ЖАЗДЫҚ АРПАНЫҢ ЖАҢА СҰРЫПТАРЫ

70

0

ЖАЗДЫҚ АРПАНЫҢ ЖАҢА СҰРЫПТАРЫЖуырда жергілікті ғалымдар Сыр өңірі климатына бейімделген жаздық арпаның жаңа тұқымын шығарды.

Соңғы үш жыл бойы талмай жүргізілген селек­циялық жұмыс нәтижесінде аймақтың топырақ-климаты мен агроэкологиялық жағ­дайына бейімделген, жаздық арпаның «Сыр аруы”, «Іңкәр”, «Шахристан”, «Қайсар” атты сұрыптары шықты.

Жаңа тұқымды будандастырып, сапа өнімділігіне мән берген Жақаев атындағы күріш ғылыми-зерттеу институтының мамандары жаңа сорттардың пісімі тездігімен ерекшеленетінін айтып отыр.

– Жаңа сұрыптың өнімділігі стандартпен салыстырғанда 15 центнерге артық өнім береді және 10 күн ерте піседі. Арпаның бұл сұрыптары мал шаруашылығын құнарлы азық дақылымен қамтамасыз етуге де мүмкіндік бермек. Су үнемдеумен қатар, жақсы пайдаға кенелтеді, – дейді институттың білім тарату орталығының жетекшісі Жанұзақ Байманов.

Жаңа сұрыпты күріштің былтырғы атыздарына еккен. Ғалымдар осы арқылы – суды барынша үнемдеп, жер ресурстарын тиімді пайдалануды көздейді.

Яғни, олар бір жерге науқан ішінде екі дақыл егіп, өнім алуға болатынын дәлелдемекші. Арпаны жинап болған соң, сол егістіктерге жүгері мен тары егуді жоспарлап отыр. Нәтижесінде су 30-35 пайызға дейін үнімделеді деген есеп бар.

Бүгінде ғалымдар бидай мен сұлының мыңға жуық отандық және шетелдік сұрып үлгілерін зерттеп жатыр. Ал келесі жылы жергілікті селекция жұмыстары нәтижесінде бидай мен сұлының бір-бір сортынан мемлекеттік сұрып сынағына беру жоспарлануда.

Нұрбек Дәуренбеков.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз