ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ АТА-АНАЛАР ЖИНАЛЫСЫ

65

0

ҚР Білім және ғылым министрлігі алғаш рет ата-аналардың жалпыұлттық жиналысы күнін жариялағаны белгілі. Осыған орай облыстың барлық мектебіне ата-аналар келді.
Бұл күні облыстық білім басқармасының басшысы Бақытжан Сайлыбаев, «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының орынбасары Әділбек Ерсұлтанов және қалалық білім бөлімінің басшысы Асқарбек Есжанов қала орталығындағы үш тілде оқытатын мамандандырылған сыныптары бар, дарынды балаларға арналған «Мұрагер» мектебіндегі ата-аналар жиналысына қатысты. 
Онда «2016-2017 оқу жылының аяқталуы туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2017 жылғы 24 наурыздағы №128 Бұйрығына сәйкес оқу жылын аяқтауды жүзеге асыру», «Жаңартылған білім беру мазмұнын енгізу жөнінде ақпарат алу», «Жаңа форматтағы Ұлттық бірыңғай тестілеуді ұйымдастыру туралы мәлімдеу», сонымен бірге «Қамқорлық кеңестері жайлы түсінік алу» мәселелері ата-аналар назарына ұсынылды.
Жиын барысында  сөз сөйлеген Б.Сайлыбаев жалпыұлттық ата-аналар жиналысының өскелең ұрпақтың өмірі мен  болашағы үшін маңызы ерекше екенін атап өтіп, алдағы уақытта жиынға зор  жауапкершілікпен қатысуға шақырды. 
Басқарма басшысының айтуынша, биылғы оқу жылында облыстағы 293 орта мектептен 6200 бала бітіргелі отыр. Қазіргі таңда олардың 67 пайызы ҰБТ емтиханын тапсыруға өтініш білдірген. Жалпы айтқанда,  аймағымызда оқушылардың білім деңгейі жыл сайын жоғарылап келе жатқаны байқалады. Айталық, соңғы үш жылда облыстың орташа білім көрсеткіші республика көлемінде 5-6-шы орындардан табылды. Оның бір себебі, облыс әкімінің тапсырмасымен, аймақтағы жазғы тынығу лагерьлерінің басым бөлігі жыл бойы тұрақты жұмыс жасап, мектеп бітіруші түлектердің ҰБТ емтиханына дайындалуына қолайлы жағдай жасалып отыр. Нәтижесінде, өткен жылы мектеп бітірген 6500 түлектің 95 пайызы университеттер мен арнаулы оқу орындарына  түскен. Сонымен бірге, облыс әкімінің қолдауымен, Ресей Федерациясының таңдаулы жоғары оқу орындарында аймақтан 400 бала білім алып жатыр. Биылғы оқу жылында олардың қатары арта түспек.
Ғ.ҚОЗЫБЕКҚЫЗЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз