ЖАҢАШЫЛ БАСТАМА, ЖАРҚЫН ЖОБАЛАР ЖАРШЫСЫ

186

0

ЖАҢАШЫЛ БАСТАМА, ЖАРҚЫН ЖОБАЛАР ЖАРШЫСЫЖАҢАШЫЛ БАСТАМА, ЖАРҚЫН ЖОБАЛАР ЖАРШЫСЫҚарт Қаратаудың қойнауы тұнған байлық. Ал оның қойнауында жатқан тәңірдің берген құт-берекесін игеріп, елдің мүддесіне жарату бүгінгі таңдағы келелі міндеттердің қатарына жатады. Бұл орайда Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың 2014 жылы елімізде геологиялық барлау  жұмыстарының өрісін кеңейтіп, салаға инвестиция тарту жөніндегі тапсырмасы жергілікті билік органдары үшін бүгінгі таңда барынша маңызды міндет болып саналады.
Арнайы журналистік жолсапар барысында Жаңақорған ауданының әкімі Ғалым Махмут¬байұлы Әміреевпен болған әңгімеміздің негізгі маз¬мұны осы тақырып төңірегінде өрбіген еді.
Елде қыруар шаруаны, оңды өзгерістерді бір сәтте көзге көрінетіндей етіп еңсеріп тастау мүмкін емес. Бұл тіпті қажет десеңіз экономиканың даму заңдылығына қайшы келетін құбылыс. Бірақ ауданда бюджеттің жергілікті кіріс көзінің мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға деген ұмтылыстың алғашқы тың нышаны байқалады. Осыған дейін республикалық, облыстық деңгейде едәуір тәжірибе жинақтаған ауданның жаңа басшысымен болған әңгімеде экономиканың қатпар-қатпар құпияға толы осал буындары туралы пікір алмасуымыздың сыры да тегін емес еді.
Кезінде Ресейдің белгілі қаржыгері, экономист Алексей Кудрин: «Инвестиция нәзік құс сияқты, үркітіп жіберсең, өзіне қолайлы өңіріне ұшып кетеді» деген мағынасы астарлы ойлы теңеулі сөздерді айтыпты.  Сол сияқты қарт Қаратау өңірінде инвестиция тартып, ел қазынасын игеруге деген алғашқы қадамдардың жасалғанына едәуір уақыт өтті.  Мұнда келгендерді ешкім үркіткен жоқ, олар сол себептен де игілікті іске құлшына кірісті. Нәтиже жақсы. Алайда бұл бағытта әлі түрен тимеген, кезегін күткен шаруалар қаншама!
– Аудан экономикасында өнеркәсіптің сипаты басым болғандықтан келешегі кемел екенін жақсы білеміз. Орайы келген істі мемлекеттік бағдарламалар арқылы, сондай-ақ жеке инвесторлар арқылы жүзеге асырудың  мүмкіндіктері ретімен атқарылып жатыр, – деді Ғалым Махмутбайұлы әңгімесін ширата түсіп. – Тізбектелген цифрлардан қанша айналып өткіңіз келгенімен, оның өмір болмысымыздың шынайы көрсеткіші екенін мойындамасқа болмайды. Айталық, Жаңақорған ауданында 2016 жылы 112,4 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімі өндіріліп, 2015 жылмен салыстырғанда өсім 28,6 пайыз құрады. Бұл облыс деңгейінде алғанда бірінші көрсеткіш. Әлбетте, бұл орайда Елбасының бірінші кезекте мән беріп отырған өңдеу өнеркәсібінің жағдайы да көңіл көншітеді. Өңдеу өнеркәсібінің өнімдерін өндіру көлемі 2016 жылы 59,4 млрд. теңгені құрады. Түйіндеп айтқанда, өсім 24,1 пайыз болып, облыста бірінші орынға жайғасқан жағдайымыз бар.
Ауданның бүгінгі хал-ахуалын нақты көрсеткіштерімен талдау сүзгісінен өткізу үшін экономика және бюджеттік жоспарлау бөліміне ат басын бұрдық. Барлығы осы жерде сұрыпталады, алдағы күннің бағыт-бағдары, аудан әкімінің басшылығымен айқындалатын негізгі буынның тіршілігі, бейнелеп айтқанда, тынымсыз механизм секілді жүрек соғысындай сарт-сұрт етеді.
Алғашқы деректі қанағат сезімімен қабылдадық. Ауданның келешегі кемел дейтініміз ауызбен айта салынған құрғақ сөз емес, өңірде өнеркәсіп саласында тұтас нәтижелерді қалыптастыруға өңдеу өнеркәсібі мен кен өндірісі саласы елеулі ықпал етіп отыр. Қараңыз: олардың аудан өндіріс көлеміндегі үлесі тиісінше 52,8 және 46,2 пайыз құрайды! Бұл таяу болашақта аудан сырттан келетін қыруар субвенциядан біртіндеп арыла бастайды деген сөз.
2016 жылы мемлекеттік бюджеттің кіріс болжамы 118,2 пайызға асыра орындалды, яғни бюджет кірісі болжамы 14,7 млрд мың теңге орнына 17,4 млрд  теңге салық төлемдері түсті.
Жергілікті жерде бізге бұрын-соңды болмаған жаңалықты назарға салды. Аудандағы автокөлік жолдарының қанағаттанарлық деңгейі 83 пайызға жетіпті. Аудан бюджетін жүйелі жоспарлау нәтижесінде өткен жылы аудан көлеміндегі инфрақұрылым объектілерін, әлеуметтік нысандарды жөндеуге мүмкіндік туды. Аудандық маңыздағы 158,9 шақырым автомобиль жолдарына ағымдағы жөндеу және күтіп ұстау жұмыстарына 39,5 млн теңге, Жаңақорған кентіндегі 7 көшені орташа жөндеу жұмыстарына 18,8 млн теңге, аудан¬дық маңыздағы «Самара-Шымкент-Талап бекеті» автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстарына 69 млн теңге, Байкенже ауылдық округі Билібай елді мекеніне кіреберісіндегі Үржанов көшесін орташа жөндеу жұмыстарына 27,6 млн теңге қаржы бөлініп, орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Жаңақорған кентіндегі «Саяжай» шағын ауданынан 3 қабатты 15 тұрғын үй және 1 коммерциялық ғимарат салу бағытында жеке инвестор қаржысы есебінен Қазақстан тұрғын үй жинақ банкі және аудан әкімдігінің үшжақты келісіміне сәйкес жаңадан, алғаш рет орталықтандырылған инфрақұрылымы тартылған үшінші сыныпты тұрғын үй кешені салынуда.
Өңірде жаңа жұмыс орындарын ашып, халықты жұмыспен қамту, салық базасын ұлғайту, аудан бюджетіндегі субвенция көлемін азайту бағытында ауданда кәсіпкерлікті бірнеше бағытта дамыту жоспарланып, жүзеге асыру көзделіп отыр. Бұл жұмыстар 2016 жылдың төртінші тоқсанынан басталып кетті.
Жаңақорған ауданының 2016-2018 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту картасы бекітіліп, атқарылар шаралар белгіленді.
Кәсіпкерлер «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 2016 жылы 3,5 млн теңге құрайтын 3 жоба грант қаржысын жеңіп алды. Сол жобалардың бірі отандық өнім шығаратын жеке кәсіпкер Мұсылманқұлов Сарсеннің (ДК «МСК») «Аяқ киім тігу цехы» болып табылады. Қазіргі уақытта кәсіпкерге қолдау көрсету, ісін алға жылжытуға көмек ретінде аудан көлеміндегі өндіріс орындарымен жұмыстар жүргізіліп, өндірістегі жұмысшыларының аяқ киімдеріне тапсырыс беріп, әріптестік орнатылды.
Сонымен қатар ауданның табиғат берген сыйы – шипасы мол қара лайы арқылы емдеу-сауықтыру орын салу мақсатында жеке инвестор «Байқоңыр» СПК-мен қаржыландыру мақсатында жұмыстар жүргізуде. Біздің байқағанымыздай, ауданда жергілікті бюджеттің мүмкіндіктері барынша тиімді пайдаланылуда. Аудандық бюджеттен 2017 жылы жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында тұңғыш рет инновациялық жобаларға гранттар мен несиелер беру үшін 30 млн теңге қаржы бөлінді. Кент, ауылдық округ әкімінің аппараттарына жергілікті мемлекеттік басқару, әкімдіктің құзыретін кеңейтуге, жоғары өнімділікке қол жеткізу, ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін арттыру мақсатында жергілікті бюджет қаржысы есебінен шаруашылыққа пайдалануға 5 дана «Беларус» тракторы, 7 дана лазерлі жер тегістегіші, 1 дана жүк тиегіш-экскаватор, 5 соқа және 5 дана тыңайтқыш сепкіштері алынды. Бұл техникаларды пайдаланудың алғышарттары жасалып әкімдік, инвестор, ауылдық әкімдері арасында үш жақты меморандумға қол қойылды.
Биылғы жылдан бастап сұранысқа ие болып отырған күріш сорттарын өндіру мақсатында «Маржан» сортты күріштің 80 пайызы жоғары сұрыпты «Лидер» сортына ауыстырылды. Үстіміздегі жылы күріш егу көлемін 2341 гектарға ұлғайтып, жалпы көлемін 10 мың гектарға жеткізу жоспарланған.
Аудандағы әрбір ауылдың әлеуетін зерделей келе, Қожакент ауылдық округі «50 ауыл» бағдарламасы аясында пилоттық ауыл ретінде таңдалып аталған бағдарлама арқылы 41 жеке отбасылық шаруашылық «Миялы» ауыл шаруашылығы кооперативіне бірігіп 142 млн теңге несие алып, осыған 617 бас мүйізді ірі қара, 110 бас жылқы малы алынып бордақылаумен айналысуда. Бұл өз кезегінде 41 отбасының өз кәсібін ашуына мүмкіндік берсе, қосымша 25 отбасы осы бағытта өз кәсібін ашатын болады. Сонымен бірге бір мезетте 5 бас ірі қара мал сою пунктін салуға несие көздері қарастырылуда. Осындай жолмен Аққорған, Сүттіқұдық, Бесарық және Келінтөбе ауылдық округ тұрғындары құжаттарын дайындап Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау орталығына өткізілді.
Жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында жұмыссыз азаматтарды кәсіпкерлікке баулу мақсатында «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автокөлік дәлізінің бойынан 1000 гектар жер белгіленіп, оның 152 гектар жеріне агроиндустриялық аймақ ашу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жердің 100 гектар жеріне қант қызылшасын, қалған 152 гектар жерге көкөніс бақша дақылдарын егу жоспарланған. Сонымен бірге 3 гектар жеріне саялы ағаштар тұқым бағын орналастыру жұмыстары жүргізіліп, демалыс орны ашылады. Агроиндустриялық аймақтың инфрақұрылымын жеткізуге аудан әкімдігі тарапынан тиісті қолдау көрсетілуде.
Осыған байланысты «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автокөлік дәлізінің бойынан агроиндустриялық аймақта өндірілген көкөніс және бақша дақылдарын сатуға 4 жерден сауда павильондарын салу жоспарланып отыр.
Агроаймақ ашудағы негізгі мақсат – жұмыссыз азаматтарды белгілі бір кәсіпке бейімдеу, азаматтардың одан әрі өз кәсібін ашуға жәрдемдесу болып табылады. Аудандық жұмыспен қамту орталығында 1100 адам жұмыс іздеуші ретінде есепке алынған. Осыдан жұмыспен қамту үшін агроаймаққа әлеуметтік жұмыс орындарына тарту жұмыстары жүргізілуде. Жергілікті бюджеттен қосымша 200 адамды әлеуметтік жұмыс орындарына тартуға 25 млн теңге қаржы қаралды.
Сондай-ақ бақша өнімдерін жаңа технологиямен өсіруге 200 адамды қайта даярлау үшін агроиндустриялық аймақта орналасқан демалыс кешенінде голландиялық мамандар тартылып, озық тәжірибелерін үйрететін болады.
Агроаймақ маңында «Серікбай» шаруа қожалығының жылыжай және жеміс-жидек тұқым бағы орналасты. Жоба құны 200 млн теңгені құрайды. Қазіргі таңда жылыжайдың құрылыс жұмыстары жүргізілуде және 3 гектар жерге жеміс-жидек дәндері себілді.
 Ең бастысы, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автокөлік дәлізінің бойындағы сервистік жобалар іске асырылуда. Барлығы 6 жоба, оның төртеуі бүгінгі таңда жұмыс жасап тұр.
– Елбасының «Алдымен – экономика, содан кейін – саясат» деген сөздерінің саяси ұран емес, әлеуметтік-саяси тұрақтылықтың қажетті шарты екендігіне сан мәрте көз жеткіздік, – дейді аудан әкімі. – Осы орайда демократиялық дамуға бағытталған мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға да уақыт келді. Бұл заман талабы және ол демократиялық дамуымыздың бүгінгі сипатына сай келеді. Күшті президенттік билік мемлекетті қалыптастыру мен тәуелсіздікті нығайтудағы қиындықтарға төтеп беру үшін қажет болды. Ол өзін ақтады. 
ХХІ ғасыр – бәсекенің ғасыры. Ал, бәсекеден жаңа ізденіске түсіп, уақыт ағымына сай бейімделе алғандардың ғана еңсесі жоғары болады. Сондықтан біз жаңашылдық, яғни, инновациялық бағытта ізденіске түстік. Демек, 2017 жылы аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлының қолдауымен ауылшаруашылық саласында жаңа бетбұрыстарды бастаймыз. Яғни, өнімділігі жоғары, нарықта бағасы қымбат жаңа тұқым сорттарын аудандастырамыз.  Жаңақорған ауданы республикада тұңғыш рет 255 млн теңгеге ауылшаруашылық техникаларын алып, егін шаруашылығының дамуына жағдай жасады. Облыста бірінші болып агро-индустриялдық аймақ құрып, онда жылыжай кешені мен мал азығы бағытына басымдық беріп, бақша және көкөніс түрлерінің жаңа түрлерін егіп, игеру жолға қойылады. Шетелдік компаниялардан инвестиция тартып, ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру мүмкіндігі және қолға алынады.
Аудан әкімімен әңгіме барысында «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізінің бойынан сервистік қызмет көрсету жобаларының іске қосылып жатқанына көз жеткіздік. Бұл Елбасының осыдан бірнеше жыл бұрын Сыр өңіріне сапары кезінде алға қойған келелі міндеттерінің бірі болатын.
Қалай айтқанда да, экономика жанды организм секілді. Оның табиғаты әкімшіліктің орынсыз араласуын қаламайды. Ол өз болмысына тән заңдылықпен дамиды. Аудан басшысымен әңгіме түйінінде біз осы маңызды шартты байқағандай болдық. Ал бүгінгі билік үшін оның маңыздылығы, құндылығы бұрынғы қай кездегіден де арта түсетіні анық.
… Қазақтың өткен тарихының тірі куәгері – қарт Қаратау өңірінде жаңа дәуірдің жаңа жасампаздық істері жалғасып жатыр.
Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ.
Жаңақорған ауданы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз