Жастары жалынды елдің болашағы жарқын

145

0

Жастары жалынды елдің болашағы жарқынАстанада Мемлекет басшысының қатысуымен республикалық жастар форумы өтті. Форумға Қазақстанның барлық өңірінен 1000-нан астам адам, соның ішінде кәсіпкерлер, өндірістің түрлі саласының еңбеккерлері, ғалымдар, студенттер, танымал спортшылар мен жастар ұйымдарының көшбасшылары қатысты.
Мемлекет басшысы өз сөзінде еліміз тәуелсіздік алған бастапқы уақыттағы мемле­кеттілікті қалып­тастырудың қиын кезеңі туралы әңгімелеп, республикамызда жастардың өмірден өз орнын табуына бірегей мүмкіндіктер жа­салғанына, жедел өзгеру үстіндегі қазіргі әлемнің заманауи талаптарына сай келетін, сын-қатерлеріне лайықты төтеп беретін сапалы білім алудың маңыздылығына назар аударды.
Қазақстан Президенті еліміздің жеткен табысының тарихы ең алдымен оның жастары қол жеткізген табыстың тарихы екенін атап өтті.
– Жас ұрпаққа, өткеніміз бен келе­шегі­мізге қамқорлықпен қа­рау әрқашан менің саясатымның бас­­ты мән-маңызы болып ке­леді. Әрбір жас қазақстандықтың білім алуына, жұмыс істеуіне, отбасын құруына, баспана алуына мүмкіндігі бар, – деді Елбасы.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назар­баев «Баршаға – кәсіби білім» бағ­дарламасының енгізіліп жат­қанын айтты.
–  Мемлекет баршаның өндіріс­тен жұмыс орнын табуына кепіл­дік беретін өмірдегі алғашқы жұмысшы мамандығын тегін алуға мүмкіндік туғызып отыр, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жас кәсіпкерлерге қолдау көрсету ісіне зор мән беріліп отырғанын айтты.
– Тек 2016 жылғы бірінші жарты­жылдықта жас бизнесмендердің 55 жобасына банк несиелерінің пайыздық төлемдерін мемлекет тарапынан субсидиялау түріндегі қаржылық қолдау көрсетілді. Біз­дің мақ­са­тымыз – еліміздің ша­ғын және орта биз­несінің Қазақстан өні­мінің жартысынан астамын өн­діруіне қол жеткізу, – деді Елбасы.
Қазақстан Президенті «Жасыл ел» студент және жастар жасақтары жұмысына қатысушыларға айрық­ша ризашылығын білдірді.
– Еңбек жасақтарының жұмы­сына 250 мыңнан астам жас атсалысты. Олар 150 мың гектар жерге 50 миллионға жуық ағаш отырғызды. Еңбек жасақтарының ізгі мақсаты – елімізді көгалдандыру және оның экологиялық тұрғыдан таза болуын қамтамасыз ету, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік жылдарында жас зерттеушілер мен ғалымдар санының артқанын айтты.
– Жастарымыздың әлем­дік деңгейдегі Назарбаев Уни­вер­ситетінде білім алуына мүм­кіндіктері бар. Бүгін жастар алдында бар әлемнің есігі ашық. Сіздер жақсы уақытта өмір сүріп, болашаққа нық қадам басып бара жатқан елмен бірге өсіп келесіздер. Ел ішінде де, әлемде де, соның ішінде мемлекеттер арасындағы қарым-қатынас саласында да жұмыс жасайтын бір ғана қағида бар, ол – бәсекеліктің мәңгілік механизмі, – деді Елбасы.
Қазақстан Президенті ғылымды қам­ти­тын экономикаға көшу оның өсімі­нің икемділігін, қарқын­дылығын және ор­нық­тылығын қамтамасыз ететінін атап өтті.
– Сондықтан Қазақстанның әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылуы ғылымды қамтитын экономикаға негізделуге тиіс. Әлем жаңа технологиялық дәуірге аяқ басты. Оның үрдістері таңғалдырады, тәнті етеді және тамсандырады, сонымен бірге ол елдің келешегіне қатысты мәселеге орай қатаң талап қояды. Болашақ біздің алдымызға мынадай үзілді-кесілді шарт қойып отыр: бар бол, жетіл немесе жоқ бол! – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев жаңа технологиялар заманында қоғам үшін сын-қатер болып саналатын құбылыстарға айрықша тоқталды.
– Бұл инновациялардың артында тұрған негізгі әлеуметтік сын-қатер ол – көптеген кәсіп түрінің жойылуы, жұ­мыс орындарының жаппай қысқаруы, яғни жаһан бойынша жұмыспен қамту аясының тарылуы. Осы орайда бұған дейін менің бастамаммен әзірленген инно­вациялық индустрияландыру, «Нұрлы жол», «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бағдарламаларымен тығыз байланысты Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамының өзек­тілігі ерекше артып келеді, – деді Елбасы.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті дамыған елдердің университеттерінде қарқын алып келе жатқан жастар инновациясына баса назар аударды.
– Қазақстан студенттері ортасында да стартап санының артуы үшін осындай қолайлы жағдай жасау қажет деп санаймын. Қазір еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында да алғашқы табысты жобалар пайда бола бастады. Осы тәжірибені өрістете түсу керек. Бұл – Білім және ғылым министрлігі басшылығының, жоғары оқу орындары мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басшыларының міндеті, – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті туризм, құрылыс, халыққа қызмет көрсету салаларында, жеңіл өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығында еңбекпен қамтуға және кәсіпкерлікті дамытуға мол мүмкіндіктер бар екенін айтты.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев спортшылар мен шығармашыл жастарға, барлық жас өнер қайраткерлеріне ыстық ықыласын білдірді.
– Мәдени бағдарлама аясында және «Болашақтың энергиясы» ат­ты тақырыппен өтетін ЭКСПО-2017 ха­лық­аралық көрмесіндегі волонтерлер жұмысы барысында Қазақстанды лайықты деңгейде танытуларыңа тілектеспін, – деді Мемлекет басшысы.
Соңында Қазақстан Президенті баршаға денсаулық, бақыт және игілік тілеп, мемлекеттің барлық табысына еліміздегі тұрақтылықтың, тыныштықтың және 100-ден астам этнос өкілдері достығының арқасында қол жеткізілгенін атап өтті.
Форум барысында Астана қалалық мәслихатының депутаты А.Оралов, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты, театр және кино әртісі А.Әлімжан, «Зерде» ұлттық ақпараттық-коммуникациялық холдингі» АҚ басқармасының төрайымы Ә.Жиенбаева, Қазақстан халқы Ассамблеясының белсендісі М.Споткай, 2016 жылғы Азия IT конференциясының жеңімпазы С.Нәукенов, «Қазақстан алю­минийі» АҚ экономисі Ә.Доса­нова, «Open Technologies Group» компаниясының негізін салу­шы Қ.Ахметов, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқармасының төрағасы Қ.Төлеушин, «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары республикалық штабы» жеке­меншік мекемесі басшысы Р.Хамидуллин, Қарағанды мемлекеттік университеті «Роботтар мен ақылды машиналар зертханасының» меңгерушісі Н.Есмағамбетов, гроссмейстер, шахматтан халықаралық турнирлер чемпионы Д.Сәдуақасова, кәсіпкер, «Қазақстандық OTAN сағат компаниясының» басшысы А.Тоқсанбаев, Мюнхендегі Максимилиан Людвиг университетінің докторанты Қ.Әбдиева, «TERRAPOINT» ЖШС инженері Д.Хоменко сөз сөйледі.

Елбасы сенімі жігер береді
Елорда төрінде өткен республикалық Жастар форумына қатысуым өмірімдегі елеулі сәт болып есте қалары сөзсіз. Өйткені, елдің әр түкпірінен жиналған замандастармен кездесу, пікір алмасу, достық байланыс орнатудың жөні бөлек.
Ал айтулы шараға Мемлекет басшысының қатысуы шараның маңыздылығын арттыра түсті. Мұны Елбасының жастарға көрсеткен шексіз қамқорлығы мен биік сенімі деп білемін. Ұлт көшбасшысы еліміздің қол жеткізген табысының тарихы, ең алдымен, оның жастарының жетістігі екенін атап өтті. «Жас ұрпаққа, өткеніміз бен келешегімізге қамқорлықпен қарау – әрқашан менің саясатымның басты ұстанымы», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.
Елбасымен жүздесу жастарға жаңа леп, жалынды жігер берді. Бұлай деуімнің себебі, Елбасының ел игілігі үшін жасап жатқан еңбегі орасан. Жастар – қоғамның қозғаушы күші десек, қазіргі таңда Қазақстанда мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру бағытында алға ілгерілеушіліктер анық байқалады. «Дипломмен – ауылға!», «Жастар тәжірибесі», «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» және тағы басқа мемлекеттік бағдарламалардың шапағатын көптеген жас сезініп үлгерді. Бұл мемлекет тарапынан жастарға деген сенім мен жауапкершіліктің артқанын көрсетсе керек.
Елбасымыз айтқандай, ең керемет ел болу үшін бәсекеге қабілетті болуы керек. Осы орайда сенімнен шығу жолында аянып қалмайтынымызды айтқым келеді.
Ақтілек ЕСЕЕВ,
«Қамқор Жылу» ЖШС Сексеуіл бөлімінің машинисі.
Арал ауданы.

Ертеңіміз ерекше нұрлы
Жастар форумының Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мен Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күні аясында өткізілуі зор мәртебе. Әсіресе, осы айтулы шараға Елбасының өзі келіп қатысуы оның маңызын арттырып, жалынды жастардың жігерін жаныды. Бұл Нұрсұлтан Әбішұлының бізге көрсеткен шексіз қамқорлығы мен артқан сенімі деп білемін. Биыл еліміз үшін ерекше мереке – ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы. Ширек ғасырдың ішінде еліміз толағай табыстарға қол жеткізді, жастарға бұрын-соңды болмаған мүмкіндіктер беріліп, даңғыл жолдар ашылды.  «Ұлт болам десең, ұрпағынды ойла” деген ұлағатты қағида бар. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев бізге жол сілтеп, бағыт-бағдар көрсетті. Іске асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламаларға атсалысып, еліміздің дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуына үлес қосу керектігімізді айтты.
«Білікті маман болсаң, өмірде өз орныңды тапқаның. Ал адамгершілікті серік етсең, жетістікке жеткенің”. Елбасымен кездесуден түйгенім осы. Сонымен қатар форум барысында жаңа техника мен технологияны меңгерген замандастарымның көп екенін, олардың өзгерістерден қорықпай, өміршең, серпінді жобаларын ұсынудан тартынбайтынын көріп қуанғанымды айтқым келеді. Еліміздің болашағы – жастардың қолында. Ендеше біз артылған зор сенімді ақтауға, қазақ елінің көк туын биікте шалқытып, абыройын әлемге асқақтатып, еліміздің ертеңі болуға уәде етеміз.
Ернар ЗИНУЛЛАЕВ,
«ҚТЖ” – жүк тасымалы АҚ «Қызылорда бөлімшесі ГП” филиалының шаруашылық сектор басшысы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз