ЖАЗАСЫН ӨТЕУШІЛЕР ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛУДА

90

0

Жазасын өтеушілерді жұмыспен қамту  –  өзекті мәселе. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, әрбір оныншы сотталушының ешқандай білімі жоқ. Ал, он адамның үшеуі мамандық алмаған. Қалай десек те, темір тордың арғы жағындағы тағдыры санқилы жандар – еліміздің толыққанды азаматтары. Бүгінде облыстық прокуратура бас бостандығынан айырылған азаматтарды еңбекпен қамту мақсатында тұрақты түрде іс-шаралар ұйымдастыруда. Нәтижесінде өткен жылы өңірдегі сотталғандардың жұмыс-пен қамтылу көрсеткіші 79,6 пайызға артып, республикада алдыңғы орындар қатарына тұрақтады.
Бүгінде облыстағы түзеу меке¬мелеріндегі 727 жазасын өтеушінің 540 жұмысқа жарамды азаматтар. Олар ақылы еңбекпен қамтылған. Оның бір көрінісі ЗК-169/5 колониясында жаңадан ашылған кірпіш күйдіру зауыты. Құрылыс материалын шығаратын цехқа 31 адам жұмысқа орналасты. Түзеу мекемелеріне кәсіпкерлерді көптеп тарту нәтижесінде жұмыспен қамтылғандар саны күн санап артып келеді. Қазіргі таңда тігін, мүсін жасау, темір бұйымдарын дәнекерлеу және ірі көлемді кесек құятын өндірістік құрылымдар жұмыс жасайды. Мұнда қатаң күзетілетін аймақта орналасқан ғимараттар тегін беріледі және арзан жұмыс күші жеткілікті. Сондықтан түрмеде өндірістік нысан ашу кәсіпкерлер үшін тиімді. Жазасын өтеушілер өз жалақысы есебінен мемлекет немесе жеке тұлғалар алдындағы қарызын қайтарады. Ал бұл жағдайда олардың жазасы жеңілдеп, бостандыққа шығу мерзімі жақындай түседі. 
Облыс прокурорының аға көмек¬шісі Мейрамхан Ибрашевтің айтуынша, ағымдағы жылдың ал¬ғашқы тоқсанында 210 сотталушы босатылған. «Барлық сотталғандарды жұмыспен қамту қазір 79 пайыздан асып, жобаның мақсатына қол жеткізілді. Сотталғандарды жұмыспен қамту түрмедегілер санының азаюына ықпал етіп, жыл сайын босатылғандардың саны артуда, – дейді ол.
Прокурорлар темір торға жа¬был¬ғандардың қолынан шыққан бұйымдарды нарыққа шығаруға күш салып, тұтынушыларға жеткізу үшін кәсіпкерлерді жұмылдыруда. 
Жазасын өтеуші Ерболат Жанғазиев кірпіш құю зауытын¬да инженер-электрик болып жұ¬мыс істейді. «Мекеме өзімнің мамандығым бойынша жұмысқа орналастырып, еңбекақымды алып жүрмін. Қазір бұл жерде жартылай шикізат шығарылады. Соңғы кезде 8 мың дана кірпіш шығару алдағы уақытта 15 мыңға жеткізу жоспарланып отыр, – деді ол. 
ҚАЖ департаментінің сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тобының бас маманы, әділет майоры Ақерке Абжалиеваның айтуынша, сотталғандарды жұмыспен қамтуды және жаңа жұмыс орындарын ашуды «Еңбек-Қызылорда» РМК мен жеке кәсіпкерлер жүзеге асыруда. «Жұмыспен қамтылғандардың 26 пайызы «Еңбек-Қызылорда» РМК-да, 49 пайызы жеке кәсіпкерлерге орналастырылды. Осы мекемеде 9 кәсіпкер жұмыс істейді. Өндірістік аймақта тігін, газоблок, жолжиектік тас (брусчатка), мүсін, қолөнер және дәнекерлеу цехтары жұмыс істейді», – дейді бас маман.
Еліміз бойынша жалпы жазасын өтеп жүрген азаматтардың 39 пайызы ғана жұмыс істейді. Ал бас бостандығынан айырылған бір адамға мемлекет орта есеппен бір жылда 800 мың теңгедей қаржы жұмсайды екен. Сондықтан олардың жазасын өтей жүріп, еңбек етуі қазір күнгі негізгі мәселе. 
Н.САҒАТҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз