ЖЕТЕКШІ ПАРТИЯ ЖҰМЫСЫНДАҒЫ ЖҮЙЕ ЕЛДІҢ ӨРКЕНДЕУІНЕ АРНАЛАДЫ

46

0

ЖЕТЕКШІ ПАРТИЯ ЖҰМЫСЫНДАҒЫ ЖҮЙЕ ЕЛДІҢ ӨРКЕНДЕУІНЕ АРНАЛАДЫДүйсенбіде Ақордада
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары
А.Мырзахметовті қабылдады.

Кездесу барысында А.Мырзахметов Мемлекет басшысына
партияның 2015 жылғы 8 тамыздағы Саяси Кеңесі Бюросында берілген тапсырмалардың
орындалу барысын баяндады.

Атап айтқанда, «Нұрлы Жол» бағдарламасына және
бюджеттің жұмсалуына тиімді бақылау жүргізу бағытында «Нұр Отан» партиясында
арнайы бұйрық қабылданып, «аудан-облыс-орталық» принципімен ай сайын ақпарат
жинау және мониторинг жүргізу тәртібі енгізілген. Оған бастауыш партия
ұйымдарының белсенді мүшелері, барлық 242 филиал және мәслихат депутаттары
қатысуда. Мәжілістегі және мәслихаттардағы фракциялардың «Нұрлы Жол»
бағдарламасын бақылау комиссияларының ережесі қабылданып, өзара іс-қимылы
күшейтілген. Жалпы, бюджеттік қаражаттың жұмсалуына, мемлекеттік және салалық
бағдарламалардың іске асырылуына да партиялық бақылау ережесі әзірленген.

Партия филиалдарын институционалды нығайту міндеті
аясында партия Орталық аппараттың штаттық саны мен әкімшілік шығындарын
оңтайландыру есе­бінен филиалдардың штаты 43 пайызға немесе 358 бірлікке
көбейтілген. Оның ішінде аудандық фи­лиалдарға – 344, облыстарға 14 қызметкер
қосымша берілді. Филиалдардың жұмысын бағалау үшін бірыңғай мақсатты
индикаторлар бекітіліп, 2016 жылдан бас­тап облыстық филиалдардың төрағалары –
әкімдермен индикаторларға қол жеткізу үшін нақты жұмыс жоспарына қол қойылмақ.

Жалпы тиімді жұмыс жүйесін орнықтыру бағытында 21
регламенттік құжат қабылданған. Оның ішінде, басты бағдарламаларға партиялық
бақылау мен бағалау жүйесін орнату, мәслихаттардағы партия фракцияларының жұмыс
ережесі, партия мүшесінің этика кодексі, қоғамдық-саяси ахуалды бақылау,
заңнаманы жетілдіру жұмысының ережелері, филиалдардың қызметін бағалау ережесі
бекітілген.

Жыл соңына дейін партияның кадрлық резерві туралы
ереже қабылданбақ. Қос санатты кадрлық резервтің құрамы бастауыш партия
ұйымдарының белсенділері мен партияның белсенді қолдаушыларынан, «Жас Отан» ЖҚ
және белсенді жастар мен партия аппаратының қызметкерлерінен жасақталмақ.
Кадрлық резервтен Мәжілістің, мәслихаттардың депутаттығына, Партияның Саяси
Кеңесіне, Партиялық бақылау кеңесіне, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық
кеңесіне, партияның өзге де органдарына кандидаттар іріктелмек.

Бастауыш партия ұйымдарымен жұмысты күшейту бағытында
еліміздегі барлық 5665 бастауыш партия ұйымының материалдық-техникалық және әдістемелік
базасын нығайту жұмыстары қолға алынған. Бұл мәселе 2016 жылы түпкілікті
шешімін таппақ.

«Жас Отан» жұмысын нақты бағытқа ауыстыру мәселесінде
жастар саясаты саласындағы мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуына
бақылау орнатылмақ. Осы орайда мемлекеттік жастар саясатының тиімділігін
бағалау және интернет пен әлеуметтік желілерде жастардың әлеуметтік
көңіл-күйіне тұрақты мониторинг жүргізу ережесі қабылданған. Қазақстандық
патриотизмді нығайту, жастар құқықтарын қорғау, «таза сессия» акциясын іске
асыру үшін ірі жоғары оқу орындарында партиялық топтар құрылады.

Партияның қоғамдық қабылдауларына биылғы жылдың он
айында 73 183 өтініш тіркелген. Азаматтар көтерген мәселелер бойынша тиісті
түсініктемелер беріліп, оң шешілуіне ықпал етілген. Осы орайда жұмыстың
нәтижелілігін арттыру мақсатында қажетті шешім қабылдауға құзыреті бола тұра
мәселені шешпегендер анықталып, оларға шара қолданылады. Халықтың проблемалары,
бағдарламалардың іске асырылуы, сыбайлас жемқорлық, құқық бұзушылықтар бойынша
«Жедел желі» және «WhatsAPP» мессенджері іске қосылмақ.

Партияда Елбасы саясатын іске асыру шараларын жариялау
бойынша жүйелі жұмыс ережесі қабылданып, бірыңғай медиа жоспары түзілген. Қоғам
алдындағы жариялықты қамтамасыз ету мақсатында Баспасөз орталығы ашылып, онда
құрылым басшылары, фракция депутаттары, филиалдар мен бастауыш партия
ұйымдарының өкілдері аптасына екі рет брифинг өткізіп, атқарылып жатқан
жұмыстар жөнінде мағлұматтар беруде.

Қабылдауда Мемлекет басшысы елімізде бес
институционалдық реформаны жүзеге асыру аясында сексенге жуық заң
қабылданғандығын, келесі жылдан бастап «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске
асыру жұмыстары басталатынын айтып, «Нұр Отан» партиясы алдында үлкен жұмыстар
тұрғандығын мәлімдеді. Осы бағытта партияға бірқатар маңызды міндеттер
жүктеді.

 

«Нұр Отан”
партиясының баспасөз қызметі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз