ЖАСТАРДЫҢ ЖАРҚЫН БЕЙНЕСІ

43

0

ЖАСТАРДЫҢ ЖАРҚЫН БЕЙНЕСІХалықаралық
жастар күнінде қызылордалық бір топ жасқа облыс әкімі Қырымбек Көшербаев «Сыр
үміті» сыйлығын табыстады. «Сыр үміті” 2010 жылдан бері жастардың азаматтық
және қоғамдық-саяси белсенділігін арттыру мақсатында беріліп келе жатқаны
белгілі. Осыған дейін сыйлықты 90 жалынды жас иеленген еді. Ал биыл 30 өреннің
аты озды.

Салтанатты шарада облыс әкімі Қырымбек Көшербаев
жастарға өзінің игі тілегін айтты. Ол от жүректі жастардың терең білім алып,
туған жердің бағын аспандатуға, гүлденуіне атсалысуға шақырды. Сондай-ақ, аймақ
басшысы елімізде, оның ішінде облысымызда жастар саясатын жүзеге асыру
бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын тілге тиек етті.

– «Жастар – болашаққа апаратын алтын көпір» дейді дана
халқымыз. Сондықтан әрбір жас жеке қабілеті мен кәсіби біліміне сай
қоғамымыздан өз орнын табуы қажет. Сыр елінің жастары қашанда қайсар, белсенді,
жарқын болашаққа ұмтылуға құмар. Қазірде Сыр елінің 117 түлегі шетелдің
маңдайалды оқу орындарында білім алуда. Аз қамтылған отбасы балалары мен
ауылдық жерден шыққан дарынды жастарға облыс әкімінің арнайы 300 гранты
тағайындалды. Биыл инвестициялық форумның нәтижесінде 115 түлек Мәскеу мен
Санкт-Петербургтің жоғары техникалық университеттеріне жолдама алды. Міне,
Елбасымыздың бастамасымен мемлекет тарапынан жастарға көрсетіліп жатқан
қамқорлық барлық салада көрініс беруде, – деді Қ.Көшербаев.

Сонымен қатар, аймақ басшысы Қызылордада әлеуметтік
парк салынатынын айтты. Орталық стадион маңынан бой көтеретін құрылысты
қаржыландыру мәселесі шешімін табуға жақын.

«Біз Сыр жастарының идеялары мен игі бастамаларына
әрқашан қолдау білдіреміз», – деп сөзін түйіндеген облыс әкімі «Сыр үміті»
сыйлығын ие болғандарға 150 мың теңгелік қаржылық сертификат пен арнайы мүсінді
табыс етті.

Марапат иелерінің арасында спортшы, журналист,
дәрігер, педагог, мұнайшы, өнер, кеден саласы және қоғамдық ұйымдарда белсенді
жұмыс атқарып жүрген жастар бар. Атап айтқанда, «Хабар» және «24.kz»
телеарналарының өңірдегі меншікті тілшісі Қамбар Бекенов, «Қызық Орда»
шығармашылық топ» қоғамдық қорының үйлестірушісі Мұратбек Демесінов, «Жігер»
Қызылорда облысы спортшы мүгедектерінің қоғамдық бірлестігінің мүшесі Нұрбақыт
Асқаров, «Студент Жастар Одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абылайхан
Сабанбаев, «Kyzylorda-news.kz» интернет газеті бас редакторының орынбасары
Назерке Саниязова, «Ақмешіт жастары» газетінің жауапты хатшысы Дастанбек Садық,
Қызылорда қаласы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің сержанты Асхат
Қошқаров, «Қызылорда облысының ТЖД суда құтқару қызметі» ММ-нің 3-дәрежелі
құтқарушысы Ролан Әбдіқалықов, №4 Дарынды балаларға арналған
мектеп-интернатының 11-сынып оқушысы Бағлан Төлебай, ауыр атлет Алмас Өтешов
секілді өз саласының үздік жас үміттері бар.

«Облыс әкімінің дәстүрлі сыйлығы жас­тарды жарқын
болашаққа жетелейді деп ойлаймын. Әртүрлі салада еңбек етіп жүр­ген үздіктерге
қарап өзгелер де жігерін қайрап, талабын ұштай түсетіні сөзсіз.
Ұйымдастырушыларға осы марапатқа лайық деп санағандары үшін алғыс білдіремін»,
– деді марапат иелерінің бірі жас журналист Назерке Саниязова.

Ал ел мақтанышына айналған спорт­шы Алмас Өтешов: «Сыр
үміті» сый­лы­ғы жастарға, оның ішінде өзіме зор жауапкершілік жүктейді.
Артылған сенімнің үдесінен шығуға серт беремін», – деген жалынды сөзін
жеткізді.

Марапаттау рәсімінің соңы әдеби-әуездік кешке
жалғасты.

Дәурен ОМАРОВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз