ЖАҢАҚОРҒАНДА ЖОБАЛАР НЕГЕ ЖҰМЫС ІСТЕМЕЙДІ?

60

0

Өткен
аптаның жексенбісі күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаев облысымыздың
оңтүстігіндегі Жаңақорған мен Шиелі аудандарындағы жұмыс сапарында Ұлттық
бірыңғай тест өткізуге дайындық барысы және бірқатар шаруашылықтардың
жұмыстарымен танысты. Облыс басшысы аудандардың әлеуметтік-экономикалық дамуын
саралаған мәжіліс өткізіп, аудан әкімдері С.Тәуіпбаев пен Қ.Сәрсенбаевтың
хабарламаларын тыңдады. Жиын барысында биылғы жылдың төрт айында атқарылған
жұмыстардың нәтижесі және алдағы тұрған міндеттерді тағы бір нақтылаған аймақ
басшысы жоғарғы орындар арқылы шешімін табуы тиіс мәселелерге де назар аударды.
Активте Жаңақорған ауданы басшылығының жұмыстарын өткір сынға алды.

Жаңақорған ауданы бюджет
қаржысын игеруде қалыс қалып келеді. 1 мамырдағы ақпарат бойынша бюджеттің 320
миллион теңгесін қажетке жарата алмаған. Республикадан бөлінген трансферттердің
42 пайызы ғана орындалса, облыстан бөлінген қаражаттың 85,4 пайызы
игерілген.

Оңтүстік ауданның өзгелерден
шоқтығы биік болуы тиіс. Жері шұ­райлы өңірде ауыл шаруа­шы­лығымен қатар
өндірісті өркендетуге мүмкіндік мол. Алайда, аудан бас­шылығы қолда барды ұқсата
алмай отыр.

– Бюджетке түскен салықтың
жалпы көлемі өткен жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 500 млн. теңгеге
азайған. Яғни, 30 пайызға кем. Тайқазанның түсімін азайтқандарыңызбен қоймай
бюджет қаржысын уақытылы игере алмай отырсыздар. Қаржыны игере алмайтын
қызметкерлерді несіне арқалаймыз, – деді облыс әкімі Қ.Көшербаев аудан
активімен кездесуде.

Жалпы, ауданның бірінші
тоқсандағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші төмендеп кеткен. Мәселен, құрылыс
жұмыстары 92 пайызға азайса, өткен жылы жұмыссыз ретінде тіркелгендердің 48
пайызы ғана екі қолға бір күрек тапқан. «Қолжетімді тұрғын үй – 2020»
бағдарламасы бойынша салынатын тұрғын үй құрылысына жоспарланған 73 млн. теңге
игерілусіз тұр. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға жоспарланған 157,4 млн.
теңге де сарымайдай сақталулы.

– Былтыр елді мекендерді
аралау барысында тұрғындардың өтінішіне сәйкес Нәлібаев, Әбдіғаппар, Байкенже,
Жаңаарық, Өзгент және Ақсуат ауылдарында ауыз су тұщытқыш қондырғыларын
орнатуға қаржы бөлуге уәде бергенмін. Облыстық бюджеттен осы жұмыстарға 105,8
млн. теңге қаржы қаралды. Бірақ конкурстың нәтижелі орындалмауынан, аталған
елді мекендер тиісті үлестерін енді алып жатыр. Қаржы бөлінеді, бірақ ел
игілігін уақытылы көре алмауда. Жұмысты жүйелі ұйымдастыра алмай отырғандықтарыңыздың
салдары бұл, – деді аймақ басшысы.

«Балапан» бағдарламасына
бөлінген қаржы діттеген жеріне жетпей жатыр. «Жұмысын бастаған балабақшалар
алдында «қарыз болдық» деп, министрлікке бірнеше мәрте ұсыныммен шықтық. Қазір
сұралған қаржы келіп жатыр. Келген қаржыны үйлестіруге де аймақ басшысы араласу
қажет пе?», – деп облыс әкімі аудан басшылығына қатаң ескертті.

Оңтүстік ауданда
кәсіпкерлікті дамытуда да іркіліс көп. Ауданда шаруасын дөңгелетуге несие алған
кәсіпкерлердің үлесі 13 пайыз ғана. Сондай-ақ, 2012 жылдан бері Жаңақорғаннан
индустрияландыру картасына бірде бір жоба ұсынылмаған.

– Аймақтарды дамытуға ар­нал­ған
негізгі мемлекеттік 5 бағ­дар­ламаның жүзеге асуын бақылаусыз қалдырғансыздар.
Мемлекет айқын­дап, қаржысын бөліп
тұрған шараны да толықтай жүзеге асыра алмай отырсыздар. Қорыта айтқанда, аудан
әкімдігі негізгі әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары бойынша жұмысты баяу
жүргізіп, үйлестіру шаралары әкімдік құзы­рынан тысқары қалған, – деді облыс
әкімі Қ.Көшербаев.

Осылайша аудан басшылығының
жұмысты дұрыс үйлестіре алмай отырғандығын сынға алған өңір басшысы
жартыжылдықтың қоры­тындысында кемшіліктерді түзеуді қатаң тапсырды.

Елбасы өзінің биылғы
Жолдауында «Біздің болашаққа барар жолымыз қазақстандықтардың әлеуетін ашатын
жаңа мүмкіндіктер жасауға байланыс­ты. ХХІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз –
белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар. Бұл үшін біз не істеуіміз
керек?» деген Мемлекет басшысы, біріншіден, барлық дамыған елдердің сапалы
бірегей білім беру жүйесіне сай Ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын
жақсартуда бізді ауқымды жұмыстар күтіп тұрғандығын еске салған-ды. Сондықтан
да Қырымбек Елеуұлы кезекті сапары кезінде ҰБТ өткізілетін Жаңақорған
ауданындағы №110 және Шиелі ауданындағы №270 мектептерде болып, мемлекеттік
сынақ алу дайындығы барысымен танысты. Аудандық білім бөлімдерінің басшылары
Б.Ибрагимов пен Э.Тәкен тест орталықтарындағы дайындық жұмыстары жөнінде
мәлімдеме жасап, нақты жағдайларды баяндады. Мәселен, Жаңақорған ауданынан
биылғы мектеп бітірушілердің 70 пайызынан астамы ҰБТ сынағына барады. Ұстаздар
қауымының алдын ала зерттеу жұмыстарын тың­ғылықты жүргізуі нәтижесінде түлек­тердің
мектеп бітірген соң қандай мамандықтарды таңдайтындықтары да назарда ұсталынып
отыр. Яғни, ҰБТ-ға қатысатын 641 оқушының 583-і жаратылыстану, ал 58-і
гуманитарлық бағыттағы пәндерге таңдау жасаған. 280 оқушы педагоги­ка­лық 81
оқушы медицина сала­сындағы мамандықтарды, 20-сы биотехнология саласын қалап
отыр. Тестілеу пунктінде ҰБТ өткізілетін 12 аудитория мен 2 резервтегі
аудитория, барлығы 14 аудитория болса, 12 аудитория мен коридорларға 14
бейнебақылау камералары, 3 қабатта 10 дана ұялы байланыс телефондарының
сигналдарын тұншықтыру құралы орнатылып, бүгінгі таңда 2 бейнерегистратор, 1
металлодетектор қалыпты жағдайда жұмыс жасап тұр.

Сонымен қатар, тестілеу
барысын ата-аналардың және жалпы бұқараның сырттан қада­ға­лауына 4 үлкен
көлемдегі теле­дидар, қосымша 3 бейнекамера және байланысқа қажетті басқа да
заттар алынғандығы көрсетілді.

Шиелі
ауданындағы «Бидай­көл» шаруа қожалығы негізінен күріш дақылын өсірсе де бақша
өсіруге де көңіл бөледі. Маман диқандар осы іспен тынымсыз шұғылданатындықтан
өнімдерін базарға ерте шығарып, пайдаға кенеліп жатады. Қырымбек Елеу­ұлы осы
шаруашылықтың егіс алқабы басында да бо­луға уақыт тауып, пленка арқы­лы
бүркемеленіп егілген қауын пәлегенің өркен жаю кезеңін бақылады. Аудандық ауыл­ша­руашылық
бөлімінің бас­шысы Ж.Әлиев өз кезегінде аудандағы ауылшаруашылық жағдайын мәлім­­деп,
диқандар­дың күрішке мем­лекет тарапынан субсидия алуы оларға көп қолдау болған­дығын
жеткізді.

Шиелідегі тағы
бір сүйсінер­лік іс – көкөніс, бақша өнімдерін кыс айларында да өндіретін
жылыжайлардың көп­­теп қолға алынуы болса, солардың тағы бірі – Ыбырай Жақаев
саяжайы маңындағы белгілі бағбан Пер­ден Арқа­баевтың қолға алған жы­лыжайы.
Онда 0,9 гектар жер­ге орналасқан үш бірдей жылы­жайдың бірінде қияр, қы­за­нақ
өсірілсе, енді бірінде әдемі гүлдер өсіріледі. Петуния, Шафран аталатын гүлдер
ше­шек атып, көздің жауын ала­ды. Облыс әкімі көкөніс өсі­ру­дің жайымен
танысып, бағ­бандармен әңгімелесті. Бұл, расында, қолдауға тұрарлық ең­бек
екендігіне өз ризашылығын білдірді.

Елдің
әлеуметтік-экономика­лық дамуын саралаған мәжіліс­тер барысында аудан
әкімдерінің хабарламаларын тыңдаған об­лыс басшысы өз тарапынан бір­неше
тапсырмалар берді. Жаңақорған ауданының
әкімі С.Тәуіпбаевқа бюджеттен бөлін­ген қаржыны игерудегі ора­лымсыздықты жөнге
келті­ру­ді ескертiп, бiр­қатар ел­ді мекендерді таза ауыз су­мен қамтамасыз
етудегі «Ақ­бұлақ» бағдарламасының өз дәрежесінде орындалмағаны айтылды.

Шиелі ауданына
жуырда тағайындалған әкім Қ.Сәр­сен­­баевтың мәлімдемесіне құ­лақ түріп, оның
бірқатар ұсы­­­­ныс­тарын қаперіне алды. Мәселен,
ауылшаруашылық дақыл­дарына су тапшылығын болдырмау мақсатында салы­натын
үрлемелі су тоспасы құрылысын өз жұмыс кестесі бойынша бастау туралы облыс­тық
су шаруашылығының басшы­сы М.Арыстанбаевқа тиісті тап­сырма берілді. Сол
секілді ауыз су мәселесін шешуге бас су қоймасын жөндеу жұмыстарына және
Қарғалы ауылы тұсындағы қалқыма көпірді тездетіп бітіру, көпірден арғы жердегі
жол жөндеу жұмыстары, Тартоғай ауылы тұрғындарына экскаватор-малютка тракторын
алып беруді бюд­жеттің емес, басқа қаржы көзі арқылы шешуді облыс әкімінің
орынбасары С.Қожаниязовқа тап­­сырды. Ал білімге қатысты мә­се­лелерді шешуді
облыстық білім басқармасының басшысы Н.Байқадамовқа міндеттеді.

Қырымбек
Елеуұлы аталмыш біркүндік сапары кезінде Қаратау қойнауындағы «Сауысқандық» шат­қалына барып, тау тастарына жазылған өрнектер
сырларына мән берді. Осыдан төрт мың жыл
бұрын жазылған жазулардың мұндағы саны
12 мыңнан асады дейді ғалымдар. Осы аумақты арнайы қорыққа айналдырып, ЮНЕСКО
арқылы жұмыс жасау мәдени мұраға қатысты көне жәдігерлердің сырын ашар еді. Тау
бедеріндегі ескі жазулар мен суреттерді ғалымдармен бір­ге көрген облыс басшысы
осы тарапта жұмыс жасауға облыстық тарихи-мәдени ескерткіштер инс­пек­циясының
директоры Са­пар Көзейбаев пен жергілікті басшыларға тапсырды.

 

Нұрмахан ЕЛТАЙ.

Жаңақорған,

Шиелі
аудандары.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз