ЖЕР МӘСЕЛЕСІ БІЗДІ БІРІКТІРУІ КЕРЕК

66

0

ЖЕР МӘСЕЛЕСІ БІЗДІ  БІРІКТІРУІ КЕРЕКҚызылорда
қаласындағы «Достық үйінде» облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен
облыстық қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысы өтті. Отырысқа соңғы уақытта
қызу талқыға түсіп жатқан жер мәселесіне қатысты пікірлерін білдірген қоғам
белсенділері, саяси партиялардың облыстық филиалдары жетекшілері, қоғамдық
ұйымдардың, ардагерлер мен жастар ұйымдарының басшылары, Ассамблея мен
Азаматтық альянс мүшелері қатысты.

Елбасының «Жер»
кодексінің қоғамда пікірталас тудырған бірқатар нормаларына 2017 жылға дейін
мораторий жариялағаны, осы мәселені қоғам өкілдерімен бірге жан-жақты
зерттейтін республикалық комиссия құрылғаны көпшілікке мәлім. Комиссия құрамына
әр аймақтан өкілдер енген. Оған біздің өңірден облыстық қоғамдық кеңестің
төрағасы, белгілі ауыл шаруашылығы саласының маманы, кәсіпкер С. Имандосов мүше
болды.

– Бұл
кездесудің мақсаты – қалыптасқан жағдайды бірлесе отырып талқылау, пікірлер мен
ұсыныстарды жинақтап, республикалық кеңеске ұсыну. Мемлекет басшысы бұл
мәселені шешудің нақты жолын айқындап берді. Ендігі жұмыс – осындай кездесулер,
республикалық комиссияның мүмкіндіктері арқылы «Жер» кодексіндегі дау туғызып
отырған баптарды жан-жақты талқылап, келісімге келу. Әркімнің саяси көзқарасы
әртүрлі болғанымен, жер мәселесі бізді екіге бөлмеуі керек, керісінше біріктіре
түсуі тиіс, – деді облыс басшысы.

Жер мәселесіне
қатысты барлық қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен бұған дейін де кездесулер
өткізілді. Бүгінгі басқосу сол кездесудің жалғасы. Алдағы уақытта тағы жиындар
өткізіледі. Осындай диалогтар арқылы жерге қатысты ойын білдіруге ынталы барлық
адамның дауысын естіп, пікірін елеуге
мүмкіндік беріледі. Айтылған ұсыныстар
мен тілектер орталыққа жолданады. Өткен кездесуде С.Теңізбаев бірнеше
ұсыныстарын жазбаша берген еді. Бұл ұсыныстар жер мәселесінің қайта қаралуына
септігін тигізді. Республика көлеміндегі маңызды талқылауға Сыр өңірінің
азаматтары да үн қоса алады.

– Кез келген
мәселені өркениетті жолмен шешуге болады. Біздің елде оған қажетті саяси ниет
те, құрал да, жол да бар. Сондықтан көшеге шығып, айқай-шудың ортасында тұрып,
ымыра іздеудің реті жоқ. Одан пайда болмайтыны анық, – деді облыс әкімі.

Басқосуда Жер
туралы заңнаманың талаптары мен мораторий жарияланған баптары жайлы жер
қатынастары басқармасының басшысы Ш.Қойшыбаев хабарлама жасады.

Бес
институционалдық реформаларын жүзеге асыру аясында жарияланған «100 нақты
қадам» бағдарламасында ауылшаруашылық жерін тиімді пайдалану үшін оларды
нарықтық айналымға енгізу, жер телімдерін мақсатты пайдалану түрін өзгертуге
рұқсат алу рәсімдерін жеңілдету қарастырылған.

Басқарма
басшысы жер заңнамасына жаңадан енгізілген 4 нормаға жан-жақты тоқталды.
Қазіргі қолданыстағы жер заңнамасына сәйкес елдің азаматтары мен заңды
тұлғаларына ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері жеке меншікке де және
жалға да беріледі. Ендігі жерде ҚР жеке және заңды тұлғаларына ауыл шаруашылығы
мақсатындағы жер учаскелері тек жеке меншік құқығымен аукцион арқылы берілетін
болады деп енгізілді.

Жер учаскесінің
кадастрлық құнын арттыруды көздейтін ағылшын әдісі арқылы аукционға шығарылады.
Екі мәрте ағылшын әдісімен өтетін аукцион нәтижесінде сатып алушы анықталмаған
жағдайда, жер учас­кесі оның кадастрлық құ­нының 50 пайызы мөлшеріне дейін ғана
төмендете отырып голландиялық тәсілменаукцион арқылы табысталады.

Хабарла­машы
жер­ді жеке мен­шік­ке беру инсти­тутын күшей­туге жалдау құқығымен алғандардың
оны тек табыс көзі ретінде ғана қолдануы себеп болғанын айтты. Жер сапасының артуына,
топырақтың деградациялануына қарсы шаралар жасалмайды. Жалға алушылар ондағы
суару жүйелерінің сақталуына көңіл бөлмейді, қаржы жұмсамайды, яғни мүдделі
емес.

Жалға берілген жер учаскелерін сатып алу
бойынша жеңілдік шарттарын ұсыну нормасы ҚР азаматтары мен заңды тұлғаларының
көзқарасын ескере отырып әзірленген.
Азаматтар жерді уақытша пайдалану мерзімі аяқталғанға дейін жер учаскесін жеке
меншігіне 10 жылға бөліп төлеу және оның
кадастрлық құнынан 50 пайыз мөлшеріндегі жеңілдікті бағамен сатып алу құқығына
ие болады.

– Сіздің жалда 100 гектар жайылым
жеріңіз бар делік. Жайылым жердің 1 гектарының кадастрлық құны жалпы айтқанда,
2000 теңге. Оны сіз жеке меншікке алғыңыз, келсе, 200 мың теңгені 50 пайыз
жеңілдікпен 100 мың теңгеге аласыз, және оны 10 жылға бөліп төлей аласыз. Сонда
жылына 10 мың теңгеден шығады, – деп
хабарламашы қарапайым мысал келтірді.

Шаруашылық жеке
меншікке алмаймын десе, өз еркі. Жалға алған мерзімі біткенше жұмысын жасай
береді. Жалға алып отырған шаруаның жері аукционға шығарылмайды. Аукционға
мемлекеттің бос жері қойылады.

Үшінші норма
бойынша, жалға алынған ауыл шаруашылығы мақ­са­тын­дағы жерді пайдалану бойынша
шектеулерді алып тастау ұсынылды.

Қолданыстағы
Жер заңнамасына сәйкес жер учаскесін жалға алған тұлға ол жердің жалдау құ­қығын
сатып алмайынша басқа тұл­­ғаға бере
алмайды. Банкке кепілге қоятын болса, міндетті түрде әкімдіктің келісімін алу
керек.

Алдағы уақытта
жерді пайдаланушыларға жалға алу құқығымен құқықтық мәмілелер жасасуға, атап
айтқанда, банкке кепілге беруге, отандық инвестормен бірлесіп жұмыс жасауға
мүмкіндік береді. Ол үшін әкімдіктің келісімін алудың, жалдау құқығын сатып
алудың қажеті жоқ. Бұл шаруашылықтарға үлкен жеңілдік.

Төртінші норма
ауыл шаруашылығы жерінің нысаналы мақсатын өзгерту рәсімін алып тастауды
көздейді. Мәселен, шаруашылық пайдаланып
отырған учаскеде мал шаруашылығымен айналысып отырып, оны кейін өндірістік
жылыжайларға, суару құрылғыларына және т.б. шаруашылық жүргізуге қажет құрылыстарға
пайдаланғысы келсе, ол кезде учаскенің нысаналы мақсатын өзгерту талап
етілмейді. Бұл процедураның оңтайландырылуы аграрлық сектордағы субъектілердің
қызметін жеңілдетуге, әкімшілік кедергілерді азайтуға және инвес­торларды
тартуда тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Басқарма басшысы
түрлі пікірталастарға себеп болған жерді шетелдіктерге жалға берудің мерзіміне
қатысты осыған дейін елімізде ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге 10 жылға
беру мүмкіндігі қарастырылғанын атап өтті. Бірақ, бұл уақыт аралығында жерге
салынған қаржы қайтпайды. Бұл кәсіпте шығындарды өтеуге кемінде 15 жыл қажет.

Ауыл
шаруашылығы көптеген табиғи факторларға тәуелді, шығыны көп сала болғандықтан,
қызығушылық танытып, инвестиция салушылар тәуекел ете бермейді. Сондықтан,
жалға беру мерзімін 25 жылға дейін ұзарту туралы шешім қабылданды. Ш.Қойшыбаев
біздің облыста шетелдіктердің пайдаланылуында бірде-бір ауыл шаруашылығы
мақсатындағы жер учаскесі жоқ екендігін айтты.

Жер заңнамасына
енгізілген бұл өзгерістер қоғамда қызуталқыланып, азаматтар алаңдаушылық білдірген соң, Елбасы «Жер»
кодексінің қоғамдық резонанс тудырған бірқатар баптарына 2017 жылға дейін
тоқтау салды.

Облыс басшысы
комиссияға өзіне жолданған бірнеше сұрақты оқып берді. Ауылдағы азын-аулақ мал
ұстап отырған ағайын ауыл маңындағы жер сатылып кеткен жағдайда, жайылым
тарылады деп алаңдаулы. Тағы бір сұрақ, «шетелдіктер кәсіпорында пайыздық үлесі
аз болса да, әртүрлі жолдармен жерді алып қоймайды ма?» деген мәселені
көтерген. Бұл түйткілдер орын алмас үшін заңнаманы күшейту керек. Шиелілік ақсақал
өсімдіктерді қорғауға, нақтырақ айтқанда, қызыл мияны сақтауға қатысты
алаңдаушылығын білдіріпті. Мұндай сұрақтар егжей-тегжейлі талқыланып, жауаптары
берілуі тиіс.

Басқосуда
Ә.Мәмбетәлиев жерді тұзданудан қорғанудың, сапасын бақылаудың нәтижелері туралы,
зейнеткер Садуақас Аңсатов кезінде таратылған жер үлестері туралы сауал қойды.
Қолдарында құжаттары бар тұрғындар ол жердің қайда екенінен де хабары жоқ. Жер
үлесін алғандар ол кезде жерді пайдалануға мүмкіндігі болмағандықтан
шаруашылықтарға бірікті. Енді сол жерді сатып алу мен жалға алудың тетіктері
қандай? Жалға беріп қойған адамдар өзі пайдаланғысы келсе, қалай әрекет етпек?
Бұл тұрғыда түсіндіру жұмыстары жүргізілуі керек. Облыстық мәслихат депутаты
Ш.Әбдікәрімов жер үлесін пайдалануға орай түсіндірме жұмыстарын белсенді
жүргізудің маңызына тоқталды. Бұл
мәселені нақтылап беру үшін мамандарға ұсыныс беріледі.

«Ауған соғысы
ардагерлері мен мүгедектері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғ.Камалов жер консорциумын құрып, жер алуға
ынталы азаматтар сол консорциумға ақша құйса, мемлекет сақтандырса деген
ұсынысын жеткізді. Бұл кезде жердің нарықтық айналымы да реттеледі, инвесторлар
да келеді. Аталған сұрақ комиссия қарауына ұсынылатын болады. С.Теңізбаев
жергілікті мәслихаттар депутаттары сайлаушыларымен кездесіп, ой-пікірлерін
жинақтау керектігін айтты. Облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамов депутаттардың
халықпен кездесулері мен қоғамдық қабылдаулар кестеге сай жүргізіліп жатқанын
баяндады. Мәслихатта да біршама ұсыныстар жинақталған. Әзірге заңға мораторий
жарияланды, өзгерістерге қатысты халықтың пікірі әрқилы. Жер мәселесі тек
биліктің көзқарасымен шешілмейді. Қазақ тарихына қарасақ, қандай да болмасын
күрделі мәселені мәмілеге келу арқылы шешкен. Мемлекеттік комиссия осы
мақсатпен құрылып отыр.

Басқосуда еңбек
ардагері С.Аңсатов, «Қазақстан
коммунистік халық партиясы» облыстық комитетінің жетекшісі Т.Телеубаев,
Қазақстан саясаттанушылар конгресі республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық
филиалының директоры Н.Жәлиев, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының бірінші
орынбасары И.Құттықожаев, тағы басқа азаматтар өз пікірлерін білдіріп,
ойларымен бөлісті. Берілген ұсыныстарды қоғамдық кеңес хатшылығы қағаз бетіне
түсіріп, республикалық комиссия назарына ұсынады.

 

Гүлжазира
ЖАЛҒАСОВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз