ЖЕРГІЛІКТІ ӨНІМГЕ СҰРАНЫС АРТАДЫ

52

0

ЖЕРГІЛІКТІ ӨНІМГЕ СҰРАНЫС АРТАДЫҚаламыздың оңтүстік өнеркәсіп
аймағында тұрғын үй құрылыс комбинаты салынғанын, кәсіпорынның өткен жылдың соңында
Елбасының қатысуымен өткен «Қазақстандағы жаңа индустриялдандыру. 2015 жыл қорытындысы»
жалпыұлттық телекөпір кезінде пайдалануға берілгенін бәріміз білеміз. 2010 жылы
басталған Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының аясында еліміз
бойынша жүздеген зауыт-фабрикалар салынып, тұрақты жұмыс орындары ашылуда. Бүгінде
аталған бағдарламаның игілігін республика тұрғындары көріп отыр. Соның бірі – Қызылордадағы
тұрғын үй құрылысы комбинаты.

Жалпы, құрылыс саласы экономикалық тұрақты өсудің құрамдас бөлшегі
әрі тиімді тетігі саналатыны мәлім. Сондықтан да біздің аймақтағы тұрғын үй құрылысы өндірісі жобасының маңызы аса
жоғары. Соңғы жылдары аймағымызда құрылыс қарқыны еселеп артып келеді. Оның ішінде
тұрғын үй бағадарламасы да қарқынмен жүзеге асуда. Мысалы, ұзаған жылдың ішінде
52 тұрғын үй пайдалануға беріліп, 2600 отбасы мемлекеттік бағдарламалар аясында
баспаналы болды. Ал биыл 70-ке жуық тұрғын үй салынуда. Бұл осы жыл ішінде 3 мыңнан
астам отбасы пәтер кілтін алады деген сөз. Алайда, осы тұрғын үй құрылысына қажетті
материалдардың басым бөлігін шет елдер мен еліміздің өзге аймақтарынан тасымалдап
жүрміз. Енді, міне, бұл өзекті мәселе оңтайлы шешімін тапқалы тұр. Қуанышты жаңалық,
облыс оталығындағы тұрғын үй құрылысы комбинаты өз өнімдерін нарыққа шығара бастады.

Ауқымды жоба «Өнімділік-2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылды. Кәсіпорынға сыртқы инженерлік инфрақұрылым жобаға 12,5 пайыз үлеспен қатысушы «Байқоңыр» ӘКК» ҰК» АҚ қаржысы есебінен жеткізілгенін айта кетейік. Ал алып жобаның құны 1 млрд 454 млн теңгені құрайды. Оның 938,4 млн теңгесі – лизинг затының, яғни кәсіпорынға қажетті құрал-жабдықтың құны. Бұл қаражатты жергілікті компания мемлекеттік бағдарлама арқылы «Қазақстанның Даму Банкісі» АҚ-ның еншілес кәсіпорны болып табылатын «ҚДБ-Лизинг» АҚ-дан жылдығы 5 пайыздық мөлшерлемемен алды. Осылайша, озық технологияны мең­герген «WEILER» компаниясы мен жоба бастамашысы «РМЗ-Шапа­ғат» ЖШС арасында қол қойылған келі­сім­шартқа сәйкес кәсіпорынға қаң­қалы панель, сондай-ақ, ірі панельді үйлер құрылысында қолданылатын құрасты­рылмалы темірбетон мен бетон өнімдерін шығаратын технологиялық желілер алынды.

Нақты кезеңде комбинат тұрғын үй құрылысына қажетті өнімдердің екі түрін шығаруда. Олар – неміс технологиясы бойынша жасалған жабынды плиталар мен ортасына жылу оқшаулайтын материал салынған қабырға блоктары. Комбинат толық қуаттылығына көшкен кезде мұнда баспалдақтар, түрлі ұзындықтағы жабынды плиталар мен биіктігі 12 метрлік колонналар және тұрғын үй құрылысына қатысты өзге де материалдар шығарыла бастайды. Бұған қоса, тапсырыс берушінің өтініші бойынша аталған пли­талар 120 метрлік қос қа­лыпта құйылып, тапсырыс беру­шінің сұранысына сай ке­сіледі. Мамандар тұрғын үй құрылысында жергілікті бетон бұйымдары пайдалану қазіргі салынып жатқан қыш жобалардан арзанға түсетіндігін айтып отыр.

«Өнімділік-2020» бағдарламасының мақсаты – еңбек өнімділігін арттыру арқылы отандық экономиканың бәсекеге қабiлеттілігін күшейту. Сонымен қатар бұл Елбасының тапсырмасы бойынша Үкімет іске асырып жатқан мемлекеттік индустрияландыру бағдарламасының құ­рам­дас бөлігі. Жалпы, «РМЗ-Шапағат» ЖШС – аймағымыздың құрылыс, энер­гетика және мұнай-газ өнеркәсібі сала­сында қызмет көрсететін ірі кәсіп­орын­дарының бірі. Компанияның қала­мызда, «Құмкөл», «Арысқұм», «Қызыл­қия» кен орындарында өндірістік-техни­калық базалары бар. Қазір кәсіпорын шикізат базасы ретінде жергілікті кеніштердегі құм мен щебенді пайдаланып отыр. Мамандардың айту­ынша, дайын бетон қабырғалардың орта­сына жылу оқшаулайтын материал салы­нады, нәтижесінде цемент 30 пайызға үнемделмек. Мұнда бетон,
темір бұйым­дарының сапасын тексеретін зертхана да бар. Жалпы, жергілікті
комбинат жылына 35 мың шаршы метр тұрғын үй салуға қауқарлы. Ол өзінің жоспарлы
қуаттылығына 2018 жылы шығады. Жаңа өндіріс биылдың өзінде нақты көлемде 20 мың
шаршы метр тұрғын үй құрылысына қажет дайын үлгідегі бетон қабырғалар шығаруды
жоспарлауда.

Айта кетейік,
былтырғы жылы өңірімізде бұл кәсіпорыннан басқа құрама жем зауыты мен
жарықтандыру шамдарын шығаратын өндіріс орны іске қосылды. Мұның бәрі де
мемлекет қолдауының нә­тижесі.

 

Дәуіржан
ЕЛУБАЕВ.

Суретті түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз