ЖАРАСЫМДЫ ЖАС ЖҰБАЙЛАР

130

0

Қала күні мерекесіне орай шаңырақ көтерген 25 жұп
отбасына облыс әкімі Қырымбек Көшербаев неке куәлігін тапсырды. Сонымен қатар,
үйленгендеріне 25 жыл болған «Күміс той» иелерін де құттықтап, жылы лебізін
білдірді.

ЖАРАСЫМДЫ ЖАС ЖҰБАЙЛАР– Құрметті жас жұбайлар үлкен өмірге қадам басып, адам
өмірінде болатын бір реттік қуаныштарыңызбен бүкіл Сыр елі атынан шын жүректен
құттықтаймын. Есейіп азамат болып, ата-аналарыңыздың ақ батасын алып, қазақтың
дәстүрімен шаңырақ көтеріп жатырсыздар. Өмір деген – ұлы көш. Сондықтан бар
жауапкершілік ер азаматтардың бойында. Қазақтың әрбір ару қыздары, ақ босағаны
аттап, ару ана атаныңыздар. Үлкен қара шаңырақтың анасы болу­ларыңызға
тілектеспін. Сіздерге тарихымыздағы белгілі Ұлпан, Домалақ аналардың жолын
берсін. Қазақстандағы бақытты отбасы қатарын толықтырып, еліміздің демографиялық
жағдайын жақсартуға өз үлестеріңізді
қосады деген сенімдемін.

Сонымен қатар бүгінгі қуанышты сәтте 5 әулет «Күміс
тойын» тойлап жатыр екен. Олардың отау тіккендеріне 25 жыл толыпты. Осы 25
жылдың ішінде олар сүйіспеншіліктері нығайып, ұрпақ тәрбиелеп, елге сыйлы,
абыройлы болған жанұялар. Бүгінгі шараға сол отбасыларын сіздерге үлгі болсын
деп шақырдық. Күміс тойларыңыз алтын тойға жалғассын дегім келеді, – деді аймақ
басшысы Қырымбек Елеуұлы.

Сонымен бірге шарада облыс әкімі Сыр елінің соңғы
кездері қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Мұның бәрі Тәуелсіздіктің және Елбасы Н.Назарбаевтың сарабдал
саясатының арқасында екенін жеткізді.
Елбасының тапсырмасына сәйкес, жастардың ең негізгі мәселесі – ­баспана
жайына байланысты былтыр 53 көпқабатты үй салынса, биыл 80 көпқабатты үй
салынып жатқанын атап өтті. Ең бірінші жас жұбайларға жағдай жасау үшін баспана
жайы оң жолға қойылған. Жалпы, Астанадан кейін құрылысы қарқынды жүріп жатқан
аймақ – ол Қызылорда қаласы.

Сондай-ақ, соңғы уақыттарда отау тіккен жанұялар саны
да артқан. Мәселен, биылғы жылдың 8
айлық қорытындысы бойынша Қызылорда
қаласында 1650 жас отбасының некесі қиылған.

Ал, Сыр елінде бала туу көрсеткіші жоғарылап,
республикада алдыңғы қатарға шықты.
Нақты айтар болсақ, 2016 жылдың
алты айында облыс бойынша 8963 сәби дүниеге келген. Қуантарлығы, табиғи өсім
көрсеткіші 10,4 пайызды құрап отыр.

Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Сара АДАЙБАЕВА,

Бағдат Есжанов (сурет).

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз