Жеті тұрғын үй жеткізген бақыт

69

0

Бүгінде қалада 80 көпқабатты үйдің құрылысы жүруде

Қызылордалықтар енді баспананы пәтерлеп емес, көпқабатты тұрғын үймен санауға шықты. Қала күні мерекесінде осындай 7 тұрғын үй пайдалануға беріліп, қуанышқа кенелген 25 отбасы жаңа пәтерге ие болды. Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен орайластырылған шарада баспана иелерінің қуанышына ортақтасқан облыс әкімі Қырымбек Көшербаев оларға пәтер кілттерін табыстап, мерекелерімен құттықтады.

Жеті тұрғын үй жеткізген бақыт– Тәуелсіздіктің арқасында Сыр өңірі жасарып, жайнап келеді. Оның айғағы ретінде экономикамыздың, ауыл шаруашылығымыздың, басқа да салалардың қарқынды дамуы, әсіресе әлеуметтік маңызы бар бас­пана құрылысына байланысты ­Елбасы әкімдерге нақты тапсырма берген еді. Соның көрінісін, міне, өздеріңіз тамашалап отырсыздар. Өткен жылы облыста құрылыстың көлемі 3,5 есеге өсті. Ал Қызыл­ордада 8 есеге өсті. Қарқынды дамып келе жатқан аймақтар ішінде мақтана аламыз. Өйткені қазір Астанадан кейінгі екінші орында тұрмыз. Биыл 80 көпқабатты үй салынуда. Осылайша соңғы екі жыл ішінде баспана мәселесімен кезекте тұрған жерлестеріміздің 28 пайызы пәтер кілттерін алды. Осындай сапалы құрылыстарды жүргізген «Астана Әсем Құрылыс» компаниясына сіздердің аттарыңыздан рахмет айтамын. Қоныс тойларыңыз құтты болсын. Шаңырақтарыңызға бақыт пен береке тілеймін, – деді аймақ бас­шысы.

Жаңа пәтерге қоныстанғандар­дың бірі – Балқия Әбішаева қалалық кітапханалар жүйесінің қызметкері. Ол бірнеше жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрған. Жас отбасының шаңырағында болған облыс әкімі сый-сияпат көрсетіп, халықтың демо­графиялық өсіміне үлес қоса берулеріне тілегін білдірді.

Мереке қарсаңында «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағ­дарламасы» аясында жаңа «Сәулет» шағын ауданында «Бәйтерек деве­лоп­мент» АҚ арқылы салынған 350 пәтерді құрайтын 7 көпқабатты тұрғын үй ел иігілігіне берілді. Сыр жастарының атынан сөз алған Эльвина Құдайбергенова алдағы уа­қытта өңірдің дамуы жолында аянбай қызмет ететінін айтып, ел ағаларына алғыс айтты.

Айта кету керек, қаржыланды­рудың барлық көзі бойынша 298,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, бұл өт­кен жылдың осы кезеңімен салыс­тырғанда 10,5 пайызға жоғары. Мәселен, қалада бір мезгілде 80 көпқабатты үйдің құрылысы жүр­гізілуде, олардың 67-сі жаңа жылға дейін пайдалануға беріледі.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА.

Бағдат ЕСЖАНОВ (сурет).

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз