ЖЕТІСТІКТЕР ЕСЕЛЕНЕ БЕРЕДІ

101

0

Облыстағы өңдеу өнеркәсібінің 40 проценті Жаңақорған ауданына тиесілі. Ал өткен жылы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3338-ге жетті. Оның 239-ы заңды тұлғалар болса, 1160-ы – шаруа қожалықтары және 1939-ы – жеке кәсіпкерлер. Олардың арасындағы нақты белсенді кәсіпкерлер үлесі жөнінен аудан облыста көш бастап отыр. Кәсіпкерлік субъектілерінде жұмыспен қамтылған адамдар саны 9213 адамға жетіп, 11126,4 млн теңгенің өнімі өндірілді. 

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру және 2017 жылдың қорытындылары жөнінде өткен баспасөз конференциясында  Жаңақорған ауданының әкімі Ғалым Әміреев мәлімдеді.

Индустриалды-инновациялық даму мақ­сатында қомақты инвестициялар салып, аудан экономикасының өркендеуіне зор үлес қосып отырған «Қызылқұм» ЖШС, «Байкен-U» ЖШС, «СКЗ-U» ЖШС және қорғасын-мырыш өндіретін «Шалқия Цинк ЛТД» акционерлік қоғамдарын ерекше атауға болады. Сондай-ақ, қиыршық тас өндіретін «КДСМ Қыран», «УАД» ЖШС-лері табысты кәсіпорындар қатарында. Алдағы жылдары, индустриалды-инновациялық дамудың екінші бесжылдығында бірнеше инвестициялық жобалардың іске асырылуы жоспарлануда. «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ кенішті модернизациялау және кен байыту фабрикасын салуды бастайды. Мұнан өзге «Премиум Класс-Строй» ЖШС-нің жылдық қуаты 30 мың тонна әк шығаратын зауыты. «БК Кызылордацемент» ЖШС-ның қуаты жылына 560 мың тонна цемент өнімін шығаратын зауыты, «Қызылорда AGROPlus» ЖШС бастамасымен жылына 12 мың 750 тонна томат пастасын шығаратын өндіріс орны салына бастайды. 

Ауданда білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт саласында да табысты нәтижелерге қол жеткізіліп отыр. Жаңақорған ауданының туристік әлеуетін арттыру бағытында нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Барлық салада ілгерілеушілік бар екенін атап өткен аудан әкімі 2017 жылдың басты табысы ауыл шаруашылығы саласында болғанын жеткізді. Ондаған жылдар бойы істен шығып қалған көптеген егіс танаптарын іске қосып, күріштің жаңа сорттарын өндіріске енгізу, өсімдікке қажетті қорегін, агротехникалық шараларды мерзімінде жүргізу нәтижесінде  2017 жылы егілген 9967 гектар күріштің әр гектарынан 48,6 центнерден өнім жиналып, 48000 тоннадан астам дәнді дақыл қамбаға құйылды. Алдыңғы жылмен салыстырғанда әр гектарынан 5,1 центнерге артық өнім алынып, өсім 11,2 процентке жетіп отыр.

Сыр өңіріндегі төрт түліктің үштен бірі Жаңақорған ауданында екені белгілі. Осы ретте жергілікті шаруа қожалықтары мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысуда. Мәселен, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша облыс­та көш басында келеді. Былтыр аталған бағдарлама аясында 744 бас сиыр, 26 бас ет бағытындағы асылтұқымды бұқа сатып алынған. Несие көлемі 130,6 млн теңге. «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 572 бас қой, 65 қошқар сатып алынып, несие көлемі 16 млн теңге құраса, «Құлан» бағдарламасымен 75 бас бие және 5 айғыр сатып алынды. Несие көлемі 17,4 млн теңге.

Аудан басшысы 2016-2017 жылдары егін және мал шаруашылығымен айналысатын 46 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылғанын айтты. Оның 9-ы 278 жеке отбасылық тұлғадан құрылған. Бұлардың 7-уі ет, сүт өндіру бағытында, қалған екеуі жеке тұрғындардың мал тұқымын асылдандырумен айналысады.

Ғ.Әміреев ауданда кәсіпкерлікті дамытудың потенциалы жоғары екенін атап өтті. Өткен жылы алғашқылардың бірі болып ауданда ашылған агроиндустриялық аймақта кәсіпкерліктің дамуына жағдай жасалды.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы».

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз