ЖАНКҮЙЕРЛЕР ЖЕРГІЛІКТІ КОМАНДАЛАРҒА СЕНІМ АРТАДЫ

54

0

ЖАНКҮЙЕРЛЕР ЖЕРГІЛІКТІ КОМАНДАЛАРҒА СЕНІМ АРТАДЫ«Достық үйінде» ҚР біріншілігінде өнер көрсетіп жүрген «Қайсар»
және «Байқоңыр» футбол клубтарының жаңарған құрамымен таныстыру рәсімі өтті. Аталған
шараны жанкүйерлермен бірге облыс әкімі Қырымбек Көшербаев та тамашалады.

Шара барысында алдымен патриоттық әндер шырқалып, жергілікті футбол
клубтарының ойын барысында киетін жейделері таныстырылды. Мұнан соң, қос команданың
тартысты бәсекелерде жеткен жетістіктері жайында бейнесюжет көрсетілді.

Ширек ғасырға
жуық тарихы бар «Қайсар» футбол командасы ел чемпионатында екі рет IV орынды
иеленсе, 1999 жылы ҚР Кубогын жеңіп алған болатын. Жергілікті команда
үстіміздегі жылдың футбол маусымында 28 ойын көрсетеді. Қазіргі таңда команда
сырт алаңда бір және өз ішінде бір ойын
өткізді. ОҚО-да «Мақтаарал» командасымен кездесіп, 0:0 есебімен тең түссе, өз алаңында
Теміртаудың «Шахтер-Болат» командасын қабылдап, 3:0 есебімен жеңіске жетті.
Одан бөлек, «Қайсар» ҚР Кубогы аясында өткізіліп жатқан доданың 1/8 финалына
жолдама алған еді. Ағымдағы жылғы 27 сәуірде Шымкент қаласында Премьер-лигада
өнер көрсетіп жүрген «Ордабасы» командасымен турнирдің 1/4 финалының жолдамасы
үшін ойнайды. Құрамында 28 ойыншысы бар «Қайсар» командасы 80 пайызға жаңарған.
Бас бапкер Сұлтан Әбілдаев жаңа құрамның алдағы уақытта жанкүйерлер сенімін
ақтайтынын жеткізді.

Ал «Байқоңыр” футбол командасы 2014 жылы құрылған. Сол уақыттан
бері команда үздік ойын көрсетіп келеді. Құрамында 24 ойыншысы бар жергілікті
команданың бас бапкері Қанат Шерім аяқдоп шеберлеріне сенім артатынын жеткізді.
Команда толықтай жергілікті ойыншылардан жасақталып отыр. Биыл ҚР біріншілігінің алғашқы лигасында 10
команда додаға түседі. Сондай-ақ, «Қайсардан» бөлек бірінші дивизионда аймақ намысын «Байқоңыр» командасы да қорғайтын болады. Екі
турдың қорытындысы бойынша «Байқоңыр» турнирлік кестенің VIII сатысында тұр.

Таныстыру рәсімінде аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев жергілікті
командаларға сенім артатынын жеткізіп, алдағы тартысты бәсекелерде сәттілік
тіледі.

– Құрметті жанкүйерлер, футбол – әлемдегі бірінші спорт екені
баршаңызға белгілі. Біздің жергілікті командалар тарихында талай жеңісті
күндермен қатар әттеген-ай деген сәттер де болды. Әрине, жарыс болғаннан кейін
команданың бірде алға, бірде кейін шегінуі де заңды құбылыс. Бірақ, бір қадам
кейін шегіну бізде екі қадам алға басуға міндеттейді деп есептеймін. Жергілікті
«Қайсармен” қатар «Байқоңыр” атты тағы бір команда құрылған болатын. Енді қос
команда биылғы маусымда, ҚР бірінші лигасында өнер көрсететін болады.
Барлығымыз осы жігіттерге сенім артамыз, бапкерлерді қолдаймыз. Командаларға
біздің қолдауымыз ауадай қажет. Сондықтан бәріміз тілектес болуымыз керек, –
деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, облыс әкімі қос команданың өз алаңындағы ойындарынан
қалмауға тыры­сатынын жеткізіп, жанкүйерлерді де тама­шалауға шақырды. Мұнан
соң «Қайсар” футбол командасының капитаны Руслан Сақалбаев аймақ басшысына жаңа
үлгідегі жейдені сыйға тартты.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз