ЖАСТАРМЕН ӨМІР ЖАРҚЫН

69

0

ЖАСТАРМЕН ӨМІР ЖАРҚЫНКеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаев облыс әкімінің гранты иегерлерімен кездесті.
«Келешекке – кемел біліммен» атты кездесуде аймақ басшысы өңірдің даму көрсеткіштерімен таныстырып, алда атқарылатын жұмыстар жөнінде айтты және жастарды білім-ғылымға құштар болуға, Отанды, ұлтты сүюге, ана тілін құрметтеуге, ұлттық құндылықтарды қастерлеуге шақырды.
– Елдің ертеңі, ұлттың болашағы – жастар! Халқымыздың асыл арманы мен үкілі үмітін іске асыратын өздеріңіз.
Біз өз кезегімізде Елбасының командасында тәуелсіздікке қол жеткізіп, егемен елдің іргесін қаладық. Енді осы аға буынның игі бастамасын әрі қарай алға жетелейтін, тәуелсіздігімізді баянды ететін өздеріңіз. Сондықтан сіздерге үлкен сенім артамыз, үмітпен қараймыз. Сол себепті де сіздерді әрдайым қолдаймыз, қамқорлығымызды аямаймыз. 
Сыр өңірі – әлеуметтік салаға, оның ішінде білім саласына ең көп қаржы жұмсайтын аймақ. Мұның себебі неде? Себебі, білімді ұрпақ ғана елінің ертеңі, ұлтының болашағы бола алады. Осыдан төрт ғасыр бұрын Абылай хан «Білектің заманы өтіп,  білімнің заманы келді. Дайынбысың, әлеумет!» деп айтса, ғасырлар тоғысында Мемлекет басшысы «Келешекке – кемел біліммен» деп нақтылай түсті. Еліміздің, оның ішінде Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық жағдайы дамып келеді. Мәселен, 2013 жылы облыс бюджеті 107 млрд болса, өткен жылы 240 млрд теңгемен аяқтадық, яғни, 2,5 есеге өсті. Сол секілді өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруа¬шылығы секілді барлық салада қарқынды даму бар, – дей келе, облыс әкімі әр сала бойынша даму жайын баяндады.
ЖАСТАРМЕН ӨМІР ЖАРҚЫН
Онан соң студенттер сөз алып, жастарға қамқорлық танытып, үнемі қолдап жүргені үшін аймақ басшысына алғысын жеткізді. Атап айтқанда, 2013 жылғы облыс әкімінің грант иегері, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың дизайн мамандығының 4-курс студенті Ботагөз Мәлікназарова көпбалалы отбасынан шыққан жастарға қолдау білдіріп, жоғары оқу орнында оқып, қалаған мамандығын алуға мүмкіндік жасап отырғаны үшін алғысын білдіріп, өзі салған туындысын табыстады. Ал, Қалас Батыржан болса ойын былайша жеткізді.
– Құрметті Қырымбек Елеуұлы, мен биыл ашылған ақпараттық қауіпсіздік жүйелері мамандығының бірінші курс студентімін. Сіздің облыс жастарына көмек ретінде жыл сайын грант тағайындайтыныңызды естіп, мен де құжаттарымды тапсырып, грант иегері атандым. Әкем осыдан екі жыл бұрын дүние салған, ал, анам – жұмыссыз. Сіздің грантыңыз біздің отбасымызға үлкен көмек болды. Мына ақпараттық заманда біздің мамандығымызға деген сұраныстың жоғары екені анық. Кеше Елбасының Жолдауында қазір ақпараттық қауіпсіздіктің бәсеңдеуіне тиісті тапсырма берілді және елімізде «кибер қалқан» бағдарламасы әзірленетін болды. Осындай мамандық иегері болу үшін білім алып жатқаныма қуаныштымын. Болашақта білікті маман болуға және мемлекеттің ақпарат саясатын қорғау жолында аянбай еңбек етуге атсалысамын,– деді ол.
Кездесуге қатысушы Алматы мемлекеттік  дәрігерлер білімін жетілдіру университетінің резиденті Айдана Тәжікова да сөз алып, медицина мамандары үшін резидентураға грант бөліп, жастардың әрі қарай білімін жетілдіруге мүмкіндік берген аймақ басшысына ризашылығын білдірді.
Жүздесу барысында студенттер өздерінің айналысып жүрген ғылыми-зерттеу жұмыстарымен таныстырды және Мәскеу қаласында оқитын шәкірттер бейнеқұттықтауларын жолдап, шетелдің жетекші оқу орнындарынан мамандық алуға жол ашқан мүмкіндікке көңілдері толатынын, білімдерін елдің өркендеуіне жұмсайтындарын жеткізді. Жастар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды. Жылы жүздесуде, сондай-ақ, Қорқыт ата атындағы ҚМУ «Дәстүрлі музыкалық өнер» мамандығының студенттері ән-жырдан шашу шашты.

Айнұр БАТТАЛОВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз