ЖАСАМПАЗДЫҚ ЖОЛДАУЫ

100

0

ЖАСАМПАЗДЫҚ ЖОЛДАУЫ

БІР МАҚСАТ, БІР МҮДДЕ, БІР БОЛАШАҚ
Кеше қалалық ауруханада ұжым мүшелері Елбасының биылғы қазақстандықтарға арнаған Жолдауын талқылады.
Шараны ашқан қалалық аурухананың бас дәрігері Асылбек Тоғызбаев биылғы Жолдаудың мән-маңызына тоқталып, ондағы Елбасы айтқан ел дамуының басым бағыттары мен «2050 стратегиясының» орындалуы жөнінде әңгімеледі.  
– Қадірлі әріптестер, өздеріңізге белгілі, үстіміздегі жылдың 17 қаңтарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жылдағы дәстүр бойынша өзінің қазақстандықтарға арнаған  кезекті Жолдауын жолдады.  «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» деп аталатын бұл тарихи құжатта ел дамуының басым бағыттары айқындалған. Атап айтқанда, 2050 стратегиясының жүзеге асырылуы, Қазақстанның 30 дамыған ел қатарына қосылу жайы нақтыланған. Бұл орайда Елбасы 10 ілкімді идеяны ұсынды. Сондай-ақ, Президент Жолдауда «Қазақстан 2050 жылға дейін өмір сүру үшін ең қауіпсіз және қолайлы ел болу керек» деп атап көрсетті. Ендеше бұл мақсаттар барша қазақстандықтарды қанаттандырады, ел ертеңіне деген сенімді нығайта түседі деп ойлаймын,– деді бас дәрігер. 
Басқосуда сонымен бірге аурухананың неврология бөлімінің меңгерушісі Ғалымжан Жолданбаев сөз алып, Жолдаудың ерекшелігін тілге тиек етті.  Дәрігер әсіресе, ондағы Елбасы нақтылаған «Мәңгілік Ел» патриоттық құжатының маңыздылығына мән берді. Оған қоса, қарапайым тұрғындардың әлеуметтік қорғалуына тоқталды. – Елбасы жыл сайынғы Жолдауларында қазақстандықтардың денсаулығын қорғауға аса көңіл бөлетіні белгілі. Сонымен бірге, мүгедектердің де жағдайына барынша мән беріп келеді. Биылғы Жолдауда да мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуметтік қорғалуын басым бағыттардың бірі ретінде алып отырғаны бізді қуантты. Әсіресе, мүгедек балалары бар ата-аналарды әлеуметтік қолдау, оларға жалақы төлеу туралы Елбасының атап айтқан сөзі барша қарапайым жандардың көңілін өсірді,– деді ол. 
Шара барысында сонымен бірге реанимация бөлімінің аға медбикесі Қызылгүл Қадырова, травматологиялық пункт меңгерушісі Бауыржан Төлеген және травматология бөлімінің аға медбикесі Люба Консман тарихи құжаттың маңыздылығы жайында өз ой-пікірлерін білдіріп,  Жолдауды қолдайтындарын жеткізді.
Айнұр БАТТАЛОВА.
ТЕМІРЖОЛШЫЛАР ЖОЛДАУДЫ ҚОЛДАЙДЫ
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы ұстанымы, байыпты саясатының нәтижесінде қазақ елі әлемге танылды. Енді әлемнің озық елдерінің қатарына кіру жолында айқын стратегия қабылдадық. Президентіміздің биылғы Жолдауында осы мақсат айқын көрініс тапты. 
Жолдаудағы «Біз ұзындығы 1200 шақырым болатын Жезқазған-Шалқар-Бейнеу жаңа теміржолын салып жатырмыз. Ол орталықтың көптеген аудандарына жан бітіріп, елдің шығысы мен батысын тікелей байланыстырады» деген жолдарды шынайылығын сексеуілдіктер терең түсінеді. Осы алып құрылыстың негізінде Жезқазған-Сексеуіл аралығындағы теміржол бойында әр түрлі мамандықтағы көптеген адамдар тұрақты жұмыспен қамтылды. 
Қазір 3 мыңнан  астам адам тұрақты жұмыспен қамтылып, 13 станса, 30 теміржол бекеттері салынуда. Бас мердігер құрылыс компаниялары, атап айтсақ, «БАЗИС-А» ЖШС мен «Жол жөндеуші» ЖШС филиалдары жұмыстарын сапалы жүргізіп, ширақ қимылдауда. Олар жұмыс қарқынын бәсеңдетпей, жол төсемі үйіліп, көпірлер құрастырылып, суағарлар салынды, 515 шақырымға электрмен қамту бағандары және желілер тартылуда, 575 шақырымға рельс, тор көздері төселді. Жезқазған-Сексеуіл бағытында 1000-нан астам техника мен 1500 құрылысшы тынбай еңбектенді. 298 млн. текше метр топырақ қабаты төселді. Кент тұрғындарының басым көпшілігі құрылыс жұмыстарына тартылған. Қажетті мамандықты да заман талабына сай меңгеруде. Аталмыш бекеттерде жолаушыларға сервистік қызмет көрсету орындары ашылып, кәсіпкерлікпен шұғылдануға да жағдай туғызылмақшы. Әлеуметтік нысандарды салу қолға алынды. Жақында 280 орындық балабақшаның іргетасы құйылды. Сондай-ақ, теміржолдың арғы бетінен 300 орындық орта мектеп құрылысы мен типтік жобадағы вокзал ғимаратын салу да осы жылда басталмақшы. Аталған құрылыс нысандарына 100 адам жұмысқа тартылды. Олардың айлық жалақылары 50-60 мың теңгені құрайды. Теміржолшыларға арнап 38 тұрғын үй салынуда.
2012 жылы Елбасының өзі бастап берген құрылыс қазір шешуші кезеңіне келді. Бұл теміржолдың еліміздің өркендеуіне қосар үлесі мол екенін сезінеміз. Сексеуіл жұртшылығы, теміржолшылар Елбасы Жолдауын қызу қуаттайды.
Сейтен КӨПТІЛЕУОВ,
Сексеуіл локомотив пайдалану депосының бас инженері.
Біз ұзындығы 1200 шақырым болатын Жезқазған-Шалқар-Бейнеу жаңа теміржолын салып жатырмыз. Ол орталықтың көптеген аудандарына жан бітіріп, елдің шығысы мен батысын тікелей байланыстырады. Бұл орасан құрылыс 2015 жылы аяқталады. Бұл магистраль Каспий мен Кавказ арқылы Еуропаға шығуға мүмкіндік береді. Ал шығыста  Тынық мұхиттағы Ляньюньган порты арқылы шығамыз, бұл жөнінде ҚХР-мен келісім бар.
АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ ӨКІЛДЕРІ ҮН ҚОСТЫ
Елбасының «Қазақстан – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауының  мазмұнымен  танысқан үкіметтік емес ұйым  жетекшілері облыстық  «Азаматтық Альянс» қауымдастығы  кеңсесінде  алған  әсерлерімен бөлісті.  Жиналған қауымның  көңілдері көтеріңкі.
– Біз әр  жылдың басында  Елбасының  дәстүрлі Жолдауын үлкен  үмітпен  күтеміз. Себебі, Жолдаумен  Қазақстан  халқының  өміріне  жағымды  жаңалықтар келеді, – деді жиынға  басшылық жасаған қауымдастық төрайымы   Дариха Ақмағамбетова. – Бұл жолы да Жолдаудың маңыздылығы сол, онда қазақстандықтардың өмір саласын  көтеру, жақсарту бағытында  көптеген шаралар белгіленіпті. Оның ерекшелігі – Ұлттық идея нақтыланып, «Мәңгі Ел» болып белгіленді. Бұл – нағыз патриоттық идея. Еліміз дамыған  30 елдің қатарына  қосылып, тәуелсіздігіміз мәңгілік болу үшін әрбір қазақстандықтың елжандылық, патриоттық санасы мықты болуы керек.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқының алдына үлкен міндеттер қойды. Yкіметтік емес ұйымдарға  да нақты тапсырмалар жасалды. Сондықтан біздер, азаматтық қоғам өкілдері «2050 стратегиясын»  жүзеге асыруға, «Мәңгілік Ел»  идеясын  насихаттауға  белсенді араласып жұмыс  жасауымыз  керек.
Жиынға қатысушы халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының  төрағасы Сәдуақас Аңсатов Жолдауда мемлекеттік  тілдің рөліне ерекше мән  берілгенін  айтып, Елбасының «Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды» деген сөзі қазақ  тілінің  мерейін үстем ететіндігіне сенім білдірді.
«Қызылорда облыстық дойбы федерациясы» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жасұлан Тілегенов Жолдауда мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен мүгедектерге  қамқорлық көрсетіліп, қолдау жасауға үлкен мән берілгенін   ерекше толғаныспен жеткізді.  Әсіресе, олардың жұртпен бірге еңбек етулеріне, қоғам өміріне белсене  араласуларына  қолдау  көрсетілетінін  қуана қарсы алғанын жасырмады. Шарада  сондай-ақ, Сапура Абдрахимова, Ғалымжан Камалов, Шолпан Базарбаева, Күләй Ермағанбетова, Қайратдин Баймаханов, Владимир Юн Жолдаудың көңілдерінен  шыққанын, келешекке деген сенімдерінің  нығайғанын жеткізді. 
Жиын соңында «Азаматтық Альянс» қауымдастығының төрайымы Дариха Ақмағамбетова үкіметтік емес ұйымдар  жетекшілеріне өздері ықпал ететін  топтары  арасында Жолдау мазмұнын түсіндіріп, «Мәңгілік Ел» идеясын насихаттауға тапсырма берді.  
Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.
Логистикалық қызмет көрсету секторын дамыту қажет.
Ең алдымен біздің жүктерімізді тасымалдау үшін Кеден одағы аумағын барынша пайдалану туралы сөз болып отыр. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізінің құрылысы да аяқталуға таяу, Парсы шығанағына шығу үшін Түрікменстан мен Иранға теміржол тартылды. Келешекте Қазақстан теңізге шығатын жолдары бар елдерде логистика орталықтарын құруға инвестиция салуға тиіс. Жүктерді кедендік өңдеу мерзімдерін қысқартып, шекара өткелдерінің өткізу мүмкіндігін арттырып, Ақтау портының қуаттылығын күшейтіп, экспорт-импорт операцияларының ресімдерін жеңілдету керек.
ОЗЫҚ 30 ЕЛДІҢ ОРНЫ БӨЛЕК
Елбасымыздың жыл сайынғы халыққа арнаған дәстүрлі Жолдауынан көпшіліктің жаңа серпін, тың бастамалар күтетіні рас. Биылғы Жолдаудың жарияланғанынан санаулы күндер өткені белгілі. Соған қарамастан, бұл маңызды құжат көпшілік арасында қызу талқылануда. 
Арал аудандық орталық кітапханасында кітапханашылар, сала ардагерлері Жолдаудан алған әсерлерін, ой-пікірлерін ортаға салды. Кітапхана директоры Гүлжамиға Ильясова «Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды. Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн» деген сөзден туындайтын қазақ тілін өркендету жайлы пікірін білдірді. Сала ардагері Диля Жорықбаева Елбасымыздың дәстүрлі Жолдауын асыға күтетінін, біздің Отанымызда зейнеткерлерге, ана мен балаға ерекше қамқорлық жасалатынын айта келе, Жолдауда қозғалған әлеуметтік жеңілдіктердің, студенттер шәкіртақысының өсетініне ризашылығын жеткізді. 
Жолдауды талқылау Қазалы ауданында да қызу жалғасып жатыр. Түктібаев елді мекеніндегі басқосуда округ әкімі Абдулла Төлемісов Президент Жолдауындағы басым бағыттарға тоқталды. Шалғайдағы бұл округ көпшілікке диқаншылық кәсіпті жете меңгеруімен мәлім. Соған орай, талқылау барысында ауыл шаруашылығын ұзақмерзімді қаржыландыру, агробизнесті дамыту жайы көбірек қозғалды. Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Манауов Қазақстанда өмір сүру деңгейінің ұзаруы, ЖІӨ-нің жан басына шаққандағы көлемінің өсуі, «Ақмаржан» шаруа қожалығының жетекшісі Тәжімұрат Төремұрат фермерлік кооперациясы үдерісіне, №88 мектеп директоры Қуандық Қожалепесов балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту туралы ойларымен бөлісті. 
Бекарыстанда округ әкімі Өміртай Өтеп-Әлі азаматтық қызметкерлердің еңбекақысын төлеудің жаңа моделі енгізілетініне, бизнестің дамуына тұсау болатын барлық инерттік құқықтық нормалар жойылатынына, Жолдауда айтылған өзге де мәлімдемелерді кең көлемде қамтып өтті. Ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Сәдуов салауатты өмір салтын ұстану, медицинаны кадрлық-технологиялық дамыту, азаматтық қызметкерлердің еңбекақысының жоғарылайтындығына, №24 мектеп директоры болса, алдағы уақытта еліміздің барлық мектептерінде оқу орындарының жетіспеушілігі жойылып, 2020 жылға қарай қазақстандық балалардың мектепке дейінгі біліммен толық қамтылатындығы жайлы қуанышын білдірді. 
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Арал, Қазалы аудандары.
КЕЛЕШЕГІ КЕМЕЛ ХАЛЫҚ
Елбасымыздың жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауын қазақстандық әрбір азамат  тағатсыздана күтеді. Себебі, ол әрбір адамның өміріне әсер етуімен ерекшеленеді. Елбасы болашаққа бағдар жасай отыра, ең бірінші кезекте жұртымыздың жайлы тұрмыс кешіп, әлеуметтік ахуалы мығым болуына баса назар аударады. 
Биылғы Жолдауда да Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру тұжырымдамасында алдағы жұмыстардың ұзақмерзімді басымдықтары белгіленді.
Жолдаудағы басым бағыттардың бірі – білім саласы. 2020 жылға қарай Қазақстандағы 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамту жоспарлануда. Бұл – өз кезегінде балаларға жасалған үлкен қамқорлық осы деп білемін. Сонымен бірге, Жолдауда ұстаздар қауымына артылар жүк те аз емес. Білімді ұстаз ғана сапалы маман, елінің сенімін ақтар шәкірт тәрбиелей алады. Осы ретте Елбасы ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын жақсартуды үлкен міндет етіп қойды. Сондықтан оларға заманауи бағдарламалар мен оқыту әдістемелерін, білікті мамандар ұсыну маңызды. Білім беру саласы қызметкерлерінің жалақысы 2015 жылғы 1 шілдеден бастап 29 пайызға арттырылуы да көңіл қуантарлық жағдай. Бұл білім саласындағы инновациялық  тың жобалардың туындауына мүмкіндік береді.
Жолдауда да айтылған өзекті мәселенің бірі Н.Назарбаевтың мемлекеттік тілдің ахуалы турасында айтқан ойлары болды. Қазақ тілі бүгінде ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналды. Былтырғыға қарағанда биыл қазақ тілін білемін деген өзге ұлт өкілдерінің саны 10 пайызға өскен. «Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды! Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн.
Әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылу Тұжырымдамасына келер болсақ, оның экономикамызды жаңа деңгейге көтеретіндігіне дау жоқ. Осы ұмтылыс кезінде бізге адал бәсекелестік, әділеттілік, қай салада болмасын өз ісіне соны  жаңалықтар әкелетін сапалы мамандар қажет.  Егер кез келген қазақстандық басқа елдердің азаматтарымен өзі меңгерген мамандық бойынша тең отырып, ой таластыруға жараса, онда мемлекетіміздің шоқтығы одан бетер арта түседі.
Көшбасшымыз көрегендік таныта отырып, Қазақстанды дамушылар қатарынан, дамыған 30 елдің сапына қосуды мақсат етті. Бұл биікке барлығымыз бірігіп, өз үлесімізді қосу арқылы ғана жетеміз. Сондықтан да Жолдауда жүктелген тапсырмаларды орындау әрбіріміздің Отан алдындағы парызымыз деп білемін.
Елбасының сарабдал саясаты негізінде Қазақстан халқы «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашаққа» нық сеніммен қадам басатындығы сөзсіз. 
Айгүл МҰСАБАЕВА,
№187 М.Шоқай атындағы қазақ орта мектебінің директоры,                                                                                                         тарих ғылымдарының кандидаты, доцент.
Орта білім жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу керек. Мектеп түлектері қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білуге тиіс. Оларды оқыту нәтижесі оқушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игеру болуға тиіс.
МҰҚТАЖ ЖАНДАРҒА ЕРЕКШЕ ҚАМҚОРЛЫҚ
«Жақсы сөз – жарым ырыс» деп халқымыз бекер айтпаған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дәстүрлі Жолдауы соны серпіліс әкелді. Мемлекет басшысы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көбірек көңіл бөлу керектігін қадап айтты. Мұқтаж жандарға қамқорлық қоғам алдындағы парыз болып қала бермек. Бұл мәселе әлемдік тәжірибеде бар.
– Мен барлық кәсіпкерлерге оларды жұмысқа орналастыруға көмектесіңіздер деп тағы да айтқым келеді. Сондай-ақ, 5-10 адамға арналған арнайы квотаны енгізу мүмкіндігін қарастыруға болады. Біз оларды белсенді өмірге тартамыз. Олар тек жәрдемақы алып қана қоймайды, сонымен бірге өздерін қоғамның мүшесі, пайдалы еңбеккер ретінде сезінетін болады, – дейді Елбасы. – Біздің барлық әлеуметтік институттар, үкіметтік емес ұйымдар, «Нұр Отан» партиясы осы жұмысты қолға алғандары жөн. Егер қажет болған жағдайда Үкімет бұл мәселені барлық компаниялармен бірлесе пысықтап, тиісті шешім қабылдауы керек.
Енді, міне, еліміздегі мүмкіндігі шектеулі адамдардың негізгі құқықтарын қамтамасыз ету ең өзекті мәселе ретінде біздің өмірлік тәжірибемізге нықтап еніп, іс жүзіне асатын болады.
Жасыратыны жоқ, біздің елімізде медицина саласының жетістіктерімен қоса, кемшін тұстары да жетіп- артылады. Солардың бірі – қандай бір жағдайларда болмасын дімкәс деніне дауа іздеп дабыл қаққандарға көрсетілетін медициналық көмектің өз деңгейінде болмауы. Президент Нұрсұлтан Әбішұлы  халықтың осы ойын оқығандай: 
– Денсаулық сақтау саласындағы басты басымдық – алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту. Міндетті медициналық сақтандыру енгізу мәселесін зерттеген жөн. Мемлекеттің, жұмыс берушілердің және қызметкердің денсаулық үшін ортақ жауапкершілігі – медициналық қызметтің барлық жүйесінің басты қағидаты. Спортпен шұғылдану, дұрыс тамақтана білу, жүйелі профилактикалық тексерілу – аурудың алдын алудың негізі,-деп атап өтті.
Біз ой-санасы мөлдір, әрқайсысымыз әлемдік өркениеттің көш басында жүретін, көне түріктерден келе жатқан «Мәңгі Ел» идеясын іске асыратын зерделі ұлт ұрпағымыз. Еліміздің жасампаздықпен қарқынды ілгерілеуі жолында дамуының құнды міндеті баршамызға бірдей жүктелген. Ендеше, сүйікті халқымыздың денсаулығы мен әл-ауқатын жақсарту жолында бар біліміміз бен күш-жүгерімізді сарқа жұмсау – мерейлі міндетіміз.  
Аманкелді СУХАНБЕРЛИЕВ,
облыстық психикалық жүйке аурулары интернатының бөлім меңгерушісі, 
ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі. 
 
Мүгедектігіне және асыраушысынан айрылуына байланысты әлеуметтік жәрдемақы көлемін Үкіметке 2015 жылғы 1 шілдеден бастап 25 пайызға арттыруды тапсырамын. Мүгедектер бірлестіктері қызметінің құқықтық базасын жетілдірген жөн.
АЙҚЫН СТРАТЕГИЯ
Тәуелсіздігін алып, өз даму жолын таңдаған Қазақстанның тыныс-тіршілігі, тынымсыз дамуы тек өзіміз ғана емес, өзге елдердің де қызығушылығын тудырып келеді. Мұның басында, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тың бастамалары, тегеурінді тапсырмалары, жақсылыққа ұйытқы бола алған көшбасшылығы және көреген саясаткерлігі тұрғандығы анық. Келешекті көркем болжай білген Елбасының айтқаны келді. Аз уақыттың ішінде Қазақ мемлекеті көздеген биігін бағындырды. Біз әуелгі меже – әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына ендік.
Ендігі меже – отыздықтан орын алу.
Бұл Жолдаудың негізгі ерекшелігі – бұнда Елбасы «Қазақстан – 2050» стратегиясын жүзеге асырудың нақты бағыт-бағдарын белгілеп, жүйелеп берді. Қоғамымыздың әрбір мүшесі осы ұлы мұратты іске асыруы қажет.
Президент Жолдауындағы айтылған алғашқы басым бағыттардың бірі, біріншіден, ауыл шаруашылығын дамыту болғандығы ауыл халқын ризашылық сезімге бөледі. Шын мәнінде тіршілік барда азық-түлікке деген қажеттілік арта беретін болады. Ауыл шаруашылығы өндірісінде, бәсеке қалыптастыру, жаңа иновациялық технологиялар енуіне ықпал ету, аргарлық секторда шағын және орта бизнес түріндегі жаңа өңдеу кәсіпорындары желісін құру және ол бағытты ұзақмерзімді несиемен кепілдендіру, мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін барынша арттыру маңыздылығы өте ұғынықты айтылды.
Осы айтылған міндеттерге байланысты, Үкіметке агроөнеркәсіп кешенін дамыту жоспарына түзетулер енгізу тапсырылды. Олай болатын болса, егін, мал шаруашылығы саласында еңбек ететін жұртшылық атқаратын жұмыстарын бүгінгі заман талабына сай қалыптастыратын болады.
Ауылдық жерлерде ел халқының шамамен жартысына жуығы тұратынын ескерсек, аграрлық саланы дамыту ауыл халқының өмір сүру сапасын арттырудың түйінді факторы болатыны даусыз. Екіншіден, жергілікті жерлерде халықтың әл-ауқатын көтерудің бірден-бір жолы шағын және орта бизнестің дамуына жаңа серпін берілуі.
Шағын және орта бизнес Жалпыға ортақ еңбек қоғамының берік экономикалық негізі екендігі аталып, көрсетілді. Бизнесті дамытуға кедергі келтіретін кейбір құқықтық нормалардың күшін жою қажеттілігі оның ұрпақтан ұрпаққа берілетін отбасы дәстүріне айналуы және жаңадан бастаған бизнесмендерге әдістемелік көмектердің, тиімді тетіктері болуы керектігі тиянақталды. 
Біз Елбасының Қазақстаннан «Мәңгілік Ел» жасау идеясын жүзеге асыратын боламыз. «Мәңгілік Ел» болу жолында үлкен мұрат – мақсаттар бар, бұл өте ауқымды ұзақмерзімді ұлы жоба. Іске асыру барысында бүкіл қазақстандықтарға береке мен бірлікті, ынтымақ пен ауызбіршілікті сақтай отырып қана алға ілгерілей беретініне, одан әрі ұрпақтан ұрпаққа ұласа алатындығымызға кәміл сенеміз.
Асыл АЙТЖАНОВ, 
«Қожакент» ауылдық 
округі әкімі.
 Жаңақорған ауданы. 
Алтыншы. Біздің болашаққа барар жолымыз қазақстандықтардың әлеуетін ашатын жаңа мүмкіндіктер жасауға байланысты. ХХІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз – белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар. 
ЖАСТАРҒА ЖОЛ  СІЛТЕГЕН ҚҰЖАТ
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында әлемнің алдыңғы қатарлы дамыған елу елінің қатарынан көрінуге бағытталған барлық бағдарлама қамтылып отыр. Бүгінгі күнге дейін бізде мемлекеттік мықты жүйемен қатар, келешекке негізделген дамушы бекем бағыт та қалыптасып үлгергені ақиқат.
Жолдаудың барлық тараулары мемлекеттің мығым мүмкіншілігін айқын көрсетіп, нысана еткен нақты жетістікке апарар түзу жолды нұсқап отыр. Ол нысана – жаңа әлемде дамыған, жаңарған Қазақ елі. Мемлекеттік негізді қалыптастыратын бірде-бір экономикалық сауал қалмағандығына осы Жолдаумен жақынырақ танысқанда тәнті болдым. Әсіресе, мемлекеттің әлеуетін танытатын әлеуметтік салаға екпін түсіріліп, қарапайым қазақстандықтардың тұрмысын арттыру арқылы мынадай дағдарыс заманда өзге елдердің алдына шығу мәселесі өте орынды қозғалып отыр дер едім. Әсіресе,  «Біздің болашаққа барар жолымыз қазақстандықтардың әлеуетін ашатын жаңа мүмкіндіктер жасауға байланысты. ХХІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз – белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар» деп бұл бағытта атқарар шаруаларды пысықтады. Жастардың білім алуына үнемі назар аударып отырғаны қуантады. Енді елімізде ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын жақсартуда бізді ауқымды жұмыстар жасалатын болады. 2020 жылға қарай Қазақстандағы 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамту жоспарлануда. Сондықтан оларға заманауи бағдарламалар мен оқыту әдістемелерін, білікті мамандар ұсыну маңызды. Орта білім жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу керек. Мектеп түлектері қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білуге тиіс. Оларды оқыту нәтижесі оқушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игеру болуға тиіс. 
Сонымен қатар, Елбасы Жолдауда жетекші университеттерді академиялық және басқарушылық автономияға біртіндеп көшіруге жоспарлы түрде кірісу қажеттігін айтты. Бұл үлгерімі жақсы студенттер мен оқушыларды қолдаудың тиімді жүйесін жасап, оларды жұмыспен қамтуға жол ашады.  Үкіметке стипендиялар мөлшерінің 25 пайызға өсірілуін қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл жастардың білім алуға деген құлшынысын арттырды. 
Елбасы жастарға зор сенім артатынын жеткізді. Осы сенімді ақтауда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірлікпен еңбек ететін боламыз. 
Еркебұлан МЕҢЛІБАЕВ, 
«Жас Отан» жастар қанатының 
облыстық атқарушы хатшысы.
ТҮСІНІСТІК пен ТАТУЛЫҚ – БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ 
Еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі елеулі оқиғаларға аға ұрпақтың үн қосуы біздің ертеңге бейжай қарамайтынымызды аңғартса керек. Бір болашақтың жолында бір мақсат, бір мүддеге жұмылған азаматтардың бастамаларын қолдауда аға ұрпақ білімі мен білігін, тәжірибесін аямай келеді. 
Елбасының биылғы Жолдауын тыңдай отырып, әсіресе агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытқа бұру туралы тапсырмаларға назар аудардым. Барлық әкімшілік кедергілер, қағазбастылық жойылса, Жер-анадан ризық-несібесін терген қарапайым шаруалардың арқа-басы кеңір еді. Елбасының өзі айтқандай, ауыл шаруашылығы – біздің дәстүрлі саламыз. Алдағы уақытта «еліміз ет пен сүт өнімдерін экспорттайтын елге айналуы тиіс” деген жоспар аясында атқарылған жұмыстар жемісін береді деп ойлаймын. 
Аға буынды елдің ертеңі – жас ұрпақтың тәрбиесі ойландырмай қоймайды. Тәуелсіз еліміздің жаңа ғасырдағы азаматтары ата-баба дәстүрін сыйласа, ана тілін жетік білсе, әлемдік үрдістердің озық тұстарын меңгерсе, әлемнің қай түкпірінде де ұлты мақтаныш тұтатындай тұлға болса деп армандаймыз. Елбасының «Мәңгілік Ел” идеясы да осындай ойлардан туындаған сияқты. Тәуелсіздікті мәңгілік ету оны көздің қарашығындай сақтағанда ғана мүмкін болады. Сондықтан азаттықтың ақ таңы атқалы бері қоғамның басты құндылықтарына айналған түсіністік пен татулықтың туы биікте желбірей беруі керек. Елбасы алауыздықтың құрбаны болған ұлттардың тәлкекке түскен тағдыры туралы мысалды тегіннен-тегін келтірген жоқ. Бейбіт күн мен берекелі тіршілікке ештеңе жетпейді.  
Мемлекет басшысы Мәңгілік Ел болу өз қолымызда екенін, ол үшін елдің 2050 жылға дейінгі стратегиясында белгіленген бағыттарды іске асырудың маңызын  атап өтті. Сондықтан биылғы Жолдаудан халық үлкен үміт күтеді. 
Тұрсынбек БЕКПАНОВ,
ардагер.
Қармақшы ауданы.
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАҢА ЖОЛЫ АЙШЫҚТАЛА ТYСТІ
Біздің күш-қуатымыз – жаңа энергетикалық саясатта!
Қазақстан Республикасының Президенті Н.НАЗАРБАЕВ
Президент Қазақстан халқына кезекті Жолдауын арнады. Жыл сайын арналатын бұл Жолдау бүгінгі уақыттың сипатына сай ерекшеленеді. Елбасы болашақты меңзейді. Атқарылатын міндеттерді барынша саралап, оның басым бағыттарын белгілеп берді. Ерекшелігі сол, Мемлекет басшысы біздің  болашақ ұрпағымыздың игілігі үшін шешуге тиісті көптеген міндеттерді қадау-қадау берік тұжырымдарымен бекітіп, олардың негізін қасиетті 7 санымен өлшеп-пішіп ой қорытады. 
Қысқаша  шолуымызда олардың негізгілеріне тоқтайық. Президент осыдан бір жыл бұрын атап өткен дамыған 30 елдің қатарына кіру идеясын тағы бір пысықтайды. Бұл оңай жол емес. Барлық елдер сияқты Қазақстан да 2050-дің мақсатына қарай күрделі жаһандық бәсекелестік жағдайында ілгерілеуге тура келеді. Алдағы жылдарды болжап білу мүмкін емес, жаңа дағдарыстар болуы әбден мүмкін. Демек уақыт күрделі, ал біз Президенттің ойынан көңілге түйгеніміз – бұл сынақтарға дайын болуымыз қажет.
Елбасы 30-ға кіру идеясын нақты дәйектемелермен тұжырымдайды. Бүгінде әлемде дамудың негізін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына енетін мемлекеттер құрайды. Оған әлемдік ішкі жалпы өнімнің 60 пайыздан астамын өндіретін 34 ел кіреді. Қазіргі таңда олардың қатарын Бразилия, Қытай, Yндістан, Индонезия, Ресей және Оңтүстік Африка Республикасы толықтыруға дайын. Міне, Елбасының алдағы онжылдықтар бедерінде Қазақстанның алдына қойып отырған міндеті осы үздіктердің қатарынан орын алу.
Елбасының сараптауы бойынша алдағы жылдары экономикада ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы өсімі 4 пайыздан кем болмауы тиіс. Инвестиция көлемін қазіргі 18 пайыздан бүкіл ішкі жалпы өнім көлемінің 30 пайызына дейін ұлғайту қажет. Ол үшін экономикада жоғары технологиялар дамытылып, ғылымға бөлінетін қаржы ұлғая түседі. Еңбек өнімділігі 2050 жылға қарай бес есе өсуі тиіс. Шағын және орта бизнес 2050 жылға қарай Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің қазіргі 20 пайыз орнына кемінде 50 пайызын өндіретін болады. Президенттің атап өткеніндей, ЭКСПО-2017-нің басты тақырыбына айналған энергия үнемдеу Жолдауда да назардан қағыс қалдырылған жоқ. Ішкі жалпы өнімнің энергия тұтыну ауқымын екі есе азайту маңызды деп атап көрсетті Елбасы. 
Мемлекет басшысы Қазақстанның ең дамыған 30 елдің қатарына кіру тұжырымдамасында алдағы уақыттың ұзақмерзімді басым бағыттарын белгіледі. Ол басымдықтарды Президент былайша сараптан өткізеді.
Біріншіден, инновациялық-индустрияландыру трендін түзеу және күшейте түсу маңызды. Елбасы бұл салада бірқатар басымдықтарға түзету енгізді. Ол дәстүрлі өндіруші секторлар тиімділігін арттыруды маңызды деп санайды. Ол мұнай-газ секторы, сирек металдардың салалары – электроника, лазерлік техника, медициналық жабдықтар өндірісін ұлғайтуға негіз қалайды. Қазақстан геологиялық барлау саласы бойынша әлемдік нарыққа шығуға тиіс. Президенттің атап өткеніндей, осы салаларды дамыту үшін олардың әрқайсысына арналған жоспарлар дайындалуы қажет. Кезең-кезеңмен жылдар ауқымына бөлінген міндеттер ауқымы өте күрделі.
Екіншіден, Елбасының Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытқа қатысты ойлары дәйектілігімен ерекшеленеді. Жаһандық ауыл шаруашылығы өндірісінде бәсеке өсе береді. Аграрлық секторда жаңа өңдеу кәсіпорындарын құру маңызды. Қазақстан ет және сүт өнімдерін экспорттайтын өңірлік елге айналуы тиіс.
Yшінші, ғылыми қамтымды экономика құру ең алдымен Қазақстан ғылымының әлеуетін арттыру. 
Төртінші бағытқа сан-салалы инфрақұрылымдық міндеттер кіреді. Елбасы елдің орасан зор аумағын, халықтың орналасу тығыздығының төмендігін ескере отырып, урбанистік орталықтардың ірі қалалары ретінде Астана мен Алматыны, Шымкент пен Ақтөбені атады. Олар халықтың және инвестициялардың шоғырлану орталығына айналады.
Бесінші, шағын және орта бизнесті дамыту – ХХІ ғасырдағы Қазақстанды индустриялық және әлеуметтік жаңғыртудың басты құралы. Жаһандық рейтингте Қазақстан бизнесті жүргізуге ең қолайлы жағдайы бар елдің қатарына кіреді. Елбасының пайымдауынша, шағын бизнес ұрпақтан ұрпаққа берілетін отбасы дәстүріне айналуы тиіс.
Алтыншы, ХХІ ғасырдағы жаңа Қазақстан белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтардың іс-қимылы арқылы дамиды. Елбасы маңызды мәселеге қайта оралды. Ол міндетті медициналық сақтандыру енгізу мәселесін зерттеуді тапсырды. Мемлекеттің, жұмыс берушілердің және қызметкерлердің денсаулық үшін ортақ жауапкершілігі – медициналық қызметтің барлық жүйесінің басты қағидаты, деп атап көрсетті Елбасы.
Жетінші, басым бағыттардың қатарында Мемлекет басшысы мемлекеттік институттар жұмысын жетілдіруді маңызды міндет деп санайды. Әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ұмтылыс кезінде Қазақстан үшін адал бәсекелестік, әділеттілік заңының үстемділігі және жоғары құқықтық мәдениет ахуалы қажет. Осы міндеттердің қатарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа стратегиясын қалыптастыру қажеттігі де атап көрсетілген.
Міне, әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылуға қатысты нақты міндеттер осындай. Ал, оларды жүзеге асыру бүкіл қоғамның келелі міндеті болып табылады.
Ж.ӘЛМАХАНҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз