ЖАСТАРҒА ҚАМҚОРЛЫҚ ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА БАСТАЙДЫ

108

0

ЖАСТАРҒА ҚАМҚОРЛЫҚ  ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА БАСТАЙДЫ

Кеше Сыр елінде ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты кеңесінің ХVІІІ көшпелі отырысы болып өтті. Шарағаарнайы келген ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары, жастар саясаты кеңесінің төрағасы Ғабидолла Әбдірахымов бастаған меймандар жиын қарсаңында облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың басшылығымен Қызылорда қаласындағы жастарға арналған бірқатар әлеуметтік нысандар жұмысымен танысты.

Таныстық Жастар үйінен
басталды. Балалар үйінің түлектеріне арналған жатақхана 2011 жылдың қараша айында
пайдалануға берілген. Ғимараттың бірінші қабаты «Жас жеткіншектерді әлеуметтік
бейімдеу орталығы” болып аталады. Мұнда балалар үйінің түлектері орналасады да
23 жасқа дейін тұрып, онан кейін жоғары қабаттарға көтеріледі. 2,3,4 қабаттарда
бір бөлмелі 65 пәтер бар. Ол жерде жастар 29-жасқа дейін тұра алады. Ал,
жастардың санатынан шыққан соң кезек бойынша үй алып кетеді. Бүгінде мұнда 36
бала бар. Олардың екеуі кешкі метепке барса, төртеуі жұмыс істейді, ал қалған
отызы кәсіптік колледж және өзге де орта арнаулы оқу орындарында оқиды. Биылдың
өзінде балалар үйінен мұнда 11 бала келген.

ЖАСТАРҒА ҚАМҚОРЛЫҚ  ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА БАСТАЙДЫМұнда жеткіншектерге барлық жағдай жасалған. Жаттығу залы, демалыс
бөлмесі бар. Жалпы, бұл жоба жетім балалар үйінен шыққан жастарды өмірге
бейімдеу, олардың өз орындарын тауып,
қоғамның бір мүшесі атануына ықпал ету
мақсатында жүзеге асырылған. Осы
бағытта жас қыз-жігіттерді үй шаруашылығына икемдеп, өз беттерінше өмір сүруге
бейімдейді. Шығармашылықпен айналысамын деу­шілерге де жағдай жасалған. Бірі
сурет салса, енді бірі тігін тігуде. Орталықтың өздерінің вокальды аспапты
ансамблі де бар. Өнерпаз балалар меймандарға өз өнерлерін көрсетіп бағуда.

Ғабидулла Әбдірахымов жастар үйі тұрғындарының ахуалына, оқу
үлгерімдеріне қызығушылық танытты.

Онан соң №3 қалалық емхана базасында орналасқан «Шапағат” жас­тар
денсаулығы орталығы жұмысы таныстырылды. Орталық ҚР денсаулық сақтау саласын
дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан” мемлекеттік
бағдарламасын және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Жастарға достық
қарым-қатынас қызметін ендіру туралы” бұйрығының негізінде 2012 жылы қазан
айында ашылды. Мұнда жастарға
құқықтық, психологиялық және медициналық көмек көрсетіледі. Ең бастысы, қалада
тіркеуде жоқ жастардың еш кедергісіз көмек алуын қамтамасыз етеді. Емхана бас
дәрігері Болғанай Сарышеваның айтуынша, орталық ашылғалы бері 15 мыңға
жуық жас психологиялық, құқықтық және медициналық көмекке жүгініп
үлгерген. Осы орайда ол орталықтың жастар ортасында өзіндік маңызға ие екенін баса айтты.

Өз кезегінде Ғабидулла Рахметоллаұлы Қорқыт ата атындағы Қызылорда
мемлекеттік университетінің «Сейхұн” спорттық-сауықтыру кешенінде болды.

Спорттық-сауықтыру кешені негі­зінен университет студенттерін спортқа
баулу, денешынықтыруға тәрбиелеуге бағытталған. Яғни, саламатты өмір салтын
қалыптастыру, жастарды өз денсаулықтарына жауапкершілікпен қарауға шақырады.
Мұнда аумағы 44х22 метрді алып жатқан ойын залы, көлемі 11х25 метрлік жүзу
бассейні және барлық қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған жаттығу залы, екі
сауна және бильярд пен үстел теннисі бар демалыс орны бар. Сондай-ақ, мұнда
шағын футболдан, волейболдан, гандболдан тұрақты түрде жарыстар өткізіліп
тұрады.

«Мұз айдыны” спорттық-сауықтыру кешені де соңғы жылдары шаһар сәнін
келтіріп, тұрғындарды, әсіресе, жастарды салауатты өмірге үндеп, олардың
қызығушылығын арттырып тұрған нысанның бірі.

Спорт кешені үш бөлімнен тұрады, жалпы аумағы сегіз шаршы метр­ге жуық.
Мұнда хоккей, мәнерлеп сырғанау, шорт-трекпен айналысуға барлық жағдай
жасалған. Сонымен бірге гандбол, волейбол, баскетбол залдары да қарастырылған.

Меймандар соңғы нысан – «Жастар
саясаты мәселелері” басқармасымен танысты. Мұнда басқарма басшысы Жандос
Базартай мемлекеттік ұйымның қызметін баяндап, атқарылып жатқан жұмыстары
жөнінде әңгімеледі.

Басқарма 2013 жылы қараша айында құрылып, ағымдағы жылдың ақпанында өз
қызметін бастады. Мұнда 32 қызметкер жұмыс жасайды. Байқоңыр қаласы мен жеті
ауданда басқарманың бөлімдері жастарға қызмет көрсетеді. 2014 жылы облыстық
бюджеттен 74 млн. 600 мың теңге қаржы бөлінген. Мәртебелі мейман психологиялық
кеңес беру бөлмесінің және ақпараттық-сараптамалық бөлімнің жұмысына баса назар
аударып, қызығушылық танытты. Басқарманың басты мақсаты облыс аумағында ҚР
мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру, жастардың рухани, мәдени, білім алу,
кәсіби және жеке тұлғаның қалыптасуын дамыту, олардың мүдделеріне сай
шығармашылық әлеуетін ашу үшін әлеуметтік-экономикалық, құқықтық,
ұйымдастырушылық жағдай жасау, жастардың әлеуметтік маңызды бастамаларын жүзеге
асыру болып табылады.

– Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Бүгінгі таңда мемлекеттік жастар
саясатын жүзеге асыруда біршама алға жылжушылықтар да жетерлік. Сонымен қатар,
мемлекет тарапынан жастарға деген сенім, жауапкершілік те артып келеді. Осы
бағытта еліміздің еңселі болуына жас буын білім мен жігерін арнайды деп айта
аламыз,– дейді басқарма басшысы Жандос Базартай.

***

ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің XVIII көшпелі
отырысы аясында кеңес мүшелері кеше Қорқыт ата атындағы университеттің
Студенттер сарайында облыс орталығында
білім алып жатқан студенттермен кездесті.

ЖАСТАРҒА ҚАМҚОРЛЫҚ  ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА БАСТАЙДЫКездесуді ашқан Білім және ғылым вице-министрі Такир Балықбаев ел
дамуындағы жастардың рөлі туралы айтты. Вице-министр Елбасының Жолдауынан
туындайтын міндеттерді саралап, осы тарихи құжатта барша қазақстандықтардың
алдына әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру тапсырмасы қойылғанын атап
өтті. Мұның еліміздің болашағы саналатын жастарға ауқымды жауапкершілік
жүктейтінін, өйткені стратегиялық бағдарламаларды тек озық ойлы жастар ғана орындайтынына тоқталған министрдің орынбасары білім
саласын дамыту бағытында жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар туралы тарқатып,
саланың жоғары қарқынмен дамып келе жатқанын жеткізді. Мәңгілік ел идеясын
жастар арасында кеңінен насихаттау жайын тарқатты. Бұған қоса, ол жуырда үш
мемлекеттің – Қазақстан, Ресей және Белоруссия Президенттерінің Еуразиялық
экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қойғанын, оның айтулы тарихи оқиға
екендігін атап өтті. Енді білім саласында бәсекенің артатындығын, алдағы жылдан
бастап заманауи технология мен жаңашылдықты игерген елдің озық ойлы түлектері
Ресей мен Беларусь мемлекеттерінде жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болатынына
тоқталды. Мұнан соң бүгінгі жүздесу еркін пікір алмасу форматында өтетіндігін
атап өткен спикер студент жастарға көкейде жүрген көп сауалдарға жауап алу
мүмкіндігі туып отырғанын жеткізді. Ал, жастар арасында салауатты өмір салтын
қалыптастыру, денсаулықты сақтау мен дамыту жайлы кеңес мүшесі, Денсаулық
сақтау вице-министрі Болат Төкежанов айтып берді.

«Саламатты Қазақстан» бағдар­ламасының жүзеге асырылуы туралы тарқатқан
министрдің орынбасары елімізде 80-нен астам денсаулық мектептері жұмыс істеп
жатқанын, оларда студент жастарға медициналық, әлеуметтік-психологиялық
көмектер көрсетілетінін жеткізді. Айта кетейік, мұндай мектептің үшеуі біздің
облыста.

Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асырудағы қызылордалық студент
жастардың рөлі туралы Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университеттің жастар ісі
жөніндегі комитетінің төрағасы Абылайхан Сабанбаев мәлімдеді. Оның айтуы
бойынша, қазіргі таңда облыс орталығындағы 4 жоғары оқу орнында 14 мыңға жуық,
кәсіби және техникалық білім беретін 34 орта оқу орнында 26 мыңға жуық жас
білім алуда. Студенттер маңызды әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруда белсенділік
танытуда. Бұл мақсатқа бөлінетін қаражат көлемі де жыл сайын артып келеді.

Айта кетейік, жыл сайын жас­тар қоғамдық бірлестіктері, жастарға
арналған қоғамдық шаралар және әлеуметтік маңызды жобалар саны артып келеді.
Бүгінгі таңда облысымызда тіркелген жастар қоғамдық бірлестіктерінің саны 60-қа
жуық болса, олардың тең жарымы белсенді жұмыс атқарып келеді. Аймақта соңғы 4
жылда бұл салаға 721 млн. теңге бөлініпті. Биылғы жылы жергілікті бюджеттен
307,5 млн. теңге қаражат қаралып, маңызды деген әлеуметтік жобаларға қолдау
білдірілген.

Бұған қоса, аймағымызда жыл
басында «Жастарды қолдау орталығы» мемлекеттік мекемесі құрылғанын, оның
бөлімдері барлық аудандар мен Байқоңыр қаласында жастармен жұмыс атқарып
жатқанын айта кеткен жөн. Сонымен қатар, 2011 жылдан бастап, жас­тар арасында
оң резонанс тудырып, кең қолдауға ие болған және белсенділігін арттыруға ықпал
еткен жобалардың бірі – «Сыр үміті» сыйлығы. Жыл сайын әр түрлі саладағы 30
белсенді жасқа сыйлықты табыстау рәсімі өткізіледі.

Университет жастарының жетек­шісі А.Сабанбаевтың айтуынша, оқу
ордасында студенттердің білім алуы мен таланатты жастардың ғылыми инновациялық
жобалармен айналысуына барлық жағдай жасалған. Мәселен, өткен жылы пайдалануға
берілген 400 орындық жатақханада
қазіргі күні студенттер мен магистранттар және осы университеттің ғылым
докторлары қоныс еткен. Мұнан соң қаламыздағы қазақ гуманитарлық-заң және
техникалық колледжінің І курс студенті Мақсат Тынымбай өзі оқитын оқу орнындағы
жастар саясаты ісі бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды тарқатты.

Басқосу барысында қызылор­да­лық жастар еліміз бен облысымызда оқып
жатқан студент жастардың мәселесіне қатысты сауалдар қойып, тұшымды жауаптар
алды.

Айнұр БАТТАЛОВА,

Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз