ЖАЛҒАН ДА БОЛСАҢ ДҮНИЕ, ЖАДЫҢДА ТҰТ ЖАҚСЫНЫ

107

0

ЖАЛҒАН ДА БОЛСАҢ ДҮНИЕ,  ЖАДЫҢДА ТҰТ ЖАҚСЫНЫТоқсаныншы жылдардың бір күнінде «жазушылар келеді, кездесу болады» деп екінші курстың студенттері екі сабақтан соң оңаша дәрісханаға жиналып отыр¬дық. Көп күттірмей Тебегенов Темірхан ағай бастаған екі кісі келді. Оның бірімен бұған дейін де таныспыз, ол – Қомшабай Сүйені¬шев. Ақын-драматургтың «Кемпір-шалдың кенжесі» дейтін пьесасына барғанбыз. Темірхан ағай жаңа шыққан кітап болса, өз арамызда тұсаукесер жасайды. Жаңа қойылым болса, театрға алып барады. «Ана тілін» оқымаған филфактың студенті орыс тіліне ауыссын» деп газетке жазылдырады. Ұстазымыздың осындай жанашырлығы бізге көп пайда бергенін келе-келе сезіндік.
…Екінші қонақ бізге таныс емес-ті. Жүзі жайдары, иықты, бойлы кісі екен. Бір жағына қайырған қалың шашы тұтасып барып желкесін жауып кеткен.
– Бұл – Қази Данабаев деген жа¬зу¬шы ағаларың. Облыстық «Сыр бойы» газетінің қызметкері. Бүгін жазушының «Шоңтөбе. Шотай. Бал¬дәурен» деп аталатын қолдарындағы кітабына бай¬ла¬нысты әң¬гіме құрамыз. Әңгімені Қомшекең бастайды, – деп ағай таныстырып жатқанда мен жазушыға көп жылдан кезікпей кеткен жақын ада¬мым¬дай көз тоқтаттым.
Осыдан бір апта бұрын қолы¬мызға түскен жаңағы «Шоң¬тө¬бені…» құныға оқып шыққанмын. Оның баяндау тәсілі мені ерекше сүйсінткен. Әдетте кітаптар маған кәсіби әртістер ойнаған көркем фильмдер сияқты әсер ететін. Ал, бұл кітаптың «әртістері» кино өнерінен хабарсыз шынайы өмірден шыққан адамдар. Жаныңа жақын, аңғал ауыл адамы әрекеттерінің ішінде өзің жүресің. Кезегі кел¬генде студенттер таласа пікір біл¬дірді. Солардың ішінен менің айт¬қа¬ным тосын бір ойды қозғады ма, Қазекең қағазына бір нәрселерді түртіп алды. Осы кездесу біздің ара¬ластығымыздың басы болды.
Қазекеңнің адам тосырқамайтын мінезі өзіне еріксіз тартып тұрады. Бір бойында жаныңды баурайтын жақсы қасиеттердің бәрі бар десем, қателеспеймін.
Біз сияқты айналасына топ¬тасқан жастар үшін Қази ағаның өзі бір мектеп еді. Мен институттан соң «Сыр бойы» газетіне жұмысқа бардым. Жайсаң аға қуанып қарсы алды. Сол бұйырған дидарласу мен дәм-тұздың он бес жылға ғана жеткені өмірдегі ең үлкен өкінішке айналды.
… Редакцияға атпен шауып кір¬ген¬дей айқай салып, заң-зәкүнін айтып келетіндер кездесетін. Аға әріптестер ішінде ашу шақырып, сөз қайтарысып қалатындар бар. Қазекеңнің терісі кең, ашуға басу айтып, әлгілердің екпінін тежеп қайтарады. 
– Ең үлкен сөз – «кешіріңіз» деген сөз. Түсінедің бе, ей? – деп менің басымнан бір тықымайын тарс еткізеді. 
– Кешіріңіз, – деймін мен.
Екеуіміздің әзіліміз жарасады. Ол кісінің зайыбы Қуаныш апаның маған рулық жағынан жақындығы бар.
Қазекең жұрттың бәрімен де әзілдеседі. Ашуға тиетін асау сөз Қазекеңнің аузынан шыққанда жүні жығылып, жуасып қалады. Бұл менің өмірімде кездескен сирек мінез. Екеуміз редакцияның бір бөлмесінде отырдық. Қазекең ма¬қала жазса, газетті тойға жай¬ған дастарқандай қылады. Жұрт тәт¬тіліп оқиды. Азанымен те¬ле¬фон шырылдап жатады. Жазу ма¬шин¬касын сартылдатып Қазекең бүкіл денесімен бұрылып тұтқаны алады. «Кешегі мақалаңды оқыдым…» Ар¬жақ¬тағы әңгіме осылай басталады. Ризалығын айтқан адамның сөзі арыздануға ұласады. Оған уа¬қы¬тым жоқ демейді, жарты сағат әңгі¬мелеседі.
Қазекенің жергілікті мұнай ком¬панияла¬рының әкеліп жатқан экологиялық зардаптары туралы сын мақалалары, білім, денсаулық саласындағы ділгір мәселелерді қоз¬ғаған сараптаулары өте өткір  болатын.
Бір жылдары облыстың эколо¬гия¬лық жеңілдіктерін алып тастау жөнінде сөз болғанда жұрт «дұрыс, бұл – артық атау, бетімізге шіркеу» деп шімірікпестен жағымпаздық жасады. Қазекең бұл мәселенің қанын ағызып жазды, тіпті облыс әкіміне өзі барып, осы проблеманың ақиқатын ауызба-ауыз айтты. «Алған бетіңізден қайтпасаңыз, қызметіңізден кетіңіз» депті сонда. Мұндай сөзді айтуға атақ-шені бар атпал азаматтардың батылы жетпеді.
«Қара жұртқа қалқан болып ем, енді маған садақ кере бастады. Қалқанның қалқаны жоқ» деді бірде Қазекең қамығып. Сонда оның не туралы айтып тұрғанын білгем жоқ. Сұрауға батылым бармады ма, үнсіз қалдым.
Бірақ Қазекең айтқан ақиқат әліптің артын бағатындардың да кеуде тұсында бұғып жатыр екен. Кейін экологиялық жеңілдіктің сақталатыны белгілі болғанда, олар да тілдері шешіліп, төресініп кетті.
Қазекеңнің бәрімізді сүйсінтетін, сүйдіретін адамдық қасиеті – ақиқатшылдығы, қашан болса да қамқорлық жасауға лайым дайын жүретіндігі.
Жас журналистердің жазғанынан жылт еткен жаңалық көрсе, алдымен қуанатын да Қазекең. Сосын ол пікірін редактордың лездемесінде айтып, мерейімізді тасытатын.
Тек редакция ішінде емес, облыс көлеміндегі өлең, өнер айналасында жүрген жас буын Қазекеңді жақсы көрді. Солардың көбі аға деп іздеп редакцияға арнайы келетін.
Расында, омыртқам отыз, қа¬бырғам қырық деп жүретін біз Қазекеңнен айрылған жылдары қамқоршы іздеп жан-жағымызға алаңдап қалдық.
Міне, сол бір жайсаң жан, кеу¬десі алтын сандық ағамыздың са¬ғынышқа айналып, ысырат са¬парына аттанғанына да он жылдың жүзі болыпты.
Қысқа өмірде бір жүріп  жолаушылап,
Қадіріңе жеттім бе, мыңнан ерек.
Қайғымның жыртығына жамау сұрап,
Қурайдай сайрағаным кімге керек,–
деп өлең жазған едім. Шынында енді қайғырудың орнына бізге Қазекеңнің саф болмысын ұр¬пақ¬тың бойына тоқу, сіңіру міндеті абзал іс болар.
Жалған дүниенің жалған екені де, жадынан жақсыларды өшіре алмайтыны да рас.
Д.АЯШҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз