ЖҰЛДЫЗДЫ ҚАЛАНЫҢ ЖАҢА ТЫНЫСЫ

71

0

Кеше облыс әкімдігінде «Байқоңырда бизнес жасау мүмкін бе?” ІІ халықаралық интернет-форумы өтті. Байқоңыр қаласында шағын және орта бизнесті дамыту мүмкіндігі талқыға салынған жиынды облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ашып, ұзақмерзімді әріптестікке бастайтын дәстүрлі форум мүмкіндіктер мен ресурстарды біріктіру алаңына айналғанын айтты.
Форумда Израиль, Ресей, Ұлыбритания, Тәжікстан, Түркіменстан секілді  елдердің халықаралық компания өкілдері онлайн желісі арқылы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытатынын жеткізді. Сондай-ақ, «Бизнес-инкубатор MOST” компаниясының директоры Павел Коктышев Байқоңыр қаласын әлем туристері ағылатын ортаға айналдыру, туризм саласындағы жарқын жобаларды жүзеге асырып, Байқоңыр брендін насихаттау мәселесін сөз етті. 
– Адамды мұқтаждықтан шығаратын, алысты жақындатып, баяуды тездететін, ауырды жеңілдететін – ақыл-ой жемісі. Осының нәтижесінде дүние дамуында біршама өзгерістер орын алуда. Қарап отырсаңыз, қазір SpaceX, Tesla Motors компаниясының негізін құрушы Илон Масктың инновациялық жобалары сұранысқа ие. Кәсіпкер ғарышты бағындыру мақсатында үшінші компаниясын ашқан. Ол Марсты бағындыру жөніндегі идеяның жақтаушысы ретінде қызыл ғаламшардың дербес экожүйесін құруға негіз болатын арнайы жылыжайларды жобалауға кірісті. Мұның барлығы әлемдегі сұраныстың өзгергенін, уақыттың тым шапшаң жүріп жатқанын аңғартады. Сондықтан, бізге ахуалды еңсере алатын, сандық технологияны меңгерген, адами капиталды құру үшін жағдай жасауға қауқарлы мемлекеттік және қоғамдық институттардың, әділ бизнестің тығыз интеграциясы қажет. Осы форумның сәтті өтуі де өңірге инвестиция тартуда және Байқоңырда бизнесті дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады, қала инфрақұрылымын дамыту, қолайлы әлеуметтік-экономикалық орта, жаңа жұмыс орындарын құру, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету, туризмді дамыту бойынша шаралар кешенін қамтуға ықпал етеді. Бұл бір жағынан, болашақ ұрпақ үшін жасалып жатқан жұмыстар жиынтығы болса, екінші жағынан Қызылорданың іскерлік, тиімділік және ірі жобаларды жүзеге асыруға қолайлы аймақ екенін дәлелдей түседі, – деді П.Коктышев.
Ұлыбританиялық «Space Syntax UK Ltd” компаниясының атқарушы директоры Тим Стонор да қаланың болашағына байланысты бірқатар ұсыныстарымен бөлісіп, ғажайып ғарыш айлағы туризм мен өнеркәсіптің орталығына айнала алатынын жеткізді. Форумның өзге де қатысушылары тың жоба, жаңа идеяларын ортаға салды. Естеріңізде болса, осыған дейінгі форум өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған жобалардың жүзеге асуына негіз болған еді. Кезекті басқосуда бизнес пен ғылым салаларының және билік өкілдерінің инвестициялық жобаларды жүзеге асырып, экономиканы әртараптандыруда, жетілдіруде күш біріктіруіне мүмкіндік туғызды. Ең бастысы, Байқоңырды ғарыштық ғана емес, инновациялық брендке айналдыру мәселесі басты назарға ілігіп, туризмді дамытуға тікелей инвестиция тарту шаралары қолға алынатыны көңілге қуаныш сыйлады.
***
«Байқоңырда бизнес жасау мүмкін бе?» тақырыбына арналған ІІ халықаралық интернет-форумның екінші бөлімінде шетелдік кәсіпкерлер мен сарапшылар жұлдыз¬ды қаланы дамытуға арналған жобаларын ұсынды.
Интернет-форумға қатысушы кәсіпкерлер Байқоңыр¬ды бизнес дамытуға қолайлы орта деп есептейді. Оның географиялық орналасуы мен брендтік атауының өзі кәсіпті кеңейтуге жол ашады. Сондай-ақ, Байқоңырдың күре жолдың бойында орналасуы, инфрақұрылымының қолайлылығы да мүмкіндіктерін арттырып отыр. Тігін өндірісімен айналысатын түркиялық «Loretto Shirt Cotenni Tekstil Tic» компаниясының директоры Ибрагим Гурсой осы саладағы өзінің тәжірибесімен бөлісті. Оның «Loretto» брендімен шығатын жейделері бүгінде өз елінде танымал болып қана қоймай, экспортталуда. Осындай брендке жұмыс істеу арқылы кәсіпті өрістетуге болатынын жеткізді.
Сонымен бірге, «Ensar Marble & Trabertaine» ком¬пания¬сының директоры Бурак Гокмен  және «ALCE Insaat Sanaye ve Ticaret» компаниясының басшысы Рамин Намазов құрылыс заттарын өндіру мен қала инфра¬струк¬турасын дамытуға арналған ұсыныстарын ортаға салды.
Форумда кәсіпкерлікке қатысты ұсыныстармен қатар қала келбетін көркейту, тұрғындарға қолайлы жағдай жа¬сау және туристік аймаққа айналдыру мәселелері сөз болды.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,
Мәди ҚҰРМАНӘЛІ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз