ЖАМБЫЛ ЖЫРЫНЫҢ ҚҰДІРЕТІ

195

0

Бір кезде Аралдың бір қиырындағы «Сарыбасат» ауылының іргесіндегі «Қазақстан» колхозы ашаршылық, сұрапыл соғыс жылдарында тонналап балық жөнелткен, жүзге жуық азаматын жауды жеңуге аттандырған құтты мекен болған. Бұл кезде Қарақұл атаның ұлы Қапаш ержетіп, жетіжылдықты бітірген бойда колхозда есепшіліктен еңбек жолын бастады. Атасы Қарақұл секілді Қапаш та жұмысына тиянақты, алғыр болғанын жерлестері әлі күнге әңгімелейді. Отбасының бірден-бір сүйеніші болған Қапаш 1942 жылдың мамыр айында әскерге аттанды. Арал стансасы вокзалынан жүргелі тұрған қызыл эшелонға уыздай жас жігіттер жарыса мінді. Бір ауылдан аттанған жүзге жуық болашақ солдаттардың ішінде жиырмаға енді ғана толған Қапаш та бар еді. Қоғадай жапырылған әке мен әже, жаңадан отау құрған қыз-келіншектер қимастықпен қоштасып жатты. Жылап-сықтаудан жер қайысады.
– Елге аман-сау оралыңдар!
– Жауды жеңіп, жеңіс туын желбіретіңдер, құлындарым!
Бұл аталар мен әжелердің ағыл-тегіл тілегі еді. 
Эшелон батысқа қарай жол тартты. Бірнеше күн жол жүрген эшелон майдан даласына тоқтады. Қапаш бастаған жігіттер Батыс және Волхов майданына бағыт алды. Сұрапыл соғыстың қайнаған ортасына түскен бір топ Аралдық жігіттер нағыз ерліктің үлгісін көрсетті,
Ал жас жауынгер Қапаш майдан даласын миномет батальонының наводчигі ретінде бірнеше марапатқа ие болып үлгірді. Бірде Украина, Калинин шебінде жауға ойсырата соққы бергенін елге жазған хаттарында толғаныспен баяндады. Сол бір жылдардағы үш бұрышты хаттар Қарақұловтар әулетінде әлі сақтаулы. Көз жүгірткен сайын елге деген сағыныш жан  тебірентеді. Қапаштың «Біз жауды жеңеміз!» дейтін хаттағы қанатты сөздері ауыл арасын аралап жатты.
Атқыштар дивизиясының мергені атанған Қапаш Қарақұлов Ленинград майданына жіберілді. Нағыз жантүршігерлік кезең оққа оранған сәт осы қалада болды. Ажал мен ерлік арпалысы басталды. Жау Ленинградтың күл-талқанын шығарды. Қираған үй, оққа ұшқан жандарда есеп болмады. Осы сәтте Ұлы Жамбылдың «Ленинградтық өрендерім!» атты қазақ, орыс тілінде жазылған өлең үлкен қуат берді. Әр солдаттың қалтасында осы өлең жүрді. Әр бұрышта осынау жыр үлкен плакат болып ілулі тұрды, жыр жауға оқ болып атылды, нағыз патриотизм, рухты қозғаған жыр ленинградтықтарды одан сайын ерлікке ұмтылдырды. Майдангер Қапаш «Жамбылдың осынау жырының құдіретіне бас имеген жан болмады», – деумен кетті.
Ленинград шайқасында жаудың ондаған танкісін, автокөлігін, жас жауынгер жау солдаттарын үлкен шығынға ұшыратты, «Қызыл жұлдыз» орденін омырауына тақты. Содан Берлинді алуға аттанды. 1945 жылдың 9 мамырында Германияның Дрезден қаласында ұлы Жеңісті қарсы алды. Сол бір қуанышты Қапаш жиі айтып отыратын.
Жас жауынгерді майдан даласы шыңдады. Әскери басшылар Қапаш Қарақұловты №69 атқыштар дивизиясында білікті маман ретінде 1947 жылға дейін әскери борышын өтеуге қалдырды. Қуанышты сәттер басталды. Әскери борышын өтеу жылдарында талай алғыстар мен марапаттарды иеленді. Қапаштың елге жолдаған хаттарында осының бәрі шексіз қуанышпен баяндалып, осындай ұл өсірген Қарақұл атаға деген әскери командирлердің ризалық сезімге толы алғыстары ел ішінде толассыз келіп жатты.
1947 жылдың наурыз айы еді. Арал вокзалында әскерден оралған Қапашты бүкіл ауыл көшіп келгендей қуана қарсы алып, думандатты. Өзінің ұшқан ұясы – «Қазақстан» колхозында баяғы есепшілік қызметін жалғастырып, қуанышты сәттерді өткізіп жатты. Білімге құлаш ұруды армандады, Ростовтағы балық өнеркәсібі техникумына түсті. Бітірген бойда балық зауытына нұсқаушылық қызметке жоғарылады. Бұл жұмыс нағыз сатылау бастауына жол ашқан кез болды.
Ауыл жігітінің өмірдеректеріне зер салсаңыз талай лауазымның тұтқасын ұстаған. Атағы дүркіреген «Ұялы» балық зауытының директоры, «Үшкөл», «Қамыстыбас» балық өңдеу мекемесінің басшысы, «Аванда» бас инженер, «Ақеспеде» директор қызметін 1976 жылға дейін атқарған. Қызылорда балық зауытына инженер-технолог қызметіне талай маман бағын сынады. Осы бір сәтте Қапаш Қарақұловтың бағы жанып, конкурстан сүрінбей өткені бар. Міне, бұл қызметті Қапаш өмірінің соңғы күндеріне дейін, яғни 1988 жылға дейін атқарды.
Жүйткіген уақытқа зер салсаңыз, білікті басшы, іскер ұйымдастырушы Қапаштың пәни дүниеге аттанғанына отыз жылдан асып қалыпты.
Бірде белгілі кәсіпкер Әбдуәли Есенқараев қолқа салды.
– Сізге өтініш айтқалы келдім. Көзкөрген Қапаш аға жайында естелік жазуға ықылас білдірсеңіз. Мен ұлдары Жеткерген мен Жетестің сырластары, сыйластары едім. Қапаш аға ұмытылып барады. Осы жайында толғанып көрсеңіз, аға…
Әбдуәли менің де сыйлас інім еді. Сонымен Қапаш жайында жо¬ғарыдағыдай толғаныс бастау алды.
Қапаш жайында ке¬зінде тұз-дәмдес болған іні¬леріммен сөйлесудің сәті түсті.
Осы орайда Қызылорда қаласының құрметті азаматы Жәдігер Орақбаев былайша толғанды:
– Мен Қапаштың аталары Қарақұлдың көзін көргендермен, бірнеше балық зауытында басшылық жасаған азаматтармен әңгімелескен жандардың бірімін. Қала берді Қапаш маған ең жақын жезде. Апамыз Қаракөз – Жақайым аталығының Құлымбетінен. Ұл-қыздары ержетті. Өзіндей ұлдары, көзіндей қыздарын көргенде биікке көтерілгендей боламын. Қазақ «Ат тұяғын тай басар» деп тауып айтқан ғой. Қапаш отбасы бейнебір орманға айналып жапырақ жайып келеді. Бұған қалайша қуанбайсың. Өшпеу деген ұрпақпен жалғасады ғой.
Ал, Әбдуәли Есенқараев болса: – Менің досым Жеткерген – Қапаш ағаның тұңғышы. Ұзақ жылдан бері отбасымызбен жұбымыз жазылмай келеді. Қала берді, бірге, бір салада қызмет атқардық. Жеткерген менің Астраханда бірге оқыған, шиелілік Мұқаш деген жан жолдасымның сырласы, сыйласы болған азамат. Пейілі кең, жаны жомарт Жеткерген сынды азаматтар тұрғанда Қапаш аға мәңгі жасауы ақиқат.
Зейнеткер Көшей Жәмішевтің де айтары бар. – Жас сексенге қарай бет бұрды. Менің Қапашпен жастық шағым ауылда бірге өтті, бірге өстік. Аралда бірнеше балық зауыттарын өрге сүйреді, шәкірттер тәрбиеледі. Аралдың атақты балықшысы Нарғали Демеуов Қапаштың қамқорлығын көп көрді, елге танымал балықшы болуына құшақ ашқан азамат.
Мен азаматтың биік адамгершілігін, ағайын-туысқа деген бауырмалдығына тәнті болғанның бірімін. Ұлдары Жеткерген, Жетестерді, қыздарын көргенде Қапашты көргендей жүрегім елжірейді.
Иә, Қапаш жайында өмірдеректеріне зер салсаңыз, Аралдың «Толқын» газетінде майдангер Қапаш Қарақұлов жайында бірнеше дүниелер жарияланыпты. Облыстық «Путь Ленина» газетінің 1980 жылғы 9 мамыр күнгі санында журналист Р.Алексеев «Минометчик из Аральска» атты көлемді очерктегі кейіпкер Қапаш өмірі, майдандағы ерлік жіпке тізгендей баяндалады. Құралайды көзінен тигізетін мергеннің Ленинград, Украина, Волхов жеріндегі майдан даласында жаудың танкісі мен әскерін оқтың астына алғанына еріксіз сүйсінесің. Жиырмаға жуық орден, медальдары, марапаттары, әр мереке сайын ескерткіш сый-сияпаттары көзге оттай басылады.
Ерлік өшпейді, ол ұмытылуға тиісті емес. Адам арманға тойған ба?! Қапаш бар-жоғы 65 жас жасады. Көзі тірі болса, бүгіндері тоқсанның биігіне шығып,  төрде отырып той-думанның көркі болар еді, майдан даласынан сыр ағытып, қуанышты сәттерді төгілте сөйлегенін естір едік. 
Ойды ой қозғайды. Сұрапыл соғысқа жиырма жасында аттанып, 1947 жылы әскерден оралып, 1988 жылға дейін сан-алуан қызметтің тізгінін ұстаған азаматты мәңгі есте қалдыру парыз секілді. Кіндік қаны тамған «Сарыбасат» елді мекеніне, не Арал қаласы мен Қызылорда қаласының орталығынан бір көшеге майдангер Қапаш Қарақұловтың есімі берілсе, бұл өсер ұрпаққа, үрім-бұтағына тағзым етер мәңгі ескерткіш болары ақиқат болған болар еді. Бұған тиісті орындар қозғау салса, кәнеки?!
Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз