Жауапкершілік жүгі жеңіл емес

66

0

Жауапкершілік жүгі жеңіл емесКеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалық етуімен әкімдік мәжілісі өтіп, күн тәртібіндегі мәселелер талқыланды. Аймақ басшысы мәжіліс басында Медет Усаинның облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысы болып тағайындалғанын жеткізді. М. Усаинның еңбек жолына тоқталып, абыройлы қызмет атқаруға тілектестігін білдірді.
Мұнан кейін күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – жылу беру маусымының өту барысы туралы басқарманың жаңа басшысы хабарлама жасады. Оның атап өткеніндей, тіршілікті қамтамасыз ету нысандары (ҚЖЭО, ҚЭТТК, Су жүйесі, «Арал» ҚСНБД және ҚазТрансГаз Аймақ) штаттық режимде жұмыс істеуде. Облыс бойынша 1177 әлеуметтік нысанға және 647 көпқабатты үйге тұрақты жылу беріліп тұр. Күзгі-қысқы мезгілге әлеуметтік нысандарда 39,3 мың тонна көмір, 16,1 мың тонна дизельдік отын қоры жасақталған. Жылу орталықтары тоқтаусыз жұмыс істеу үшін  Үкімет резервінен 22,9 мың тонна мазут сатып алу үшін 1,2 млрд теңге бөлінді. Мазут бекітілген кесте бойынша жеткізілуде. 
Басқарма басшысы облыс әкімі тапсырмасына сәйкес барлық аудандарда жылу беру маусымының өту барысына бақылау мақсатында тексеру жұмыстары жүргізілгенін мәлімдеді. Нәтижесінде бірқатар кемшіліктер орын алғаны анықталған. Арал қаласындағы көпсалалы колледж студенттері сыртқы киіммен сабақ өтеді екен. Аудиториялар температурасы тиісті норма талаптарына сай келмейді. Қазандықтары жөндеу жұмыстарын және қосымша электр көзін талап етеді. Сонымен қатар, №260 орта мектептің бу қазандығы тым алыс орналасуына байланысты жылу мектепке өз деңгейінде жетпеуде. 
Жалағаш аудандық орталық ауруханасының жылу трассасы құбырларының сырты арнайы оқшаумен емес, матрастармен жабылғандығы белгілі болды. Ал Шиелі аудандық орталық ауруханасының жылу трассаларының кейбір бөліктері осындай затпен жабылса, мүлдем жабылмай тұрған тұстары да бар. Бұл өз кезегінде шығынға әкеліп, қазандықтан шыққан жылу ғимаратқа қажетті деңгейде жетпей қалуда. 
Жанақорған ауданы Сунақ ата ауылындағы №194 мектебінің сыныптар батареяларының тең жартысы салқын, сол себепті электр пешін қолдануға мәжбүр. Көмір қоры жеткілікті, алайда көмір арнайы жабдықталған отын қоймасында емес, мектеп ауласында ашық аспан астында жатыр. Сонымен қатар, дизель-электр станциясы істен шығып, қосымша тоқ көзі қаралмаған. Сунақ ата дәрігерлік амбулаториясы апаттық күйде, бөлмелерінің орташа жылу температурасы 21 градус. Алайда, балаларды емдеу ғимаратындағы температура 14-15 градусты көрсетіп тұр. Отын қоры өте аз, 300-400 кг шамасында ғана.  «КазТрансГазАймақ»  АҚ-на қарызды өтеуде «ҚЖЭО» және «Су жүйесі» мекемелері белгіленген кестеден қалып келеді.  Ал жылу энергиясына қарызы бар абоненттерді жылу энергиясынан ажырату ағымдағы жылдың 20 желтоқсанында басталған.
Облыс әкімі жылу жөнінде елеулі кемшіліктер орын алып отырған нысандар бойынша шұғыл шаралар қабылдау қажеттігін қатаң тапсырды. Ол үшін аталған нысандардың салалық басшылары мәжілістен кейін бірден жолға шығып, аудан басшыларымен бірлесе тиісті жұмыстардың атқарылуына мұрындық болуы керек. Содан кейін оның нәтижелері туралы облыс әкіміне есеп беруі тиіс. Қырымбек Елеуұлы сонымен қатар «КазТрансГазАймақ» АҚ-на қарызды өтеуде кестеден қалып келе жатқан мекемелер басшыларына қатаң ескерту берілгенін мәлімдеп, жағдайды тез арада дұрыстауды тапсырды. 
Мәжілісте облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Омар Бержанов мереке күндері аймақта төтенше жағдайлардың алдын алу және өрт қауіпсіздігін болдырмау туралы хабарлама жасады. Ол департаменттің барлық күш-құралдары төтенше жағдайлар қаупі және оның туындауы жағдайында жедел әрекет ету үшін 2016 жылдың 31 желтоқсаны мен 2017 жылдың 8 қаңтары аралығында күшейтілген қызмет бабына көшірілетінін мәлімдеді. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жаңажылдық мәдени-көпшілік іс-шаралар өтетін 368 нысанның тізімі анықталды. 
ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен жасалынған Өзара қарым қатынас жөніндегі меморандум аясында, оның өңірлік өкілдіктерімен бірлесіп, корпоративтік кештер өтетін мейрамханалар, кафелер клубтардың иелері болып табылатын жеке кәсіпкерлер субъектілерімен дөңгелек үстел отырыстарын өткізу арқылы өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуді желтоқсан айының аяғына дейін ұйымдастыру жоспарлануда. Басқарма басшысы өткен жылдың соңында және биылғы жылдың басында болған шыршалардың өртенуі, сол секілді балалардың пиротехникалық бұйымдардан зардап шеккен фактілерін келтіріп өтті. 
Облыс әкімі осы ретте мереке қуанышты жағдайдан өкінішке ұласпас үшін мектеп оқушылары арасында пиротехникалық бұйымдарды қолданудың сақтық шаралы туралы түсіндірме жұмыстардың қажеттігін ескертті. Сонымен бірге, мерекелік шаралар өткізілген соң 1 қаңтар күні түске дейін орталық алаңдар мен басқа да орындардың түске дейінгі мезгілде тазартылып бітуін барлық әкімдер басты назарда ұстағаны дұрыс.
– Мереке елге, ал бізге жауапкершілік, – деген  облыс басшысы  ауа райы құбылып тұрған сәтте аңшылыққа, балық аулауға шығушылармен  ауылдық әкімдіктер, ардагерлер кеңесі, ішкі істер органдары, төтенше жағдай, табиғат қорғау инспекциясы мамандары түсіндірме жұмыстарын жүргізуі қажеттігін атап көрсетті. Олар қиындыққа ұшырап қалса, тиісті құрылымдар техникаларын,  ондаған, жүздеген адамдарын жұмылдыруға мәжбүр болады.  Ал арнаулы мекемелер мен тиісті құрылымдар мереке күндері кезекшілікті күшейтіп, қандай да бір жағдайлар орын алып жатса дайын болуы тиіс. 
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз