ЖАСАМПАЗ ІСТЕРДІҢ ЖАРҚЫН ЖЕМІСІ

66

0

Қызылорда
облысының әкімі Қ.Е.КӨШЕРБАЕВТЫҢ халық алдындағы есепті кездесуде сөйлеген сөзі

Кеше
Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында облыс әкімі Қырымбек
Көшербаев халық алдындағы есепті кездесуін өткізді. Кездесуде аймақ басшысы
өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын және алда атқарылар
міндеттерді саралады. Жиынға қала тұрғындары, ардагерлер, қарапайым
еңбеккерлер, жастар қатысты. Сонымен бірге, онлайн режимі арқылы барлық
ауданның жұртшылығы кездесудің куәсі болып қана қоймай, көкейінде жүрген
сауалдарын қоюға мүмкіндік алды. Облыс әкімінің есебіне ҚР Ішкі істер министрі
Қалмұханбет Қасымов, Энергетика министрінің орынбасары Бақытжан Жақсалиев, ҚР
Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Нұрлан Тілешов қатысты. Ерекше
атап өтерлігі, өңір басшысының есепті кездесуі кезінде көпшілік телекөпір
арқылы Арал ауданындағы «Аралтұз» кәсіпорнының жаңа цехы мен Сырдария
ауданындағы «Шаған-Жер» серіктестігінің мал бордақылау алаңының іске қосылуын тамашалады.
Шиелі ауданының табиғи газға қосылған тұрғындары да тікелей байланысқа шықты.
Сондай-ақ, телекөпір барысында «Шалқия» тау-кен байыту комбинатының құрылысы
жөнінде баяндалды.

Құрметті жерлестер, әріптестер!

 

Азат еліміз тағы бір жылды тарихқа тарту етіп,
ата-бабамыздың асыл арманы – тәу етер Тәуелсіздігіміздің ширек ғасыр белесіне
шықты.

Ұлы даланың қасиетті пұшпағы, Алаштың анасы атанған –
Сыр бойы да елімен бірге сын сәтте сыр бермей алға басып келеді.

«Адамның өскені әрбір өткен жылымен, өлкенің өскені
халықтың сынымен бағаланады» деген көне нақыл бар.

Осы қисын қаласына қарап қоғамның ырысын бағамдайтын,
ауылына қарап әлеуметтің тынысын анықтайтын бүгінгі заманға да сай келеді.

Сондықтан да жыл сайын жұрт болып бүгінгідей мәжіліс
құру, халыққа есеп беру – біз үшін Елбасы белгілеген тәртіптің қалпына да, ел
дәстүрінің салтына да сай, айнымас дағдыға айналды.

2015 жылдың бізге ғана емес, бүкіл әлемге оңай жыл
болмағаны баршаңызға аян. Барлық экономикалар үшін негізгі қуат көзі болып табылатын мұнай
бағасының төмендеуі әлі де жалғасып келеді. Көптеген мамандар бұл өзгерістің
уақытша құбылыс емес, әлемдік энергетикадағы ұзақмерзімді, түбегейлі екендігін
айтады. Мұнайдың орнын баса алатын балама қуат көздері тез дамып, мұнайға деген
сұраныс күрт төмендеді. Сөйте тұра, әлемдік нарықтағы мұнай ұсынысы артты.

Дүние жүзіндегі саяси ахуал шиеленісіп, тұрақтылық
әлсіреді. Саяси одақтар мен ірі державалар арасындағы тартыс күшейді. Батыс пен
Шығыс арасындағы ғаламдық бәсеке жекелеген елдердегі азаматтық соғысқа әкелді,
ұлт және дінаралық жанжалдарды өршітті. Соның салдарынан жүз мыңдаған адам
босқынға айналды, миллиондаған халық мемлекеттер арасындағы өзара текетірес пен
санкциялардың құрбаны болды.

Кеңінен алғанда, ғаламдық саясат та, экономика да,
қаржы, энергетика мен технология біте қайнасқан аса күрделі, түбегейлі
өзгерістер трансформация жүріп жатыр.

Жаһандық саяси процеске қарасақ, бұған дейін мызғымас
ереже көрінген қағидалар бұзылуда. Соғыстың сипаты мен бейбіт өмірдің белгілері
шатасып кетті. Шекара, халықаралық құқық пен тәртіп ұғымдары мағынадан
айырылды. Кейде халықаралық саясаттың негізгі қозғаушы күші мемлекет пен
мемлекеттік одақтар емес террористікұйымдар секілді.

Экономикалық заңдылықтар шартты, трендтер тұрақсыз,
жос­парлар мен болжамдар берекесіз уақыт келді.

Мемлекеттердің алтын қорымен расталған ұлттық
валютадан Интернетте шығарылған, ештеңемен қуатталмаған виртуалды БитКоиндар
қымбат тұратын қызық та, қиын кезең туды. (кез келген валютаға айырбастауға
болатын интернеттегі виртуалды ақша. Бүгінгі құны: 1 БитКоин = 360 доллар).

«Тесла” секілді жекелеген компаниялар бензинді қажет
ет­пей­тін көлік шығарып, ғарышқа зымыран ұшырып жатыр. Илон Маск секілді жекелеген адамдар күннің
қуатын әлемге жеткілікті электр қуатына айналдыратын жаңа энергетикалық кешен
ұсынуда.

Тыныштық пен тұрақтылық қашан да экономикалық өсімнің
алғышарты, әрі негізі болған. Қаржыгерлер арасында «табыс тыныштықта
тартылады”(деньги любять тишину) деген сөз бар. Ал шу күшейсе, қай жерден де
береке қашады.

Соның бір көрінісі – 2016 жылдың алғашқы аптасында
ғана әлемдегі ең ірі биржалардағы басты индекстер кенеттен құлдырап кетті. Бір
күнде дүниежүзінің экономикасы 194 миллиард долларға кеміді. Іле-шала Әлемдік
банк 2016 жылдағы ғаламдық экономикалық өсім болжамын төмендетті, ал
Дүниежүзілік сау­­да ұйымы биылғы жаһандық алыс-беріс болжамын азайтты. Барлық
ұлттық валюталар жаппай құнсыздануға ұшырады. Халық­аралық нарықтағы мұнайдың
бағасы бір жылдың ішінде екі есе төмендеді.

Бұл жағдай Қазақстанға да кері әсерін тигізуде. Бір
жылдың ішінде ел экономикасының кірісі 40 пайызға қысқарды.

Ұлттық валюта өз құнының 30 пайызын жоғалтты
(изменение индекса реального эффективного обменного курса к валютам 34 стран).

Өңір экономикасындағы мұнай саласының үлесі жоғары
болғандықтан,біздің де бірқатар маңызды макроэкономикалық көрсеткіштеріміз
едәуір төмендеді (өнеркәсіп өндірісінің 65 пайы­зы мұнай саласына
тиесілі).

Атап айтсақ, өнеркәсіп өндірісіндегі нақты көлем
индексі 90,2 пайызға (ИФО), инвестициялардың нақты көлем индексі 88,1 пайызға
(ИФО), құрылыс жұмыстарының нақты көлемі 89,7 пайызға (ИФО) қысқарды.

Мұның сыртында, облыс аумағындағы мұнай шығатын кен
орындары сарқылып, бұрынғы қуатынан айырылуда. Соның салдарынан 2015 жылы
облыстағы мұнай өндіру көлемі шамамен 1 миллион тоннаға кеміді. Биыл тағы 1,6
миллион тоннаға кемиді деген болжам бар.

Бұл тек Қызылорда облысы ғана емес, Қазақстанның мұнай өндіретін басқа да аймақтарына тән
құбылыс. Жалпы алғанда, 2015-2016 жылдары Қазақстанда өндірілетін мұнай 4
миллион тоннаға кемиді. Оның 2,6 миллион тоннасы Қызылорда облысына
тиесілі.

Облыс экономикасы үшін ең маңызды саладағы бұл
жағдайға біз бейжай қарай алмаймыз. Сондықтан, бір жағынан мұнай өндірушілерді
жан-жақты қолдау шараларын, екінші жағынан жаңа кен орындарын барлау және жаңа
технологияларды енгізу арқылы мұнай өндірісін ұлғайту шаралары қолға алынды.

Атап айтсақ, біздің ұсыныс бойынша «Петро-Қазақстан”
кәсіпорны үшін пайдалы қазба өндірісіне салынатын салық мөлшері 7 пайыздан 0,35
пайызға дейін, ал «Торғай-Петролеум» үшін 7 пайыздан 0,1 пайызға дейін
азайтылды. Қазақстан бойынша осындай жеңілдік 5 кәсіпорынға жасалды, соның 2-і
біздікі.

Барлық мұнай өндіруші кәсіпорындарға салынатын
экспорттық пошлина 60 пайыздан 40 пайызға дейін төмендетілді.

Біздің бастамамен, инвестиция және даму министрлігі
облыс аумағында параметриялық ұңғыма әдісін сынау жұмыстарын жүргізуде.
Энергетика министрлігі мен геология комитеті облыс аумағында жаңа кен орындарын
барлау жұмыстарын қарқынды жүргізуде.

Аталған шаралар аймақтың әл-ауқаты үшін аса маңызды,
мыңдаған адамға жұмыс беріп отырған мұнай өнеркәсібі мен оның төңірегіне
шоғырланған мұнай өндірісіне қызмет көрсету саласын қолдау үшін қажет. Тек осы
салада және осы салаға қызмет көрсететін компанияларда 29 мыңнан аса адам жұмыс
істейді. Сондықтан бұл жұмыс жалғасын табады.

Сырттан келген қиындықтарға қарамастан, 2015 жылы
облыс экономикасының бірқатар маңызды салаларының өсуімен өңірдегі
әлеуметтік-саяси тұрақтылық қамтамасыз етілді. Ғаламдық дағдарыс салқынына
жігерімізді суытпай, алдымызға қойған негізгі міндеттерді тиімді шеше алдық.

Сыр еңбеккерлерінің табандылығы мен қажырлы жұмысының
арқасында, біраз салада тіпті едәуір табыстарға да қол жеткіздік.

Бұл – менің облыс басшысы ретінде Сіздердің
алдарыңыздағы үшінші есебім. Жоспарымыз айқын, жұмысымыз ашық, есебіміз нақты
болуы үшін біз өз еркімізбен үш жыл қатарынан облыс әкімінің келер жылға
арналған іс-қимыл жоспарын алдын ала дайындап, баспасөзге жариялап жүрміз.

Облыс әкімінің 2015 жылға арналған іс-қимыл жоспары
әлемдік экономикадағы дағдарыс салдарынан туған қиындықтарды ескере отырып,
облыстағы барлық мемлекеттік органдар ерекше назарда ұстауы тиіс басым
міндеттерді анықтады. Олар: әлеуметтік даму мен әлеуметтік міндеттемелердің дер
кезінде және толықтай орындалуын қамтамасыз ету, экономиканы әртараптандыру мен
инфрақұрылымды дамыту және қоғамдық қауіпсіздік еді.

Аталған міндеттер мен барлық бағыттағы жұмыстарды қоса
санағанда, 2015 жылғы іс-қимыл жоспарына 151 шара кірген. Оның 90 пайызы толық
орындалды. Қалған ұзақмерзімді шаралардың орындалуы 2016 жылға арналған
іс-қимыл жоспарында өз жалғасын тапты.

Қалыптасқан жағдайға орай, 2015 және 2016 жылдарға
арналған жоспарымызды дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспары деуге болады. Былтыр
да, биыл да біздің ең басты мақсатымыз – жұмыс орындарының қысқаруына жол
бермей, жаңа жұмыс орындарын ашуға жағдай жасау.

Дағдарысқа қарсы шаралар аясында біз тұрғындарды
жұмыспен қамту және мұнайға тәуелсіз, жаңа мазмұндағы экономика негіздерін
қалыптастыру міндеттерін ұштастыра отырып, қатар шешуге тиіспіз. Өйткені біз
үшін дамудың баламасы жоқ, жалғыз ғана жолы бар, ол – аймақ экономикасының
құрылымын өзгертіп, оны әртараптандыру! Сол себепті соңғы үш жыл бойында біз
бар күшімізді мұнай өндірісінен тәуелсіз салалардағы индустриялық және инновациялық
жобаларды көбейтуге, бар жобаларды мәпелеп өсіріп, іске қосуға жұмсадық.

Бүгін біз осы жұмыстың өз нәтижесін бере бастағандығын
мақтанышпен айта аламыз. Дағдарысқа қарамастан, қабылданған жан-жақты
шаралардың арқасында 2015 жылы біз өнеркәсіп өндірісіндегі өңдеу секторының аз
да болса өсімін қамтамасыз ете алдық (100,2 пайыз). Бұған негізінен азық-түлік,
химия және металлургиялық өндірістің артуы септік етті. Сыр еліндегі аталған
көрсеткіштің өсімі 2013 жылдан бері тұрақты жалғасып келеді. Оның жалпы өндірістегі
үлесі 3 жылда 3 есеге өсті (2012 жылы 4,5 пайыз болса, 2015 жылы 14 пайызға
жетті). Өткен жылы облыс жалпы құны 84,5 млрд теңгенің өнімін шығарды, өңдеу
секторындағы инвестиция көлемі 3,4 есеге артты. Бір сөзбен айтқанда, бұл аймақ
экономикасындағы құрылымдық өзгерістердің айқын дәлелі.

Соның арқасында индустрияландырудың бірінші бес­жылдығында
(2010-2014 жылдар) іске қосылған 17 өндірістің 14-і 2015 жылы өнім бере
бастады.

Индустрияландырудың екінші бесжылдығы аясында
(2015-2019 жылдар) жалпы құны 467 млрд теңге құрайтын, 6 мыңдай адамға жұмыс
беретін 41 жобаны іске асыру жоспарланған. Соның ішінде 2015 жылы жалпы құны
2,3 млрд теңге болатын 5 жоба іске асты.

«Жан Арай» серіктестігі мен «Байқоңыр»
әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бірлесе отырып (мемлекеттік-жекешелік
әріптестік негізінде) облыс орталығында ірі агрокешен салып, іске қосты. Оған 6
млрд теңге қаржы салынды. Кешен аумағында малдың барлық түрін қажетті жеммен
қамтамасыз ететін Қызылорда облысындағы алғаш құрама жем комбинаты құрылды.

Қазір құрама жемнің түрлері сырттан әкелінеді. Алайда,
ондай өнімнің бағасы қымбат болғандықтан жем ретінде (75 пайызға дейін) құнары
аз шөп пайдалануға мәжбүр едік.

Ал енді өзімізде өндірілген жемнің бағасы арзан
болғандықтан бұл мәселе шешілді, мал шаруашылығындағы өнімділікті арттыруға
мүмкіндік туды.

Сонымен бірге, аталған агрокешен аумағында қазіргі
халықаралық талаптарға сай күріш өңдеу зауыты іске қосылды (қуаты 150 тонна).
Жақын арада ұн тарту комбинаты, макарон және консервілер шығаратын цехтар да
іске қосылады. Осы жасампаз жобаларға ұйытқы болып жүрген жерлесіміз Бағдәулет
Мақашев Елбасы Жарлығымен «Құрмет” орденімен марапатталды.

Сондай-ақ, іске асқан жобалар қатарынан Қызылорда
қаласындағы РМЗ «Шапағат» үй құрылысы комбинатын атауға болады.

Аймақтағы құрылыстың жоғары қарқыны мен саланың өсу
мүмкіндіктерін ескерсек – бұл кәсіпорынның келешегінен үміт көп.

Жобаның құны – 1,5 миллиард теңге. Комбинат бірінші
кезеңде жылына 80 мың текше метр темір-бетон бұйымдары немесе 35 мың шаршы метр
панельді тұрғын үй шығара алады. Жаңа өндіріс 68 адамды жұмыспен қамтуға
мүмкіндік берді.

Бұл комбинат тез салынатын үйлер құрылысын кеңейтуге
жол ашты. Үлкен көпқабатты үйді комбинат күшімен бар болғаны 3-4 айда бітіруге
болады. Құрылыс жылдамдығының артуы оның құнын төмендетеді, сәйкесінше пәтердің
бағасы да арзандайды. Сырдарияның сол жағалауын дамыту жоспарын ескерсек,
комбинаттың екінші кезеңі өте маңызды жоба.

Сондай-ақ, өткен жылы «Казэнергосбережение» серіктес­тігі­нің
инновациялық сипатқа ие «LED жарықтандыру құралдарын шығару» жобасы іске асты.
Құны 100 млн. теңгеге таяу кәсіпорын электр қуатын 3 есе үнемдеуге мүмкіндік
беретін, әрі қызмет мерзімі ұзақ шамдар шығарады. Өндірісте 30 адам жұмыс
істейді. «Жасыл экономика» қағидалары кең тараған сайын бұл өндірістің маңызы
артып, өніміне деген сұраныс өсе бермек.

Сонымен бірге, Қызылорда қаласы және Арал ауданында
жалпы қуаты 45 миллион дана кірпіш шығаратын екі жаңа кірпіш зауыты ашылды.
Мұнда да 100-ге тарта адам жұмысқа орналас­ты.

Биылғы жылдың басында Қызылорда қаласында «Газ Трейд»
кәсіпорыны «Газ құю бекетінің құрылысын» аяқтады. Құны 380 млн теңге тұратын
бұл кәсіпорында 27 адам жұмыс істейді.

Республикалық Индустрияландыру картасы шеңберінде
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі», «Қазақстанның Инвестициялық қоры» және
американдық «StewartEngineers» компаниясы бірлесіп, «Қызылорда қаласындағы шыны
зауытының құрылысын» жалғастыруда.

Биылғы жылдың жазында зауыттың техникалық қондырғылары
әкеліне бастайды, ал келесі 2017 жылы өндірісті іске қосу жоспарланған.

Зауыт жыл сайын 197 мың тонна шыны табақшаларын немесе
тәулігіне 600 тонна дайын өнім шығаратын болады. Қажетті шикізаттың 95 пайызы –
кварц құмы, доломит, әк тасы облыс­та өндіріледі. Өнімнің 70 пайыздайы ішкі
нарыққа, қалғаны экспортқа арналады.

Арал қаласында «Аралтұз” акционерлік қоғамының
бастамасымен кальцийлендірілген сода шығаратын зауыт құрылысы жобасының
техника-экономикалық негіздемесі дайындалды. Бұл шыны өндірісіне қажетті тағы
бір маңызды компонент. Бұйыртса, аудан үшін де, облыс үшін де маңызы зор тағы
бір ірі кәсіпорын бой көтереді.

Жалпы, «Аралтұз” акционерлік қоғамындағы өндірісті
кеңейту жобалары кезең-кезеңмен жалғасып, бүгін осы кәсіпорында тағы бір жаңа
цех қосылып жатыр.

Бүгінгі кездесуімізге Сіздермен бірге барлық аудандардағы
жерлестеріміз де қатысып отыр. Сондықтан осы мүмкіндікті пайдаланып,
аудандармен тікелей байланысқа шыға аламыз. Ендеше, «Аралтұздың” жағдайын
аралдықтардың өздері баяндасын.

Айдынбек Тауасаров,

«Аралтұз» АҚ-ның
президенті:

Құрметті
сырбойылықтар!

Елбасының тікелей
қамқорлығымен бүгінде Арал өңірі қайта түлеп, жаңаша дамып келеді. Біз сол
дамуға өз үлесімізді қосудамыз. 2015 жыл «Аралтұз» үшін ерекше жыл болды,
кәсіпорынның 90 жылдық меретойын республикалық деңгейде атап өттік. Тойға көп
шашылмай, негізінен жұмысшыларды әлеуметтік қолдауға тырыстық.

Елбасының қолдауымен,
дағдарысқа қарамай жүріп жатқан индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік
бағдарламасы арқасында бизнесті дамытуға және жаңа бастамаларды іске асыруға
мүмкіндік бар.

Соны пайдаланып, біз
«техникалық тұз өндірісін ұлғайту» жобасын іске асырдық. Жобаға екі жарым
миллиард теңгенің үстінде инвестиция салынды және дүниежүзі бойынша тұз
өндіруге арналған ең жақсы, испаниялық («Construcciones Mecanicas J.SERRA,
S.A.») құрал-жабдық алынды.

Бұған дейін зауыт
өнімділігі жылына 120,0 мың тонна болса, жаңа зауытты іске қосу арқылы
өнімділікті 1,7 есеге ұлғайтуға мүмкіндік алдық.

Бұрын «Аралтұз» ішкі
нарықта ас тұзының 70 пайызын қамтыса, жаңа зауытты іске қосу арқылы ол үлес
90%-ға дейін жетті. Сәй­кесінше, сыртқы нарықтағы үлесіміз де ұлғаюда.

Жаңадан 300-ден астам
жұмыс орнын құру көзделген, қазір соның 150-і құрылып, зауытта барлығы 800-ден
аса жұмысшы қызмет атқаруда.

Сонымен бірге, жаңа
өзіңіз айтқандай, кәсіпорын химия өнеркәсібін дамыту мақсатында құны 220 млн
доллар құрайтын кальцийлендірілген сода және кір жуғыш ұнтақ шығару жобаларын
жоспарлауда. Бұйыртса, оны да бірлесіп іске асырамыз.

Бүгін, міне, полимер
цехын қосуға дайынбыз. Бұл цех техникалық тұз өндірісін ұлғайту жобасының бір
бөлігі. Біздің бас­ты мақсатымыз – егемен елімізді, Сыр елін дамытуға,
халқымыздың әлеуметтік жағдайын жақсартуға атсалысу.

Өндірісті өсіріп, жаңа
жұмыс орындарын құрған осы полимер цехының қосылуы сол бағыттағы үлкен бір
қадам. Бүгін біз осы қуанышты аудан халқымен және өздеріңізбен бөліскенімізге
қуаныштымыз, құрметті жерлестер!

Цех бүгіннен бастап
ресми түрде іске қосылды деп санаймыз.

Игілігін бірге көрейік!

Сөзді аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы,
ардагер Нұралы Оспановқа беруге рұқсат етіңіздер.

Нұрлан Оспанов:

Құрметті жерлестер!

Осы мүмкіндікті
пайдаланып, мен облыс үшін үлкен маңызы бар Аралды қайтару жобасы туралы айтқым
келеді. Жобаның бірінші кезеңінің арқасында елдің еңсесі көтеріліп, ата кәсіп –
балық шаруашылығын жандандыруға жағдай туды.

Жобаның екінші кезеңін
жүзеге асыру Арал өңірінің қоршаған орта жағдайын және әлеуметтік-экономикалық
дамуын жақсартуға мүмкіндік берері анық. Біз соны күтеміз. Кеше ғана ол туралы
Елбасына жерлесіміз Күлмәриям Кемалова да айтты. Оған да қуанып қалдық.

Ауданның басқа да
мәселелері жақсы шешіліп жатыр.

Арал ауданына көпті
қуантып көгілдір отын келді, әр шаңыраққа жылу енді, үйімізге шуақ кірді.
Сексеуіл арқылы «Бейнеу-Жезқазған» темір жолы өтті, ол да жаңа жұмыс беріп
жатыр. Жолдарымыз жөнделіп, көшелер кеңейтілді.

Бірнеше жаңа мектеп
салынып, емхана мен мәдениет үйлері пайдалануға берілді.

Аралдан шыққан мәдениет
және өнер қайраткерлерін ұрпаққа өнеге ету мақсатындағы шаралар жалғасын
табуда.

Қорыта айтқанда, Арал
ауданы дамудың даңғыл жолына қадам басып келеді. Бүгінгі орайлы сәтті пайдалана
отырып, Арал ауданы халқының атынан Елбасына, қамқорлық жасап жатқан мемлекетке
рахмет айтамын. Биыл ата-бабаларымыз аңсаған Тәуелсіздігімізге 25 жыл. Бұл
жолда ел тыныштығы – баға жетпес байлығымыз. Сол бірліктен айырмасын! Осындай
цехтар мен зауыттар көбейсін, жұмыс болсын, ырыс молайсын!

Алаштың анасы атанған –
Сыр елі респуб­ликаның ең алдыңғы аймағы болс­ын
!

 

Ал енді, жаңа айтылған Аралды сақтау жобасына келер
болсақ, Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен «Сырдария өзенінің арнасын
реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау», қысқартылған атауы –
САРАТС жобасының екінші кезеңі «2014-2020 жылдары Қазақстанның су ресурстарын
басқарудың мемлекеттік бағдарламасына» енгізілді. Жобаның алғашқы бөлігінің
құны – 23,2 млрд теңге.

Оның 85 пайызын Дүниежүзілік банк арқылы, қалған 15
пайызын республикалық бюджет есебінен қаржыландыру туралы Үкіметтің оң шешімі бар.

Қазір бұл жоба Арал теңізі маңындағы көрші елдермен
талқылануда. Өкінішке орай, Өзбекстан жағы өз мүддесін қорғап, жобаға келісім
бермей отыр. Көршілерден келісім болмаған жағдайда да, біз жобаны өз бетімізше
іске асыра аламыз. Сондықтан САРАТС жобасы бойынша табанды түрде алға жылжимыз!

Реті келген соң су шаруашылығы және оның
төңірегіндегі экология мәселелері туралы
айта кетейін. Облыстағы елді мекендердің экологиялық жағдайын жақсарту және
суармалы сумен қамтамасыз ету үшін 8 каналды тазалау жұмыстары жүргізілді
(Қазалы ауданы Аранды ауылдық округіндегі «Қарлан» каналы; Қармақшы ауданы
Жосалы кентіндегі «Сарыөзек» көлінің жағасын бекіту; Жалағаш ауданы Бұқарбай
батыр ауылдық округіндегі «Р-7» каналы, Таң ауылдық округіндегі «Бастау»
каналы, Мырзабай ахун ауылдық округіндегі «Майжарма» каналына жағалай дренаж
орнату; Сырдария ауданы Қоғалыкөл ауылдық округіндегі «Жанарық» және Жетікөл
ауылдық округіндегі «Хозцентр» каналы; Жаңақорған ауданы Сунақ ата ауылдық
округіндегі «Ескі екпінді» каналы). Сорғыштың 2 комплектісі алынды (Қазалы
ауданындағы Құмжиек ауылы және Қызылорда қаласындағы «Жібек жолы» каналы).
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 8 елді мекенді суармалы сумен қамтамасыз ету
мәселесі шешілді.

Жаңақорған ауданындағы «Қыраш» және «Көлтоған» су
қоймасы жөнделді.

Су тапшылығын болдырмау мақсатында Жаңа-Шиелі
магистральдық каналының су бөгетінде құны 1,5 млрд теңге тұратын үрлемелі су
тежеуіші салынды.

Нәтижесінде Жаңақорған-Шиелі алабындағы 30 мың гектар
жерді су тапшы кезде де сумен іркіліссіз
қамтуға мүмкіндік туды.

Экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында жалпы көлемі 11
мың гектарға тарта жерге сексеуіл мен декоративті ағаш көшеттері отырғызылды.
Арал теңізінің табанындағы құмды бекіту мақсатында және егістікті тұздан қорғау
үшін 5 мың гектар аумаққа сексеуіл егілді.

 

Құрметті жерлестер!

Өңір экономикасының тұрақтылығын күшейтуге бағытталған
құрылымдық өзгерістердің бір тірегі – жан-жақты дамыған өндіріс болса, екіншісі
– қатары көбейген, буыны қатайған кәсіпкерлік дер едім.

Сондықтан да, біздің дағдарысқа қарсы
іс-қимылдарымыздың үлкен бөлігі іскер ортаны, соның ішінде шағын және орта
бизнесті қолдау, кәсіпкерлік бастамаға жағдай жасауға арналған.

Өйткені жаңа жұмыс орындарын ашатын да, экономиканы
кеңейтіп, салық базасын ұлғайтатын да, инновацияны дамытатын да, ең әуелі
кәсіпкерлер ортасы.

2015 жылы «Бизнестің жол картасы-2020» шеңберінде
өндірістік инфрақұрылымды дамытуға және кәсіпкерлікті қолдауға 2,6 млрд теңге
бөлінді, бұл 2014 жылмен салыстырғанда 77 пайызға артық.

Осы бағдарлама аясында қолға алынған индустриалық
аймақтарды құру және дамыту бастамасы жалғасын тапты.

Арал, Қазалы, Жалағаш және Шиелі аудандары мен
Қызылорда қаласында құрылған индустриалық аймақтарға инженерлік инфрақұрылым
тартылып, инвестициялық жобаларды іске асыруға қолайлы жағдай жасалды.

Соның нәтижесінде 2015 жылы аталған аймақтарда жалпы
құны 2 жарым миллиард теңгеден асатын 16 жоба іске асты.

Сырдария және Жаңақорған аудандарын­да ин­дус­триялық
аймақты құрудың жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, тиісті жер телімдері
бөлінді.

Туристік инфрақұрылымды, оның ішінде Қармақшы ауданы Төретам
кентінде индустриалды-туристік аймақты дайындау жұмыстары басталды.

2014 жылдың аяғында ауылдық жерлерде бизнесін жаңадан
бастаушы кәсіпкерлерге қолдау көрсету тетігі ретінде «Өңірлік инвестициялық
орталық» (РИЦ) құрылды.

Өткен жылы өңірлік инвестициялық орталық барлық
аудандарда белсенді жұмыс істеп, жалпы құны 342,1 млн теңгені құрайтын 56
жобаны қар­жыландырды, жаңадан 223 жұмыс орны ашылды.

Бұл негізінен шағын, 3-5 адам жұмыс істейтін
наубайхана мен кондитерлік цехтар, техникалық қызмет көрсету бекеттері мен
тігін шеберханасы секілді қарапайым бастамалар. Бірақ өздері шағын болғанымен,
тап осы орта келешек қазақстандық қоғамның буыны, экономиканың негізгі тірегіне
айналады. Сондықтан мемлекет бұл жұмысты жалғастырады, ал қоғам оны жан-жақты қолдап,
насихаттау арқылы жаңа, жас кәсіпкерлердің көптеп пайда болуына көмектесуі
қажет.

Жоғарыда аталған шаралардың нәтижесінде өткен жылы
аймақта тіркелген кәсіпкерлер саны 7,8 пайызға артты.

Бұл – республикадағы ең жоғары көрсет­кіштердің бірі.

2016 жылы біз кәсіпкерлікті қолдауды еселеп
арттырамыз. Бұл жұмысқа әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен Өңірлік
кәсіпкерлер палатасын тарту арқылы биылғы жылдан бастап «Микробизнес-Қызылорда»
пилоттық жобасына кірістік. Ол үшін 600 миллион теңге қаржы қарастырылған, оның
300 миллион теңгесін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы салады.

Жалпы алғанда, биыл біз шағын бизнесті қаржылай
қолдауды өткен жылмен салыстырғанда 4 есеге арттыруды жоспарладық. 2016 жылы
барлық қаржы көздерін қоса есептегенде, шағын бизнес пен кәсіпкерлік бастаманы
қолдауға 3,2 миллиард теңге қаржы бөлінеді.

Жаңа өндіріс орындарын ашу, кәсіпкерлікті қолдау,
халықты әлеуметтік қамсыздандыру шараларының арқасында 2015 жылы жалпы саны 12
мың жаңа жұмыс орны, оның ішінде 9 мың 835 тұрақты жұмыс орны құрылды.

Жаппай қысқартудың алдын алу және жаңа жұмыс орындарын
құру шараларының нәтижесінде облыстағы жұмыссыздық деңгейін 4,9 пайыздан
асырмадық, жұмыссыздық 2014 жылмен салыстырғанда 0,1 пайызға төмендеді. Ал жас­тар
арасындағы жұмыссыздық алдыңғы жылмен салыстырғанда 1 пайызға азайып, 4,1
пайызды құрады.

Әр жұмысшының отбасы мүшелерін ескерсек, құрылған
жұмыс орындары тағы 50 мың адамға тіршілік көзі мен ертеңге деген сенім
сыйлады. Бұл – жасалған жұмыстың нақты да, ең қымбат жемісі. Сондықтан осы
шаруаға атсалысқан барлық әріптестерге ризашылық білдіремін.

Жұмыссыздықты тежеу және жаңа жұмыс орындарын ашу –
ағымдағы жылы да біздің басты міндетіміз болып қалады.

Тәуекелі таудай қазіргі уақытта мұндай міндеттеме алу
бізге де оңай емес. Бірақ, жоспарларды жария етіп, өзімізді қамшылауға біз
әлдеқашан үйренгенбіз. Уәдені орындау үшін әрине көп жұмыс істеу керек. Біз
оған дайынбыз!

Ерекше бақылауда тұрған аса маңызды мәселенің бірі –
тұтыну тауарларының, әсіресе азық-түлік бағаларының тұрақтылығы.

Өткен жылы тұрақтандыру қорының (стабилизационный
фонд) тауарлық интервенциялары арқасында бағалардың республика көрсеткіштерімен
салыстырғанда аз ғана өскені байқалады (облыс – 109,9 пайыз, республика – 110,9
пайыз). Бұл жұмысты биыл да жалғастырамыз.

2015 жылы коммуналдық қызметтер бағасын біршама
өсіруге мәжбүр болдық. Түсіндіре кетейін – биылғы жылы біз халықаралық қаржы
ұйымдарының қолдауымен облыс орталығының коммуналдық инфрақұрылымын (жылу, су,
электр­мен қамту желілерін) толықтай кеңейтіп, жаңғырту жұмысын бастаймыз.
Коммуналды қызмет көрсетуші кәсіпорындар осы жұмыстарға берілген несиені өтей
бастауы тиіс, сондықтан да тарифтерді көтеру қажет болды.

Алайда, тұрғындар үшін тарифтер өте қатты өскен жоқ
(мысалы, жылу бойынша небәрі 9 пайыз, бизнес үшін 15 пайыз). Негізгі салмақ
бюджеттік ұйымдарға түсті (олар үшін баға 4 есе ұлғайды).

Ауыл шаруашылығына келер болсақ, 2015 жылы аграрлық
саланың барлық бағытында өсім байқалды. Агрокешендегі жалпы өнім көлемі 62,8
млрд теңгені құрап, 2014 жылмен салыстырғанда 4,2 пайызға артты.

Мал шаруашылығындағы өнімділік 102,2 пайыз, өсімдік
шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 105,7 пайыз құрады.

Ауыл шаруашылығын қолдауға 2015 жылы 8,2 млрд теңге
бөлінді.

Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау мақсатында
жанармай бағасын арзандату субсидиясына, су жеткізу қызметіне, мал шаруашылығы
өнімінің сапасы мен өнімділігін көтеруге, тыңайтқыштардың бағасын арзандатуға
5,2 млрд теңге бөлінді.

Сыр бойының негізгі дақылы – күріштің әр гектарынан
орташа есеппен 50,5 центнерден астық алынды (2014 жылы – 50,1 ц/га). Күріштен
үшінші жыл қатарынан рекордтық көлемі жиналды, қамбаға 423,6 мың тонна өнім
құйылды!

«Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы
ғылыми-зерттеу институты» белсенді жұмыс істеуде. Диқандарды жоғары репродукциялық дәнмен қамтамасыз ету
98,5 пайызға жеткізілді. Бұл тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғары көрсеткіш.

2016 жылдың 1 қаңтарына облыста 256 мың бас мүйізді
ірі қара, 570 мың қой мен ешкі, 88 мың жылқы, 36 мың түйе бар.Сиыр саны –
7,2 пайызға, қой – 5,9 пайызға, жылқы – 2,7 пайызға, түйе саны 4,2 пайызға өскен.

«Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары бойынша
140-қа тарта шаруашылық 1 миллиард теңгеден аса несие алып, оған 10 мыңнан аса
мал сатып алынды.

Ветеринария жүйесін жетілдіру шараларының нәтижесінде
облыс 2015 жылы аусыл (ящур) дерті бойынша буферлік аймақтан шықты. Соның
арқасында мал шаруашылығын дамытып, Сыр бойының етін сыртқа шығаруға кең жол
ашылды.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласында да бірталай
алға жылжу бар. Жоғарыда аталған «Жан Арай Жем” агрокешенінен бөлек, Қызылорда
қаласында тәулігіне қуаты жарты тонна шұжық шығаратын цех, Жалағаш ауданында
тәулігіне 150 тонна күріш өңдейтін зауыт, Шиелі ауданында күніне 1 тонна сүт
өнімдерін өңдейтін цех іске қосылды.

Аймақтағы агроөнеркәсіп кешенін дамытуға шетелдік
инвесторлар да қызығушылық танытуда. Мәселен, Қазақстан мен Қытай үкіметі
арасындағы келісімнің негізінде Жаңақорған ауданына Қытайдан томат пастасын
өндіретін зауыт көшіру және салу мәселесі шешімін тапты. Осы келісімнің негізінде 4 мың гектар жерде
тамшылатып суару арқылы томат өсіру жобасы жүзеге асатын болды.

Қытайлық инвесторлармен Қызылорда қаласында түйе сүтін
өңдейтін зауыт салу мәселесі талқылануда.

Шиелі ауданында 13 мың гектар аумақта мақсары және
басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру жобасын бастау мен өсімдік майын
өндіретін зауыт салу жөнінде ирандық инвестормен келісімге қол жеткізілді.

Сондай-ақ, өз кәсіпкерлеріміздің қатысуымен 2016 жылы
өндірістік жылыжайлар құру, тамшылатып суару арқылы картоп өсіру, көкөніс және
жеміс-жидек сақтау қоймасын салу, күріш өңдеу зауыты, құс фермасын салу секілді
бірқатар басқа да жобалар іске асады.

«Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыру»
жобасы шеңберінде 2015 жылы «Сыр маржаны» серіктестігі Қазалы ауданында 500 ірі
қара малға арналған мал бордақылау алаңын іске қосты. Келешекте оның қуатын
2000 басқа арттыру жоспарлануда.

Сол секілді, жақында Сырдария ауданындағы «Ша­ған-жер»
серіктестігі 3 мың ірі қара малға арналған бордақылау алаңының құрылысын аяқ­тады.
Қазір осы кешенмен тікелей қосылу мүмкіндігі бар.

 

 

Құрметті
қызылордалықтар!

Менің есімім Қадыров
Бердібек
. Сырдария ауданы «Шаған-Жер» серіктестігінің директорымын.
Елбасының жыл сайынғы Жолдауында, облыс әкімінің іс-қимыл жоспарларында шағын
және орта бизнесті дамытуға үлкен мән беріліп, бұл бағыттағы жұмыстарға нақты
қолдау көрсетіліп келеді. Соның арқасында Сырдария ауданындағы кәсіпкерлік
саласы да қарқынды дамуда.

Соның бір мысалы мына
біздің кәсіпорын. Қазіргі ерекше экономикалық күрделі жағдайға қарамастан, біз
«Қаз Агро Өнім» акционерлік қоға­мының қолдауымен 396 млн теңге тұратын «Мал
бордақылау алаңының» құрылысын аяқтадық.

Бұл жобаның жалпы құны
1 миллиард 170 миллион теңге.

Мұнда 3000 бас ірі қара
мал бордақыланып, өндірілген ет өнімдері Қызылорда, Байқоңыр, Алматы
қалаларының нарығына шығарылып, бір бөлігі көрші Ресей мен Өзбекстанға
экспортталады деп жоспарлануда. Мұнда 100-ге тарта жаңа жұмыс орны
құрылды.

«Шаған Жер»
серіктестігі ел игілігі үшін осындай жаңашыл бастамаларды алда да қолдап,
оларды жүзеге асыруға дайын.

Туған жеріміз – Сыр
елінің дәулеті мен абыройы арта берсін.
Егемен еліміздің мерейі үстем болсын!

Келесі сөзді Шаған
ауылдық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Садуов Өмірзаққа беруге рұқсат
етіңіздер.

Өмірзақ Садуов:

Тәуелсіздік алған 25
жылда Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданған өте тиімді, елге пайдасы мол
бағдарламалардың арқасында ауданымыз, жалпы облысымыз дамудың жоғары деңгейінен
көрініп келеді.

Бүгінгі күні біздің
ауданымыз түрлі сала бойынша үздіктер қатарында.

2015 жыл ауданымыз үшін
табысты жыл болды.

Ауданымызда шағын және
орта кәсіпкерлер саны өткен жылдармен салыстырғанда 111 пайызға өсті. Құрылыс
көбейді. Аудан орталығында автостанса, тұрғын үй, бірқатар елді мекендерде жаңа
балабақша мен клуб үйлері салынды, аудан халқы 100 пайыз ауыз сумен қамтылды.
Ауданымызға 2 миллиардтан астам инвестиция тартылды. Ақжарма ауылының жанынан
өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» күре жолының бойынан «Нұрлы Жол» сервистік
кешені салынып бітті.

Осының барлығы елдің
ауызбірлігінің арқасында жеткен табыстар. Қай кезде де, қай істе де Сыр елі
алда бола берсін! Қиындықтарды біз жеңеміз, оған күмән жоқ.

Біздің ауылдан осындай
мал өсіретін кешен салуға көмектескен үкіметке, соған пәрмен берген Елбасына
рахмет айтамыз.

Тәуелсіздігіміз
нығайып, бірлігіміз арта берсін! Еліміз, Елбасы аман болсын!

 

Бастама оң болсын!

Сіздердің тәжірибелеріңіз басқа әріптестерге мысал
болып, облыстағы ауыл шаруашылығының одан әрі дамуына септік етеді деп сенеміз.

Соңғы жылдары облыстағы балық шаруашылығы тез дамып,
аймақ экономикасының салмақты бөлігіне айналып келеді. Өткен 3 жылда балық
аулау 2 мың тоннаға немесе 30 пайызға көбейді. 2015 жылы жалпы ауланған көлем
8,4 мың тоннаны құрады. Соңғы екі жылда балық өнімдерінің экспорты 45 пайызға,
оның ішінде Еуроодақ елдеріне 2 есеге өсті.

Аралдың балығы осы күнде Ресей, Украина, Грузия,
Дания, Польша, Австрия мен Германияға экспортталды. 2015 жылы құны 4,6 млн АҚШ
долларын құрайтын 867 тонна балық Еуропа елдеріне және құны 202 мың АҚШ
долларын құрайтын 920 тонна өнім Ресейге жөнелтілген.

Облыста жылдық қуаттылығы 11 мың тонна болатын 8 балық
өңдеу зауыты жұмыс істейді. Бұл 300-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтуға
мүмкіндік беруде.

Барлық кәсіпорындар халықаралық талапқа сай
құралдармен жабдықталған.

«Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпора­ция­сы
тарапынан бұл салаға жақсы қолдау көрсетіліп отыр. Өткен жылы,
мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы
балық өндіру, өңдеу және өнімді өткізуге арналған бірнеше жобаға еншілес мекеме
ретінде атсалысты. Жобаларды іске асырушы негізгі кәсіпорынның «қанаты
қатайғаннан кейін» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы өз үлесін әріптес
кәсіпорынға қайтарып береді.

Қазір әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы осы саладағы
тағы бірнеше жобалар бойынша, атап айтсақ, Иіркөл шаруашылығы тоғанын қалпына
келтіру және Арал балық өңдеу зауытының жұмысын жетілдіруге атсалысуда.

Арал қаласындағы қуаттылығы жылына 6 мың тонна балық
өңдейтін Арал балық өңдеу зауыты қызметін кеңейтіп, жұмыстарын жүргізуде.
Зауытты шикізатпен тұрақты қамтамасыз ету үшін Арал ауданында Қарашалаң балық
сервистік-дайындау орталығының құрылысы аяқталды.

Өткен жылдың шілдесінде соңғы 50 жылда тұңғыш рет Арал
өңірі балықшыларының бірінші слеті өтті!

Экономиканың дамуына жағдай жасайтын, оның салаларын
өзара байланыстырып, бойына қан жүгіртетін көлік пен логистика инфрақұрылымы.
Бұл салада да өткен жылы атқарылған шаруа аз емес.

2015 жылы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізінің
қызылордалық бөлігінің (812 км) құрылысы толықтай аяқталды. Жол бойындағы 33
нысанда сервистік инфрақұрылым кешендерін құру жұмысы басталды.

Облыстық және аудандық маңызы бар автокөлік жолдарын
қайта құру, күрделі, орта және ағымдағы жөндеу, елді мекендердің көшелерін
салу, көпірлерді қайта құру, оларды күрделі жөндеу, сондай-ақ жобалық-сметалық
құжаттамаларды әзірлеуге 6,3 млрд теңге қаражат бөлінді.

Әсіресе тіректі елді мекендердің жалпы ұзын­ды­ғы 122
шақырым көшелері мен жолдары жөнделді.

Облыстық маңызы бар жолдардағы 4 көпірге күрделі
жөндеу жүргізілді. Қазалы ауданы Жанқожа батыр және Жалағаш ауданы Ақжарма елді
мекендерінің көшелеріне де күрделі жөндеу жүргізілді. Қызылорда қаласындағы
С.Торайғыров көшесі жөнделді. Жобаны іске асыруға облыстық бюджеттен 1
миллиард143 млн теңге бөлінді.

Қорқыт ата халықаралық әуежайы арқылы аптасына 35 әуе
рейсі орындалуда, бұл 2014 жылмен салыстырғанда 14 рейске артық. 2015 жылы
әуежай арқылы 112 мың жолаушы ұшып, 2014 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 36
пайызға артқан.

Қызылорда қаласындағы жаңа жолаушылар әуежайы
терминалы құрылысының концессиялық жобасы аясында жұмыстар басталды. Осы
мақсатта ҚР Үкіметінің шешімімен әуежай коммуналдық меншікке берілді,
халықаралық мәртебе алынды.

Еуропалық қайта құру және даму банкінің несиесі­­мен
қалалық автобустар алу және жаңа комму­налдық автобус паркін салу жобалары
жүріп жатыр.

Экономиканың дамуы мен облыс халқын электр қуатымен
қамтамасыз етуде ауқымды жұмыстар атқарылды.

Қызылорда қаласының индустриялық аймағын­да салынып
жатқан шыны зауытын қажетті электр қуатымен қамтамасыз ету үшін 35/10
киловаттық шағын станция құрылысы мен кернеуі 35 киловаттық электр желісін
тарту жұмыстары басталды.

Арал қаласы мен Әйтеке би кентіндегі электр станцияларын қайта жаңарту жұмыстары
жүргізілуде. Жобаны 2016 жылы аяқтау көзделген.

«Қызылорда қаласы Ақсуат ауылдық округіндегі
Ж.Махамбетов елді мекенін электрмен қамту» жобасы аяқталды. Нәтижесінде
Ж.Махамбетов елді мекенінің 5 мыңға тарта тұрғыны сапалы және үздіксіз электр
қуатымен қамтылды.

Қуат жеткізу сапасын арттыру мақсатында 35 шақырым
жаңа электр желісі тартылып, 7 шағын станция орнатылды.

Аймақ дамуы үшін өте маңызды біздің Үкімет алдында
көтеріп жүрген мәселеміз оң шешімін тапты. Сөйтіп, Қызылорда қаласында қуаты
450 мегаваттық бу-газ электрстансасын
салу туралы шешім қабылданды.

Жылумен қамтуға келер болсақ, 2014-2015 жылғы жылу
маусымы қалыпты жағдайда өтті.

«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Қызылорда қаласының
жылу жүйелерін жаңар­туға Ұлттық қордан 3 млрд теңге бөлінді. Бұл жұмыстардың
шеңберінде 11,2 шақырым магистральдық және көшеаралық жылу жүйелері мен 2
сорғыш станция қайта құрылды. Нәтижесінде жылу трассасының тозу дәрежесі 55
пайыздан 48 пайызға дейін төмендеді.

Жергілікті бюджет есебінен Тасбөгет кентіндегі 700
метр жылу жүйесі қайта құрылды.

Қызылорда қаласындағы қарттар мен мүгедек­терге
арналған интернат үйінің жылу жүйесі жаңартылды. Газбен жұмыс істейтін жаңа
қазандық орнатылды.

«Қызылордажылуэлектрорталығы» мемле­кеттік коммуналдық
кәсіпорны «Оңтүстік қазандық» филиалының үш қазандығы жаңартылды. Бұл «Южный»,
«Шұғыла» шағын аудандары мен Тасбөгет кентіндегі көпқабатты секторды жылумен
қамтуды тұрақтандырды.

Облыс халқын ауыз сумен қамту саласында да ауыз
толтырып айтарлық жұмыс істелді. 2015 жылдың қорытындысы бойынша облыстағы 261
елді мекеннің 194, яғни 74 пайызы орталықтандырылған су жүйесіне қосылды.
Осылайша облыс халқының 95 пайызы таза ауыз сумен қамтылды.

Бұл – республикадағы екінші көрсеткіш.

Ауылдық су құбыры жүйелерін жаңартуға арнал­ған 13
жобаға 2,4 млрд теңге бөлінді. Нәти­же­сінде, 551 шақырым ауылдық су құбырлары
қай­та құрылып, 4 485 бірлік су өлшегіш құралы қойылды.

2015 жылы баламасыз және оқшау су жүйелерін
құруға 2,3 млрд теңге субсидия бөлініп,
300 мыңнан астам халық тұратын 159 ауылдық елді мекенге жеңілдетілген тарифпен
ауыз су берілді.

Су ресурстары комитетімен бірлесіп Жаңақорған
ауданындағы «Талап» және «Сырдария» топтық сутартқышы, Шиелі ауданындағы
«Жиделі» топтық сутартқышының құрылысы, елді мекендерді жерасты суына көшіру
жобалары жалғасын тапты. Нәтижесінде, 2015 жылы «Жиделі» топтық сутартқышына
Шиелі ауданының Алғабас және Бидайкөл ауылдары қосылды.

Бұл жұмыстар аяқталған кезде «Талап-Сырдария» топтық
сутартқышына Жаңақорған ауданының 28 елді мекені қосылады.

2014 жылы «Бейнеу-Бозой-Шымкент” ма­гистраль­­­дық газ
құбырының құрылысы аяқталып, соның арқасында облысты газдандыруға бағыт­талған
кең көлемді жұмыстарды бастауға мүмкіндік алдық.

Қызылорда облысы әкімдігі мен «ҚазТрансГаз Аймақ”
акционерлік қоғамы арасындағы Меморандум аясында 2015 жылы облыстағы 7 аудан
орталығының

4-інде – Арал қаласы, Әйтеке би, Шиелі және Жаңақорған
кенттерінде газ тарту жұмыстары аяқталды.

Бұл – облыс экономикасына қосымша қуат беріп, 130 мың
халықтың күнделікті өмірін түбегейлі түрде өзгерткен үлкен жаңалық болды.

Тезек пен көмірдің қамы, ыс пен күлдің азабынан
құтылған сан мың отбасының тұрмысы жаңа сипат алды деуге болады. Үйлеріне
көгілдір отын жеткен, Шиеліде тұратын отбасының бірімен байланыс бар.

Қадірлі жерлестер!

Мен Шиелі ауданының
байырғы тұрғыны, еңбек ардагері Көпенов Дүйсен Бабатұлы боламын. Жасым
80-де. 10 балам, 40 немерем, 5 шөберем, аман болсын, бір кемпірім бар. Біз
еңбек династиясымыз – әкем де, өзім де теміржолда жұмыс істедік. Енді, міне,
балаларым да жолымызды қуды. Одан басқа мемлекеттің көмегімен ашқан жекеменшік
балабақшамыз бар. Жаңа әкім айтып жатқан көп жұмыстың біз тікелей жемісін көріп
отырмыз. Соның ішіндегі ең үлкен, ғаламат жаңалық мына газдың келуі.

Біразға дейін бұл келе
ме, жоқ па деп сенбедік.

Көңілде күпті болып,
көптен күткен мәселе шешілді. Шырайлы Шиелі халқы үшін өткен жыл ақ түйенің
қарны жарылған жыл болып, жақын арада күтпеген газ келді. Бұл – біз үшін үлкен
қуаныш. Бейнеті бөлек күл шығарып, от көсеген уақыт қалды.

Тұрмыс тауқыметі
азайып, халықтың тұрмыс жағдайы жақсарды.

Бұдан басқа ауданымызда
жаңа мектеп салынып, немерелерім сол мектепке барады. Келінім сонда жұмыс
істейді.

Жолдарға асфальт
төселді, ауызсу мәселесі шешілді. Құдық қазып немесе бұлақ жағалаған заман да
қалды, қазір ауызсуды үйден ішіп отырмыз. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған
заман деп міне, осыны айтуға болады.

Осыншама жемісті
жетістіктер Елбасының және оның саясатынжүргізіп жатқан облыс, аудан басшыларының арқасы деп білеміз.

Бүгінде әр үйдің
берекесін келтірген көгілдір отын аудан халқының ерекше қуанышына айналып отыр.
Осы ретте, Шиелі халқының атынан бүкіл игі істерге, оның ішінде Елбасы
тапсырмасын орындаған әкімге рахмет айтамыз.

Қазіргі сын сәтте сыр
бермеген Сыр халқының бүгінгі төрт көзі түгел отырғанын пайдаланып, үйімізге
арнайы келіп отырған Елдің Анасы Шырынкүл апамыздың берген батасы қабыл
болсын.

Бұйыртса, 2016 жылы қалған үш аудан орталығын –
Жосалы, Жалағаш және Тереңөзекті, сондай-ақ, Қызылорда қаласының газға
қосылмаған тұрғын үйлерін және қала маңындағы елді мекендерді газдандыру
жоспарланған. Қазір оған қажетті ұйымдастыру жұмыстары жүріп жатыр.
Кезең-кезеңімен басқа да елді мекендерге газ жеткізуге арналған жұмыстар
жалғасады.

Облыс елді мекендерін газдандыру жобасы жаңа жұмыс орындарын,
орта арнаулы оқу орындарында осы салаға қажетті бірқатар жаңа мамандықтардың
ашылуына мүмкіндік берді. Жоғарыда айтқанымдай, 2015 жылы жалпы саны 12 мыңнан
аса жұмыс орны құрылды.

Осы аралықта экономикалық қиындықтарға байланысты облыс аумағындағы мекемелерден 900-дей адам
қысқарды. Олар негізінен газдандыру жобасы мен аймақта жүргізілген ауқымды
құрылыс жұмыстарына тартылды.

Енді сол құрылыс жұмыстарына кеңірек тоқталайын.
Өңірлерді дамыту бағдарламасы шеңберінде 2015 жылы тек мемлекет қаражаты
есебінен 138,8 мың шаршы метр тұрғын үй, атап айтсақ 1740 пәтерлі 42 үй
пайдалануға берілді. Оның ішінде:

– мемлекеттік бюджет есебінен кезекте тұрған адамдар
үшін 190 пәтерлі 13 үй, соның ішінде Сырдария ауданында бір бөлмелік 10 үй және
Қызылорда қаласында алпыс пәтерлік 3 тұрғын үй берілді;

– «Қазақстан ипотекалық компаниясы» ипотекалық ұйымы»
арқылы кезекте тұрғандар үшін Қызылорда қаласында 950 пәтерлік 17 үй;

– облыстық бюджет есебінен Қызылорда қаласында апаттық
тұрғын үйдің орнына 60 пәтерлік 1 үй пайдалануға берілді.

Жалпы аумағы 357 мың шаршы метр 2345 жеке тұрғын үй
салынды.

«Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» ипоте­калық ұйымы»
арқылы «СПМК-70» мөл­тек ауданында 270 пәтерлік 5 тұрғын үйдің, «Самұрық
Қазына» жылжымайтын мүлік қорының бағ­дарламасы шеңберінде Шүкіров көшесінде
210 пәтерлік 6 тұрғын үй және Қызылорда қаласы Титов кентінде жас отбасыларға
180 пәтерлік 3 тұрғын үй құрылысы басталды. Осы 14 үйдің құрылысы 2016 жылы
аяқталады.

Сонымен қатар, тұрғын үйлер­ге арналған 158 шақырым инженерлік-комму­никациялық инфра­құрылым
салынды.

«Қазақстан Рес­публи­касының тұрғын үй коммуналдық
шаруа­шы­лығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы» шеңберінде
113 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өтті.

2015 жылы Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі
бағдарламасы аясында тағы 38 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөн­деуден өткізілді.
Нәти­жесінде, күрделі жөн­деу­ді қажет ететін кон­доминимумдардың үлесі13,5%-ға
азайды.

2015 жылы Байқоңыр қаласы мен Төретам кенті аумағының
Бас даму жоспары дайындалды. Аталған аумақтардың стратегиялық дамуы алдағы
25-30 жылды қамтиды.

Қазіргі таңда Байқоңыр қаласының Бас жоспары тиісті
министрліктер мен ведомстволарға келісуге жолданып, одан кейін Қазақстан
Үкіметіне бекітуге енгізіледі.

Қызылорда облысын дамытуға және жаңа жұмыс орындарын
ашуға қажетті «Байқоңыр» кешенінің жалға алынған аумағынан көлемі 11,6 мың
гектар жер телімін жалға алу шартынан шығару туралы Ресей тарапымен алдын ала
келісімге қол жеткізілді.

Қызылорда қаласын дамыту шеңберінде, Бас даму
жоспарына сәйкес, Қызылорда қаласының сол жақ жағалауын дамыту мәселесі
пысықталуда. 2013-2014 жылдары облыс орталығының сол жағалауы аумағында
инженерлік-геологиялық және гидрогеологиялық зерттеулер жүргізілді. Сол
жағалауды тыңғылықты жоспарлау жұмысы жүргізілді.

Сол жағалауды игеру жоспарын ескере отырып, Қызылорда
қаласының шекарасы нақтыланды. Нәтижесінде, қаланың аумағы 2 есеге ұлғайды.
Өздеріңізге белгілі, қаладан сол жақ жағалауға салынып жатқан 385 метр көпір
құрылысының құрылыс-монтаж жұмыстарының 80%-ы орындалды.

2015 жылы сол жағалауды электр, жылу, газ, сумен
қамту, кәріз жүйесін құру және жағалауды нығайту жұмыстарының
техникалық-экономикалық негіздемесін дайындау аяқталды. Мемлекеттік сараптама
жүргізіліп, Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерімен бірлесе Азия даму
банкінің 107 млрд теңге көлеміндегі несиесін тарту жұмысы жүруде.

Қорыта айтқанда, өткен жылы облыста 460 мың шаршы метр
тұрғын үй берілді. Бұл 2014 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге артық.

Мемлекет қаржысы есебінен салынған тұрғын үйкөлемі 3,5
есеге, ал Қызылорда қаласындағы тұрғын үй құрылысы 8 есеге өсті, пәтерге
кезекке тұрғандар саны 17%-ға азайды.2015 жылы облыста жалпы саны 4 мың 227 пәтер салынды.

Соңғы үш жылда Қызылорда облысында 8901 пәтер салынып,
тапсырылды. Бұл – жылдар бойы жеке баспана күткен, асыл армандарына жетіп,
қоныс тойын тойлаған отбасының саны.

Біз осы қарқынды биыл да сақтап қалу үшін «Қазақстан
ипотекалық компаниясы», «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» және «Тұрғын
үй құрылыс жинақ банкімен» қоян-қолтық жұмыс істейміз. Бұйыртса, биыл да
былтырғыдан кем емес көлемде құрылыс жүреді. Нақтырақ айтсақ, Мемлекет басшының
тапсырмасына сәйкес, 2016 жылы тұрғын үй құрылысына қосымша 360 млрд теңге
бөлініп, нәтижесінде алдағы екі жылда республикада 29 400 жаңа пәтер
пайдалануға берілуі тиіс. Аталған тапсырма аясында Қызылорда облысында жалпы
саны 3000 пәтер болатын 60 көпқабатты тұрғын үй салынуы жоспарлаған. Бұл 200
мың шаршы метр жаңа тұрғын үй. 2015 жылы Қызылорда қаласында аумағы 190 мың шаршы
метр 2684 пәтерлі 52 көпқабатты үй салынды. Бұйырса, былтыр да, биыл да тұрғын
үй құрылысының ауқымы бойынша Сыр елі Қазақстан облыстары арасында бірінші
орында болмақ!!!

Аталған құрылыс жұмыстарының басым бөлігі облыс
әкімдігінің шешімімен облыс орталығында жүрді. Бұл жұмыстар даму деңгейі
кенжеленіп қалған Қызылорда қаласын дамыту аясында жүрген шаралардың бір бөлігі
ғана. Сондықтан қала дамуы туралы толығырақ ақпарат алу үшін экранға назар
аударайық.

 

Ред: Қызылорда қаласының дамуы туралы бейнесюжетте
былайша баяндалды:

Ұлы даланың қасиетті төрі, Алаштың анасы атанған
Сыр бойы көшпенділер өркениетінің алтын бесігі ғана емес, бағзы заманнан дария
бойындағы ғажайып қала мәдениетінің де ошағы болған. Қазіргі Сыр бойының бас
шаһары – Қызылорда қаласы да сол тарихи дәстүрдің лайықты мұрагері деуге толық
негіз бар.

Экономикалық қиындықтарға қарамастан, облыс
орталығы қарыштап дамып келеді. 2015 жылы қаланың бюджеті алдыңғы жылмен
салыстырғанда 90 пайызға артып, 39 млрд теңгеге таяды.

Облыс орталығының индустриалды аймағында шыны
зауытының құрылысы жүруде. Елбасының қатысуымен өткен жалпыұлттық телекөпір
аясында РМЗ «Шапағат» үй құрылыс комбинаты іске қосылды. Комбинат көпқабатты
ғимараттарды өте жылдам салуға мүмкіндік береді.

«Жан Арай» серіктестігі мен «Байқоңыр» әлеуметтік
кәсіпкерлік корпорациясы бірлесе іске қосқан ірі агрокешен қаланың өндірістік
әлеуетін еселей түсті.

Қала аумағында іске асқан серпінді жобалар мен
«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының арқасында былтыр облыс орталығында 5
мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды.

2015 жылы қаладағы тұрғын үй құрылысы 8 есеге өсті.
Соңғы 3 жылда қалада 8 шағын аудан бой көтерді, биыл тағы 2 жаңа шағын аудан
салынады. Осы қарқын биыл да сақталмақшы. Аса ауқымды құрылыс жұмыстары қалаға
жаңа тыныс берді. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында өткен жылы Қызылорда
қаласында 2 мың 684 пәтерлік 52 көпқабатты тұрғын үй салынды.

Соңғы екі жылда 87 көпқабатты тұрғын үй күрделі
жөндеуден өтті.

Жаңа оқу жылында «Ипподром» мөлтек ауданы және
Қорқыт ата көшесінің бойында 900 орындық екі мектеп пайдалануға берілді.

Қаламызда жаңадан салынған «Арай-2» ауданында
мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде 280 орындық балабақшаның құрылысы
бас­талды.Тасбөгет кентінде 200 орындық облыстық балалар ауруханасының құрылысы
бас­талды.

Талай ұлтқа пана болған өлкенің қақ төрінен туыстай
боп кеткен дүйім жұртқа ортақ шаңырақ бұйырып, Достық үйі ашылды. Сәні мен
салтанаты келіскен кең сарайға облыстағы 11 этно-мәдени бірлестік жайғасты.

Қырық жылдан бері алғаш рет қаланың ауыз су, кәріз
және жылу тарату жүйелері кеңейтіліп, жаңартылды. Нәтижесінде, қалаға берілетін
ауыз су көлемі артып, сапасы едәуір жақсарды. Қала халқы толықтай сапасы аса
жоғары «Қызылжарма» жерасты ауыз суынакөшті. Қала тұрғындарын көгілдір отынмен қамту 95 пайызға жетті.

Көлік инфрақұрылымы саласы бойынша жалпы ұзындығы
53 шақырымды құрайтын 87 көшеге жаңарту, ағымдағы, күрделі және орташа жөндеу
жұмыстары жүргізілді.

Абай даңғылы мен Қазыбек би көшесінде жаяу
жүргіншілерге арналған 2 аспалы көпір салынды.

Қала мен Қорқыт ата әуежайы арасындағы жолдың
бойында тамшылатып суару арқылы «Жасыл
белдеу» жасау қолға алынды.

Қаланы көгалдандыру жұмыстарына кәсіпкер­лер де
атсалысуда.

Облыс орталығындағы спорттық нысандар саны артып
келеді. «Сыр самалы» жағажайында 5
футбол алаңы салынды. Ұлттық спорт түрлерін дамыту мақсатында жаңа ипподром
ашылды, ең жоғары талаптарға сай «Бокс орталығының» құрылысы аяқталды.

Жалпы, соңғы 3 жылда облыстық және республикалық
бюджеттен қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына бөлінген қаржы көлемі 180
миллиард теңгені құрады.

Ұлттық нақышты заманауи үлгімен ұштас­тыра отырып,
Сырдарияның сол жағалауына жаңа шаһар тұрғызуға ұмтылған жасампаз қала осы­лайша
аршынды адыммен ілгерілеп, тез
дамып келеді.

Бас шаһардағы байырқалы тірлікке өткен жылдың қазан
айындағы Сыр еліне келген сапары кезінде Елбасы оң бағасын берді. Бұл – зор
мәртебе, әрі жауапкершілік!

 

Құрметті жерлестер!

Жаһандық дағдарыс әсерінен қаражат қорлары тарылған
жағдайда өңірді дамытуға қажетті қаржы тартудың жалғыз ғана көзі – халықаралық
қаржы ұйымдары болып қалды. Біз қоян-қолтық жұмыс істеп жатқан осындай ұйымдар
қатарында Европалық қайта құру және даму банкі, Азиялық даму банкі, Ислам даму
банкі, Халықаралық қайта құру және даму банкі, Халықаралық қаржы корпорациясы
(«IFC”), т.б. бар.

Европалық қайта құру және даму банкімен бірлескен 8
жоба бар, оның 7-і облыс орталығы – Қызылорда қаласының инфрақұрылымын дамытуға
арналған.

Олардың қатарында Қызылорда қаласының жылу жүйесін
жаңарту; Шиелі, Жаңақорған аудандары мен Қызылорда қаласындағы темір жолдың
арғы бөлігінің электр жүйелерін жаңарту; Қызылорда қаласын сумен қамту және су
бұру жүйесін қайта құру; және қаладағы автобус паркін салу сияқты жобалар бар.

Халықаралық Ислам қаржы ұйымдары және Азия даму
банкімен инфрақұрылымдық, индустриялық, ауыл шаруашылығы, сондай-ақ тұрғын үй
жобаларын іске асыру төңірегінде келіссөздер жүргізілуде.

Атап айтқанда, Азия даму банкімен Қызылорда қаласының
сол жағалауын дамытуға қажетті инженерлік инфрақұрылым, тұрғын үй және
әлеуметтік-тұрмыстық нысандарды салу жобаларын кезең-кезеңмен іске асыру
мүмкіндіктері қарастырылуда.

Азия даму банкі бұл жобаны «ақылды қаланы» («SMART
CITY») дамытуға бағытталған инфрақұрылымдық кешенді бағдарлама ретінде іске
асыру туралы ұсыныс енгізді.

«Қазақстандық мемлекеттік-жекешелік әріп­тестік
орталығы» акционерлік қоғамы біздің облысты мемлекеттік-жекешелік әріптестікті
дамы­тудағы пилоттық өңір ретінде белгіледі. Соның аясында
«Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын сүймелдеу орталығымен» бірлесіп 5
жобаға инвесторлар тарту жұмыстары жүргізілуде.

Олар: ауысымына 500 адам қабылдайтын емхана, Қызылорда
қаласында салынатын кәсіптік-техникалық лицей, облыс орталығы әуежайының
жолаушылар терминалының құрылысы, апаттық жағдайдағы мектептердің орнына 11
мектеп салу, сонымен бірге Сырдария ауданының тұрғындарын сапалы ауыз сумен
қамту жобалары.

Осылайша, қорыта айтқанда 333 млрд теңгені құрайтын 31
жобаны халықаралық қаржы ұйымдары және «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік»
негізінде іске асыру жоспарланды. Мұның барлығы айтуға ғана оңай, әрқайсысы мол
білік пен табанды еңбек талап ететін күрделі жобалар екені Сіздерге түсінікті
болар!

Ашығын айтқанда, халықаралық қаржы нарықтары мен
валюталық жүйенің аса тұрақсыз кезеңінде сырттан қаражат тарту да қиындап
барады. Дегенмен, барымызды салып, аталған жобаларды іске асыруға бекіндік.
Оған мүмкіндік бар, инвесторлардың біздің жобаларға деген қызығушылығы әлі де
жоғары.

Жылына екі мәрте өткізіліп жүрген «Байқоңыр”
инвестициялық форумы соған дәлел. Соңғы үш жылда өткізілген алты инвестициялық
форум шеңберінде барлығы 70-тей әріптестік туралы шарттар мен меморандумдарға
қол қойылды. Соның арқасында облыс экономикасына 100 млрд теңгеден астам
тікелей инвестиция тартылды.

Қалыптасқан жағдайда біз бюджетті жасақтау және оны
орындау барысына да қырағылықпен қарауымыз қажет. Біз барлық деңгейдегі
бюджеттік мекемелерден әрбір тиынды үнемді жаратуды, тиімді пайдалануды қатаң
талап етеміз.

Бюджеттік саясаттың негізгі қағидаттары былтыр да,
биыл да өзгермеді. Сөзсіз және бұлжытпай орындалуы тиіс бірінші басымдық –
азаматтар алдындағы әлеуметтік міндеттемелер.

Сондықтан дағдарыс кезеңінің қиыншы­лықтарына
қарамастан, әлеуметтік міндеттемелерді қаржыландыру толық көлемде атқарылып
келеді. Соңғы 2 жылда Қызылорда облысы адам басына шаққандағы әлеуметтік салаға
жұмсалатын шығыстар көлемі бойынша бірінші орында.

Бюджет әлеуметтік сипатын сақтап қалды. Шығыстардың
жалпы көлемінің 62 пайызы немесе 113 млрд теңгесі әлеуметтік салаға бағытталды.

Өңір жан басына шаққандағы бюджет шығыстарының көлемі
бойынша республикада 5-ші орында, ал әлеуметтік салаға бағытталған шығыстары
бойынша 1-ші орында!

Әлеуметтік саланың дамуына келер болсақ, соңғы үш
жылда білім беру саласына 188 миллиард теңге қаржы бөлінді. Жүйелі жүргізілген
жұмыстың нәтижесінде бұл саладағы бірқатар маңызды мәселелер тиімді шешімін
тапты.

2015 жылы 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке
дейінгі тәрбиемен қамтуды 100 пайызға жеткіздік. «Балапан» бағдарламасы аясында
бұл көрсеткішке қол жеткізу 2020 жылға жоспарланған болатын. Сыр елі
мемлекеттік-жеке­шелік әріптестік негізінде бұл міндетті мерзі­мінен бұрын
орындады. Тек өткен жылы мемлекеттің қолдауы арқасында облыста 80-ге тарта
жекеменшік балабақша ашылды. Бұл тәжірибе республиканың басқа аймақтарына үлгі
ретінде таратылуда.

Қазір облыс аумағындағы 299 мектепте 137 мың бала
білім алуда. 2015 жылы Байқоңыр қаласының қазақ тілді 5 мектебі мен 1
балабақшасын Ресейден Қазақстанның қарамағына қайтардық. Ол мектептерге қажетті
құрал-жабдықтар алынып, ұстаздарын жан-жақты қолдау шаралары жасалды.

Соңғы жылдары біз апатты мектептер мәселесін шешуге
мықтап кірістік. 2013 жылы 36 апатты мектеп болса, екі жылда соның 25-ін
жаңадан салып шықтық.

Жоғарыда айтылғандай, бұйырса, қалған 11 апатты
жағдайдағы мектептердің құрылысын ағымдағы жылы мемлекеттік-жекешелік
әріптестік негізінде шешу жоспарланған.

2015 жылы Ұлттық бірыңғай тест нәтижелері бойынша
облысымыз ең үздік бес облыстың қатарына кірді!

Естеріңізде болса, бірер жыл бұрын бұл көрсеткіш
бойынша біз ең соңғы орында едік.

Өткен жылы «Алтын белгіден” үміткер 231 баланың 139-ы,
яғни 60 пайызы алған білімдерінің алтын сапасын растады. Халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар
жарыстарына қатысқан 84 баламыздың 46-сы жүлделі орын алды.

Кәсіби-техникалық білім беру саласында оқу барысына
дуальды технология элементтерін енгізіп жатырмыз. Нәтижесінде, колледж
түлектерінің жұмыспен қамтылу көрсеткіші 68 пайызға жетті, осыдан екі жыл бұрын бұл көрсеткіш 45 пайыз
еді.

2014 жылдан бастап, аймақ экономикасына білікті маман
дайындау мақсатында Ресейдің белді жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс
орнатылды. Қазір Ресей Үкіметінің есебінен 320-дан аса қызылордалық жас
Ресейдің алдыңғы қатарлы техникалық жоғары оқу орындарында білім алып жатыр.

2016 жылы тағы 200-ден астам Сыр елінің түлегі осындай
мүмкіндік алады.

2,5 мыңнан аса Сыр елінің түлектері «Серпін”
бағдарламасы бойынша Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі орта арнаулы және жоғары
оқу орындарына жолдама алды.

Сонымен қатар, сұранысқа ие техникалық мамандықтар
бойынша тұрмысы төмен отбасынан шыққан 365 балаға Қазақстанның жетекші оқу
орындарына берілген әкімнің гранттарын
қаржыландыру да жалғасын тапты.

Жалпы алғанда, 2015 жылы мектеп бітірген қызылордалық
түлектердің тең жартысы мемлекет есебінен орта арнаулы және жоғары оқу
орындарына қабылданды.

Сыр елінің кемел келешегін біз осы балалармен
байланыстырамыз, сондықтан олардың алаңсыз оқып, білім мен білік жинауына
қолдан келгеннің барлығын жасаймыз!

Денсаулық сақтау саласындағы басты талап – медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапа­сын
қамтамасыз ету. Бұл салаға үш жылда 92 миллиард теңге қаржы бөлінді. Қазір бір
тұрғынға шаққандағы шығыстар көлемі бойынша облысымыз Астана қаласынан кейінгі
2-ші орында.

Өткен жылы жалпы өлім-жітімді 14,7 пайызға, сәби
өлімін 5 пайызға, жалпы аурушаңдықты 5,6 пайызға, ал туберкулезден болатын өлім
санын 21 пайызға төмендетуге қол жетті.

Өкінішке орай, ана өлімі мәселесі әлі де өзекті болып
тұр. 2015 жылы 9 анадан айырылдық. Бұл бағытта биыл ерекше белсенді және жинақы
жұмыс істеуіміз қажет. Солай болады да!

Әсіресе, дәрігер мамандардың білігі мен кәсіби
деңгейін көтеруге ерекше ден қойылады. Осы мақсатта өткен жылы облыстық
медициналық орталық жанынан С.Асфендияров атындағы ұлттық медициналық
университеттің филиалы ашылды.

Денсаулық сақтау саласындағы көп мәселе
аурулардың алдын алу, соның ішінде
жастар арасындағы салауатты өмір салтын күшейтуге арналған ақпараттық насихат
және тәрбие жұмысына байланысты. Осыған орай денсаулық басқармасы жанынан
жастар денсаулығы орталығы құрылды.

Жастарды қолдау шараларына келсек, жастардың түрлі
санаттарымен арнайы жұмыс ұйымдастыруға бағытталған 16 әлеуметтік жоба жүзеге
асырылды.

Оған 65,6 млн теңге қаралды. Жыл бойы 60 мың жас
қатысқан 700-ден аса түрлі шара өтті. «Жасыл ел» сарбаздарының қатарына 1000
адам, құрылыс отрядтарына 252, ал педагогикалық жасаққа 40 жас тартылды. Жастар
арасындағы жұмыссыздық 3 жылда 6,5 пайыздан 4,1 пайызға дейін төмендеді.

Спорт саласында да жағымды жаңалық аз емес. 2015 жылы
Қазалы ауданындағы Әйтеке би, Жаңақорған ауданы Жаңақорған кентінде
спорттық-сауықтыру кешендері мен Сырдария ауданындағы Нағи Ілиясов елді
мекеніндегі стадион пайдалануға берілді.

Спортшыларды дайындау мақсатында 227 оқу-спорттық жиын
өткізіліп, оған 2 мың 417 спортшы қатысты. Облыстың 2 мың 468 спортшысы 278
халықаралық және республикалық жарыстарға қатысты.

Республика чемпионаттарында облыс спортшылары 165
алтын, 138 күміс және 221 қола медаль иеленсе, Азия және Әлем чемпионаттарында
23 алтын, 11 күміс, 19 қола медаль тақты.

Қазақстанның құрама командаларына облыстың 306
спортшысы кірді. Спортпен тұрақты түрде шұғылданатын тұрғындар үлесі 25
пайыздан асты.

Жалпы алғанда, 3 жылда тек мемлекет есебінен облыста
130 жаңа әлеуметтік нысан салынды. Оның ішінде 57 мектеп пен балабақша, 35 денсаулық
сақтау мекемесі, 23 мәдениет нысаны, 9 спорт кешені бар.

Осы аралықта демеушілер есебінен 8 ірі жаңа әлеуметтік
нысан пайда болды. Соның ішінде 2015 жылы облыс орталығында отбасылық үлгідегі
«Атамекен” балалар ауылы салынды. Бұдан былай Қызылорда облысында жетімдер үйі
жоқ! Сондай-ақ, демеушілердің қолдауымен, Қызылорда қаласында барлық талапқа
сай жаңа ипподром салынып, тапсырылды.

Қиындыққа қарамастан, өткен жылы да, биыл да облыс
бюджетінің әлеуметтік сипаты сақталды. Өйткені біздің барлық жұмысымыздың басты
мақсаты – халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мен әр адамның күнделікті
тұрмыс сапасын көтеру.

Өздеріңіз білетіндей, Елбасының тапсырмасымен 2016 жылдан бастап бірқатар әлеуметтік
жәрдемақылар мен стипендия мөлшері 25 пайызға артты, зейнетақы көлемі инфляция
дәрежесінен 2 пайызға артық мөлшерде қайта есептелді, азаматтық сала
қызметкерлерінің жалақысы 40 пайызға
дейін, соның ішінде білім беру және денсаулық сақтау салаларында
28пайызға дейін көтерілді.

Экономикадағы қазіргі ахуал жағдайды күнделікті мұқият
бақылап, тиісінше шұғыл әрекет етуді талап етеді. Күні кеше Елбасы республика
Үкіметінің кеңейтілген отырысына қатысып, экономиканы қолдаудың кең көлемді,
қосымша, нақты шараларын анықтап берді.

Атап айтсақ, «Нұрлы Жол” бағдарламасы аясында тұрғын
үй құрылысын кеңейтуге, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға
Ұлттық қордан 554 миллиард теңге бөлу туралы шешім қабылданды. Сонымен бірге,
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жинақталған қаражат есебінен экономика
салаларына 1 триллион 450 миллиард теңге қосымша қаржы бөлінді. 2016 жылы
Үкімет деңгейінде жүзеге асырылатын дағдарысқа қарсы шараларға жалпы көлемі 2
триллион теңгеге жуық қаражат қарастырылған. Ол ақша негізінен
қаржылық жүйені тұрақтандыру, шағын және орта бизнес пен ауыл шаруашылығын
қолдау шараларына бағытталады.

Осы шешімдердің арқасында республика бойынша 2016-2017
жылдары қосымша 40 мың шаршы метрден аса тұрғын үй салынады, биылдың өзінде
қосымша 29 мың жаңа жұмыс орындары құрылады. Шаралардың толық және тиімді
орындалуы жалпы ел экономикасының өсіміне 1 пайыз қосады.

Елбасы осы тапсырмаларды берген сөзінде аталған
шаралардың негізгі мақсаты –қарапайым адамдардың әл-ауқаты, жұмыс орны,
тұрақты да бақуатты өмірі екендігін ерекше атады.

Осы орайдағы біздің мақсатымыз – орталықта бөлінген
қаражатты Сыр еліне мейлінше көп тартып, облыс аумағындағы тұрғын үй мен
инфрақұрылымдар құрылысы, шағын және орта бизнес пен ауыл шаруашылғын қолдауға
барынша жағдай жасау. Ол жұмыс басталып та кетті.

Енді облыс әкімінің 2016 жылға арналған дағдарысқа
қарсы іс-қимыл жоспарына тоқталайық. Іс-қимыл жоспары, ең алдымен, жаһандық
дағдарыстың өңір экономикасы мен халықтың әлеу­меттік жағдайына кері әсерін
азайтуға бағытталған.

Жоғарыда айтылғандай, іс-қимыл жоспарының басымдықтары
– 100 нақты қадамнан тұратын Ұлт Жоспарына, Елбасы Жолдауының басымдықтарына
сәйкес анықталды. Сонымен қатар, мұнайдың әлемдегі баға нарығы да ескерілді.
Осылардың негізінде 5 басымдық анықталды.

 

БІРІНШІ және ең маңызды міндет – адамдардың
жаппай жұмыстан босауына жол бермеу және жаңа жұмыс орындарын ашу.

Өткен жылы барлық ірі және орта кәсіпорындар мен жұмыс
орындары мен жұмысшылардың құқықтарын сақтау жөніндегі меморандумдарға қол
қойылды. Биыл сол жұмыстың ауқымы кеңейтіліп, аймақта жұмыс істейтін 200-ге
тарта компаниямен еңбек қатынастары саласындағыәріптестік туралы шарттар жасалуда. Әріптестеріміз алған міндеттемелерін
орындауға жауапты қарайды деп сенеміз, орындалуын қатаң бақылаймыз.

Өз мүмкіндіктеріміз бен Елбасы тапсырмасына сәйкес,
әзірленген жаңа «Жұмыспен қамту жол картасын» пайдалана отырып, экономика
салаларында кемінде 9 мың тұрақты жұмыс орындарын ашамыз.

ЕКІНШІ басымдық – әлеуметтік маңызы бар
тауар бағаларының өсуіне және тұрғындар
үшін коммуналдық қызметтер тарифтерінің негізсіз өсуіне жол бермеу.

Бағаны қадағалау мәселесі ерекше бақылауда тұрғаны
айтылды.

Облыстағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік
тауарларының басым бөлігінің бағасы республикадағы орташа бағадан арзан. Бұған
негізінен тұрақтандыру қоры жұмысының (товарная интервенция) нәтижесінде қол
жеткізілді. Аталған жұмыс жалғасады. Оған қажетті қаражат тұрақтандыру қорында
бар.

ҮШІНШІ басымдылық – экономиканы
әртараптандыруға, соның ішінде шағын бизнесті дамытуға бағытталған шаралар
кешенін дайындап, оны жүзеге асыру.

Экономиканы әртараптандыру бағытындағы біздің аса
үлкен үмітпен қарайтын жобаларымыз металлургиямен байланысты.

Өткен жылы «Шалқия” қорғасын-мырыш кен орнын қалпына
келтіру жұмыстары аяқталып, енді тау-кен байыту комбинатын салу жұмыстары
басталғалы тұр.

Бүгін Жаңақорған ауданындағы осы кәсіпорынның ұжымы
қуаныштарымен бөлісіп, жос­парларын ортаға салу үшін жиналып тұр.

 

Қадірлі қауым!

Мен – «Шалқия-Цинк»
акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Рамазанов Болат Мыңайдарұлымын.Біздің кәсіпорын жайлы баяндауға рұқсат етіңіздер.

Өздеріңіз білетіндей,
еліміз ғаламдық дағдарысқа қарамастан, Индустрияландыру бағдарламасының екінші
кезеңін бастады. Осы бағдарлама аясында 2014 жылдың маусым айында ел Президенті
жанындағы тау-кен өндірісі жөніндегі арнайы кеңесте «Қызылорда облысының
тау-кен кешенін дамытудың» Жол картасы» бекітілді. Соған сай, «Шалқия» кенішін
«Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп игерудеміз.

Бүгінгі күні кен
орнындағы жөндеу, қайта жасақтау жұмыстары аяқталды.

Енді «Шалқия» полиметалдық
кен орнын өнеркәсіптік байыту және тау-кен байыту комбинатының құрылысын
алдымыздағы наурыздың соңында бастаймыз деп жоспарланды. Құрылыс үш жылға
есептелген. Яғни, 2019 жылы аяқталуы тиіс.

Бұл құрылыс аясында
қуаты 2 млн тонна тау-кен байыту комбинатыныңбірінші кезегі және газтурбиналық
электрстанциясы салынады. Құрылысқа мыңға жуық адам тартылатын болады.

2018 жылдың І
тоқсанында – кен-байыту комбинатының алғашқы кезегін іске қосамыз. Сонымен
бірге облыс әкімдігінің ұсынысына сәйкес, кен орнында гидрометаллургиялық зауыт
салу жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін дайындау жұмыстары
басталды.

Кәсіпорын нарықта
сұранысқа ие жаңа өнім түрлерін шығарып, оны ішкі және сыртқы нарыққа сатады.
Бұл өңір экономикасын дамытуға үлкен септігін тигізеді. Осындай жауапты жұмыста
ел сенімін ақтауға бар күш-қуатымызды саламыз деп Сіздерді сендіргім келеді.

Құрметті жерлестер!

Мен – Жаңақорған
ауданың ардагерімін, атым Ерғали Оразбеков.

Біз осы өңірдің
перзенті ретінде ауданның дамыған деңгейіне қуанып отырамыз. Дағдарыс деп
жатырсыздар, біз оны әзірше көріп жатқан жоқпыз. Көрмей-ақ та қояйық.

Сүт-айраны, еті мен
майы, ұны, көкөнісі бар отбасы қандай қиындыққа да қарсы тұра алады. Бізде
базар бағасы да басқалармен салыстырғанда төмен. Үлкен жол да кәсіпкерлік істі
дамытуға мол мүмкіндік береді.

Құрметті Қырымбек
Елеуұлы, 2015 жылдың қортындысы бойынша ауданымыздың макроэкономикалық даму
көрсеткіші бойынша облыста көш бастауы елдің рухын серпілтті. Біздің ауданның
әлі де шығар биігі көп. Оған осы «Шалқия» сияқты ірі жобалардың қолға алынуы дәлел. Осыған жағдай
жасаған Елбасына біздің алғысымыз шексіз. Кеше өзі де айтты ғой – «мұндай
жағдайда осындай өндіріс бас­тау, құрылыс салу, оған ақша бөлу – кез-келген
мемлекеттің қолынан келмейді”. Бұл білімнің, іскерліктің, басшылық
көрегендіктің белгісі. Сондықтан елдің қамын ойлаған Елбасымыз аман, еліміз
тыныш болсын!

Сыр елінің болашағы зор
екеніне сенімдімін.

 

Облыстағы металлургия жобаларына зор үміт
артатынымызды айттым. Жаңа өздеріңіз көрген «Шалқиядан” бөлек, осы бағытта
жасалып жатқан ферроқорытпа зауытының техникалық- экономикалық негіздемесін
әзірлеу жұмыстары биылғы жылдың алғашқы жартысында аяқталып, кәсіпорын
құрылысына дайындық жұмыстарын бас­таймыз.

Сондай-ақ, «Баласауысқандық» ваннадий кен орнын игеру
жұмыстары жалғасын табады. Бұл жоба бойынша өндірістік-сараптау жұмыстары
аяқталып, биыл кәсіпорын құрылысы басталмақ.

Жылдың аяғына дейін машина жасау зауыты жобасының
құжаттарын дайындауды аяқтаймыз.

Қармақшы ауданындағы мұнай терминалының негізінде аз
тонналық мұнай өңдейтін кәсіпорын құру жобасының құжаттарын дайындауға
кірістік.

2016 жылы аймақта цемент, полипропилен, силикат
кірпіші, асфальт-бетон өндіретін және су шығаратын зауыттар құрылысын бастау
жоспарланған.

Қызылорда қаласы мен облыстың аудандарында (Арал,
Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Шиелі) индустриялық аймақтар құрылғандығын айттым.
Сол индустриялық аймақтардың бірқатары биыл ауыл шаруашылығын дамыту және ауыл­шаруашылық
өнімдерін өңдейтін кешендерге айналуы тиіс. Осы аймақтарда нақты жобаларды
жүзеге асыру – осы жылға әкімдер алдында қойылған негізгі міндеттердің
бірі.

«Өз бетінше жұмыс істейтін” (самозанятые), ашығын
айтқанда жұмысы жоқ азаматтарды кәсіппен айналысуға тартуға күш саламыз. Сол
үшін микронесие беру арқылы шағын кәсіпкерлікті қолдауға бірінші кезекте 420
млн теңге қаражат бөлдік.

Бірақ бөлінген қаражатты орнымен пайдалануға бақылау
күшейтіледі. Ақшаны басқа мақсатқа жұмсап қойған алушылар тізімі арнайы кредиттік бюроға
жолданады. Ондай адам бұдан былай Қазақстанда ешбір банктен несие ала алмайды.
Осыны тағы бір ескерту қажет.

Ал алған ақшасын қайтарған адамға одан да ірі көлемде
несие беріледі. Меніңше әділетті шешім!

Кәсіпкерлікті жаңадан бастаушы кәсіпкерлерді қолдаудың
қосымша шарасы ретінде жоғарыда айтылғандай, облыста «Аймақтық инвестициялық
орталық» (РИЦ) құрылды. Бұл орталықтың міндеті, әсіресе, ауылдық жердегі шағын
кәсіпкерлікті дамытуға барынша жағдай жасау. Аталған орталықтың биылғы
қызметіне 360 млн теңге қаржы қаралған.

Одан басқа «Ұлттық кәсіпкерлер палатасы» «Аймақтық
инвестициялық орталық» құруға ортақтасып, 300 млн теңге көлемінде қаражат
қосады, сондай-ақ қазақстандық ірі банктердің бірі – «Казкоммерцбанк» 100 млн
теңге көлемінде несие бөлуге ынта танытты.

Сондай-ақ, «Даму» қорының бағдарламалары­мен бірге
облыстық бюджеттен 500 млн теңге бөлінеді, яғни шағын бизнесті несиелендіруге
келісім бойынша «Даму” қорынан бұрынғыдан екі есе көп, жинағы 1 млрд теңге
бөлінеді.

Жалпы алғанда, биыл біз шағын бизнесті қаржылай
қолдауды 4 есеге арттыруды жоспар­ладық. 2016 жылы барлық қаржы көздерін қоса
есептегенде, шағын бизнес пен кәсіпкерлік бас­таманы қолдауға 3,2 миллиард
теңге қаржы бағытталады.

Осы жұмысқа «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік
корпорациясы да атсалысады. Ол тұрмысы төмен ауыл тұрғындарына жеке кәсіп ашуға
50 млн теңге қайтарымсыз грант бөледі. Сонымен бірге, «Лукойл» компаниясы
«Ақниет» бағдарламасы аясында осы көлемде грант бағдарламасын іске асырады.

Ауыл шаруашылығын дамытуда басымдылық орта және ірі
шаруашылықтарға берілетін болады.

Кәсіпкерлер палатасы және «Аймақтық инвестициялық
орталықпен» (РИЦ) бірлесе отырып, ауылшаруашылық кооперативтері мен сервистік
дайындау орталықтарын ұйымдастыруға арналған шаралар қолға алынады.

Күріш кластерін дамыту аясында Жалағаш ауданындағы
элеваторды жаңарту жалғасады. Өзіміздің тұқымдық дән қорын қалыптастыру үшін
күріштің жоғары өнімді тұқымдарын сатып алу бас­тамаларын қолдаймыз. Бұл алдағы
уақытта дәннің сапасы мен астық өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді (орташа
есеппен гектардан 60 центнер).

Өткен жылы облыс өте жоғары өнім алды – әр гектардан
50,5 центнерден, жалпы көлемі 423 мың тонна күріш жиналды. Тура осындай
егістікте мамандар пікірінше, 500 мың тоннадан аса өнім алатын шамамыз бар.

Мал шаруашылығына арналған жемшөп базасын құру мақсатында
жемшөп өсіретін алқапты ұлғайту жұмыстарын жалғастырамыз.

Дағдарысқа қарсы іс-шаралар жоспарының ТӨРТІНШІбасым бағыты – инфрақұрылымды жаңарту мен дамыту, ең алдымен, коммуналды
инфрақұрылымды дамыту болып табылады.

Бұл бағытта «Еуропалық қайта құру және даму банкінің»
қаржыландыруымен Қызылорда қаласының коммуналды инфрақұрылымын толықтай жаңарту
жобасының негізгі кезеңіне кірісеміз.

Сондай-ақ, үлкен инфрақұрылымдық жоба бас­талады.

Ол – Қызылорда қаласындағы қуаты 450 мегаВаттық
бу-газды электрстанциясының құры­лысы.

2016 жылы «Нұрлы Жол» бағдарламасы есебінен Қазалы,
Арал, Қармақшы, Жаңақорған аудандарын ауыз сумен қамту нысандарын салу
жоспарланған. Со­нымен қатар, Қызылорда қаласындағы магис­траль­ды және
жылуаралық желілерді жаңартуға арналған 7 жоба іске асады.

Концессиялық негізде Қызылорда қаласындағы әуежайдың
жолаушылар терминалын салуды жалғастырамыз.

Дағдарысқа қарсы жұмыстың БЕСІНШІ аса маңызды
бағыты – халықаралық қаржы ұйымдары мен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік
арқылы өңірдің дамуына инвестиция тарту.

Қазір біздің қолымызда жоғарыда аталғандай, жалпы құны
333 млрд теңгені құрайтын 31 жоба бар. Одан басқа «Еуропалық қайта құру және
даму банкінің» қолдауымен Шиелі, Жаңақорған аудандары және Қызылорда қаласының
шеткі аймақтарындағы электр желілерін, облыс орталығын жарықтандыру жүйесін
жаңарту, Әйтеке би кентінде қуаты 35 мегаВатқа дейінгі газ-турбиналық
жылу-электр стансасын салу, сондай-ақ, қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу
зауы­тын салу жобалары бар.

Мемлекттік-жекешелік әріптестік тетігі негізінде іске
асатын жобалар жоғарыда аталды. Шолып айтқанда, биылғы жылдың дағдарысқа қарсы
іс-қимыл реті осындай.

Бағыт белгілі, жоспар айқын, қор бар, құрал дайын.

Керегі – жоспарды тиянақты да тиімді іске асыруға
білек сыбанған ағайынның бірлігі мен табанды еңбегі. «Бір жағадан бас, бір
жеңнен қол шықса”, алынбайтын асу, бұзылмайтын қамал жоқ. Бұл сыннан да Сыр елі
сыр бермей өтері кәміл!

Аузы дуалы мамандар мұнай бағасының құлдырауы осымен
шегіне таяды, экономиканың тұрақтай бастар ауылы жақын деген болжамдар айта
бастады. Қазақшалап қосылсақ, «ауыздарына май, астарына тай” дейміз!

 

Құрметті жерлестер!

Өткен Қой жылының елімізге той жылы болып келгендігін
жақсы білесіздер. Елдік мәртебемізді өсіріп, тарихи санамызды асқақтатқан талай
саяси салмағы зор, мерейлі шара өтті.

Ең алдымен, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің
ұсынысымен өткен кезектен тыс Президент сайлауында ел таңдауы тағы да Елбасы –
Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа түсті.

Сыр халқы сайлауда ерекше белсенділік танытып, елдің
ертеңіне деген жауапты ұстанымын көрсетті. Елбасының Сыр еліне деген риясыз
көңіліне лайықты жауап беріп, Нұрсұлтан Әбішұлына бірауыздан дауыс берді.

2015 жылы өткен қоғамдық-саяси шаралардың шымылдығын
Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы ашты, жыл бойы Ұлы Жеңістің 70
жылдығын, Ата Заңымыздың 20 жылдығын, Қазақ хандығының 550 жылдығын және басқа
да мерейлі шараларды бүкіл Қазақстан болып атап өттік.

Сыр елі бұл шаралардың қай-қайсысына да Алаштың анасы
атанған аймақтың мәртебесіне сай үн қосты.

«Қорқыт ата” кешенін абаттандыру жалғасты, оны
Қазақстан мен алыс-жақын сыртқа таныстырып, насихаттау жұмыстары жүрді. Бір
жылда кешенге 10 мыңға тарта адам келіп зиярат етті.

Алаштың, күллі түркі әлемінің қайраткері Мұстафа
Шоқайдың, халық жыршысы Нар­тай Бекежановтың 125 жылдығына орай республика және
аймақ деңгейінде өткен шаралар ұйымдастырылды.

Осы сахнада ұлы тұлғаларымызға арналған
спектакльдердің премьерасы қойылды. Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада
ақынға ескерткіш-бюст, Қазақстанның халық жазушысы Қалтай Мұхамеджановтың жеке
кітапханасы ашылды. Қазақстанның Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 90
жылдығына орай Арал ауданында «Ә.Нұрпейісовтің әдеби үйі» ашылып, «Соңғы парыз»
романының кейіпкерлеріне арналған ескерткіш қойылды. Сондай-ақ, Қазалы
ауданында Халық қаһарманы Роза Бағлановаға, Сыр еліне еңбегі сіңген мемлекет,
қоғам және мәдениет қайраткерлеріне ескерткіш-бюсттер орнатылды. Өңірдің
талантты өнерпаздарын қолдау мақсатында Астанада Елена Әбдіқалықованың, Елмұра
Жаңабергенованың және басқа да жас өнерпаздардың шығармашылық кештері
ұйымдастырылды.

Сонымен бірге, 2015 жылы ұзақ жылдар бойы жөндеу
көрмеген облыстық тарихи-өлкетану музейі күрделі жөндеуден өтті. Барлық
залдардағы эскпозициялар жаңартылды. Жақын күндері жаңартылған музейдің ашылуы
болады.

Жылдың соңында облыс орталығында «Достық үйін” аштық.
Сәні мен салтанаты келіскен үйіміз Сыр еліндегі ынтымақ пен бірліктің, жасампаз
еңбектің, жарасымды тірліктің ордасы болсын деп тілек тіледік.

Биыл біз ең қымбат қазынамыз, тәу етер –
Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын атап өтеміз.

Осы ширек ғасыр ішінде біз жаңа бір мемлекеттің пайда
болып, оның тұғыры берік, осы заманғы мемлекет деген түсінікке сай Елге
айналуына куә болдық. Куә болып қана қоймай, егемендіктің орнауына, тәуелсіздік
тұғырының қатаюына барымызды салып атсалыстық.

Осы жылдарда әрқайсысымыз бірлік пен қоғам­дық
келісім, мамыражай өмір, бейбітшілік пен тәуелсіздік ұғымдарының өзара
ажырамайтын тамырлас түсінік екендігіне көз жеткіздік.

Сан ұлтқа сая болған Сыр елі де достық пен берекелі
бірліктің арқасында талай белестен өтті. Қай іске де жұмыла кірісетін халқымыз
тек ынтымағы мол елдің ырысқа кенелетінін дәлелдеп келеді. Соның арқасында
бірлесіп жеткен табыстарымыз толағай.

Бірлікке бекем болып, өз мүддемізден Елдік мұратты
биік қоя білсек, көп болып көрер үлкен жеңісіміз, топ болып алар мол табысымыз
әлі алда.

Осы мақсаттағы ортақ еңбегіміз нәтижелі болғай!

 

Қадірлі жерлестер!

Көп салада ауыз толтырып айтарлық нәтиже бар екені
рас. Сонымен бірге, басталған жыл оңайға соқпайтынын жақсы түсінуіміз қажет.
Тоқмейілсудің реті жоқ.

Сырттан келген қиыншылықтар қыспағынан зардапсыз өтуі
үшін, біздің халқымыз бұрынғыдан да ұйысып, ынтымақ-берекесін арттыра түседі
деп сенемін. Халқымыз мұндайда «жұмыла көтерген жүк жеңіл» демеуші ме еді.
Жұмылған жұдырықтай бірлікте қызмет етсек, барлығын да жеңіп шығатынымызға
күмән болмасын!

Туған жеріміздің, егемен Еліміздің еңселі табыстарының
барлығында Сыр бойы халқының мақтанышпен айтарлық еселі еңбегі мен асқаралы
үлесі бар. Ендеше, Отанға еткен еңбектеріңіз, отбасыларыңызға бақ-береке болып
оралсын, ардақты ағайын!

Қорқыттың аруағы қорған, Сырдың киесі демеу болғай!

Еліміз тыныш,
Елбасы аман, Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!Рахмет!

 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз