ЖЕРДІ БАПТАСАҢ, ЖЕМІСІ КӨП

114

0

Бірде жолымыз түсіп, Әйтеке би кентінде тұратын ардагер теміржолшы Бәйтелі Ахметтің үйінде болғанда жеміс-жидектің түр-түрін көріп, таңданысымызды жасыра алмадық. Мұнтаздай таза аулаға енгеннен бастап тиянақтылықтың, жинақылықтың куәсі болдық. Теміржолда темірдей тәртіпке үйренген ағамызға қызыға қарадық.
Әңгіме арасында Бәйтелі аға бүгінде жайқала өскен жердің бұрындары білдей бір теміржол мекемесінің орны болғанын, бұл арада қалдықтар тау болып үйіліп жатқанын жеткізді. Қазір бір кездері бұл арада қоқыстар шашылып жатқан жер десе, ешкім сенбейді. Себебі, алыстан «менмұндалап» көрінетін жасыл желек тынымсыз еңбектің нәтижесінде жайқалып өсіп тұр.
– Біз бұл жерден 2000 жылы жер алып, 2002 жылы үй салдық. Мына жер НГШ мекемесінің ауласы болған соң тау болып үйілген күл-қоқыстан, тастардан көрінбейтін еді. Аяқ су түгілі, ауыз судың өзін сонадайдан тасып ішеміз. Соған қарамастан, алғашқы жылы бұл араға қауын-қарбыз егіп, Назира күніне алыс болса да, 70 шелек су тасып құятын еді, – деп еске алады Бәйтелі аға.
Бұл арада күл-қоқыс көп болғандықтан, алғашқы кезде жерді өңдеу керек болды. Еңбек десе, ерінбейтін отбасының отағасы мен отанасы сол кездері жерді көңмен тыңайтқан. Бірақ ең бастысы, – алақан жылуы мен күн сайынғы күтім керек. Онсыз ештеңе де өспейді.
Бақшада алма, алмұрт, айва, шие, қара өрік, сары өрік, қарақат, грек жаңғағы, құлпынай өсіп тұр. Бақша дақылдарынан қияр, қызылша, тұрып, аскөк, сельдерей, түрлі көк те жайқала өсуде. Күнді қатты жақсы көретін қызанақты егу әзірге мүмкін болмай тұр. Себебі азын-аулақ жердің барлығына дерлік жеміс ағаштары отырғызылған.
Ауладағы жемістерден алғашқы болып құлпынай піседі. Бүгінде үйдегі балдай тәтті немерелері сүйіп жеп жүр. Мұнан соң шие, сары өрік, қарақат, жүзім, алмұрт, алма, қара өрік бірінен соң бірі пісе бастайды. Мол өнім беретін жемістерден қыста сүйсініп жейтін тосаптарын пайдаланады. Бақшада ең соңынан грек жаңғағы піседі. Оны өсірудің де өзіндік ерекшеліктері бар екен.
– Ауламызда грек жаңғағы өсіп тұрғанын көргендер таңғалысын жасырмайды. Мұны алғашында базардан 9 түбін әкеліп ектік. Үш-үштен үш жерге отырғыздым. Мұндағы мақсат біреу шықпаса, екіншісі, болмаса, үшіншісі шығар деп ойладық. Күтімі жақсы болған соң көшеттеріміздің барлығы да шықты. Содан, амал жоқ, қасындағы екеуін қиып тастауға тура келді. Грек жаңғағын егудегі бір ерекшелік көшеттер бой алған кезде орындарын алмастырып отырғызбаса, жемістерін кеш береді екен, – дейді ардагер теміржолшы Бәйтелі Өмірзақұлы.
Бүгінде зейнет демаласында отырған Назира Ахмет таңның атысынан кеш батқанша бақша ішінен табылып, жеміс ағаштарын баласындай мәпелеп жүреді. Уақытысында су құйып, зиянкестерден қорғау үшін дизенфекция жұмыстарын жасайды.
– Күні бойы осы ауланың ішінде күйбеңдеп жүремін. Кейде тек кеш батқанда ғана бірақ босаймын. Күйеуім де қолы қалт еткенде, маған көмектесуге асығады. Мен өзім Тараз жақтың қызы болған соң, жүрген жерімді жасыл желекке малындырып жүргенді жақсы көремін, – дейді бүгінде балдай тәтті немерелердің әжесі атанған Назира ағынан жарылып.
«Еңбек етсең, ерінбей, тояды қарның тіленбей», – деп қазақтың ұлы ақыны Абай атамыз айтып кеткендей, тынбай жұмыс жасаған адам өзінің алдына қойған арман-мақсаттарына жетеді. Оған біздің Бәйтелі аға мен Назира апайдың жасыл патшалығында болғанда көзіміз анық жетті.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ.
Қазалы ауданы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз