ЖАҢАРҒАН МУЗЕЙ ЖҰМЫСЫ ЖАНДАНА ТҮСПЕК

78

0

ЖАҢАРҒАН МУЗЕЙ ЖҰМЫСЫ ЖАНДАНА ТҮСПЕККеше қайта жаңғыртудан
өткізілген облыстық тарихи-өлкетану музейінің жаңа экспозициясының ашылу рәсімі
өтті.

Оған жергілікті қылқалам және
қолөнер шеберлері, басқарма басшылары, ардагерлер мен бұқаралық ақпарат
құралдарының өкілдері қатысты.

Салтанатты шараны ашқан облыс
әкімі Қырымбек Көшербаев жиылғандарды тарихи-өлкетану музейінің жаңарған
экспозициясы ашылуымен және алдағы Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен
құттықтады.

– Бүгінгі шараның өзіндік
мәні бар деп есептеймін. Себебі, Ұлыстың ұлы күнін тарихқа тағылымнан бастап
отырмыз. Елбасымыз айтқандай, Мәңгілік елдің тарихы да мәңгілік болуы қажет.
Сондықтан Сыр елінде Наурыз мерекесі қарсаңында реконструкциядан өткен облыстық
тарихи-өлкетану музейін қайта ашып отырмыз, – дедi Қырымбек Елеуұлы. – Мәңгілік
Ел идеясының бір тармағы Сыр елінде жатыр деп айта аламыз. Оның айғағы ретінде
Қорқыт бабамыз жатыр, Сақ мемлекетінің астанасы болған Шірік Рабат жатыр. Оғыз
империясының астанасы Жанкент те тарихымыздың үлкен бір тармағы. Қыпшақ
империясының және кейін қазақ хандығының астанасы болған Сығанақ, Кеңестер
одағында Қазақ республикасының алғашқы астанасы атанған Қызылорда қаласы
кешегіміздің айғағы. Сондықтан осы Мәңгілік Ел идеясын іске асыруда біз
тарихымыздан тағылым алып, болашаққа қадам жасауға талпынуымыз керек деп
ойлаймын.

 

Интернеттің заманында музейге
тек көненің қоймасы деп қарауға болмайды. Музей меніңше өскелең ұрпақтың тарихи
санасын қалыптастырады. Екіншіден, музей дипломатиялық кешен деуге болады. Шет
елден Сыр еліне келген меймандар алдымен бұл ел қандай ел, халқы қандай,
болашағы қандай дегенде сұраққа осы жерден жауап алады. Сонымен бірге бұл орын
инвестиция тартудың да тетігі. Оған қоса музей өскелең ұрпақты тәрбиелеудің
маңызды құралы. Сондықтан білім, мәдениет саласының мамандары осы музейді
тиімді әрі рухани қажеттілігімізге дұрыс пайдалана білуі керек деп ойлаймын.
Биыл музейге 80 жыл толып отыр. Музей қоры өте бай. Бүгін тарихи-өлкетану музейі
тарихының жаңа беті ашылып отыр деп айта аламыз. Сондықтан бүгінгі қуанышымыз
құтты болсын, тарихымыз мәңгілік болсын, Мәңгілік еліміз болсын,– деп облыс
әкімі жылы лебізін білдірді.

Онан соң шараның құрметті
қонағы суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, ҚР Мемлекеттік
сыйлығының лауреаты Ағымсалы Дүзелханов құттықтап, музей қызметкерлеріне
шығармашылық табыс тіледі.

«Дара» фирмасы жүргізген
реэкспозициялық жұмыстарының нәтижесінде музей залдары заманауи үлгіде
жасақталып, жаңартылған. Музейдің І және ІІ қабаттарына жаңа технологиялық
электронды мониторлар мен теледидарлар орнатылған. Кіреберіс фойеде орналасқан
мониторлар арқылы музей залдарының виртуальды экспозициясымен танысуға
мүмкіндік бар.

Тарихымыз бен ұлттық
идеологиямызды дүниежүзіне насихаттайтын рухани-мәдени орталықтың қорында
қазіргі таңда 55416 экспонат сақтаулы. Өлкенің тарихы мен табиғатын баяндайтын
11 залда 4502 экспонат орын алған.

Шара соңында жиылғандар
жаңарып, жаңғырған музеймен таныс­ты.

Айнұр БАТТАЛОВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз