ЖАЛЫНҒА АЙНАЛҒАН ЖАС ЖҮРЕК

133

0

Жақсылық Жан¬сүгіров жөнінде Орал қала¬сын¬дағы 5517 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышымды өтеп жүр¬генде білдім. Есімін де, ерлігін де ең алғаш рет сол жерде естіген едім. Құжат парақтарын ақтара отырып, «Память о павших войнах внутренных войск на таджикско-афганской границе 7 апреля 1995 года» деген кітап тауып алдым. Сол кітаптан Жақсылық Жансүгіров туралы мәліметтер мен қаза болғаннан кейінгі ата-анасының айтқан сөздерін теріп қағаз бетіне түсірдім.
…Сол күні Табиғат-Ана Тәжік¬стан елінің осынау бір өлкесіне өзгеше бір тарпаң мінез танытып еді. Қатып қалған қойтастар сытырлай тиген тамшыларды бойына дарытар емес. Ішін тарта ұлы¬ған желмен қосарлана себелеген жаңбыр жаны күйзеле Табиғат-Анаға мұң шағып тұрғандай. Бұл кезде ұлыған желді де, себелей жауған жаңбырды да елеместен Пшихавр шатқалының тар бойымен келе жатқан рота бейқам болатын. Тосын тосқауылдың соңы орны толмас қайғы мен өкінішке ұрындырарын дәл сол сәтте Табиғат-Ана өзінің буырқаған мінезі мен көз жасы арқылы жанталаса білдірмек болды ма екен?! Қандықол қарақшыларды қойнына жасырып, сұрапыл шайқасына селт етпестен мелшиген күйі қатып қалған қатыгез шатқалға көз жасын көлдете тұрып, аналық жүрегімен лағнет айтты ма екен, кім білсін?!
Сол бір жетінші сәуірді есімізге алғанда қанаттарын от шалса да жолдастарын жаудан қорғап, қаймықпай қарсы ұмтылған он жеті жас қыран көз алдымызға келеді. ТМД елдері шекарасын қорғау мақсатында мемлекеттік тапсырмамен аттанған Қазақстанның ерікті батальоны құрамындағы ержүрек жігіттердің өшпес ерлігі мәңгілік есте сақталмақ.
1995 жылдың 7 сәуірінде тәжік-ауған шекарасында, Пяндж өзенінің жанында, Пшихавр тас шатқалында жүк тасымалдап келе жатқан ішкі әскерлердің жинақталған ротасына жергілікті ауғандық «моджахидтер» тосыннан шабуыл жасап, қарулы қақтығыс болды. Сол қақтығыста он жеті қазақ жауынгері қаза тапқаннан кейін жауынгерлік ерліктері үшін орден-медальдармен марапатталды. Осы қақтығыста ерлік көрсетіп, қаза тапқандардың бірі – қатардағы аралдық жауынгер Жақсылық Жансүгіров болатын.
Ол 1974 жылдың 4 маусымында Арал қаласындағы Әмірхан аға мен Ұлдай апаның отбасында дүниеге келген. Қаладағы №220 мектепті бітіргеннен кейін Атырауда жұмыс істеп, сол жақтан Шымкентке әскерге алынады. Парақ беттерін ақтара отырып, Жақсылықтың ата-анасы берген сұхбатын тауып алдым. Өшпес бейне туралы мақаламыз татымды болу үшін сол шынайы сөз жолдарын ұсынып отырмын.
«… – Жанымның жасауы болған Сәбитім (анасы Жақсылықты кішкентайынан Сәбит деп атаған екен) бала шағынан елгезек еді. Буыны қатайып, бекігеннен бастап қара жұмыстың қайсысынан да бас тартпай құлшына кірісетін. Өзі техника жағына да бейім еді. Велосипедтен бастап мотоциклге дейін жөндей білетін. «Ер жеткен соң әскерге барып келем. Сонан кейін милицияға жұмысқа кіремін, не ОМОН-ға барамын» деп жиі айтып жүруші еді ғой. Атыраудағы ағасы Мұхаммеджанның қолында тұрып, жұмыс істеді. Сол жақтан әскери комиссариатқа жазылып, армияға кетті. Алғаш келген хатынан оның Шымкентке түскенін естідік. Кейіннен әскери ант қабылдау салтанатына үйден ағасы барып қайтты. Кейін өзім де Шымкентке шаруамен барған сәтімде жолықтым. Кездескен кезімде «еш уайымдама, бәрі жақсы» деді. Өзі бала күнінен қаншама көпшіл болғанымен, сөзге сараң еді, тұйық мінезді болатын. Ал, іске келгенде мүлдем басқа. Жапырып, барлық істі аз уақыт ішінде тындырып тастайтын. Тіпті, ағалары Бақытжан мен Махамбет те «інісі бардың тынысы бар» деп демалып отыратын….»
Бұл – шерлі ананың сөзі. Көз жасын көлдете оты¬рып Ұлдай апа сол әңгімені әзер айтты. Шіркін, анадан артық асыл бар ма екен, бұл әлемде. Оның баласына деген махаббаты, сүйіспеншілігі өз алдына. Марқұм Жақсылықты үй-іші, жора-жолдастары Сәбит атап кеткен. Азан шақырып қойған есімі құжатта ғана жүрді. Аяулы ұлы туралы асқар тау әкесі Әмірхан аға да: «Көзіміздің қарашығынан айырылдық қой. Енді Құдайға тәуба дейміз де. Жақсылығымның арты қайырлы болып, жақсылығы болсын деп қалғанымызға амандық тілейміз», – деп, сөзін қысқа қайырған.
Жақсылықтың взвод командирі офицер Әбиболла Жайлыбеков «Жалынға ай-налған жас жүректі көрдім» деген естелігінде былай дейді: «Бір ма¬шинаның арт жағында Ержан Әбдиев, Жақсылық Жансүгіров, Жанат Несіпов жаумен атысып жатқан еді, бір кезде жау жағынан атылған гранатометтен түскен граната Ержанның дәл қасына түсті де, дүние төңкеріліп жүре берді». Міне, осы кішкене ғана эпизодтың өзінен көп нәрсені аңғаруға болады. Біздің жауынгерлердің қарсы-ластарына асқан өршілдікпен төтеп беріп, қайтпас қайсарлық танытқанына куә боласың. Иә, ерлік қашанда өлмек емес. Әйгілі шығыс философы Сайф Саран: «Нағыз ер болсаң, сол атаққа ие бола біл!» деп айтқан екен. Солай демекші, күні кешегідей көз алдымызға елестеген таулы Памир шатқалында, тәжік елінің шекарасын Отан тапсырмасымен барып, соңғы демі қалғанша қорғаған 17 сарбаздың бірі – Жақсылық Жансүгіровтің ерлігі бүгінгі ел қорғаған замандастарына, кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болып қала бермек.
№220 орта мектепте батыр жауынгерге арналған мүйіс бар. Оған оның бүгінгі іні-қарындастары алқызыл гүл шоқтарын қойған. Сол шоқ жастық өмірін – жауынгерлік қызметін ақырғы сәтіне дейін адалдықпен өтеген қайсар жігіттің қайтпас ерлігін жалындатып тұр.
Алдияр НҰРМАНОВ.
Арал ауданы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз