ЖАЛАҒАШТЫҢ ДАМУ ЖОЛЫ

123

0

Өңірлік коммуникациялар қызметінде  Жалағаш ауданының 2017 жылдың 10 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы жайлы аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев аймақтың БАҚ өкілдеріне сұхбат берді. Аудан басшысының айтуынша, бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы саласындағы  ауқымды жұмыстардың нәтижесі көңіл қуантады.

Айталық, биыл аймақтағы басты дақыл – күріштен тарихта бұрын-соңды болмаған 500 мың тонна Сыр маржаны жиналған болса, бұл орайда 129 мың тонна астық өндірген аудан диқандарының үлесі мол. Ауданның ауыл шаруашылығы саласында бүгінде 14 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 133 шаруа қожалығы және 25 фермерлік қожалық болса, олар арқылы құрылған 40 өндірістік кооператив жұмыс жасайды.

– Биылғы жылы жалпы 35 448 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде 22 465 гектар егістің әр гектарынан 57,6 центнерден өнім алынып,  129 398 тонна астық жиналды. Сонымен қатар, 604 гектар жаздық бидай, 20 гектар арпа, 811 гектар мақсары, 663,4 гектар картоп, 700 гектар көкөніс, 1034 гектар бақша дақылдары жиналды. Жаңадария ауылындағы  «Магро» фермер қожалығы 100 гектар бақша, 5 гектар көкөніс дақылдарын егіп, одан 931 тонна қауын, 139 тонна көкөніс өнімдерін жинады. Бақша өнімдерінің  574 тоннасы Ресей Федерациясына экспортталса, 40 тоннасы Ақтөбе қаласына, сондай-ақ, 17 тоннасы Астана қаласындағы, 300 тоннасы Қызылорда қаласындағы жәрмеңкелерде ел тұрғындарының еншісіне тиді. Ал 139 тонна көкөніс өнімдері Ресей тұтынушыларына жөнелтілді.

Жалпы аудан бойынша биыл 13 млрд 20,6 млн.теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндіріліп, былтырғы жылдың осы кезеңінің салыстырмалы бағасымен алғанда 3,4  пайызға артты,- деді аудан әкімі.

Сонымен бірге, аудандағы шаруа қожалықтары мал басын арттыру мақсатында мемлекет ұсынған бағдарламаларды тиімді пайдалануға барынша атсалысуда. Нәтижесінде төрт түлік мал басы былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда, мүйізді ірі қара малы – 6,2 пайызға, жылқы – 11,9 пайызға, түйе – 12,6 пайызға артып, үй құстары – 98,5 пайыз, қой-ешкі 99,1 пайызды құрап, өнім көрсеткіші де біршама артып отырғаны байқалды.

 Ауыл шаруашылығын қолдау бағытындағы «Сыбаға» бағдарламасы 83,6 пайызға, «Құлан» 146,0 пайызға, «Алтын асық» 140  пайызға орындалып отыр. Осындай іргелі істің бір көрінісі – «Аққұм» ауылындағы «Бақдаулет-57» шаруа қожалығы  ет бағытындағы асыл тұқымды шаруашылық статусын алып, бүгінде қазақтың ақбас бұқаларын сатумен айналысады.

Қорыта айтқанда, аудан шаруашылықтарының бүгінгі беталысы талап деңгейінен табылады. Дегенмен аграрлық саланы әртараптандыру, жаңа технологияларды қолданысқа енгізу, өңдеуші, ұқсатушы кәсіпорындарды іске қосу жөнінде бірқатар маңызды шаралар тұрақты жүзеге асырылуда. Аудан бойынша  146 шаруашылықтың бірігуімен 40 кооператив құрылып, 1342 адам жұмыспен қамтылып отыр.

2014 жылдан бері ауданда өнеркәсіп өндірісінің, өңдеуші өнеркәсіптің өсу қарқыны байқалады. Осыған сәйкес облыста өнеркәсіп өндірісінің физикалық индекс көлемі бойынша Жалағаш ауданы бірінші орынды иеленіп отыр. Яғни ауданда 2017 жылдың 1 қарашасына 3 млрд 311,4 млн.теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндіріліп, 2016 жылдың осы кезеңінің салыстырмалы бағасымен алғанда 8,5 пайызға артқан. 

Негізгі қорға тартылған инвестицияның бағалау көлемі 3 млрд 629,1 млн.теңгені құрады. Негізінен бұл көрсеткіш жеке тұрғындардың құрылыс жұмыстарына тартылған қаражат, бюджет және қарыз қаражаты есебінен орындалып отыр.

 Кәсіпкерлік саласында 856,1 млн.теңгенің өнімдері өндіріліп, бюджетке 102,2 млн.теңге салық түскен. Ауданда 2319 шағын кәсіпкерлік субъектілері тіркелген, оларда 8381 адам еңбек етеді. Жыл басынан бері жалпы құны 1 млрд 133 млн.теңгені құрайтын 166 жоба қаржыландырылды.

«Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында 550,9 млн.теңгені құрайтын 14 жоба Өңірлік үйлестіру кеңесінің оң қорытындысын алды. Оның ішінен 4 жоба 98,6 млн теңгеге ішінара кепілдендірілді.

 «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» екінші, микронесие беру бағыты бойынша 68 жоба 231,3 млн теңгеге қаржыландырылды. Сондай-ақ, тұрғындар үшін «Кәсіпкерлік негіздері» тақырыбындағы қысқа мерзімді оқыту курсы өткізілді. Осы аталған қысқа мерзімді оқу курсын оқыған 250 азаматтың 64-і мемлекеттік бағдарламалар аясында қаржыландырылып, қазіргі таңда кәсібін бастады.

Мемлекеттік бағдарламалардан бөлек, жеке қаражат есебінен 380,5 млн теңгені құрайтын 22 жоба іске асырылып, 104 жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар, 900,2 млн теңгені құрайтын 16 жобаның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобалар ағымдағы жыл аяғына немесе 2018 жылдың бірінші жарты жылдығында толық іске қосылып, 142 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.

Ауданда халық саны – 36039. Оның ішінде экономикалық белсенді халық саны 17585 (оның ішінде жұмыссыздар -911), зейнеткерлер саны 3720, мүмкінділігі шектеулі жандар 1030.

Жалпы жұмыссыздық деңгейі 5,2 пайызды құрады. Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 4.5 пайызды құрап отыр.  2017 жылдың 10 айында аудан бойынша 764 жаңа жұмыс орны ашылып, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы»  аясында бірқатар жұмыстар атқарылды.

 Халықтың өмір сүру сапасын жақсартудың алғы шарттарының бірі – денсаулық саласының қызметін жетілдіру. Қазіргі таңда аудан бойынша 1  аудандық  емхана, 10 – дәрігерлік емхана, 3 медициналық пункт, 4 фельдшерлік-акушерлік пункт, 1 аудандық  аурухана 140 төсектік, қыстақ орталығында – 100 төсектік  аурухана, 40-төсектік 4 ауылдық аурухана  халыққа медициналық қызмет көрсетеді. Бұл саладағы басты мәселе – аудан орталығына типтік жобаға сай аурухана ғимаратын салу. Қазіргі қолданыстағы аурухананың сыйымдылығы тар, бүгінгі талап деңгейіне сай келмейді. Бұған байланысты құзырлы орындарға ұсыныстар беріліп, нәтижесі күтілуде.

Білім беру саласының бюджеті 2017 жылы 3 млрд. 419 млн. теңге болды. Осы тұрғыда жас ұрпақтың заман талабына сай сапалы білім алуына барынша жағдай жасалған. Білім беру сапасы жылдан-жылға жоғарылап келеді. Жаңаша талап деңгейіне сай жүйелі жұмыстың нәтижесінде, аудан түлектері екі жыл қатарынан  ҰБТ қорытындысымен облыс бойынша бірінші орынды иеленді. Ал биылғы жылы білім көрсеткіші 81,6 балды құрап, үздік бестіктер қатарынан көрінді.

Аудандағы 20  мектептің барлығы типтік жобада салынған. Білім ошақтарына мерзімінде тиісті жөндеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Ал биылғы жылы №188, 117, 201 мектеп  ғимараттарын күрделі жөндеуге жоба-сметалық  құжат әзірленуде. Бұл мақсатта аудандық бюджеттен 8,2 млн теңге бөлінді.

Бүгінгі таңда  37 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс жасайды. Олардың 10-ы мемлекеттік, 14-і жеке балабақша  және 13-і мектеп жанындағы шағын орталықтар. Жалпы  мектепке дейінгі ұйымдарда қамтылған бала саны –2006. Қазіргі таңда 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту көрсеткіші 100 пайызды құрап отыр.

Мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі – жастарға лайықты қолдау көрсету десек, бұл бағытта түрлі шаралар қолға алынған. Жалпы 14 пен 29 жас аралығында 8 865 азамат тіркелген, бұл жалпы халық санының 24,7 пайызын құрайды. Оның ішінде аудандағы жастар саны – 8 544 болса, сырттағы жастар саны – 321, ал есепті мерзімде еш жерде жұмыс жасамайтын, оқымайтын жастар саны 480-ді құрап отыр. Биыл аудандық бюджеттен 11 млн 518 мың теңге қаржы бөлініп, аудандық ішкі саясат бөлімі жанынан 7 штаттық бірліктен тұратын «Жалағаш аудандық жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды.  Жастар орталығы «Дипломмен – ауылға», «Жасыл ел», «Жастар кадрлық резерві», «Жас құрылысшылар» жасағына жастардың белсене қатысуын ұйымдастырумен қатар, «Қолжетімді баспана-2020», «Бизнестің жол картасы – 2020», «Серпін – 2050» және тағы да басқа бағдарламалардың жүзеге асырылуына атсалысып келеді.

 Айта кетейік, аудан тұрғындарының көптен көкейінде жүрген бір мәселе –көгілдір отынның жайы болса, аудан басшысы алдағы жылы жобалау жұмыстары қолға алынып, 2019 жылы аудан орталығын газбен қамтамасыз ету жұмыстары атқарылатынын айтты.

                                                                                                     

                                                                                                       Ғазиза ӘБІЛДА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз