ЖЕР ШЕТЕЛДІКТЕРГЕ САТЫЛМАЙДЫ

101

0

ЖЕР ШЕТЕЛДІКТЕРГЕ САТЫЛМАЙДЫСенбі күні Сырдария ауданы Н.Ілиясов атындағы ауылда
ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтың
төрағалық етуімен жер реформасы бойынша комиссия мүшелерінің кезекті отырысы болып
өтті. Жиынға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев,
ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, құзырлы органдар мен қоғамдық
ұйымдардың өкілдері, кәсіпкерлер мен жергілікті шаруа қожалықтарының иелері және
тағы басқа белсенді азаматтар қатысты. Сонымен
бірге, аталған жиында жеті аудан селекторлық байланыста болды.

 

Мемлекет басшысы
Н.Ә.Назарбаев мамыр айында Ақордада өткен Кеңесте «Жер туралы» кодекске
енгізілген өзгерістерге мораторий жариялай отырып, Комиссияға мемлекеттік
органдар мен қо­ғамдық ұйымдармен бірігіп, ондағы даулы мәселелерге қатысты
ұстанымдарды айқындап, Парламентке ұсыныстар беруді тапсырған болатын. Елбасы
өз сөзінде: «Алдымен егжей-тегжейін қарап, ха­лық­қа түсіндіріп, Парламентпен
бірге шешіп, келісімге келетін бол­саңдар, мораторийді аламыз, болмаса,
түсірмейміз» деп айрықша атаған еді.

Осы тапсырманы
орындау мақсатында құрылған комиссияның бұған дейінгі отырыстары жалпылама
сипатта өткізілген. Яғни жерге қатысты барлық сұрақтар тыңдалып, ұсыныстар
жинақталған. Ал, бұл жолғы жиын өзгеше бағытта ұйымдастырылды. Комиссия
отырысын ашқан А.Мырзахметов:

– Қазір біздің
алдымызға үлкен мақсаттар қойылып отыр. Жер туралы заңнаманың тиімділігін
арттырып қана қоймай, оның ел экономикасындағы салмағы мен халықтың әл-ауқатын
арттырудағы рөлін көрсетуіміз керек. Біз бұған дейінгі отырыстарда жалпылама,
негізінен бағдарлық мәселелерді назарға алып келдік. Тиісінше, жұмыстың қай
бағытта және қалай жасалуы керектігін анықтап алдық. Ендігі кезекте қолданбалық
сипаттағы нақты тармақтарды талқылауға, оны жүзеге асырудың механизімдеріне
көшкен жөн, – деп атап өтті.

Жер реформасы
бойынша комиссияның штаб жетекшісі Ерлан Нысанбаев отырыстың күн тәртібіне
бірнеше нақты ұсыныстарды талқылауға шығарды.

Атап айтқанда: ауыл
шаруашылығы жерлерін Қазақстан
азаматтарына 49 жылға беруді жалғастыра отырып, бірінші 5 жылдықта жыл сайын,
соңынан әрбір 3-5-7 жылдар кезеңінде мониторинг жүргізу қарастырылады. «Жер»
кодексіне ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беру тәртібін регламенттейтін жеке
43-1-бап енгізу ұсынылады. Ашықтық пен жариялылықты кеңінен қолдану мақсатында
жер бөлу жөніндегі конкурс комиссиясының құрамына қоғамдық кеңестер мен
бірлестіктердің және Ұлттық кәсіпкерлік палатасының өкілдері енгізіледі.

Қолданыстағы
заңнамалық нормаларға сәйкес, ауыл
шаруашылығы жерлерін конкурс арқылы беру жалпы тәртіппен жүргізіледі, онда
жалға беруде ашықтық толық көзделмеген. Осыған орай, министрлікпен
ауылшаруашылық жерлерін жалға беруді ұйымдастыру мен өткізу тәртібі бекітіледі.
Мұнда конкурсқа байланысты әкімдіктердің қадамдық іс-әрекеттері нақтылануы
тиіс.

Қазіргі кезде жерді
жалға беру шартының нысаны бекітілмеген, ол өз кезегінде жер пайдаланушылардың
міндеттерін толық айқындамайды. Сондықтан, жерді жалға беру Үлгілік шартын бекіту ұсынылады. Бұл Үлгілік шартта жерді
тиімді пайдаланудың талаптары нақтыланып, жер пайдаланушылардың міндеттері мен
құқықтары анық белгіленеді.

Вице-министр келесі
кезекте ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді беруде олардың шекті (ең жоғары)
мөлшерін белгілеу мәселесін ұсынды.

Оны белгілеу үшін
бірыңғай Әдістеме әзірлеу қажет. Бұл әдістемеде аймақтардың жергілікті
жағдайлары мен ерекшеліктерін ескеретін және ауыл шаруашылығы алқаптарының
түрлері бойынша бірқатар көрсеткіштер қамтылуы тиіс.

Мемлекет
қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік шекараның аймағынан
қазақстандықтарға жеке меншікке берілетін ауыл шаруашылығы мақсатындағы
жерлердің шеңберін, ал шетелдіктерге бұндай аймақты 150-200 км радиуста
анықтауды ұсынамыз.

Е.Нысанбаев сөзінің
соңында, елді мекендер шегінде халықтың жеке малдарын жаюға арналған жерлерге
тоқталып өтті. Қазіргі жағдайда, елді мекен шегіндегі жайылымдарды жалға беруге
тыйым салынбаған, ал оның маңайындағылары жеке меншікке беріледі.

Нақты ауылдағы
халықтың малына жайылымдар жеткіліксіз. Сондықтан, елді мекен шегінен тыс
жерлердегі радиуста халық қажеттілігіне керек жайылым жерлерді анықтау керек.
Келесі ретте, осы елді мекен шегінен беріліп кеткен жайылымдарға талдау жасап,
оларды кері қайтаруды қарастыру және мұндай жерлердің жеке меншікке де жалға да
берілуіне қатаң тыйым салуды ескергеніміз орынды болар деген ойын білдірді.

Ол өзінің
баяндамасын келіп түскен ұсыныстардың қорытындылары негізінде дайындалғанын
айтып, қатысушыларға өз ұсыныстарын ортаға салуын сұрады.

Қызылорда облысы
әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов комиссия мүшелері назарына облыстағы ауыл
шаруашылығы мақсатындағы жер жөніндегі бүгінгі күнгі нақты мәліметтерді
келтіріп өтсе, сенатор Мұрат Бақтиярұлы Сыр өңіріндегі жердің елдің басқа
аймақтарымен салыстырғандағы айырмашылықтарын ескеру қажеттігін атап өтті. Ол
суармалы алқаптардың өңір үшін аса маңызды екеніне тоқталды.

Жиында сөз алған
кәсіпкер, несібесін жерден алып отырған азамат Нұрмұрат Ерманов жерді сату және
жалға беру тек Қазақстан азаматтарына, алу мақсаты егжей-тегжейлі зерттеліп,
қатаң бақылауда ұсталатын жағдайда ғана орын алуы керек екенін айтты. Күйеуі
немесе әйелі шет елдік болып табылатын ҚР азаматына да жерді сату және жалға
беру жүргізілмеуі тиіс екенін атап өтті.

«Халықта мал бар.
Бiрақ жайылым жерлердiң жоқтығынан халық малын сатуға мәжбүр. Менiң ұсынысым,
елдi мекеннен ең кемiнде 10-15 шақырым аумақтағы жайылым жерлер мемлекеттiң
құзырында қалуы керек деп ойлаймын. Себебi, төрт түлiк малымыздың шығатын жерi
10-15 шақырым, ал жылқы мен түйе одан сәл әрi жерде жайылуы мүмкiн. Осы уақытқа дейiн берiлген жерлердi қалпына
келтiрiп, мемлекеттiк меншiкке алып, жайылым мәселесiн шешу керек», – дедi
Пернебек Архабаев. Ал бірақ, жалпы алғанда жерді Қазақстан азаматтарына
мiндеттi түрде жалға беру керек деп есептейді. Өйткені, жерді игеруге ауыл
азаматтарының ниеті болғанымен, қалтасы көтермейді.

Саясаттанушы Нұрхан
Жәлиев жер мәселесінің саясиланып кеткеніне қынжылыс білдірді. Ал ол таза
экономикалық мәселе. Сонымен бірге ол елге беделі бар ағаларымыздың жалған
ақпараттардың жетегінде кететіні өкінішті-ақ деді.

Академик Кенжеғали
Сағадиевтiң айтуынша, жердi Қазақстан азаматтарына сатуға болады, тек нақты
кiмге берiлетiнiн анықтап алу қажет. «Жердi кiмге сатуымыз керек? Бiрiншiден,
жердi сатып алуға үмiткерлер өз отбасымен бiрге ауыл тұрғыны болуы керек. Және
жер сатып алу үшiн бүгiн ғана келген емес, ауылда бiрнеше жыл тұрып, сол
ауылдың тұрғыны ретiнде өзiн көрсеткен азаматқа жеке меншiкке берiлуi тиiс.
Екiншiден, ауыл шаруашылығымен айналысуға жарайтын бiлiмi мен тәжiрибесi,
дайындығы бар азаматқа беру қажет. Кiм көрiнгенге беруге болмайды. Сондай-ақ,
заман талабына сәйкес жаңа технология енгiзе алатын, соған қажеттi қаражаты бар
азаматқа берген жөн», — дейдi К.Сағадиев.

Бұдан бөлек, жеке
меншiкке берiлетiн жерлер екiншi рет сатылмауы керек. Жеке меншiк иесi оны
басқа адамға жалға да бере алмайды. Егер жер иесi әр түрлi жағдаймен жердi
пайдалана алмаса, оны мемлекет меншiгiне өткiзедi.

«Жердiң құнарлығын,
дұрыс пайдалануын, осы саладағы экологиялық мәселенi бақылайтын, соған
мониторинг жасайтын бiр инспекция түбегейлi және пәрмендi түрде қайта құрылып,
тиянақты заңдастыру қажет. Сонымен бiрге, қазақ жерiн жемқорлыққа айналдырған
жағдайлармен табанды күрес ашуымыз керек», – дедi комиссия мүшесi.

К.Сағадиев
жергiлiктi басқару жүйесiн тиянақты ұйымдастыруды ұсынды. Сонда ғана жердiң
иесiн табамыз дейдi ол.

«Ауылда өзiн-өзi
басқарып отырған ұжым жердi бұрмалауға жол бермейдi. Бұған қоса, ауылға жұмысқа
келген жас мамандар бiрнеше жыл еңбектенген соң, оларға жердi тегiн беру қажет.
Олар сол жерде қалуы керек», — дейдi ол.

Комиссия мүшесiнiң
айтуынша, елдiң келешегi ауыл шаруашылығы кооперативтерiне байланысты.
Кооперативке өз пайымен, мүлкiмен немесе өз қаржысымен кiрген азаматтарға
жеңiлдiк жасап, демеу берген абзал.

«Үмiткерлерге
сатылатын жер көлемi заңдастырылуы керек. Сатып алған 1,3 млн гектар жер бар
ғой. Сондағы жер иелерiнiң алған жер көлемi бiз ұйғарған мөлшерден артық болса,
соларды қайтарып алуға тiкелей шаралар қолдануымыз керек», – деп қорытты сөзін
К.Сағадиев.

Ал жерді жеке
меншікке беруді қолдайтын бұрынғы сенат депутаты Бақберген Досманбетов «жер өз
меншігінде болса ғана оған ақша салатынын» айтып, өзін мысалға келтірді.

Жалпы комиссия
отырысында сөйлеймін дегендерге шектеу қойылған жоқ. Әйтсе де, ойын
білдіргендер қатарында жерді шетелдіктерге сатуға болмайды деген пікір
білдірушілер де аз болған жоқ. Ондай пікір білдірушілерге шетелдіктерге жер
сату туралы тіпті сөз қозғалмағаны туралы комиссия төрағасы тарапынан да,
комиссия мүшелері тарапынан да қайта-қайта түсіндіріліп жатты. Сонымен бірге,
жерді шетелдіктерге жалға беруге және қазақстандықтарға сатуға болмайды деген
ұстанымда болғандар өз дәлелдерін келтіріп жатты. Жерді шетеліктерге жалға беруге болмайды
деген пікірге келіспейтінін білдіргендер де аз болған жоқ.

«Ауыл» партиясының
төрағасы, Сенат депутаты Әли Бектаев жерді жекеменшікке де, жалға беруде де
қатаң бақылау орнатудың маңыздылығына назар аударды. «Біздің партия жер және
ауыл шаруашылығы мамандарымен ақылдаса келе, жерге қатысты реформаларды толық
қолдайтынын мәлімдейді. Дегенмен, ұсыныс-пікірлеріміз де баршылық. Соның ішінде
бүгінгі резонансқа қатысты айтар болсақ, халық бәрін түсінеді, алайда,
жұртшылыққа дұрыс ақпарат жеткізу мәселесінде олқылықтар бар. Негізінен, жағдай
ашық айтылып, атқарылған шаралар ұғынықты жеткізілуі керек еді. Ең бастысы, жер
қай кезде де өз иесін табуы қажет. Сонымен бірге, жерді жалға берсек те,
жекеменшікке берсек те оған қадағалау қатаң болуы тиіс. Ол бір ғана министрлік
арқылы қадағаланбай, халық та, қоғам да, әкімдіктер де бұған мүдделі болуы
шарт», деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ә.Бектаев.

Сонымен бірге,
сенатор жерді шетелдіктерге жалға беру мәселесіне қатысты өз пікірін білдірді.
«Әрине, жерді ешкімге бермей ұстап отыра беруге де болады. Алайда, жердің
құнарын арттырып, одан қажетті өнім алуға қазір қазақстандық шаруалардың
жағдайы келмейді. Оның үстіне қазір ауылшаруашылық айналымында игеріліп жатқан
100 млн гектардан астам жер болса, 100 млн. гектардан астам жер бос, тіпті,
қараусыз жатыр. 2 млн. тыңайған жеріміз бар. Осыны игеру үшін де қаражат
тапшы», – деді ол.

Жалпы, жекеменшiк –
нарықтық экономиканың негiзi. Дегенмен, бұл жерде агроөнеркәсіп кешенін тиімді
басқару үлгісін ескеруге тиіспіз. Мемлекет агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін
қомақты қаражат аударып келеді. Алайда, оның тиісті нәтиже бермеуі ойландырады.

Сондай-ақ, шетелдік
компаниялардың Қазақстан жерін жалға алу мәселесіне де назар аударды. Оның
сөзіне қарағанда, егер шетелдік компаниялар еліміздің ауыл шаруашылығы саласына
жаңа технологиялар әкеліп, салаға инвестиция құйып, онда жаңғыртулар жүргізсе,
ондай компанияларды қолдауға әбден болады.

«Шетелдік
компаниялардың қыз¬метін, агротехникалық, экологиялық және басқа да нормаларды
сақтауын бақылау жоғары деңгейде ұйымдастырылуы қажет. Осы ретте, Қазақстанмен
тікелей шекараласатын елдердің компанияларына жерді жалға беру құқығын алып
тастауды ұсынамын. Бұл Қазақстанның интеграциялық міндеттемелерін ескере
отырып, сепаратизм мен қоғамдық қатынастардағы қауіптердің алдын алу, болғызбау
мақсатында жасалуы шарт», деді.

Әліби Бекжанов,
«Ер-Ару» ШҚ төрағасы: «Субсидия
нәтижесінде біз өнімді 50 центнерге жеткіздік. Ал оны әрі қарай көтеру мүмкін
емес. Оны көтеру үшін жаңа технология, инвест субсидия ұйымдастыру керек.
Аграрлар ұсынысын сарапшылар қолдап отыр. Әсіресе жерді жекеменшікке және жалға
беру институтын сақтап, жер берудің шекті мөлшерін белгілеу керек».

Нұрлан Іздібаев,
«Ақтөбе және К» ЖШС директоры: «Елді мекенде тұратын халық сол жермен ғана күн
көріп отырғаннан кейін, нәпақасын сол жерден ажыратып отырғаннан кейін шаруа
қожалығын басқарып отырған басшыларға оңай тимейді деп есептеймін. Сондықтан
жерді сатумен бірге жалға беру де керек деп ойлаймын». «Таң» ЛТД ЖШС директоры
Имамзада Шағыртаев шетелдіктердің он жылға инвестициясы өзін ақтамайды,
сондықтан 25 жылға инвестиция салған дұрыс санайтынын жеткізді.

Жиын барысында ең қызу талқыланғаны –
агроалқаптарды шетелдіктерге жалға беру тақырыбы. Бұл ретте жиынға
қатысушылардың көзқарасы бөлініп, сан түрлі пікірлер айтылды.

Бағдәулет Мақашев,
«Жан-Арай жем» ЖШС құрылтайшысы: «Шетел азаматтарына беретін болса, уақытша
құжатпен берілсе. Ол оған уақытты 20-10 жыл демей, 5 жылға алып, 5 жыл ішінде
үлкен қаражат салып, егінге жаңа технология әкеліп, өз жұмысын көрсетсе, ол
кезде ұзартуға болады».

Бақытбек Смағұл, ҚР
Парламенті Мәжілісінің депутаты: «Біздің еліміздің ірі шаруа қожалықтары қаржы салған шетелдіктермен бірлесіп жұмыс
жасауға болады. Бірақ ол үшін біздің шаруашылықтардың қаржылық үлесі кем
дегенде 1 пайыз артық болуы тиіс».

Жексенбай
Дүйсебаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: «Тіпті 25, 15, 10 жыл емес, оның
мәселесін қарау керек, инвестиция салатын көлеміне қарай беру керек деген
сөздер бар. Егер оның инвестиция көлемі шағын болса, ол мүмкін 3-5 жылға дейін
берілуі мүмкін. Және ол жаңа технология әкелсе ғана». Абылай Сабанбаев жерді
шетелдіктерге жалға берсе бізді жаулап алады деген үрейден арылу қажеттігін
айтты. Тек заңдылықта сақтап, тиісті шектеулерді енгізу қажет деді.

Сырдариялық Мұса
Келдібаев өз сөзінде Абзал Ералиевтің Н.Ілиясов ауылын 2003 жылғы «Жер» кодексі болмағанда осындай
гүлдендіре алмас еді деген ойын жеткізді.

«Ғалым ретінде
кең-байтақ жеріміздің игерілмей, бос жатуын мүлдем қолдамаймын. Сондықтан да
осындай алқалы жиында жеріміз бен топырағымыздың құнарлылығын мұқият бақылауда
ұстай отырып, оны мейлінше тиімді пайдаланудың тағдырын шешуіміз керек.
Мамандардың мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда 7 миллион гектардан астам
жеріміз игерілмей бос жатыр екен. Сондықтан да осыны игерудің оңтайлы
тетіктерін ойласа отырып, оң шешім қабылдауымыз қажет», – деді С.Сейфуллин
атындағы ҚазАТУ ректоры А.Күрішбаев.

Сонымен қатар,
ректор өз сөзінің соңына қарай Қазақстанда жерді жалға беру институтын
қалыптасыру қажеттігін де еске сала кетті.

– Бәлкім, қоғам
арасында қызу талқыланған жер дауына қатысты мәселені шешудің бір тетігі жерді
жалға беру институтын қалыптастыруымыз қажет шығар. Мұндай қадам бізге ауыл
шаруашылығы саласындағы жерлерді игеруде инвестиция мен жаңа технологиялар алып
келуімізге мүмкіндік береді, Егер де біз жерді меншікке берумен қатар, жалға
беру институтын жалғастырсақ, жалға алушының сол жерде алаңсыз жұмыс істеуіне
барлық мүмкіндіктер болады. Олар жерді жалға алады, ертең 49 жылы аяқталғасын
әрі қарай жалғастыратын мүмкіншілігі болады. Яғни, жалға алушыны ешкім де
«жерді сатып ал» деп мәжбүрлемейді. Бұл ереже елімізде жерді қайта бөлуді
туындатпайды, сонымен қатар жерді жекеменшікке сатып алуға мүмкіндігі жоқ
азаматтарға тиімді әрі әлеуметтік әділеттік ұстанымдар сақталады. Бұл нұсқа
бойынша ауыл шаруашылығына арналған жерлердің басым көпшілігі жалға беріліп,
мемлекеттің меншігінде қалады деген ойдамыз. Бұның себебі қарапайым әрі
түсінікті

«Шетелдіктерге неге
жалға бермеске, егер жұмыс істеймін десе» деген пікірді айтушыларда аз болмады.
Ал олардың жалға алған жерлерді аздырмай, тоздырмай ұстауына қатаң бақылау
орнататын заң талаптарын енгізу керек деген ойларға толық келісетінін жеткізді.
Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қазақстандықтарға жеке
меншікке беру институтын сақтау және ол жерлерді берудің шекті (ең жоғары) мөлшерін
белгілеу, Мемлекеттік шекараның қорғау аймағынан 3 шақырым шеңберінде ауыл
шаруашылығы жерлерін жеке меншікке беруге тыйым салу сынды салмақты ұсыныстар
айтылды. Сөйлеушілер «Жер – біздің басты байлығымыз, асыраушы анамыз, сондықтан
оның құлазып бос жатуына жол бермей, тиімді пайдалануымыз қажет. Ол үшін
инвестиция салып, жаңа технологияларды пайдаланып, мол өнім өндірген абзал. Жер
экспортталмайды, оның өнімі экспортталады» деген пікірлерін жеткізді. Комиссия отырысында ҚР Парламент Мәжілісінің
депутатттары Абзал Ералиев, Владислав Косарев,жер реформасы жөніндегі республикалық комиссия мүшелері Мұхтар Тайжан,
Дос Көшім, Самұрат Имандосов, «Мәді қажы» ЖШС төрағасы Аппаз Камаладин,
кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Асқар Махамбетов, еңбек
ардагері Сәпен Аңсатов, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының
төрағасы Сәдуақас Аңсатов, белгілі тележурналист Айткүл Шалғынбаева, белсенді жас Жандос Базартай мен
блогер Болат Нұрғожаев тағы басқа
көптеген қатысушылар өз ойларын ортаға салды.

Өз кезегінде,
Комиссия мүшелеріне Қызылорда облысының фермерлері мен кәсіпкерлері көкейінде
жүрген сауалдарын қойып, тұшымды жауаптарын алды. Комиссия отырысында сөз алған
аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев келесі аптада қызылордалық 6 мың 600 азаматқа
жер телімі табыс­талатынын мәлімдеді.

2013 жылы
«Қызылорда-Жезқазған» тасжолының бойынан жаңа шағын ауданға 980 гектар жер
бөлінген болатын. Ал биыл осы жобаға 9,9 млрд теңге бөлу туралы шешім
қабылданған. Қысқа дейін бұл қаржыға 75 шақырым жол төселіп, 353,1 шақырым су
құбыры, 112 шақырым газ құбыры мен 152 шақырым электр желісі тартылмақ және
подстанция салынады. Осылайша, күні бүгінге дейін жер алу үшін кезекте тұрған
49 мыңнан астам тұрғынның саны едәуір азайғалы тұр.

«Жаңа шағын ауданда
36 мың халық тұратын болады. Бұл өте жақсы жетістік деп ойлаймын. Біз өйткені
бұрындары Қызылордада жер телімдерін бұлай шешпегеннен кейін, тұрғындар кезінде
әртүрлі жағдаймен жер телімдерін алып, үйін салады, сосын сергелдеңге түседі –
газы жоқ, суы жоқ, электр қуаты жоқ, жолы жоқ, байланысы жоқ. Мұның бәрі енді
кешенді шешімін тауып отыр»,- деген облыс әкімі комиссия жұмысына сәттілік
тіледі.

Жиынды
қорытындылаған А.Мырзахметов аймақтарда өткен отырысқа қатысушылардан түскен
барлық ұсыныстар назардан тыс қалмайтынын жеткізді. Тек қана кездесулер ғана
емес, сонымен бірге ресми сайтқа түскен сұрақтар да толығымен ескерілетін
болады. Премьер-министрдің орынбасары
ендігі кезекте комиссия мүшелері Астанада тағы бір мәрте бас қосып, бірқатар
мәселелер нақты позицияны айқындап алғанды жөн санайтынын айтты. Содан кейін
комиссияның аймақтардағы көшпелі отырыстары жалғасын табатын болады деген
Премьер-министрдің орынбасары басқосуды
өз деңгейінде ұйымдастырғаны үшін қызылордалықтарға алғысын білдірді.

 

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.

 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз