ЖАҢАРУҒА БАСТАҒАН ЖАҢА БАҒЫТ

46

0

ЖАҢАРУҒА БАСТАҒАН ЖАҢА БАҒЫТЕлімізді әлемдегі дамыған 30 ел­дің қатарына қосу және «Мәң­гі­лік ел»
идеясын жүзеге асыру мақ­сатында бес институттық ре­фор­маның әрқайсысының
өзіндік ат­қаратын ерекше міндеттері мен жүгі бар.

Осылардың ішінде бесінші инс­титуттық реформа – «Транс­парентті және
есеп беруші мем­лекетті қалыптастыруға» арналған.

Елбасы қойған бес институттық реформаны жүзеге асыруға белгі­ленген 100
қадамның он қадамы (91-100 қадамдар) осы бесінші институттық реформаға арналып
отыр. Осы қадамдар әрбір қазақстандық пен мемлекеттің арасын анағұрлым
жақындатып, бірін-бірі құрметтейтін қоғам орнатуға мол мүмкіндіктер жасайды.

Біріншіден, мемлекеттік органдар басшыларының есептілігі тәжірибесі
кеңейетін болады. Мемлекеттік органдар басшылары халық алдында стратегиялық
жоспарлар және аумақтық даму бағдарламаларының маңызды көр­сет­кіштеріне қол
жет­кізілгендігі туралы жыл сайын ашық баяндамалар жасап, олардың есептері
ресми веб-сайттарда орналастырылатын болады. Яғни, әрбір мемлекеттік органның
басшысы осыған дейін өзінің жылдық қызметтік есебін оны тағайындаған жоғары
тұрған басшы алдында ғана беріп келген болса, алдағы уақытта есепті сол
аумақтың тұрғындарын да беретін болады, ал есептің мәтіні танысамын деген кез
келген адамға қолжетімді болмақ. Бұл жағдайда мемлекеттік орган басшысының
есебімен танысып қана қоймай, оған сұрақтар қойып, ұсыныс-пікірлерін білдіру мүмкіндігі
де болатындығын ескерген жөн.

Бұл талап – мемлекеттік орган­дардың жұмысына қоғам тарапынан ұдайы
бақылау орнату­ға мүмкіндік беріп, соның нәти­жесінде басшылардың өз қызме­тін
қалтқысыз атқаруға және жауапкершілігін арттыра түсуге міндеттейтін болады.

Екіншіден, шешім қабылдау үдері­сінің мөлдірлігі қамтамасыз етіледі.

Заманауи ақпараттық техноло­гиялардың жетістіктері пайдаланыла отырып,
«ашық үкімет» тетігі жүзеге асырылады. Өзін-өзі реттеу мен жергілікті өзін-өзі
басқаруды дамыту арқылы азаматтардың шешімдер қабылдау үдерісіне қатысу
мүмкіндігі кеңейетін болады. Мемлекетке тән емес қызметтер бәсекелестік ортаға
және қолданыстағы заңнамаға сай және мемлекеттің қатысуынсыз дербес жұмыс
жүргізетін өзін-өзі реттеуші ұйымдарға беріліп, Үкімет мемлекетке тән емес және
басы артық қызметтерді қысқарту есебінен неғұрлым ықшамдалады.

Бұл халық, мәслихаттар жә­не басқа да жергілікті өзін-өзі басқару
органдары арқылы жүзе­ге асырылатын, заңнамада ай­қын­далған тәртіппен
жергілікті маңызы бар мәселелерді өзінің жауапкершілігімен дербес шешуге
бағытталған қызмет. Жергілікті өзін-өзі басқару қызметі қазірдің өзінде ауылдық
округтер мен кенттерде құрылып, өз жұмыстарына кірісе бастады.

Басқарудың ашықтығы мен мемлекеттік органдар бас­шы­лары­ның есеп бе­руін
кезең-кезеңмен дамыту, қоғамдық бақылаудың рөлін кү­шейту, азаматтық қатысуды
кеңейту, мониторинг пен бағалау тетіктерін жетілдіру тұтастай алғанда
мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыратыны сөзсіз.

Үшіншіден, азаматтық бюджет­тендіру енгізілетін болады.

Әрбір аумақтың (ауыл, кент, аудан, қала, облыс) алдағы қаржы жылына
арналған бюджетінің жобасы қазіргі кезеңде тиісті жергілікті атқарушы орган
тарапынан дайындалып, ол сәйкес мәслихатта бекітіледі және әділет органдарында
мемлекеттік тіркеуден өтіп, БАҚ-та жарияланады. Бюджет жобасы, Заңда
көзделгендей, мәслихаттың тұрақты комиссияларында тиісті басқармалар басшылары
мен мамандарының қатысуымен талқыланып келді,яғни айтқанда, бюджет жобасын талқылауға тек депутаттар ғана атсалыса
алатын.

Азаматтық бюджеттендіру ен­гі­зілген кезде, бюджет жобасын талқылауға
депутаттармен қа­тар қоғамдық ұйымдар өкіл­дерінің де, жеке азаматтардың да
қатысып, өз ой-пікірлері мен ұсы­ныстарын білдіруге мүмкіндік туады. Басқаша
айтқанда, барлық жергілікті бюджеттер (ауыл бюд­жетінен бастап облыстық
бюджетке дейін) жобалары кезең-кезеңімен жал­пыхалықтық талқылаудан өтеді.

Ауылдық округ, кент, аудандық маңыздағы қала деңгейінде жергілікті
өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті енгізіледі және тек жергілікті қоғамдастық
қалауымен ғана жұмсалатын болады.

Жалпыхалықтық талқылауды ауыл, кент деңгейінде жергілікті қоғамдастық
жиналысы түрінде өткізу, әрине, аса қиындық туғыза қоймағанымен, аудандық,
әсіресе облыстық деңгейде оны басқаша түрде, мысалы, электрондық бұқаралық
ақпарат құралдарын немесе интернет ресурстарын пайдалана отырып, он-лайн
режимінде өткізу тиімді болар еді.

Бюджетті осылайша жалпы­халықтық талқылаудан өткізудегі және оны
орындау барысындағы мейлінше ашықтық ортақ іске халықтың қатысуын, сол арқылы
жауапкершілігін көтеру мүмкін болмақ және халықтың билікке деген сенімін
арттырып, оларды бір-біріне жақындата түспек.

Төртіншіден, шағым жасау жүйесі нығайтылатын болады.

Қоғамда көптен бері қозғалып келе жатқан тақырыптардың бірі –
азаматтардың мемлекеттік қыз­метшілердің іс-қимылына ша­ғымдану
мүмкіндіктерінің шек­теулілігі болатын.

Мемлекеттік қызметшілердің іс-қимылы бұған дейін жоғары тұрған басшының
немесе арнайы органдардың ғана назарында болып келген болса, енді оны бақылау
тетіктері кеңейетін болады. Бұдан былай мемлекеттік қызметшінің жүріс-тұрысы
мен іс-әрекеттерін бүкіл қоғам болып бақылап, өз бағасын беріп отыратын болады.
Түптеп келгенде мемлекеттік қызметшінің заң аясында ғана жұмыс жасап, адал
еңбек етуіне, түрлі заң бұзушылықтардан, теріс әрекеттерден аулақ болуына оң
ықпал ететіні сөзсіз. Бұл екінші жағынан, қоғамның дамуына кесел болып жабысқан
сыбайлас жемқорлықты мейлінше азайтуға септігін тигізері анық.

Бесіншіден, қоғамда өзін-өзі реттеуді кеңінен енгізу қамтамасыз
етіледі.

Қазір мемлекеттік органдардың жауапкершілік аймағы шектен тыс ауқымды.
Соның салдарынан олардың жұмыс уақытының басым бөлігі ағымдағы жедел шешілуі
тиіс мәселелермен ғана айналысуға жұмсалады. Мысалы, білетіндей, ауылдық округ
әкімінің функциясына сол аумақтағы барлық мәселеге жауаптылық заңмен жүктелген.
Дәл осындай жағдай облыстық, аудандық басқару органдарына да тән. Осылардың
біршамасын мемлекеттік басқару өкілеттілігінен азаматтық қоғам институттарына
(үкіметтік емес ұйымдарға) беруге әбден болады. Сонда мемлекеттік органдардың
жауапкершілік аймағы қысқарып, өзіне жүктелген стратегиялық шараларды жүзеге
асыруға тынысы біршама кеңитін болады.

Қазақстан Республикасының Президенті, «Нұр Отан» партия­сының төрағасы
Н.Ә.Назарбаев партияның ХVІ съезінде: «Осы бес бағыт бойынша оң нәтижелерге қол
жеткізілуімен жергілікті атқарушы органдардың жаңа сайлау жүйесі туралы
мәселені шешуге болады. Билік өкілеттіктерін біздің дәстүрлерімізді есепке ала
отырып Президенттен Парламентке және Үкіметке қайта бөлуді көздейтін
конституциялық реформа кезең-кезеңмен жүргізілетін болуы тиіс.» – деді.

Бұл реформалар Қазақстанның болашақ онжылдықтарға арналған сара бағытын
айқындайды. Өз­де­ріңіз куә болғандай, тәуел­сіз­дік жылдарында қыруар шаруа
атқарылды, ал алда атқарылар жұ­мыстар одан да көп. Еліміздің қарқынды
өркендеуі үшін қоғамда жарасымдықты нығайта отырып, конституциялық реформа
жолымен бірлесе, ауызбіршілікпен еңбек ете берейік!

 

Ақмарал ӘЛНАЗАРОВА,

облыстық
мәслихат хатшысы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз