ЖАҚСЫЛЫҚҚА ЖАНЫ ҚҰШТАР

223

0

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында туған жеріне қамқорлық танытып жүрген жандарды қол­дау керектігі атап көрсетілген.
«Жылы  жүрек, жомарт қол» демекші, қазіргі кезде жаны жақсылыққа құмар жандардың қатары аз емес. Көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып, кем-кетігін түгендеп, жанұяға жылулық сыйлап жүрген мәрт азаматтардың есімін жиі естіп жүрміз. Тіпті, кейбірі жасаған жақсылығы мен қамқорлығын көпшілікке жария етуден бас тартып жатады. Пайғамбарымыз хадисінде «алған қолдан, бергені жақсы» деген екен. Одан байдың дүниесі кемімейді. Қайта рухани жағынан толығады. Игі ісі арқылы Тәңірге жақындайды деп қайырымдылық ісінің шарапаты мол екенін аңғартады.
Міне, осындай қайырымдылық шараларын жасап, елдің алғысына бөленген жанның бірі – Гүлшат Алтайбаева. Жүрегі мейірімділік пен ізгілікке толы жан облыста өтіп жатқан барлық қайырымдылық шараларынан қалыс қалған емес. Ол қаладағы ірі сауда орталықтарының бірі – «Мирас» сауда үйінің директоры. Сауда үйін 2009 жылы ашып, 100-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпкер негізінен азық-түлік бағаларын тұрақтандыру бағытында үлкен жұмыстар атқарып келеді. Ең бастысы, қалаға көтерме бағада жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерін жеткізуші болып табылады. 2011 жылы Астана қаласында өткен «Қызылорда облысының мәдени күндері» аясында ұйымдастырылған жәрмеңкеде «Мирас» сауда орталығы астаналық тұрғындарға ең төменгі бағада  бақша өнімдерін сатып, елдің алғысына бөленді. Сонымен бірге қаладағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына арналған қайырымдылық акциясына белсенді қатысып келеді. Айта кетерлігі, Гүлшат Алтайбаева жыл сайын қаладағы «Мерей»,  «Шұғыла» шағын аудандары мен «Универсам» сауда үйінің жанында халыққа қолжетімді болуы үшін ең төменгі бағада бақша өнімдерін сатуды дәстүрге айналдырған. Мұның өзі үлкен сауапты іс болып табылады. Сондай-ақ, «Бақытты балалық шақ мекені» ұранымен өтетін «Мектепке жол» акциясының белсенді қатысушысы. Осы акция аясында әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан 100-ден астам балаға азық-түлік, мектеп формасы және қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз етті.
Биылғы жылдың көктем айында еліміздің бірқатар аймағында табиғи апат орын алғаны белгілі. Осы орайда Ақтөбе облысының су тасқынынан зардап шеккен отбасыларына Гүлшат бейжай қарай алмады.  Жомарттығын танытып, көмек қолын созды. Көмекке мұқтаж отбасыларына   азық-түлік, киім-кешек пен тұрмысқа қажетті заттарды жөнелтіп, игілікті іс атқарды. Сонымен бірге «Сыр мейірімі» акциясы аясында кәсіпкер 4 ГАЗель автокөлікке азық-түлік өнімдерін толтырып, тұрмысы төмен отбасыларына таратып шықты.
Ел құрметіне бөленген Гүлшат алдағы уақытта да қайырымдылық шараларына белсенді қатысып, жақсылық жасаудан жалықпайтынын жеткізді. Абырой төрінен көрініп жүрген кәсіпкер еңбегі үшін талай марапатқа ие болып жүр.
Сара АДАЙБАЕВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз