ЖАСЫЛ ЖЕЛЕГІ ЖАЙҚАЛҒАН БАҚ

115

0

ЖАСЫЛ ЖЕЛЕГІ ЖАЙҚАЛҒАН БАҚЕкінші күні форумға қатысушылар Арал теңізінің қазақстандық бөлігін тікұшақпен аралады. Онда Сырдария сағасынан бастап Солтүстік Арал акваториясы аралығындағы қайта салынған және жөнделген гидротехникалық құрылғыларды, «Ақлақ» тоспасын, «Көкарал» бөгетін, қалаға жақындаған Кіші Арал теңізін әуеден бақылады.
САРАТС жобасының бірінші кезеңі теңізді Арал қаласына жақындатуға мүмкіндік берді. Жобаның екінші кезеңі солтүстік Арал суының деңгейін көтеруге және Сырдария бойындағы көлдерді қалпына келтіруге мүмкіндік берді. 
 Бүгінде кіші Аралда 25 миллиард текше метр су бар. Белгілі межеден асқан су әрі қарай үлкен Аралға кетеді. Көкарал бөгетін салған кезде қажетті су көлемі 7-8 жылда жиналады деген жоспар болған. Бірақ ол су небәрі екі жылда жиналды. Кіші Аралға тек Сырдария өзені құяды. Арал теңізінің маңындағы көлдерге де 3 миллиард текше метрдей су қажет. Қалпына келтірілген ол көлдерде қазір балық өсіріледі. Қазір халық САРАТС жобасының екінші кезеңінің жүзеге асырылуын асыға күтеді. 
Арал теңізінің бүгінгі келбетіне көз тойдырған қонақтар Қызылорда қаласының «Жасыл белдеуі» атанып кеткен «Көксу» қосалқы шаруашылығында болды. Ботаникалық баққа айналған мұнда 150 мыңға жуық қылқанды, мәуелі, жапырақты және декоративті ағаш түрлері мен бұталар өседі. Шаруашылық басшысы Рая Үдербаева меймандарды атқарылып жатқан жұмыстар мен бүгінгі жетістіктерімен таныстырды. 
Көк желекке оранған бақты аралап көрген олар Сырдың сор топырағына түрлі өсімдікті бейімдеген кәсіпкердің ісіне ризашылықтарын білдірді. Шөлейт жерді көгалдандыру аймақ экологиясын жақсартуға оң ықпалын тиігізетіндігін баса айтты.
Қырғызстаннан келген делегат, Нарын қаласының депутаты Ұлан Жанбаев «Көксудан» алған әсерімен бөлісті. 
– Сырдария өзені Нарыннан бастау алады. Үш мемлекетті көктей өтетін Сырдарияның бойында орналасқан талай бау-бақшаны көрдім. Бірақ «Көксудай» бақты алғаш рет көріп отырмын. Және оны Қызылордадан көргеніме қуаныштымын. Өйткені құмды жерде экзотикалық өсімдіктерді өсіру, 18 гектар жерге егілген тал-дарақтарға күтім жасау, тамшылатып суару үлкен жауапкершілікті, шыдамды қажет етеді, – деді Ұ.Жанбаев. 
Көксу қосалқы шаруа қожалығы қарағай, арша, шырша, емен сияқты аймақтың табиғатына бейімделмеген ағаш түрлерін өсіру үшін тәжірибелік аймақ болып табылады. Және облыстағы шөлейт жерлерді көгалдандыру мен аймақтың экологиялық жағдайын жақсартуға үлкен септігін тигізбек. Бақта зиянды өндірістерден жеңіл жұмысқа ауыстырылған, еңбек демалысына жіберілген адамдар мен зейнеткерлер жұмыс істейді. Олар жергілікті климат жағдайына бейімделген жаңа ағаш түрлерін өсіру мақсатында селекциялық жұмыстарды да атқарады. Осы ұжымның ерен еңбегінің арқасында әсем әрі ауқымды бақ бой түзеген. Шаруашылық иесі еңбек етсең, Сыр топырағына барлық ағаш түрлерін бейімдеуге болатындығын айтты. «Бұл бақты салуға, тал-теректерді егуге ауылшаруашылық мамандары емес, құрылысшы-монтажшы азаматтар еңбектенді», – дейді Р.Үдербаева.
Шаруашылықтың өз жылыжайы да бар. Жылыжайда не өсіп тұр деңіз? Мандарин! Таңқаласың. Қызылордалық шаруалар экзотикалық өнім саналатын мандаринді өсіріп, өнімін алып отыр.
Бүгінгі таңда аймақта мұнан өзге осы тәрізді шаруашылық жоқ. Кәсіпкер Алматының апорт алмасын да өңірге бейімдеп, былтыр жемісінен дәм татты. Саумал бақтың саф ауасына разылығын білдірген меймандар келесі нысан – көркемсурет галереясына аттанды.
Әлемнің бар кереметін қылқаламмен бейнелейтін суретшілердің туындысын тамашалауға келген форум меймандары «Көркемсурет галереясында» Арал теңізінің бүгіні мен кешегісіне зер салды. Тарихынан сыр тартып, тамырына үңілді. Галереядағы үш залдың екеуінде жерлестеріміздің қолынан шыққан картиналар ілініпті. Ал, үшінші залда облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қорында сақтаулы тұрған және суретшілер симпозиумында салынған суреттер орналастырылыпты. Аралға қатысты картиналарға әуестікпен қараған қонақтардың бірі өзбекстандық делегат Зиновий Новицкий таңданысын жасырмады. «Тулаған талай теңіздің суретін көрдім. Мұнда Арал теңізінің суретін емес бейнесін көргендей болдым», – дейді делегат. Сыйлы меймандар картиналардан бөлек суретшілердің шеберханаларымен де танысты.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз