ЖАУАПКЕРШІЛІГІ МОЛ КЕЗЕҢ БАСТАЛДЫ

65

0

ЖАУАПКЕРШІЛІГІ МОЛ КЕЗЕҢ БАСТАЛДЫКеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаев­тың төрағалығымен ап­парат­тық мәжіліс
өтті.

Жиындағы бірінші мәселе – 2016 жылғы әлеу­меттік-экономикалық дамудың
негізгі инди­катор­ларының орындалуына бағытталған шара­ларға арналды. 2015
жылы 29 желтоқсанда ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов пен облыс әкімі Қырымбек
Көшербаев меморандумға қол қойған болатын. Осы құжат арқылы облыс басшысы
аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамудағы жағымды өзгерістерді қамтитын түйінді
нысаналы индикаторларды орындауды жауапкершілікке алады.

Қазіргі таңда Ұлттық экономика министрлігі аталмыш меморандумдарға
түзетулер енгізу және көрсеткіштер санын кеңейту бағытында жұмыстар атқарып
жатыр. Меморандумда көрсетілген нысаналы индикаторлардың қорытындысы бойынша
облыс әкімдерінің жұмысы бағаланатын болады.

Айта кету керек, Мемлекет басшысы Үкімет пен әкімдердің алдына жалпы ішкі
өнімнің өсімін 2016 жылдың қорытындысы бойынша 102,1 пайыз деңгейіне жеткізу
міндетін қойып отыр.

«Нұрлы жол», «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020», «Бизнестің жол картасы
– 2020», Индустриалды-инновациялық даму бағдар­ламалары аясында өңірде бес
мыңға жуық жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Жалпы, 2016 жылы тоғыз мыңға
жуық жұмыс орнын ашу көзделуде. Сондай-ақ, нысаналы индикаторға қол жеткізу
үшін жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, жұмысшылардың жаппай жұмыстан босау
жағдайына жол бермеу қажет.

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев облыстық экономика және бюджетті жоспарлау
басқармасына қала және аудандардың бюджетін қайта қарауды тапсырды.

– Қала мен аудандардың бюджетінен оның дағдарысқа қарсы жасақталғаны
көрінуі қажет, – деді облыс әкімі.

Мәжілісте қаралған екінші мәселе – Сырдария өзенінде су тасқынының алдын
алу. Ауа райының бір жылынып, бір суытуының салдарынан қаңтардың 8-9-ы күндері
Арал ауданындағы «Ақлақ» су торабының төменгі жағында ұзындығы 12-15 шақырым
көлемінде толық қатпаған мұздың жинақталуы байқалды. Соның әсерінен өзен арнасы
көтерілді. Мұнда облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменов барып, жағдайды өз
көзімен көрді. Оның баяндауынша, «Ақлақ» су торабына құйылатын судың деңгейін
түсіру үшін Қазалы, Арал ауданындағы 8 канал арқылы су алынды. Тораптың жоғарғы
жағында «Көкіш» каналы толығымен ашылды. Бұған қоса, төменгі жақтағы «Тәуір»
каналының құбыры ашылып, өзектерге жіберілді. Жедел шаралардың арқасында жағдай
тұрақтанды.

Қазалы ауданы Бекарыстан би ауылы тұсындағы «Ардана жарма» учаскесіндегі
қорғаныс дамбалары қалпына келтірілуде. 7 қаңтарда Жалағаш ауданының Шәменов
ауылы тұсында Сырдария өзенінің «Сәмет арна» учаскесіндегі бөгетті су шайып
кеткен еді. Осы ретте, «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының техникалары
жұмылдырылып, 240 метр
қорғаныс бөгеті салынды. 25 желтоқсанда жауын-шашын салдарынан таудан аққан мол
су Бірлік елді мекеніндегі «Көлтоған» су қоймасына келетін арықпен толып ағып,
арнасына сыймай, бөгеті жырылып, ойпат жерлерге су жайылған болатын. Елді
мекенді су басу қаупінен сақтау үшін шұғыл шара­лар жасалды. Нәтижесінде 60 метр қорғаныс бөгеті
қайта қалпына келтірілді. Сон­дай-ақ, су «Шұқырай» табиғи көліне жіберілді.

Сонымен қатар, мәжілісте облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Жазира
Жылқышиева аймақта биылғы жылы атқарылатын маңызды шараларды таныстырды. 2016
жылға арналған қоғамдық-саяси маңызды шаралардың күнтізбелік жоспары әзірленіп,
бекітілген. Соның ішінде 99 ірі көлемді шара бар, олардың 8-і республикалық
маңызда, 9-ы мерейтойлық, 16-сы еске алу бағытындағы шара болса, қалғаны
қоғамдық мәні зор шаралар. Атап айтарлығы, биыл өңірімізде екі мәрте
Социалистік Еңбек ері Ыбырай Жақаевтың 125 жылдығы кең көлемде атап өтілмек.
Жазира Жақсылыққызының айтуынша, қоғамдық-саяси іс-шараларды өткізгенде
даурықпа ұранға емес, мазмұны мен маңызына баса мән беріледі. Яғни, елдік,
бірлік, ерлік, еңбек, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы, Ұлт жоспары, қазақстандық
біртектілік идеясы кеңінен насихатталуы керек.

Осы ретте, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев: «2016 жылға арналған
қоғамдық-саяси маңызды шаралардың күнтізбелік жоспары бекітілді. Қаражаты
бөлінген. Енді күнтізбеге өзгеріс енгізілмейді. Соған сәйкес жұмыс жасалады.
Бұдан былай «мына мерейтойды өткізейік» деген ұсыныстар қабылданбайды», – деп
кесіп айтты.

Бұған қоса, ел үшін маңызды шараларды ұйым­дастырарда, ең алдымен
мүмкіндігі шектеулі жандарға, көпбалалы отбасыларға аса көңіл бөлінбек.

– «Бәрінің көйлегі көк, қарны тоқ» деп ойлауға болмайды. Әлеуметтік
қолдауға мұқтаж жандар көп. Сондықтан, әкімдіктер мен кәсіпкерлер осы мәселеге
атсалысып, елзегектік көрсетіп, әлеуметтік қолдауды талап ететін топтарға көмек
көрсету – біздің 2016 жылғы ең негізгі мақсатымыз деп білулеріңізді сұраймын.
Сонымен бірге, «Құрметті азамат» атағын және көше атын беруде жүйесіздік көп.
Мұны қалыпқа салмасақ болмайды, – деген облыс әкімі тиісті басқарма басшыларына
тапсырмалар жүктеді.

Мәжілісте қаралған төртінші мәселе – 2015 жылы атқарылған облыс бюджеті.
Қаржы басқармасының басшысы Талғат Жақыпбаев баяндамасында осы мәселеге орай
толық мәлімет берді.

Бұдан соң жиында облыс елді мекендеріндегі газдандыру жұмыстарының барысы
талқыланды. Бұл туралы кеңірек энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық
басқармасының басшысы Ержан Әбдіқалықов баяндады.

Қазіргі таңда облыс әкімдігі мен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ арасында жасалған
меморандумға сәйкес, барлығы 23 миллиард теңге бөлініп, бір ай ішінде төрт
аудан орталығы – Арал қаласы, Әйтеке би, Шиелі және Жаңақорған кенттері
газдандырылды. Бұдан бөлек, Байқоңыр қаласына да көгілдір отын жеткізілді. Бұл
– үлкен жетістік. Басқарма басшысының баяндамасында келтірілген санайғаққа
сүйенсек, 2014 жылы облысты табиғи газбен қамтамасыз ету 35 пайызды құраса,
2015 жылы өңір халқының 63 пайызы, яғни, шамамен қосымша 476 мың тұрғын
көгілдір отынға қол жеткізіп отыр.

Енді қалған үш аудан орталығын – Жосалы, Жалағаш және Тереңөзек кенттерін
газбен қамтамасыз ету міндеті қойылуда. Бұған қоса, Қызылорда қаласындағы
газдандырылмай қалған тұрғын үйлерге көгілдір отын тартылмақ. Аталмыш елді
мекендерді газдандыру «ҚазТрансГаз» АҚ-ның инвестициялық бағдарламасы аясында
жүргізіледі. Басқарма басшысы Ержан Әбдіқалықовтың айтуынша, қазіргі таңда
кенттерде автоматтандырылған газ тарату стансасын орнату, «Бейнеу-Шымкент»
магистральды газ құбырынан газ құбыры-бұрыпы құрылысын салу және басқа да
іс-шараларды атқару үшін тиісті құжаттар әзірленіп жатыр.

Сөйтіп, облысты газдандырудың екінші кезеңі ақпан айының соңына қарай
басталады. Оның үстіне, аймақ басшысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық
шаруашылық басқармасы мен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ өндірістік филиалына осындай
нақты талап қойып отыр.

Жемісті жұмыс бар жерде мәселе де болмай тұрмайды. Арал қаласы, Әйтеке би,
Шиелі, Жаңа­қорған кенттері тұрғындарының көбісі үйлеріне газ кіргізуге асығар
емес. Бұл өз кезегінде жұмыс­тың одан әрі жандануына кедергісін келтіреді.
Туындап отырған екінші мәселе – «үйіңе тегін газ жүргіземіз» деген алаяқтардың
пайда болуы.

Аймақ басшысы алаяқтық әрекетті анықтап, әшкере қылу керегін жеткізді.

– Біздің тұрғындар ресми мемлекеттік органдардың мәліметіне сенбей,
айдаладағы алаяқтардың сөзіне сеніп, алданып қалады. Оны тоқтатудың
бір-ақ жолы бар. Жариялы түрде фактілерді көрсетіп, қауесет әңгімелерге
уақытылы тосқауыл қою қажет. Заңға сәйкес, тұрғындар үйлеріне газды жеке
қаражаты есебінен кіргізеді. Судың да сұрауы бар. Тұрғындардың газға төлеген
ақысы құбырларды қарауға, ондағы жұмысшыларды жалақымен қамтуға жұмсалады. Осы
жайттар ақпарат құралдарына жан-жақты жазылуы, айтылуы керек. Ал ел арасына
жалған ақпарат таратып жүргендер жазасын алуы тиіс, – деген облыс әкімі ішкі
істер департаменті басшысына елді алдап, әуре-сарсаңға салып жүргендерді
тезірек табуды тапсырды.

Мәжіліс соңында облыс әкімі
аймаққа қарасты елді мекендердің 85 пайызы күре жолдың бойында орналасқанын
тілге тиек етті. Демек, онда облыс халқының 93 пайызы тіршілік етеді деген сөз.
Сондықтан, өңірді толыққанды газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік барын атап өтті.

Дәурен
ОМАРОВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз