ЖАҢАРҒАН ЖОЛ, ЖАҢҒЫРҒАН КӨШЕ

175

0

Облыс орталығындағы Бейбарыс Сұлтан көшесінің Жібек жолы даңғылынан Сырдария өзеніне дейінгі аралығында жөндеу жұмыстары жүргізілгені белгілі.
Айта кетейік, бұл аралықта «Ақмешіт – Сырдария» мешіті, «Ана мен бала орталығы», көпқабатты үйлер, Білім-инновация лицейі, №264 Т.Есетов атындағы мектеп-лицейі, Назарбаев зияткерлік мектебі, облыстық әкімдік пен Шығармашылық үйі орналасқан. Бұған қоса облыстық архив бой көтерсе, «Форте банк» ғимараты салынуда.  
Бір көшенің бойында қаншама мекеме орналасқанын былайғы жұрт жақсы біледі. Бұл жолмен ел жұмысқа барады, оқушылар мектепке келеді. Осыдан-ақ қаншалықты маңызды көше екені түсінікті шығар. Сондықтан да, мұндағы жөндеу жұмыстары басталғалы бері көпшіліктің көкейінде «қашан бітеді?» деген сауал жүрді.
Жұртшылықты мазалаған сұраққа облыстық автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Әбдіхалықов жауап берді.
– Бұған дейін Бейбарыс Сұлтан көшесінің жолы екі жолақты болатын. Ол кеңейтіліп, төрт жолақты етіп қайта жөнделді. Жаңғырған жолдың бөлігі 1,7 шақырымды құраса, ені 14 метрге тең. Қазір жөндеу жұмыстары аяқталып қалды. Жақында толық пайдалануға беріледі, – деді ол.
Біз өз кезегінде мердігер мекеме – «УАД» ЖШС директорының орынбасары Ұзақ Орынбасарды сөзге тартқан едік.
– Өздеріңіз көріп тұрғандай жөндеу жұмыстары аяқталып қалды. Жол белгілері орнатылып, жолақтар сызылды. Қазір көшені жарықтандыратын бағаналар реттелуде, – деді ол.
Аталған аймақ арқылы Наурыз елді мекеніне, Шымкент, Ақтөбе қалаларына шығуға болады. Өйткені, ол «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автобанына барып қосылады.
Иә, көрікті көше тек қаланың ғана сәні емес, көлік іркілісіне кезек бермейтін, жол қатынасын жүйелейтіне септігі көп. Шаһардың әр бөлігінде осындай жол құрылысы жанданып жатқаны бүгінгінің борышынан гөрі келешектің күткенін орындау секілді. Өйткені, қала жыл санап өсіп келеді. Ал жаңарған жол – жақсылықтың жаршысы, дәулетті елдің деңгейі. Ендеше, елдік мақсаттың бір нәтижесі жолмен байланысты дей аламыз.
Азиз БАТЫРБЕКОВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз