ЖАСТАР – ЖАҢАШЫЛДЫҚ ЖАРШЫСЫ

78

0

ЖАСТАР – ЖАҢАШЫЛДЫҚ ЖАРШЫСЫКеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаев
«Достық үйінде» облыстың белсенді жастарымен бейресми, еркін форматта кездесу
өткізді. Аймақ басшысы сөз басында бұған дейінгі кездесуде көтерілген
мәселелердің басым бөлігі оң шешімін тапқанын, жастарға әрдайым қолдау
көрсетілетінін атап өтті.

– Сіздердің орталарыңыз қай қо­ғам­да да жаңашылдықтың, жасам­паздықтың
жаршысы. Біздің де жас­тарымыз жақсылыққа ұмтылып, жаңаға құмарлық көрсетіп
жүр. Осыдан бір ай бұрын ғана жас блогерлермен кездесіп, қаладағы біраз
мәселенің шешу жолдарын бірлесіп қарап, бірқатар жаңа бастамаға қолдау
білдірдік. Сол жұмыс жалғасын табуы тиіс. Біз өз тарапымыздан жастар саясатына
жаңа мазмұн, жаңа форма әкелуіміз керек. Елдегі жастардың да, саяси-қоғамдық
ұйымдардың жекелеген мәселеге түрлі көзқарасы болуы мүмкін, бірақ елдің бірлігі
мен қоғамдағы тұрақтылыққа келгенде сөз де, іс те, ұстаным да ортақ болуы тиіс.
Ауылдың да, қаланың да жастарымен белсенді жұмыс істеп, оқитынына бағыт беріп,
оқымайтынына оқуға жағдай жасап, жұмысқа орналастыруға немесе жеке кәсіп ашуға
көмек көрсетілуі қажет.

Бүгінгі кездесуге қатысқан жастардың ұсыныстары, жас­тар
ұйымдарының жобалары, осы саладағы халықаралық тәжірибе зерттеліп, ұсыныстар
дайындауды тапсырамын, – деді Қырымбек Елеуұлы.

Өркениетті
30 елдің қатарынан орын алуға ұмтылған қазақ жастары қандай болу керек? Заман
талабына сай білім алып, еңбек етуде биіктен көрінуі тиіс. Аймақ басшысы
кездесуде жастардың заманауи білімді игеруіне баса назар аударды. Әлемдегі озық
технологияларды өмірге әкеліп, ел экономикасын өрге сүйреген кәсіпкер тұлғалар
өмірінен сыр шертті. Аты аңызға айналған саясаткерлер мен қоғам
қайраткерлерінің үлгі етерлік ұстанымдарынан, сөздерінен мысал келтірді.


Сіздер жас болғаннан кейін келешекте әлемнің, Қазақ­станның, соның ішінде Сыр
елінің дамуына тікелей әсер ететін ірі өзгерістер туралы да ой бөліскім келеді.
Ол өзгерістер біздің бүгінгі өмірімізге, елдегі экономикалық және саяси ахуалға
тікелей ықпал етеді. Оларды дұрыс түсініп, салдарын болжай білу – бізден бұрын
Сіздерге қажет. Өйткені ертең-ақ ұрпақ алмасып, тізгін Сіздерге тиеді. Бірақ
Сіздер біздің уақытқа ұқсамайтын, мүлде жаңа жағдайда жұмыс істейсіздер.
Сондықтан сол өзгерістерге дайын болуларыңыз, қазірден оған икемделіп, қажетті
дағды қалыптастыруларыңыз өте маңызды. Мен соңғы кезде Илон Маск деген
американдық кәсіпкер-ғалым туралы жиі айтып жүрмін. Өйткені бұл адам­ның
жасаған жұмысы бүкіл адамзаттың, ғаламдық экономика мен өндірістің келешегін
анықтауда. Соның ішінде адам баласы тұңғыш рет ғарышқа аттанған, жер бетіндегі
ең ірі ғарыш айлағы орналасқан біздің облыстың келешегі үшін маңызды жаңалықтар
жасады. Менің ойымша, шын мәнінде таңғалуға да, жастарға үлгі етуге де тұратын
мысал. Сол Илон Масктің СпейсИкс деген компания­сы ғарышқа ұшып, қажет
жеріне қайта қона алатын ракеталары
ғарышты зерттеу саласындағы революцияға айналды, – деді облыс әкімі.

Қызылорда
облысының білім беру саласында өзге аймақтардан ерекшелейтін тұсы аз емес.
Солардың бірегейі – Сыр бойының жүздеген жастары Ресейдің маңдайалды оқу
орындарында тегін білім алып жатыр. Бұл тұрғыда аймақ басшысы:

– Ертең
ҰБТ-ны тапсыру аяқталады, оған қатысқан балалар 100 пайыз жоғары және орта
арнаулы оқу орындарына қабылдануы тиіс. Биыл мектепті аяқтап, ҰБТ-ға қатыспаған
2 мыңға тарта бала бар, осы жастар 100 пайыз тізімге алынып, әрқайсысының
жағдайы мен жоспары жеке қаралуы тиіс. Барлығы да оқумен, бірінші мамандық алу
мүмкіндігімен қамтылады. Оған толық мүмкіндік бар. Білім және ғылым
министрлігінің мемлекеттік гранттары, «Серпін” бағдарламасы, Мәскеу мен
Санк-Петербургтің маңдайалды оқу орындарына жол ашқан Ресей үкіметінің оқу
гранттары, әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан балаларға арналған облыс
әкімінің оқу гранттары бар. Биыл бұл гранттар 135 орынға көбейіп, 500-ге жетті.
Сонымен бірге, биыл біз өз облысымыздағы орта және арнаулы кәсіби оқу орындарына
арналған мемлекеттік тапсырысты 300 орынға көбейттік, осылайша облыс есебінен
жыл сайын бірінші мамандықты тегін алатын бала саны 3 мыңнан асты.

Көріп
отырғандарыңыздай, талабы бар жасқа оқуға, білім алып жетілуге мүмкіндік мол.
Бірақ, талабы жоқ екен деп, белсенділігі төмен жастарды тасада қалдыруға
болмайды. Ондай жағдайға тап болғанына баланың кінәсі жоқ. Ол – ата-ананың,
білім мен тәрбие берген ұстаздардың кемшілігі. Сондықтан мұндай жастарды
қолдау, жол көрсетіп, жөн сілтеу біздің міндетіміз, – деп ой қорытты.

Жаһандану
жағадан алған тұста жастардың санасы ақпараттар ағынына ұлттық идеологиямен
қаруланғанда ғана төтеп бере алады. Елдің дамуына, мемлекетіміздің нығаюына
үлес қоса алады. Аймақ басшысы сөз арасында ақын Сабыр Адайдың «Әр қазақ –
менің жалғызым» деген сөзін келтірді. Әрбір жас үлкенді құрмет тұтып, кішіге
ізет қылып, бірлікке ұмтылса құба-құп. Ал, сырбойылық жастардың мұндай қасиетке
ие екендігі сөзсіз.


Елбасымыздың «Сыр – Алаштың анасы» деген сөзі бар. Қазақылық қаймағы бұзылмаған
аймақпыз. Өзгелерге өнеге болар өңір екендігімізге ешкім шүбә келтірмесе керек.
Сондай-ақ, экономикалық дамуы жағынан да алдыңғы қатардамыз. Біздің жастарымыз
бәсекеге қабілетті білім алса, тәрбиелі боп өссе, одан жоғары да абырой биігіне
көтерілетініміз анық, – деп, облыс жастарына сенім білдірді.

Кездесуде
Қырымбек Елеуұлы жастарға барынша сақ болуға, қателікке бой алдырмауға кеңес
берді. Ел ішіне іріткі салып, теріс пиғылдағылардың жетегінде кетпеуге шақырды.
Ең бастысы, жастар жұмыссыз, бос сенделіп жүрмеуі тиіс. Өйткені, жұмысы жоқтық
адам баласын аздырары сөзсіз. Сондай-ақ, аймақ басшысы ғаламторды пайдалануда
қатысты өз ойын айтты:

– Жаңа
медианың төңірегіне шоғырланған өздеріңіз секіл­ді блогерлер мен әлеуметтік
желілердің белсенділері, жалпы жастар өте сақ болуы керек. Жаңа медиалар әр
адамға пікір білдіруге зор мүмкіндік берді. Қолында смартфоны бар адам
журналистке, көпшіліктің пікіріне, көңіл-күйіне ықпал ете алатын тұл­ға­ға
айналды. Дұрыс-ақ. Мемлекет мұнымен санасып жұмыс істеуге дайын. Бірақ бұл құралдар
оны пайдаланатын әр адамға үлкен жауапкершілік артады, – деді ол.

Кездесуде
жастар тарапынан облыс әкіміне қойылған сұрақтар мен айтылған ұсыныстар қатары
қалың болды. Бірі қалаға жастар саябағы қажет десе, бірі талантты жастардың
өнерін өрістетер орталықтар керектігін айтты. Аймақтағы суретші жастар
мәселесін көтерген Рауан есімді суретші аймақ басшысына өз туындысын тарту
етті. Спорттық алаңдардың жетіспейтінін, көшенің жөнделуі турасында ұсыныс
айтқан жастар да болды. Облыс әкімі айтылған ұсыныстар бойынша тиісті сала
басшыларына тапсырмалар берді. Алдағы уақытта аудандардағы жастармен де
жолығып, олардың мәселелерін тыңдауға да дайын екендігін жеткізді.

Ашық
әңгіме, еркін пікірлесуден жастар көңілді шықты. Жұптарын жазбаған күйі
қазақтың жарық жұлдызы Ғани Мұратбаев ескерткішіне барып, гүл-шоқтарын қойды.

 

Нағымжан САУЯЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз