ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ БАҒДАРЫ

82

0

ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ БАҒДАРЫКеше Н.Бекежанов атындағы
музыкалық-драмалық театрда облыс әкімінің міндетін атқарушы Нұржан Әлібаевтың
қатысуымен Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған салтанатты
жиын өтті. Жиын басталар сәтте сахнаға Мемлекеттік Ту әкелініп, еліміздің
Әнұраны шырқалды.

Осыдан
кейін мінбеге облыстық мәслихаттың хатшысы Бекмырза Еламанов көтеріліп,
мерекелік шараға қатысушыларды Конституция күнімен құттықтады. Ол құттықтау сөзінде халқымыз сан ғасыр
армандаған Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін, елдің тәуелсіздігін,
демократиялық құндылықтарын айқындайтын
негізгі құжат – Конституция қабылдағанын жеткізді. Осыдан он тоғыз жыл бұрын,
30 тамызда Қазақстан халқы тарихи шешім қабылдап, еліміздің құқықтық өміріндегі
жасампаз жаңа дәуіріне қадам басқан еді. Бекмырза Қайыпұлы өз сөзінде
Қазақстанның Ата заңы әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі саналатынын
жеткізді. Сонымен бірге, зерттеушілердің Қазақстанның Конституциясы әлемдегі
жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейтін ең үздік 50 Конституцияның бірі деп
айтқан пікірін келтірді.

Елбасымыздың
дамыған 30 елдің қатарына ену жөніндегі стратегиясын орындау мақсатында
экономикамызды әртараптандыру үшін елімізде Үдемелі индустриялық-инновациялық
даму стратегиясы жүзеге асырылуда. Оның айқынкөріністерін Қызылорда облысынан
да көруге болады. Б.Еламанов аймақта металлургия кластерін құру аясында
«Баласауысқандық» кен орнында қаратасты автоклавты өңдеу, «Шалқия»
қорғасын-мырыш кенішін кеңейту, Қызылорда қаласындағы ферроқорытпа зауытын салу
секілді жобалары қолға алынып жатқанын атап өтті. Сөз соңында, Сыр елі халқы
мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық
дамуына лайықты үлес қосып жатқанын айта келе, барша қызылордалықтарды
Конституция мерекесімен құттықтады.

Осыдан кейін салтанатты шара
мерекелік концертке ұласты. Шараға қатысушылар жас күйшілер оркестрінің,
жыршылар Руслан Ахметов пен Майра Сәрсембаеваның, «Томирис» би ансамблінің,
Кеулімжай Ботабаев басқарған камералық оркестрінің, сондай-ақ кеш қонақтары –
Қазақстан Республикасының халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұржамал
Үсенбаеваның, Қазақтанның эстрада жұлдызы, жерлесіміз Алмас Кішкенбаевтың
өнеріне сусындады.

Ыдырыс ТҰРЛЫҒҰЛОВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз