ЖҰЛДЫЗҒА ҚОЛ СОЗҒАН ҮШІНШІ ҚАЗАҚ

122

0

ЖҰЛДЫЗҒА ҚОЛ СОЗҒАН ҮШІНШІ ҚАЗАҚЖексенбіде қазақстандық
ғарышкер, Халық қаһарманы Айдын Айымбетов екі күндік сапармен Қызылордаға
келді. Ғарышкерді «Қорқыт ата” әуежайынан «Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы
төрағасының бірінші орынбасары Наурызбай Байқадамов және облыстық ішкі саясат
басқармасы басшысы Жазира Жылқышиева салтанатты түрде күтіп алды.

Мұнан соң Сыр еліне арнайы келген Айдын Айымбетов қаламыздағы
бірқатар ны­сан­­дарды аралап, кездесулер өткізді. Алдымен Назарбаев зияткерлік
мектебінде болған ға­рышкер жастардың ғылымдағы жеткен жетістіктерінің куәсі
болды. Сондай-ақ, білім ошағындағы оқушылармен кездесуінде ғарыш­қа сапары
туралы әңгімелеп, балалардың бірқатар сауалдарына жауап берді.

– Ғарышкер болу менің бала күнгі арманым еді. Оған жету үшін
жастайымнан спортпен шұғылдандып, көп оқуға тырыстым. Ғарышқа барып келуім
менің ғана емес, ең әуелі Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының, «Қаз­ғарыш­тың»,
бүкіл қазақ елінің зор еңбегі дер едім. Космоста адам баласы үшін әлі тылсым
дүниелер көп. Оны игеру жастардың еншісінде. Сондықтан жақсы білім алыңыздар.
Білім саласында талай белесті бағындырып, мемлекетімізді әлемге танытатын
бүгінгі жастар, сіздер деп білемін, – деді Айдын Айымбетов оқушылармен кездесуінде.

Жастарға жылы лебізін білдірген Халық қаһарманы мұнан соң
«Ана мен бала” орталығына келді. Алдымен А.Айымбетов орталықтың медицина
салаласындағы заманауи жабдықтармен таныс­ты. 200 орындық перинаталды орталықта
күніне 35 нәресте дүние есігін ашады. Жаңа туған бүлдіршіндердің біріне Халық
қаһарманы өз есімін берді. Кішкентай Айдын ата-анасының бесінші перзенті екен.

– Дәл осы күні өңірге ғарышкер, Халық қаһарманы келіп жатқаны
біз үшін үлкен қуаныш. Ұлым ғарышкер болсын деген ниетпен Айдын Айымбетовке
баламыздың есімін қойдырдық. Бұл біздің отбасымыз үшін тарихи сәт дер едім.
Кішкентай Айдынның биікке қарыштап, атына сай азамат болуын тілеймін, – дейді
анасы Гүлістан Тастыбаева.

Ат қою рәсімінен соң ғарышкер «Атамекен» балалар ауылына да
ат басын бұрып, балалармен бірге ағаш отырғызды. Ғарышкер еккен ағашқа «Бұл
ағашты «Халық қаһарманы” Айдын Айымбетов отырғызды” деген ескерткіш тақта
қойылып, оны балалар ауылының тұрғындары күтіп-қарайтынын жеткізді. Сонымен қатар ғарышкер балалар ауы­лының
тұрғындарымен кез­десіп, естелік кітабына өз тіле­гін жазды. Сондай-ақ, жастар
өздерінің ғарышқа арналған картинасын Халық қаһарманына сыйға тартты. Мұнан соң
Айдын Айымбетов Сыр өңіріне кел­гендегі мақсаты жайында БАҚ өкілдерімен сұхбат
құрды.

– Сыр елі мен үшін өте ыстық рухани орда саналады. Өйткені
мен жұлдызға аттанған «Байқоңыр» ғарыш айлағы осы аймақта орналасқан.
Сондай-ақ, менің өмірлік жарым да Қызылорда облысының тумасы. Көкке
көтерілгенде отбасымның, халықтың қолдауын сезіндім. Ғарыштан жерді, Қазақстанды
көргендегі сезімімді айтып жеткізу мүмкін емес. Мен енді «Қазғарыш»
агенттігінде жұмысымды жалғастыратын боламын. Мұнда келгендегі негізгі мақсатым
– жастармен кездесу. Елдің болашағы солардың қолында. Сондықтан біз жас
ұрпақтың білімді, патриот болып өсуіне көп көңіл бөлуіміз керек, – дейді Халық
қаһарманы А.Айымбетов.

***

Кеше Қызылорда қаласында «Ұлы даланың жасампаз жастары» атты
облыс жастарының дәстүрлі ХІ форумы өтті. Шығыс жастарының жалынды жетекшісі
Ғани Мұратбаев ізбасарларының бұл жолғы бас қосуының мән-маңызы ерекше.
Өйткені, айтулы жиынға жастар жанашыры, облыс әкімі Қырымбек Көшербаевпен бірге
Халық қаһарманы, ғарышкер Айдын Айымбетов те қатысты.

Форум қонақтары алдымен білімді оқушылардың инновациялық
идеялары мен ғылыми жобаларының көрмесін тамашалады. Көрмеде Назарбаев
зияткерлік мектебі мен облыстық дарынды балаларға арналған №4
мектеп-интернатының, қаладағы жалпы білім беретін мектептердің оқушылары мен
жас мамандары өздерінің тың жобаларын ұсынды.

– Әр жас азамат бабаларымыздың қасық қаны қалғанша қорғап,
бізге аманат еткен байтақ даланың жуасы мен жусанын, өзені мен көлін, орманы
мен тоғайын қастерлеуі тиіс. Біз көп айтатын қазақстандық патриотизм осы
сезімнен бастау алады. Отан бізге не береді деп емес, біз Отанға не береміз дейтін
кезең келді. Тәуелсіз еліміздің қуаты ең алдымен талапты жастардың білімімен
өлшенеді. Сіздер егеменді еліміздің азат ойлы азаматысыздар, ұлттың келбеті,
келешектің кемел көкжиегінің бастауысыздар. «Үдеудің сыры бірлікте, жүдеудің
сыры алауыздықта», – деген болатын Елбасы. Сондықтан, бірлігімізді бойтұмардай
сақтай білсек, білімді де, білікті де, бақытты да боламыз. Ұлы даладағы
мәңгілік елдің жастары жасампаз жобалардың алдында болсын, – деген аймақ
басшысы ғарышкерге және жиналған жастарға Сыр өңірінің осы күнгі аяқалысы мен
тыныс-тіршілігі туралы айтып берді.

Қызылорда облысы республикада алғашқылардың бірі болып жастар
саясатын жүргізу мақсатында арнайы «Жол картасын» қабылдаған аймақ. Жалпы
өңірде балалар мен жастардың білім алып, спортпен шұғылдануына, жан-жақты
дамуына жағдай жасалуда.

Бұдан бөлек, мыңдаған қызыл­ордалық жас түлек облыс әкімі
гранттарын иеленді. 321 түлек Ресейдің Мәскеу және Санкт-Петербург
қалаларындағы маңдайалды жоғары оқу орындарында тегін білім алуға мүмкіндік
алып отыр.

Облыста атқарылған игі істерді саралай келе аймақ басшысы
Қырымбек Көшербаев өзін қатты толғандырған жайтқа да тоқталды. Ол – қоғамдағы
«маргиналды жастар» мәселесі.

– Жастар мәселесі – әрдайым біздің басты назарымызда.
Өңіріміздің әрбір үшінші тұрғыны жасы отызға толмаған белсенді жастар. Олар
аймағымыздың қарқынды дамуына өз үлестерін қосуда. Экономикалық даму және
ынтымақтастық ұйымының бағалауы бойынша, әлемнің дамыған елдерінің 26 миллион
жас тұрғыны білім алмаған, кәсіби дайындықтан өтпеген және жұмыс істемейтіндер
қатарында тұр екен. Мұндай жастар біздің елде де бар. Не оқуда, не жұмыста
орнын таппаған жастардың мәселесі облыс әкімі ретінде мені қатты алаңдатады.
Үкіметтің алдында да, облыс әкімдігінің алдында да осындай жастарға жағдай
жасауға бағытталған жобалар бар. Соны жүзеге асыру маңызды деп есептеймін, –
деген облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы келешекте әлеуметтік проблеманың өршіп
кетпеуінің алдын алатын шаралар жасау қажеттігін тілге тиек етті. Осы ретте,
жастармен жұмыс істейтін кәсіби маман даярлауға ден қойған шет елдердің
тәжірибесін зерделеуді ұсынды.

Сыр елі үшін жақында ғана ғарыш сапарынан оралған Айдын
Айымбетовтің де орны бөлек.

– Менің ғарышқа сапарым Елба­сының беделінің, қолдауының,
халық­тың тілегінің арқасында жүзеге асты. Ғарыш сапары кезінде бесінші ғылыми
бағдарлама бойынша жұмыстар жүргізілді. Бұл Тоқтар Әубәкіров пен Талғат
Мұсабаев бастаған істің жалғасы. Тиісті жұмыстар толық орындалды. Енді бұл
бағыт бойынша ғалымдар зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазақстанның болашағы
жастардың қолында. Елдің ертеңі сіздерсіздер, – деді ғарышкер.

Басқосуда жастар сөз сөйлеп, тұшымды ойларын айтты. Жас
жеткіншектерді рухтандырып, арманына қанат бітіргені үшін алғыстарын жау­дырды.

Қызылорда қаласының тумасы, орыс қызы Ксения Трегубенко мінберге
шығып, сөз сөйледі. Ол Назарбаев зияткерлік мектебінің 10 сыныбында оқиды.

– Елбасы қашанда жастардың үш тілді еркін меңгеруі қажеттігін
айтып отырады. Мен осы үш тілді меңгерген азамат ретінде халыққа қызмет
көрсетуді мақсат етемін, – деді.

Сонымен қатар, дзюдодан ҚР Халықаралық дәрежедегі спорт
шебері, жасөспірімдер арасында тұңғыш әлем чемпионы, жасөспірімдер арасында
Олимпиада ойындарының чемпионы Бауыржан Жауынтаев та өз пікірін білдірді.

– Айдын ағамыздың ерлігі еңбекпен келген іс. Сіз көк байрақты
ғарышқа көтердіңіз. Біз сізбен мақтанамыз. Мен де елімнің көк туын әлем
аренасында желбіретуге үлес қоссам деймін. Сол мақсатыма жететініме сенімдімін,
– деді Бауыржан.

Ал жеке кәсіпкер, Ақжарма ауылының тұрғыны Алтынай Іздіқұлова
тәжірибесімен бөлісті.

– Екі жыл бұрын, 21 жасымда «Жұмыспен қамту жол картасы –
2020» бағдарламасымен танысып, 2 миллион теңге қаржылай несие алдым. Соның
арқасында кәсібімді дөңгелеттім. Қаржыға 8 бас жылқы алып, ауылымды қымызбен
қамтамасыз еттім. Қазіргі таңда мал бордақылаумен де айналысып жатырмын. Мал
басын да арттырдым, – деген Алтынай облыс әкімінің бастамасымен жүзеге
асырылатын «Микробизнес – Қызылорда» жобасын да тілге тиек етті. Оның айтуынша,
елімізде қолға алынған тұңғыш жоба кәсіп ашқысы келетін жастарға үлкен қолдау
болмақ.

Форум соңында облыс әкімі Қ.Көшербаев пен Халық қаһарманы
Айдын Айымбетов аймағымыздың белсенді жастары мен жастар саясатын жүзеге
асыруға атсалысып жүрген қоғамдық ұйым өкілдерін марапаттады.

 

К.ҚАЙРАҚБАЕВ,

Д.Сейітжанұлы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз