Жанға дауа, дертке шипа

61

0

Жанға дауа, дертке шипаЗаманауи тағамтану ғылымы көшпенділер өркениетінің ажырамас
бөлігі болған жанға дауа, дертке шипа қымыз бен шұбаттың құрамын
талдап-таразылап берді. Бие байлап, қымыз сапырған, түйе сауып, шұбат ашытқан
ескі дәстүрді күнделікті өмір салтымызға айналдыру үшін ұлттық сусындар баршаға
қолжетімді болу керек. Бүгінде қонаққа жайылған дастарханды арақ-шараптан
босатып, балаларға газды, бояулы, энергетикалық сусындардың зиянын жете
түсіндірудің маңызы артып келеді. Қызылорда қаласының орталығындағы «Сыр
сүлейлері» аллеясында «Қала күні» мерекесі аясында өткен «Шұбат-қымыз» фестивалі ұлттық сусындардың
артықшылықтарын айқындай түсті.

Фестивальға Қызылорда қаласына қарасты барлық кент, ауылдық
округтер және облыстың барлық аудандарынан шұбат пен қымыз өндірушілер қатысты.
Сыр өңірінде қымыз-шұбатқа сұраныс артып келеді. «Сондықтан қымызхана желілерін
кеңейтіп, қымыз өндіру технологиясын дамыту керек», – дейді мамандар. Аллеяға
тігілген киіз үйлер мен ақ шатырларда қолөнер көрмелері қойылған. Фестивальда
облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қызылордалықтарды мерекелерімен құттық­тады.

– Төрт түліктің төресі
– түйе мен Қамбар ата түлігінің сусындары түрлі дертке дауа екендігін
ата-бабамыз әлдеқашан дәлелдеген. Сол сара жолды жалғап, «Қала күні» мерекесін
ақтан дәм татып бастап отырмыз. Мерейлі мереке құтты болсын, – деді облыс әкімі
Қ.Көшербаев.

Фестивальға келушілерге 2 мың литр шұбат, 1500 литр қымыз және
құрт, ірімшік, сүзбе, балқаймақ сияқты тағамдар ұсынылды. Мерекелік шарада қала
жастары Қазақ хандығының 550 жылдығы құрметіне «Қаражорға» биін биледі.
Сондай-ақ балуандар белдесіп, балалар асық атудан, жігіттер гір көтеруден, қол
күрестен сынға түсті. Арнайы жасаулармен әрленген жылқы, түйелердің керуені
қазақтың тұрмыс-салтының бай дәстүрін дәріптеді.

«Шұбат-қымыз» фестивалінің қорытын­дысымен өткен марапаттау
рәсімінде 1 дәрежелі диплом Қызылорда
қаласы, «Шайұзақ» шаруа қожалығына табысталды.Қармақшы және Қазалы аудандарының ұлттық сусын өндірушілері 1 және 2
орындарды бөлісті. Жалпы шараға қатысқан барлық 33 ұжымға Қызылорда қаласы
әкімінің алғыс хаттары, бағалы сыйлықтар берілді.

Гүлжазира Жалғасова.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз