһандық
ауқымдағы оқиға. Әлем оны атомды қауіпсіз әрі бейбіт мақсатқа пайдалану
ісіндегі маңызды шара ретінде бағалауы тиіс, –деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Иранның
ядролық бағдарламасы жөніндегі халықаралық келіссөздер үдерісіне Қазақстан
әрдайым қолдау көрсетіп, оған іс жүзінде қомақты үлес қосқанын атап өтті.

Қазақстан Президенті біздің ел
Жаһандық ядро­­лық қауіпсіздік жөніндегі саммиттерге белсене қатысуды маңызды
санайтынына назар аударды.

– Адамзат ХХI ғасырға
бейбітшілік пен жаһандық ынтымақтастықтың жаңа дәуірі ретінде үміт артты.
Өкінішке қарай, барынша қауіпсіз және тұрақты әлем қалыптастыру мүмкіндігін
жіберіп алды. Әлемге тағы қауіп төніп тұр, оны елемеуге болмайды. Бұл қатер –
жаһандық ауқымдағы жойқын соғыс, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті 1968
жылы қол қойылған Ядролық қаруды таратпау туралы шарт өз мақсатын орындап
отырмағанын, ал жаһандық ойыншылар арасындағы сенім дағдарысы ядролық қару
қолдануды болдырмау кепілдігінің әлсіреуіне әкеле жатқанын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев сөзінің
соңында кездесуге қатысушылардың бірқатар сұрақтарына жауап берді.

АҚШ-қа жасаған сапары аясында
Елбасы кәсіпқой боксшы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері
Геннадий Головкинмен кездесті. Қазақстан Президенті кездесу барысында
Г.Головкинді «ЭКСПО-2017» елшісі мәртебесіне ие болуымен құттықтап, оның жаңа табыстар мен рекордтарға
қол жеткізуіне тілектестігін білдірді.

Г.Головкин боксты және жалпы
спортты дамытуға зор үлес қосып, көңіл бөліп отырғаны үшін Нұрсұлтан
Назарбаевқа алғыс айтты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз