ЖАУАПТЫ КЕЗЕҢГЕ ЖАН-ЖАҚТЫ ӘЗІРЛІК ҚАЖЕТ

96

0

Былтырдан бастап мектеп бітірушілер екі кезеңнен тұратын сынақтан өтуде. Оның біріншісі, қорытынды аттестаттау мектеп базасында барлық түлектер үшін өткізілсе, екіншісі  жоғары оқу орнына түсуге ниеттенген талапкерлерге арналған Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағы тестілеу пункттерінде өтеді. Ақзира Бақтыбайқызының ­айтуынша, бітіруші түлектер 29-мамыр мен ­9-мау­сым аралығында мектеп базасында өтетін қорытынды мемлекеттік аттестаттауда ана тілінен (эссе), Қазақстан тарихынан, алгебра және анализ бастамаларынан, орыс тілінен (қазақ тілі) сонымен бірге таңдау пәнінен емтихан тапсырады. 15 маусымға дейін бітірушілерге орта білім туралы аттестат беріліп, ЖОО-ға түсуге талапкерлер 20 маусым мен 1 шілде аралығында қала мен аудан орталықтарындағы тестілеу пункттерінде өтетін ҰБТ сынағына қатысады. ҰБТ өзгеріссіз, яғни, өткен жылы жүргізілген форматта өтеді. Тестілеу 3 міндетті және таңдаған мамандығы бойынша бейінді 2 пәннен тұрады.

– Биылғы жылы ҰБТ тапсырмалары 40 процентке жаңаланды. Облыс бойынша ағымдағы оқу жылында мектепті 7102 оқушы бітірсе, оның 5196-сы (73,1 проценті) ҰБТ-ға қатысуға ниетті. Яғни, 5196 бітіруші ЖОО-да, 1808 түлек техникалық және кәсіптік немесе орта білімнен кейінгі білім мамандықтары бойынша білім алады деп күтілуде,– деп атап өтті А. Қасымова.

Сондай-ақ, ол биылғы жылы да әлеуметтік аз қамтылған отбасы балалары үшін сынама тестілеуден өтуге қажетті төлемақы қаржысының бюджеттен қаралып отырғанын жеткізді. Белгілі болғанындай, бұл мақсатқа Арал ауданы – 1 млн 480 мың, Қазалы – 912 мың, Қармақшы – 550 мың, Сырдария – 249 мың, Шиелі – 1 млн 307 мың, Жаңақорған ауданы 1 млн 913 мың теңге бөлген. Жалағаш ауданы мен Қызылорда қаласының бітірушілері үшін әзірге қаражат қаралмағаны айтылды. Бүгінгі күнге дейін жыл бойына жұмыс жасайтын 6 сауықтыру және қосымша білім беру орталықтарында 1839 оқушы (бітірушілердің 35,4 проценті) дайындық курсынан өткен. Алайда бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 13 процентке тө­мен екені айтылды.

– Арал, Сырдария аудандары ла­герь­­дегі дайындықтан 2 реттен өтсе, Қар­­мақшы ауданы бойынша ҰБТ-ға қаты­сатын түлектер дайындықпен қам­­тыл­маған. Ал Қызылорда қаласы біті­рушілерінің әзірге 14 проценті ғана қамтылып отыр, – деп ашып айтты А.Қасымова.

Облыс әкімі Қармақшы ауданы әкімі мен Қызылорда қаласы әкімінің орынбасарына бұл кемшілікті бала болашағына деген немқұрайлылық екенін айтып, қатаң ескерту жасады және мәселені тез арада қолға алуды тапсырды.

Мәжілісте сонымен бірге хабарламашы өткен жылы 397 «Алтын белгі» иегерінің 104-і 100-ден төмен балл алғанын, яғни, мектеп директорларының оларға көтеріңкі баға қойғаны анықталғанын және өз кезегінде дұрыс сараптау жұмыстарын жүргізбегенін жасырмады.

Ал ағымдағы жылы облыс бойынша «Алтын белгіге» – 472, «Үздік аттес­татқа» 289 үміткер тіркелген. Оған қоса хабарламашы облыс ­бойынша 53 тұншықтырғыш, 8 қолға ұсталатын металіздегіш, 1 бейнебақылау ­құ­ралы және 96 онлайн трансляциямен қамта­масыз ету қажеттігі туындап отырғанын айтты.

Мәжілісті қорытындылаған ­облыс әкімі алда аймақ үшін ең маңызды кезеңнің тұрғанын, себебі, жас ұрпақты саналы тәрбие, сапалы біліммен қам­тамасыз ету еліміздің жарқын болашағын қалыптастырудың негізі екенін баса айтты.

– Соңғы жылдары ҰБТ нәтижесі жаман болған жоқ, көрсеткіштерде өсім бар. Өздеріңізге белгілі, 2017 жылы мемлекеттік білім грантын ­таға­йындайтын республикалық конкурс қоры­тындысымен талапкерлер арасында Қызылорда облысы ең көп мемлекеттік грантқа ие болған аймақтар қатарынан республика бойынша төртінші орыннан көрінді. Өткен жылы өңір ҰБТ қорытындысымен 82,4 балмен респуб­ликада бесінші орынды еншіледі. Ағым­дағы жылы да жақсы нәтиже болуы керек. Ол үшін ҰБТ-ға дайындық шараларын күшейтіп, барлық мүмкіндікті пайдалануымыз қажет. Қала мен аудан әкімдері білімге салынған капиталдың қайтарымы мол екенін ескеріп, мүмкін болған жағдайдың барлығын жасауға тырысуымыз керек. Әрбір балаға өзі қалаған мамандығы бойынша оқуына, болашақта елге қажет маман ретінде қалыптасуына жол ашуымыз қажет. Біздің облыс әлеуметтік салаға ең көп қаржы бөліп отырған аймақ. Әсіресе, білім саласын қолдауда аянып жатқан жоқпыз. Сондықтан үш жыл қатарынан бесінші орыннан көрінсек, ҰБТ бойынша биыл алдыңғы үштіктен көрінуге тиістіміз. Ол үшін бізде барлық жағдай бар,тек ниет керек, еңбектену қажет, – деп атап айтты аймақ басшысы.

Соңында қала және аудан әкімдеріне, білім бөлімінің басшыларына  бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.

Айнұр БАТТАЛОВА,

 «Сыр бойы».

Бағдат Есжанов (сурет).

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз